"Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 сәуірдегі № 373 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. «Нотариат туралы» 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 206-құжат; 1998 ж., № 22, 307-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 15-16, 236-құжат; № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 10, 48-құжат; № 12, 86-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; № 23, 100-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 3-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Қазақстан Республикасындағы нотариаттық қызмет заңдылық, тәуелсіздік, нотариаттық іс-қимылдардың құпиялылығы қағидаттарына негізделген.»;
      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
      «4-1. Нотариаттық іс-қимылдың құпиялылығын сақтау міндеті тағылымдамадан өтушілер мен нотариустың көмекшілеріне қолданылады.»;
      2) 4-бапта:
      1-тармақтағы «нұсқаулыққа», «Нұсқаулық» деген сөздер «ережеге», «Ереже» деген сөздермен ауыстырылсын;
      2-тармақтағы «Нұсқаулық» деген сөз «Ереже» деген сөзбен ауыстырылсын;
      3) 6-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе жасы жиырма беске толған, жоғары заң білімі, заңгерлік мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс стажы бар, нотариуста кемінде бір жыл тағылымдамадан өткен, аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы нотариус бола алады.
      Мемлекеттік нотариус Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен қызмет атқаратын мемлекеттік әкімшілік қызметші болып табылады.
      Аттестаттаудан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алғандарды қоспағанда, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптар мемлекеттік нотариусқа қолданылады.
      Өтелмеген немесе заңда белгіленген тәртіппен соттылығы алынбаған, белгіленген тәртіппен іс-әрекет жасауға қабілетсіз не іс-әрекет жасауға қабілеттілігі шектеулі деп танылған адам нотариус бола алмайды.
      Өзіне қатысты ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылған, лицензиясынан айырылғандықтан не нотариаттық іс-әрекет жасау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол бергені үшін мемлекеттік нотариус қызметінен босатылғандықтан нотариаттық қызметті тоқтатқан адам да осындай оқиға болғаннан кейін бес жыл бойы нотариус бола алмайды.»;
      3-тармақтағы «(осы Заңның» деген сөздердің алдынан «мемлекеттік нотариус пен» деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      «4. Мемлекеттік нотариустың нотариаттық іс-әрекеттері үшін аумақтық әділет органы мүліктік жағынан жауап береді.»;
      4) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «7-бап. Нотариустың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілері
      1. Нотариустың көмекшілері мен сынақтан өтушілері болуы мүмкін.
      2. Қазақстан Республикасының азаматы ғана нотариустың көмекшісі бола алады.
      3. Нотариустың көмекшісі жеке практикамен айналысатын нотариуста еңбек шартының негізінде жұмыс істей алады немесе мемлекеттік нотариат кеңсесінің құрамында бола алады.
      4. Жоғары заң білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары нотариустың тағылымдамадан өтушілері бола алады.
      Тағылымдамадан өтушілер тағылымдамадан өту туралы шарт негізінде жеке практикамен айналысатын нотариустарда немесе аумақтық әділет органына өтініш негізінде мемлекеттік нотариустарда тағылымдамадан өтеді.
      Тағылымдамадан өту үшін төлемақы алынбайды.
      5. Көмекші және тағылымдамадан өтуші нотариаттық қызметті ауыстырмайтын нотариустың тапсырмаларын оның нұсқауымен және жауапкершілігімен орындауға құқылы және нотариаттық іс жүргізу бойынша көмекші сипатта болуы мүмкін.
      6. Мынадай адамдар:
      1) келеңсіз себептер бойынша судья лауазымынан босатылғандарды қоспағанда, судьялар және тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдар;
      2) келеңсіз себептермен босатылғандарды қоспағанда, прокуратура органдарында кемінде бес жыл жұмыс істеген прокурорлар;
      3) лицензиясынан айырылғандықтан адвокаттық қызметті тоқтатқандарды қоспағанда, кемінде бес жыл жұмыс істеген адвокаттар үшін аумақтық әділет органы мен нотариаттық палатаның бірлескен шешімімен тағылымдаманың мерзімі қысқартылуы мүмкін.
      Тағылымдаманың ұзақтығы үш айдан кем болмауы керек.
      7. Тағылымдамадан өтудің мақсаты тағылымдамадан өтушінің нотариаттық іс-қимылдарды жасау және нотариустың жұмысын ұйымдастыру жөніндегі кәсіби білімі мен практикалық дағды алу болып табылады.
      8. Бір нотариустан бір уақытта кемінде екі тағылымдамадан өтуші тағылымдамадан өте алады.
      9. Тағылымдамадан өту Республикалық нотариаттық палатамен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің шешімімен бекітілетін тағылымдамадан өтушілерді кәсіптік даярлаудың бірыңғай бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.
      Тағылымдамадан өтушілерді кәсіптік даярлау бағдарламасы барлық тағылымдамадан өтушілер үшін міндетті болып табылады және нотариустың кәсіби және этикалық мінез-құлық нормаларын зерделеуді, нотариустар немесе арнайы тағылымдамадан өтушілер үшін ұйымдастырылатын семинар сабақтарына қатысуды қоса алғанда, тағылымдамадан өтушінің арнайы теориялық білімдер алуына, нотариаттық іс-қимыл жасау мен нотариус жұмысын ұйымдастыру бойынша практикалық дағдыларының қалыптасуына бағытталған іс-шаралар тізбесінен құрылуға тиіс.
      Тағылымдамадан өту мерзімін қысқарту тағылымдамадан өтушіні тағылымдамадан өту бағдарламасын меңгеру міндетінен босатпайды.
      10. Тағылымдамадан өту аяқталған соң нотариус тағылымдамадан өтушінің кәсіптік даярлау бағдарламасын орындағанын көрсететін қорытынды дайындайды, ол 10 жұмыс күн ішінде аумақтық әділет органы мен нотариаттық палатаның бірлескен шешімімен бекітіледі. Тағылымдамадан өтушілерді кәсіптік даярлау бағдарламасын тағылымдамадан өтуші толық орындамаған жағдайда оған қосымша уақыт беріледі.
      11. Тағылымдамадан өтушілерді кәсіптік даярлау бағдарламасын толық игеру тағылымдамадан өтудің жалғыз талабы болып табылады.
      12. Осы баптың талаптары келеңсіз себептермен атқарып отырған қызметінен босатылғандарды қоспағанда, мемлекеттік нотариус болып істейтін жұмыс өтілі бар адамдарға қолданылмайды.»;
      5) мынадай мазмұндағы 7-1, 7-2-баптармен толықтырылсын:
      «7-1-бап. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер
                адамдарды аттестаттаудан өткізу
      1. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанынан құрылатын Аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өтеді. Аттестаттау комиссиясының құрамы мен Жұмыс регламенті Әділет министрінің бұйрығымен бекітіледі.
      Аттестаттау комиссиясының хатшысы Әділет министрінің бұйрығымен тағайындалады.
      2. Аттестаттау комиссиясы жеті мүшеден - Республикалық нотариаттық палатаның төрағасын, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутатын, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясын, құқықтанушы ғалымды қоса алғанда, нотариаттық қоғамдастықтың екі өкілінен тұрады.
      Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы лауазымы бойынша Аттестаттау комиссияның төрағасы болып табылады.
      Аттестаттау комиссияның дербес құрамын Қазақстан Республикасының Әділет министрі көрсетілген органдардың ұсынымы бойынша үш жыл мерзімге бекітеді. Құқық танушы - ғалымның кандидатурасын таңдауды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жоғары оку орындарының ұсыныстарының негізінде жүзеге асырады.
      4. Аттестаттау комиссиясы оның отырысына мүшелерінің кемінде бесеуі қатысқан кезде заңды болады.
      5. Нотариаттық қызметті жүзеге асыруға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу рәсімі бұқаралық ақпарат құралдары үшін ашық болады.
      6. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адам оны аттестаттауға жіберу туралы өтінішін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің уәкілетті органы арқылы Аттестаттау комиссиясына жібереді.
      Өтінішке мынадай құжаттар қоса берілуі тиіс:
      1) фотосуретімен жеке парақ;
      2) жоғары заңгерлік білімі туралы дипломының көшірмесі (салыстыру үшін дипломның түпнұсқасын ұсынбаған кезде нотариаттық куәландырылған көшірмесі);
      3) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі;
      4) үміткердің тұратын жері бойынша берілген наркологиялық және психиатриялық диспансерлердің медициналық анықтамасы;
      5) сотталмағандығы туралы анықтама;
      6) тағылымдамадан өткені туралы қорытынды.
      7. Аттестаттау комиссиясына түскен материалдар түскен күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей қаралады.
      Құжаттар ұсынылмаған не тиісінше ресімделмеген жағдайда үміткердің өтініші қараусыз қалдырылады және ол түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде өтініш берушіге қайтарылады.
      7-2-бап. Аттестаттауды өткізудің тәртібі мен шарттары
      1. Аттестаттауға осы Заңның талаптарына сай келетін Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі.
      2. Үміткердің заңнамалық актілерде қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында Аттестаттау комиссиясы төрағасының тапсырмасы бойынша Аттестаттау комиссиясының хатшысы аттестаттау іс материалдарын зерделейді, Қорытынды жасайды және Аттестаттау комиссиясына ұсынады.
      3. Аттестаттау іс материалдарын қарау қорытындылары бойынша Аттестаттау комиссиясы аттестаттауға жіберу туралы не жіберуден бас тарту туралы дәлелді шешім шығарады.
      4. Егер үміткер осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, аттестаттауға жіберуден бас тартылады.
      Аттестаттауға жіберуден бас тартылған жағдайда Аттестаттау комиссиясы азаматқа шешім шығарылған күннен бастап 15 күннен кешіктірмей дәлелді шешімді беруге міндетті.
      Аттестаттауға жіберуден бас тартуға заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      5. Аттестаттауға жіберілген үміткер аттестаттау өтетін орын, күні және уақыты туралы оны өткізгенге дейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей аумақтық әділет органдары арқылы хабардар етіледі.
      6. Аттестаттау комиссиясы аттестаттауды қажеттілігіне қарай, алайда кемінде жылына екі рет жүргізеді.
      7. Аттестаттау екі кезеңнен тұрады:
      1) қолданыстағы заңнаманы білуіне компьютерлік тест тапсыру;
      2) емтихан билеттері бойынша ауызша тапсырма орындау.
      Аттестаттау комиссиясы тестілеуді өткізудің адалдығын, шарттарының, уақытының, қорытындыларын есептеудің және мазмұнының стандарттылығын қамтамасыз етеді.
      8. Аттестаттау комиссиясы тестілеуге кіретін сұрақтардың тізбесін құрастырады және бекітеді. Тестілер бір дұрыс жауабы бар кемінде үш нұсқасынан тұруы тиіс.
      9. Үміткер өз қалауы бойынша тестілеуден мемлекеттік немесе орыс тілінде өтуге құқылы.
      Бұл ретте үміткер өз қалауын жазбаша растауы тиіс.
      10. Үміткерлер аттестаттауды өткізу тәртібімен, үміткерлерді іріктеу рәсімінің ұзақтығымен және мазмұнымен осы баптың 5-тармағында көрсетілген мерзімде таныстырылуы тиіс.
      11. Тестілеу компьютер техникасын пайдалана отырып өткізіледі.
      12. Тестіленудің алдында үміткер тестілеуден өту жөнінде егжей-тегжейлі нұсқау алады.
      Тестілеуден өту кезінде үміткердің анықтамалық, арнайы және өзге де әдебиетті, сондай-ақ қандай да бір жазбаларды пайдалануына жол берілмейді.
      Үміткер көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда оны Аттестаттау комиссиясы тестілеуден шеттетеді және осы баптың 21-тармағында көзделген жалпы негіздер бойынша қайта жібереді.
      13. Тестілеудің дұрыс жауаптарын есептеу пайдаланылатын компьютерлік бағдарламаның көмегімен өздігінен жүргізіледі. Тестілеу нәтижелері принтерде екі данада басылады және үміткерге жеке қол қойдыру жолымен танысу үшін ұсынылады.
      Тестілеу нәтижелері бар қағаздың бір данасы үміткерге тапсырылады, екіншісі Аттестаттау комиссиясына беріледі.
      14. Егер дұрыс жауаптардың саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының 70 және одан жоғары пайызын құраса, үміткер тестілеуден өтті деп саналады және екінші кезеңге жіберіледі.
      15. Үміткердің білімін ауызша тапсырма бойынша тексерген кезде өзінің мазмұны бойынша әр түрлі билеттер пайдаланылады.
      Билеттерді Аттестаттау комиссиясы құрастырады және бекітеді. Билет үш сұрақтан, оның екеуі теориялық құқық саласы мен құқық пәніне арналған және үшіншісі нотариаттық қызметті жүзеге асыруға қажетті біліміне практикалық тапсырмадан тұруы тиіс.
      16. Аттестаттау билеттері салынған конверттерді аттестаттау да Аттестаттау комиссиясының төрағасы аттестатталушылардың және Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен ашуға тиіс.
      17. Емтихан билеттерінің сұрақтарына жауап беру үшін аттестатталушының дайындалуына 20 минуттан аспайтын уақыт беріледі.
      Аттестатталушы ауызша айтқан және түсініктеме берген сұрақтарға аттестатталушының берген жауаптарының дұрыстығын Аттестаттау комиссиясы мүшелері бес балдық жүйе бойынша бағалайды.
      Аттестаттау комиссиясының әрбір мүшесі аттестатталушының (басқалардан тәуелсіз) жауаптарын бағалайды.
      Екінші кезеңнің қорытындылары бойынша төрағалық етуші Аттестаттау комиссиясының мүшелері ұсынған нәтижелерді есептейді, олар содан кейін жинақталады және Аттестаттау комиссияның барлық қатысушы мүшелерінің санына бөлінеді.
      Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің бағалары, сондай-ақ аттестатталушының билет сұрақтары бойынша жинаған орташа балдары Аттестаттау комиссиясының хаттамасында көрсетіледі.
      18. Егер жалпы орташа балы кемінде төрт балды құраған үміткер аттестаттаудан өтті деп саналады.
      Сұрақтар бойынша төрт балдан аз жинаған үміткер аттестаттаудан өтпеді деп саналады.
      19. Аттестаттаудың нәтижелері бойынша Аттестаттау комиссиясы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен бекітілген нысандар бойынша аттестаттау туралы не аттестаттамау туралы уәжді шешімді аттестаттау өткен күннен кейінгі күннен кешіктірмей шығарады.
      20. Аттестаттау комиссиясының отырысында міндетті түрде хаттама жүргізіледі, онда отырыстың күні, уақыты мен өткізілетін жері, аттестатталушының тегі, аты, әкесінің аты, тестілеу нәтижесі, жазбаша практикалық тапсырма бойынша емтихан билетінің нөмірі мен мазмұны, аттестатталушының жауаптары, Аттестаттау комиссиясының мүшелері қойған бағалар, сондай-ақ Аттестаттау комиссиясының шешімі көрсетіледі.
      Аттестаттау комиссиясының хаттамасына аттестаттауға қатысқан барлық мүшелер кол қояды.
      21. Аттестаттау комиссиясы аттестаттаудан өткізбеген адам алты ай өткен соң аттестаттаудан өтуге құжаттарын қайта беруге құқылы.
      22. Дәлелді себептер бойынша аттестаттауға келмеген үміткер, осы баптың 5-тармағында көзделген тәртіппен Аттестаттау комиссиясының келесі отырысына шақырылады.
      Үміткер қайтадан келмей қалған жағдайда оның өтініші қараусыз қалады және ол ұсынған құжаттармен бірге кері қайтарылады.»;
      6) 8-баптың 6-1-тармағы алып тасталсын;
      7) 10-бапта:
      1-тармақтағы «, сондай-ақ салық қызметінің» деген сөздер алып тасталсын;
      2-тармақта:
      3) тармақшадағы «, сондай-ақ оның үй-жайының орналасқан орны өзгергені» деген сөздер алып тасталсын;
      5) тармақшадағы «тоқтатыла тұруы мүмкін» деген сөздер алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 6), 7), 8) және 9) тармақшалармен толықтырылсын:
      «6) әділет органдарында есептік тіркелген кезде нотариустың мекен-жайы бойынша көрсетілген үй-жайы іс жүзінде болмағанда;
      7) нотариус осы Заңның 15-бабы 4-тармағының талаптарын сақтамағанда;
      8) осы Заңның 19-бабында көзделген шектеулерді сақтамағанда;
      9) нотариусты есептік тіркеуге қойған күннен бастап үш ай еткен соң нотариус практикалық нотариаттық іс-әрекетке кіріспеген жағдайда тоқтатыла тұрады.»;
      мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
      «7. Аумақтық әділет органы мен нотариаттық палата лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған нотариустың құжаттарын Нотариаттық іс-әрекеттер жасау ережесінде көзделген тәртіппен басқа нотариусқа беру жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.»;
      8) 11-бапта:
      бірінші абзацтағы «Әділет аттестаттау комиссиясының не» деген сөздер алып тасталсын;
      7) тармақша алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
      «8) нотариус кәсіптік қызметін аумақтық әділет органдарында тиісінше есептік тіркемей жүзеге асырғанда нотариустың лицензиясы кері қайтарылып алынады.»;
      9) 13-бап алып тасталсын;
      10) 15-бапта:
      4-тармақта:
      бірінші бөлікте:
      «жарамды» деген сөзден кейін «бір» деген сөзбен толықтырылсын;
      «азаматтар» деген сөз «жеке» деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Нотариустың үй-жайы оның есептік тіркелген орны болып табылады.»;
      мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
      «7. Олар осы баптың 4-тармағының талаптарын сақтаған жағдайда, бір үй-жайда бір немесе бірнеше нотариус жұмыс істей алады.»;
      11) 17-баптың 6) тармақшасындағы «, соның ішінде жалдау шарты бойынша айналысуға» деген сөздер алып тасталсын;
      12) 19-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 4), 5) және 6) тармақшалармен толықтырылсын:
      «4) жекеше нотариустың азаматтық-құқықтық, жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасамай өз міндеттерін орындауға;
      5) оның лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған кезеңде нотариустың жеке мөрін аумақтық әділет органдарына тапсырып қойған кезеңді қоспағанда, факсимилені пайдалануға және жеке мөрін басқа адамға беруге;
      6) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, есептік тіркеу орнынан тыс жерде қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ.»;
      13) 21-бапта:
      2-тармақтың бірінші сөйлемі жаңа редакцияда жазылсын:
      «2. Жекеше нотариустың қызмет ету аумағы оның есептік тіркелген жері бойынша белгіленеді.»;
      5-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
      «5. Нотариаттық іс-әрекеттер мемлекеттік нотариат кеңсесінің үй-жайынан тыс және жекеше нотариустың үй-жайынан тыс жерлерде жасалуы мүмкін.
      Нотариаттық іс-әрекеттерді сол орынға барып жасау нақты тұлғаға қатысты мүдделі адамның жазбаша өтінішінің негізінде жасалады және тұрақты сипатта болмайды.
      Егер нотариаттық іс-әрекет мемлекеттік нотариат кеңсесінің үй-жайынан немесе жекеше нотариустың үй-жайынан тыс жерде жасалса, онда құжаттың куәландыру жазбасында және нотариаттық іс-әрекеттерді тіркеу тізілімінде оның мекен-жайы мен уақыты көрсетіліп, нотариаттық іс-әрекет жасалған орын көрсетіледі.»;
      14) мынадай мазмұндағы 21-1-баппен толықтырылсын:
      «21-1-бап. Нотариаттық округтегі нотариустардың ең аз санын
                 айқындау критерийлері
      1. Нотариаттық округтегі нотариустардың ең аз санын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі аумақтық әділет органдарының аумақтық нотариаттық палаталармен бірлесіп берген ұсынымдарының негізінде мынадай критерийлерге:
      1) нотариаттық округтегі халықтың саны мен тығыздығына;
      2) өңірдің экономикалық дамуы, географиялық орналасуы, инфрақұрылымы мен басқа да ерекшеліктерінің болуына сүйене отырып бекітеді.
      2. Бос орын пайда болған және оны жекеше нотариустармен толтырмаған кезде екі айдың ішінде аумақтық әділет органы тиісті нотариаттық округке штат санының шегінде мемлекеттік нотариус бірлігін енгізуге құқылы.
      3. Көрсетілген бос орынды жекеше нотариус толтырған жағдайда, аумақтық әділет органы бір ай ішінде мемлекеттік нотариустың бірлігін алып тастауға міндетті.
      Бұл ретте аумақтық әділет органы:
      1) жасалған нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығын тексеру және мемлекеттік нотариустың анықталған бұзушылықтарын жою;
      2) жекеше нотариусқа және/немесе мемлекеттік мұрағатқа нотариаттық құжаттарды қабылдап алу-тапсыру;
      3) мемлекеттік нотариустың мөрін алып қою мен жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.»;
      15) 22-бап жаңа редакцияда жазылсын:
      «22-бап. Нотариустың жеке мөрі, мөртабандары мен бланкілері
      1. Нотариустың өзінің тегі, аты, әкесінің аты, сондай-ақ мемлекеттік нотариус кеңсесінің атауы (мемлекеттік нотариустың мөрі) не нотариус лицензиясының нөмірі мен берілген күні көрсетілген (жекеше нотариустың мөрі) жеке мөрі, куәландыру жазбаларының мөртабандары мен жеке бланкілері болады.
      Мемлекеттік нотариустың жеке мөрінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының бейнесі орналастырылады.
      2. Нотариустардың жеке мөрлерінің бедерлері мен қолдарының үлгілері Әділет министрлігінде, аумақтық әділет органында, сондай-ақ нотариаттық палатада сақталады.
      3. Тапсырысты жүзеге асыруды және нотариаттық іс-әрекеттер жасау үшін нотариустарға жеке мөр беруді аумақтық әділет органы жүзеге асырады.
      Жекеше нотариустың жеке мөрін дайындау өзінің қаражаты есебінен, ал мемлекеттік нотариустерге бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.»;
      16) 26-бапта:
      4-тармақта:
      «бірігуге құқылы» деген сөздер «бірігеді» деген сөзбен ауыстырылсын;
      «қауымдастық (одақ) нысанындағы» деген сөздер алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      «5. Осы Заңның 6-бабының талаптарына сәйкес келмейтін адамдарды қоспағанда, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиясы бар адамды нотариаттық палатаға мүше етуден бас тартуға болмайды.
      Нотариаттық палаталардың кіру жарнасын алуына жол берілмейді.»;
      17) мынадай мазмұндағы 26-1, 26-2-баптармен толықтырылсын:
      «26-1-бап. Нотариаттық палатаның басқарма органдары
      1. Нотариаттық палатаның жоғарғы басқарма органы нотариаттық палата мүшелерінің жалпы жиналысы болып табылады.
      Жалпы жиналыстың айрықша өкілеттіктеріне:
      1) палатаның жарғысын қабылдау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
      2) нотариаттық палата төрағасын, басқарма мүшелерін, тексеру және тәртіптік комиссияларын сайлау;
      3) палата қызметінің негізгі бағыттарын айқындау;
      4) палатаның бюджетін белгілеу болып табылады.
      Жарғымен заңнамаға қайшы келмейтін өзге де өкілеттіктер көзделуі мүмкін.
      2. Нотариаттық палатаға басшылықты нотариат палатасы мүшелерінің жалпы жиналысымен сайланған нотариаттық палатаның басқармасы мен төрағасы басшылық етеді. Нотариаттық палата мүшелері жиналысының, нотариаттық палата басқармасы мен нотариаттық палата төрағасының өкілеттіктері нотариаттық палатаның жарғысымен регламенттеледі.
      3. Басқарма мүшелері үш жылға құпия дауыс берумен сайланады.
      4. Басқарма құрамына кемінде бес адам кіретін палатаның басқарма органы болып табылады.
      5. Тексеру және тәртіптік комиссия мүшелері нотариус болып жұмыс істейтіндер қатарынан үш жыл мерзімге сайланады.
      Тексеру және тәртіптік комиссиялар мүшелері палатаның бақылау органын құрайды.
      Палата мүшелерінің жиналысын шақыру тәртібі мен мерзімі, сондай-ақ палатаның төрағасы мен басқарма органдарының өкілеттіктері палатаның жарғысында айқындалады.
      26-2-бап. Нотариаттық палатаның төрағасы
      1. Нотариаттық палатаның төрағасы болып, ол сайланған күнге дейін тікелей кемінде бес жыл нотариаттық палатаның мүшесі болып тұрған нотариус сайланады.
      Нотариаттық палатаның төрағасы құпия дауыс беру арқылы екі жыл мерзімге сайланады және қатарынан екіден артық мерзімге сайлана алмайды.
      2. Нотариаттық палатаның төрағасы палатаның Жарғысына сәйкес:
      1) палатаның жұмысын ұйымдастырады, оның отырысына төрағалық етеді және нотариаттық палатаға жүктелген міндеттердің орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
      2) нотариаттық палатаның жұмысына басшылық жасайды, нотариаттық палатаның қызметкерлерін жұмысқа қабылдауды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады;
      3) мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде, басқа да ұйымдар мен мекемелерде нотариаттық палатаның мүддесін білдіреді, олармен және азаматтармен хат алмасады.
      3. Жарғыда көзделген, бірақ заңнамаға қайшы келмейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
      18) 29-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      «4. Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы болып оны сайлаған күнге дейін тікелей нотариаттық палатада кемінде бес жыл мүше болған нотариус сайланады.
      Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы құпия дауыс беру арқылы екі жыл мерзімге сайланады және қатарынан екіден артық мерзімге сайлана алмайды.»;
      19) мынадай мазмұндағы 30-1-баппен толықтырылсын:
      «30-1-бап. Жекеше нотариус нотариаттық іс-әрекет жасаған кезде
                 құқықтық және техникалық сипаттағы қызметтерге ақы
                 төлеу
      1. Нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде жекеше нотариус осы Заңның 17-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген техникалық және құқықтық сипаттағы қосымша қызметтерге тараптардың келісімі бойынша, бірақ осы бапта көзделген белгіленген мөлшерден аспайтын төлемақы алады:
      1) қалалық жерлердегі жылжымайтын мүлікті (жер учаскелерін, тұрғын үйлерді, пәтерлерді, саяжайларды, гараждарды, құрылыстар мен өзге де жылжымайтын мүлікті) иеліктен шығару туралы шарттарды куәландырған кезде:
      егер тараптардың бірі заңды тұлға болса - 7 АЕК;
      балаларына, жұбайына, ата-анасына, туған аға-інілері және апа-қарындастары мен сіңлілеріне, немерелеріне - 2 АЕК;
      басқа адамдарға - 5 АЕК;
      егер мәміле жылжымайтын мүлікті ипотекалық тұрғын үй займы бойынша алынған қаражат есебінен сатып алу мақсатында жасалатын болса — 2 АЕК;
      2) ауылдық жерлердегі жылжымайтын мүлікті (жер учаскелерін, тұрғын үйлерді, пәтерлерді, саяжайларды, гараждарды, ғимараттар мен өзге де жылжымайтын мүлікті) иеліктен айыру туралы шарттарды куәландырған кезде:
      егер тараптардың бірі заңды тұлға болса - 2 АЕК;
      балаларына, жұбайына, ата-анасына, туған аға-інілері және апа-қарындастары мен сіңлілеріне, немерелеріне - 1 АЕК;
      басқа адамдарға - 2 АЕК;
      3) автомотокөлік құралдарын иеліктен айыру туралы шарттарды куәландырған кезде:
      егер тараптардың бірі заңды тұлға болса - 5 АЕК;
      балаларына, жұбайына, ата-анасына, туған аға-інілері және апа-қарындастары мен сіңлілеріне, немерелеріне - 3 АЕК;
      басқа адамдарға - 5 АЕК;
      4) жалға беру, қарыз (ипотекалық тұрғын үй займын қоспағанда), кепілақы, лизинг, мердігерлік, неке келісімшарттары, ортақ меншіктегі мүлік бөлісі, мұрагерлік мүлікті бөлу, алименттерді төлеу жөніндегі келісімдерді, құрылтай шарттарын куәландырған кезде - 5 АЕК;
      5) ипотекалық тұрғын үй займы шарттарын куәландырған кезде - 2 АЕК;
      6) өсиетхаттарды куәландырған кезде - 2 АЕК;
      7) мұрагерлікке құқық туралы куәлікті бергені үшін - берілген әр куәлік үшін 3 АЕК;
      8) ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі үлеске және бірлескен ортақ меншік құқығындағы мүлкі бар өзге адамдардың меншік құқығы туралы куәлікті берген кезде - 4 АЕК;
      9) мүлікті пайдалану мен иелену құқығына сенімхаттарды куәландырған кезде - 2 АЕК;
      10) сату құқығынсыз автокөлік құралдарын пайдалану және басқару құқығына сенімхаттарды куәландырған кезде - 1 АЕК;
      11) автокөлік құралдарын сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға сенімхаттарды куәландырған кезде - 2 АЕК;
      12) өзге сенімхаттарды куәландырған кезде:
      жеке тұлғалар үшін - 1 АЕК;
      заңды тұлғалар үшін - 2 АЕК;
      13) теңіздік наразылық білдірген кезде - 5 АЕК;
      14) құжаттардың көшірмесі мен құжаттардың үзінді көшірмесін куәландырған кезде (әр бетіне):
      жеке тұлғалар үшін - 0,05 АЕК;
      заңды тұлғалар үшін - 0,07 АЕК;
      15) құжаттардағы қойылған қолдың, сондай-ақ құжаттардың бір тілден басқа тілге аудармасының дұрыстығын куәландырған кезде (әрбір құжат үшін):
      жеке тұлғалар үшін - 0,5 АЕК;
      заңды тұлғалар үшін - 1 АЕК;
      16) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін басқа жеке және заңды тұлғаларға берген кезде - 0,5 АЕК;
      17) құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін берген кезде - 0,5 АЕК;
      18) телнұсқа берген кезде - 2 АЕК;
      19) банктерде шот ашқан кезде қойылған қолдың растығын куәландырған кезде (әрбір құжат үшін):
      жеке тұлғалар үшін - 0,3 АЕК;
      заңды тұлғалар үшін - 0,5 АЕК;
      20. жылжымайтын мүлік кепілі шарттарын, ипотекалық тұрғын үй займдары бойынша талап ету құқықтары мен ипотекалық куәліктерді куәландырғаны үшін - 2 АЕК; өзге де кепіл шарттарын куәландырған кезде - 3 АЕК;
      21) вексель наразылығын жасаған кезде және чектің төленбегенін куәландырғаны үшін - 1 АЕК;
      22) құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтаған кезде - әр айға 0,5 АЕК;
      23) кепілгерлік пен кепілдік шарттарын куәландырған кезде - 1 АЕК;
      24) Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде
көзделген басқа да нотариаттық іс-әрекеттерді жасаған кезде - 7 АЕК.
      2. Жекеше нотариус нотариаттық іс-әрекет жасаған кезде техникалық және құқықтық сипаттағы қызметтерге ақы төлеуден:
      1) нотариаттық куәландыруға жататын құжаттың жобасын өздері дайындаған жеке және заңды тұлғалар;
      2) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 542-бабының 4), 8), 9) тармақтарында көрсетілген тұлғалар;
      3) қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар мен мүгедектер;
      4) балалар үйлерінде және (немесе) интернаттарда тұратын толық мемлекет қамқорлығындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
      5) 1 және 2-топтағы мүгедектер (өздері жасаған қылмыс салдарынан мүгедек болған адамдарды қоспағанда);
      6) жасына байланысты зейнеткерлер ақы төлеуден босатылады.»;
      20) 31-баптың 2-тармағындағы екінші бөлігі және 5-тармағы алып тасталсын;
      21) мынадай мазмұндағы 31-1, 31-2-баптармен толықтырылсын:
      «31-1-бап. Нотариаттық қызметті бақылауды жүзеге асыру тәртібі
      1. Бақылау жоспарлы (бастапқы және кезеңді), жоспардан тыс (шұғыл) және бақылау тексерулері түрінде жүзеге асырылады.
      2. Жоспарлы тексерулер аумақтық әділет органдары бекітетін кестелерге сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Тәуекелдерді бағалау жүйесі - тексерулерді жоспарлау мақсатында Әділет министрлігі жүргізетін іс-шаралар кешені.
      Аумақтық әділет органы жекеше нотариустарды тәуекел дәрежесіне қарай жоғары, орташа не темен тәуекел топтарына жатқызады және олар үшін жоспарлы тексерулер жүргізудің:
      жоғары тәуекел дәрежесі кезінде - жылына бір реттен;
      орташа тәуекел дәрежесі кезінде - екі жылда бір реттен;
      төмен тәуекел дәрежесі кезінде - үш жылда бір реттен жиі емес кезеңділігін айқындайды.
      Бұл ретте, нотариаттық қызметке алғаш рет кіріскен нотариустың жұмысын ұйымдастыруына бірінші тексеру оған нотариустың өкілеттігін бергеннен кейін жарты жыл өткеннен кейін және бір жылдан кешіктірмей жүргізіледі.
      4. Жекеше нотариустарды тәуекел дәрежелері бойынша бөлу субъектінің салдардың ауырлығы тұрғысынан маңызы, Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылықтардың салалық статистикасы, сондай-ақ жоспардан тыс тексерулердің нәтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
      Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері Әділет министрлігінің бұйрығымен бекітіледі және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми сайтында жарияланады.
      Әділет министрлігі өз құзыреті шегінде жекеше нотариустар үшін тексеру парақтарын қалыптастыруға міндетті.
      Тексеру парағы Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында көзделген жекеше нотариустың қызметіне қойылатын, олардың сақталмауы азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүліктік мүдделеріне қатер төндіруге әкеп соғатын талаптардың түбегейлі тізбесін қамтиды.
      5. Жоспардан тыс тексерулер жеке және заңды тұлғалардың өтінішіне ден қоюды талап еткен жағдайларда жүзеге асырылады.
      6. Тексеру нәтижелері бойынша тексеру аяқталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей нотариусқа тапсырылатын анықтама жасалады.
      7. Бақылау тексеруі жоспарлы тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
      Бақылау тексеруі жоспарлы тексерудің нәтижелері бойынша нотариусты анықтамамен таныстырған күнінен бастап бір ай өткен соң жүзеге асырылады.
      8. Тексерулер құрамында кемінде үш адамнан тұратын комиссия құра отырып, нотариаттық палатамен келісім бойынша әділет органы бұйрығының негізінде жүзеге асырылады.
      Комиссияның бір мүшесі, нотариат қызметі бойынша бес жылдан кем емес өтілі, сондай-ақ мінсіз беделі бар нотариаттық палатаның өкілі болуы мүмкін.
      9. Тексеру жүргізу мерзімі он жұмыс күнінен аспауы тиіс.
      31-2-бап. Республикалық нотариаттық палата мен аумақтық
                нотариаттық палатаның қызметін бақылау
      1. Республикалық нотариаттық палата мен аумақтық нотариаттық палатаның қызметін бақылауды тиісінше Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен аумақтық әділет органы жүзеге асырады.
      2. Бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады.
      3. Жоспарлы тексеру үш жылда бір рет жүргізіледі. Жоспардан тыс тексеру Республикалық нотариаттық палатаның немесе аумақтық нотариаттық палатаның қызметіне келіп түскен шағымға байланысты жүргізілуі мүмкін.
      4. Тексеру барысында нотариат туралы заңнаманы бұзушылықтар анықталған кезде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен аумақтық әділет органы тиісінше Республикалық нотариаттық палатаға немесе аумақтық нотариаттық палатаға бұзушылықты жою туралы мерзімі көрсетілген жазбаша ескерту жібереді. Бұзушылықтар белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайда Әділет министрлігі немесе аумақтық әділет органы жаңа сайлаулар өткізгенге дейін Республикалық нотариаттық палата немесе аумақтық нотариаттық палата төрағасының және (немесе) басқармасының өкілеттіктерін тоқтата тұру туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.»;
      22) 32-бапта:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) нотариустардың Нотариаттық іс-әрекеттерді жасау ережесін бекітеді;»;
      3) тармақшадағы «жөнінде нұсқаулық әзірлейді және» деген сөздер «жөніндегі ережені» деген сөздермен ауыстырылсын;
      4) тармақшадағы «әзірлейді және» деген сөздер алып тасталсын;
      5) тармақша алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «5-1) Республикалық нотариаттық палатаның келісуімен тағылымдамадан өтушілерді бірыңғай кәсіптік даярлау бағдарламасын бекітеді;»;
      6) тармақшадағы «әзірлеп,» деген сөз алып тасталсын;
      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «7) Жекеше нотариустардың есептік тіркеуден өту ережесін бекітеді;»;
      7-1) тармақшадағы «нотариустардың» деген сөзден кейін «ең аз» деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 14-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «14-1) тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін бекітеді;»;
      13), 14) және 15) тармақшалар алып тасталсын;
      23) 33-бапта:
      1-тармақтың 11) тармақшасы алып тасталсын;
      2-тармақта:
      1) тармақша алып тасталсын;
      2) тармақша «нотариустардың» деген сөзден кейін «ең аз» деген сөздермен толықтырылсын;
      3) және 9) тармақшалар алып тасталсын;
      24) мынадай мазмұндағы 34-1-баппен толықтырылсын:
      «34-1-бап. Міндетті нотариаттық куәландыруға жататын мәмілелер
      Қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті нотариаттық куәландыруға мынадай мәмілелердің түрлері жатады:
      1) рента шарты;
      2) өсиет;
      3) мүліктік басқаруға, егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, мүлікті басқаруға және нотариаттық куәландыруды талап ететін мәмілелерді жасауға берілетін сенімхаттар;
      4) азаматтық заңнамада көзделген жағдайлардан басқа, қайта сенім білдіру тәртібімен берілетін сенімхаттар;
      5) шағын кәсіпкерлік субъектісін қоспағанда, шаруашылық
серіктестігінің құрылтай құжаттары (жарғы және құрылтай шарты);
      6) акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары;
      7) неке шарты;
      8) заңды мұрагерлердің олардың мұраны иелену кезектілігі мен олардың үлестерінің мөлшері туралы келісімі;
      9) алиментті төлеу туралы келісімі;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік
тіркеуге жататын мүлікпен жасалатын мәмілелер;
      11) суррогат ана шарты.»;
      25) 39-баптағы «нұсқаулықпен» деген сөз «ережемен» деген сөзбен ауыстырылсын;
      26) 57-баптағы «хабарлама», «хабарламаны» деген сөздер «өтініш», «өтінішті» деген сөздермен ауыстырылсын;
      27) 105-баптың 4-тармағы алып тасталсын.

      2-бап. Осы Заң оны алғаш ресми жариялаған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады