Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 мамырдағы № 446 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімі туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 19 мамырдағы
№ 446 қаулысымен   
мақұлданған     

Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік
объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімі туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы шартты іске асыру мақсатында,
      кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында кедендік реттеуді қамтамасыз ету мақсатында,
      мыналар туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім:
      кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімін (бұдан әрі - Бірыңғай тізілім) жүргізу,
      авторлық және сабақтас құқық объектілерін, тауар белгілерін және қызмет көрсету белгілерін (бұдан әрі — зияткерлік меншік объектілері) Бірыңғай тізілімге енгізу,
      кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының, сондай-ақ құқық иелерімен немесе олардың мүдделерін білдіретін тұлғалармен (бұдан әрі - құқық иесі), мемлекеттік органдармен, өзге ұйымдармен, мекемелермен және азаматтармен Бірыңғай тізілімді жүргізуге байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл тәртібін реттейді.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналар орталық кеден органдары болып табылады: Беларусь Республикасынан - Мемлекеттік кеден комитеті, Қазақстан Республикасынан - Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті, Ресей Федерациясынан - Федералдық кеден қызметі не олардың құқық иеленушілері.

3-бап

      1. Бірыңғай тізілімге құқық иесінің өтінішінің негізінде кеден одағына мүше мемлекеттердің әрқайсысында құқықтық қорғауға жататын зияткерлік меншік объектілері енгізіледі.
      2. Зияткерлік меншік саласында кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларына және (немесе) кеден одағының заңнамасына сәйкес кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге байланысты немесе кедендік бақылаудағы тауарлармен өзге іс-әрекеттерді жасау кезінде оның құқықтарын бұзу орын алды деп санауға жеткілікті негізі бар құқық иесі Бірыңғай тізілімге зияткерлік меншік объектісін енгізу туралы өтініш беруге құқылы.
      3. Өтініш жазбаша түрде кеден одағына мүше мемлекеттердің біреуінің орталық кеден органына беріледі. Техникалық мүмкіндік болған кезде өтініш электронды түрде берілуі мүмкін.
      Өтініш бір құқық иесінің (бірнеше құқық иелерінің) атынан бір зияткерлік меншік объектілерінің бір түріне қатысты беріледі. Егер бұл зияткерлік меншік объектілері бір құқық иесіне (сол бір құқық иелеріне) тиесілі болса да, бір өтініште бір мезгілде әр түрлі зияткерлік меншік объектілерінің түрлері туралы мәліметтерді көрсетуге жол берілмейді.
      Бір түрлі зияткерлік меншік объектілерінің әр түрі бойынша әр түрлі құқық иелерінің мүдделерін білдіретін тұлға әр түрлі құқық иелеріне тиесілі әр түрлі зияткерлік меншік объектілеріне қатысты жеке өтініштер ресімдеуі тиіс.
      4. Кеден одағының кедендік аумағында тұрақты өкілдігі жоқ құқық иесінің атынан өтініш кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің аумағында тұрақты тұратын жері бар (тіркелген) тұлғалар арқылы берілуі мүмкін.

4-бап

      1. Өтініште:
      құқық иесі туралы, ал өтінішті олардың өкілі берген жағдайда - сондай-ақ өкілі туралы;
      зияткерлік меншік объектісі туралы;
      оларды кеден одағының кедендік аумағы арқылы өткізу немесе кедендік бақылауда тұрған тауарлар туралы осындай тауарлармен өзге іс-әрекеттер құқық иесінің пікірі бойынша кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қорғалатын оның құқықтарын бұзушылыққа әкелетін, оларды кеден органдарының анықтау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті дәйекті (тауарлардың сыртқы түрінің (олардың орамы, этикеткалары және т.б.) сипаттамасы);
      құқық иесі уәкілеттік берген импортерлар, экспортерлар;
      Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес бірінші төрт белгі деңгейінен кем емес тауарлардың кодтары туралы;
      оларды кеден одағының кедендік аумағы арқылы өткізу немесе кедендік бақылауда тұрған тауарлар туралы және осындай тауарлармен өзге іс-әрекеттер құқық иесінің пікірі бойынша кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қорғалатын оның құқықтарын бұзушылыққа әкелетін, осындай ақпарат бар болған жағдайда осындай тауарларды импортерлар (экспортерлар) тауарларды әкелудің болжамды орындары туралы;
      құқық иесінің зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтарын қорғау мерзімі туралы мәліметтер болуы тиіс.
      Көрсетілген мәліметтер осы мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері түрінде ресімделуі мүмкін. Құжаттардың көшірмелері ұсынылған кезде көшірмелерге сәйкестікке тексеруден кейін қайтарылатын құжаттардың түпнұсқалары талап етілуі мүмкін.
      2. Зияткерлік меншік объектілеріне қатысы бар және сипаттама түрінде болатын, қандай да бір деректердің тізбесі мен жиынтығын білдіретін жеке мәліметтер материалдық тасығыштармен электронды түрде немесе электронды пошта арқылы қосымша берілуі тиіс.
      3. Өтінішке құқықтарды беру туралы кеден одағына мүше мемлекеттердің әрқайсысында зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтың бар болуын растайтын құжаттар (куәліктер, шарттар (оның ішінде лицензиялық), құқық иесі кеден одағына мүше мемлекеттердің әрқайсысында олардың заңнамасына сәйкес зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарын растау үшін ұсына алатын басқа құжаттар, сондай-ақ өтініште көрсетілуге тиіс мәліметтерді растайтын құжаттар қоса беріледі.
      Құқық иесі өтінішке оның пікірінше оның құқықтарын бұзу фактісінің бар болуын растайтын тауарлардың үлгілерін қоса бере алады.
      4. Егер өтінішті құқық иесінің мүдделерін білдіретін тұлға беретін болса, өтінішке сондай-ақ құқық иесі осындай тұлғаға берген сенімхат қоса беріледі. Сенімхат кеден одағының барлық аумағында қолданыста болуы тиіс.
      Егер, кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарында бір зияткерлік меншік объектісіне құқықтар түрлі құқық иелеріне тиесілі болса, өтінішке әр құқық иелерінің әрқайсысынан сенімхаттар қоса берілуі тиіс.
      5. Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар орыс немесе өзге тілде ұсынылады. Құжаттар өзге тілде ұсынылған жағдайда, өтінішке олардың орыс тіліне аудармасы қоса беріледі.
      6. Өтінішпен бір уақытта тауарлардың шығарылуын тоқтата тұруға байланысты декларантқа, меншік иесіне, тауарларды алушыға немесе өзге тұлғаларға келтірілуі мүмкін мүлік зиянын өтеу туралы құқық иесінің жазбаша міндеттемесі ұсынылады.
      Егер кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарында бір және сол зияткерлік меншік объектісіне құқық түрлі тұлғаларға тиесілі болса, өтінішке әр құқық иесінің міндеттемелері қоса берілуі тиіс.
      7. Құқық иесі (оның өкілі) өтініште, не оған қоса берілетін құжаттарда көрсетілген мәліметтерді өзгерту туралы тез арада хабарлауға тиіс.
      8. Егер өтініште осы Келісіммен көзделген құжаттар мен мәліметтер болмаса, орталық кеден органдары құқық иесінен (оның өкілінен) шешімді қабылдау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерге сұрау салуға құқылы.
      Мұндай құжаттар мен мәліметтер бір ай мерзімде ұсынылмаған кезде кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органдары өтінішті қараудан бас тартуға құқылы.

5-бап

      1. Өтінішті қарау және шешім қабылдау:
      зияткерлік меншік объектілерін Бірыңғай тізілімге енгізу туралы;
      зияткерлік меншік объектілерін Бірыңғай тізілімге енгізуден бас тарту туралы;
      Бірыңғай тізілімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы;
      Бірыңғай тізілімге енгізу мерзімін ұзарту туралы;
      зияткерлік меншік объектілерін Бірыңғай тізілімнен шығару туралы шешім кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарының Зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай тізіліміне енгізу мәселесі бойынша өзара регламентіне (бұдан әрі - Регламент) сәйкес жүзеге асырылады.
      Регламент Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітіледі.
      2. Кеден одағы комиссиясы Бірыңғай тізілімге енгізуге уәкілетті органды айқындайды.

6-бап

      Құқық иесі осы Келісімнің 4-бабының 6-тармағында көзделген міндеттерді орындауда кепілдік мақсатында зияткерлік меншік объектілерін Бірыңғай тізілімге енгізу туралы шешім қабылдау туралы хабарламаны жолдаған күннен бастап бір айдың ішінде кеден одағына мүше барлық мемлекеттерде заңды күші бар тауарларды шығаруды тоқтата тұрумен байланысты тұлғаға мүліктік зиян келтіргені үшін жауапкершілігін сақтандыру шартын (шарттарын) ұсынуға міндетті.
      Бұл ретте сақтандыру сомасы кемінде 10 (он) мың евро болуы тиіс.
      2. Кеден органдарына құқық иесінің мүддесін білдіруге арналған тиісті дәрежеде ресімделген сенім хат не мұндай өкілеттікті беретін өзге құжат болған кезде мүліктік зиян келтіргені үшін жауапкершілігін сақтандыру міндеттемесін және шартты (шарттарды) құқық иесінің өкілі ресімдеуі және ұсынуы мүмкін.
      3. Мүліктік зиян келтіргені үшін жауапкершілігін сақтандыру шартын (шарттарын) ұсынбаған жағдайда Бірыңғай тізілімге енгізуден бас тарту туралы шешім қабылданады, мәлімдеуші ол туралы жазбаша нысанда мұндай шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінің ішінде хабардар етіледі.
      4. Зияткерлік меншік объектілерін Бірыңғай тізілімге енгізу үшін төлем алынбайды.
      5. Бірыңғай тізілімге енгізілген зияткерлік меншік объектілерінің тізбесі ресми басылымдарда және Кеден одағы комиссиясы мен кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарының ресми Интернет-сайттарында жарияланады.

7-бап

      Бірыңғай тізілімге енгізу кезінде белгіленген зияткерлік меншік объектілері құқық иелерінің құқықтарын қорғау мерзімі кеден одағына мүше мемлекеттерде бұл мерзім бұрын аяқталатын зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау мерзімінен аспайды.

8-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар Тараптар арасында консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
      Егер бір Тарап екінші Тарапқа жолдаған консультациялар және келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш түскен күннен бастап алты айдың ішінде Тараптар дауларды реттемеген жағдайда, Тараптардың кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотына қарауға береді.

9-бап

      Осы Келісімге Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2010 жылғы « » ______ __________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімнің депозитарийі болып табылатын Кеден одағы комиссиясында сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь               Қазақстан               Ресей
  Республикасының        Республикасының         Федерациясының
   Үкіметі үшін           Үкіметі үшін            Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады