Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 291 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.10.2013 № 1122 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
«Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» 2010 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 17-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.10.2013 № 1122 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және пайдалану қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.10.2013 № 1122 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметін лицензиялау тәртібін және Сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімін жүргізу тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 9 қазандағы № 1021 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., № 35, 322-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 9 қазандағы № 1021 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 15 мамырдағы № 578 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 19, 203-құжат);
3) «Сот сараптамасы қызметін лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 18 маусымдағы № 504 қаулысының 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 222-құжат).
3. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 4 маусымдағы
№ 514 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы сот сарапшыларының мемлекеттік
тізілімін қалыптастыру және пайдалану
қағидалары
Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.10.2013 № 1122 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және пайдалану қағидалары «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» 2010 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімін (бұдан әрі - Мемлекеттік тізілім) қалыптастыру және пайдалану мақсатын, тәртібін айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.10.2013 № 1122 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
2. Мемлекеттік тізілім сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшылары туралы, сондай-ақ сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиялары бар жеке тұлғалар (бұдан әрі - сот сарапшылары) туралы мәліметтерді қамтиды.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.10.2013 № 1122 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3. Мемлекеттік тізілім қылмыстық процесті жүргізуші органдарды, соттарды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органдарды (лауазымды адамдарды) сот сарапшылары туралы мәліметтермен қамтамасыз ету мақсатында қалыптастырылады.
2. Мемлекеттік тізілімді қалыптастыру тәртібі
4. Мемлекеттік тізілімді жүргізуді «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Орталық) жүзеге асырады.
5. Мемлекеттік тізілімді жүргізуді ақпараттық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының сот сараптамасы органдары (бұдан әрі - сот сараптамасы органдары) және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы Сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) сот сарапшылары туралы мәліметтерді ұсына отырып жүзеге асырады.
6. Мемлекеттік тізілімге енгізілуге тиіс сот сарапшылары туралы мәліметтер сот сараптамасы органдары немесе Комиссия Орталыққа мемлекеттік және орыс тілдерінде, көрсетілген органдардың мөрімен расталған баспа және электронды түрде бір данада сот сараптамасы органдары сот сарапшысы біліктілігін беру туралы шешім қабылдағаннан кейін не Комиссия сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны бергеннен кейін бес жұмыс күні ішінде жолдайды.
7. Мемлекеттік тізілімге енгізілуге тиіс мәліметтер Орталыққа келіп түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде оған енгізіледі.
8. Мемлекеттік тізілім осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды жеткізгіштерде жүргізіледі.
9. Мемлекеттік тізілімнің қағаз нұсқасы тігіледі, нөмірленеді, оған жауапты тұлғаның колы қойылады, Орталықтың мөрімен бекітіледі.
Тізілім кітабы беттерінің нөмірлері толассыз болып табылады.
Тізілім кітабында қарындашпен жазуға, шимайлауға, өшіруге, түзету енгізуге, парақтарын алуға жол берілмейді.
10. Мемлекеттік тізілімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу кажет болған жағдайда сот сараптамасы органдары және Комиссия тиісті ақпаратты Орталыққа мемлекеттік және орыс тілдерінде, көрсетілген органдардың мөрімен расталған баспа және электронды түрде бір данада сот сараптамасы органдары не Комиссия өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде жолдайды.
Мемлекеттік тізілімге өзгерістер мен толықтыруларды Орталық осы тармақта көрсетілген ақпарат келіп түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде енгізеді.
11. Мемлекеттік тізілімнің электронды нұсқасы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурстарында орналастырылады.
3. Мемлекеттік тізілімді пайдалану тәртібі
12. Қылмыстық процесті жүргізуші орган, сот, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан орган (лауазымды адам), процеске өзге қатысушылар Мемлекеттік тізілімге енгізілген сот сарапшылары туралы мәліметтерді пайдаланады.
13. Қажет болған жағдайда қылмыстық процесті жүргізуші орган, сот, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан орган (лауазымды адам), процеске өзге қатысушылар Орталықтың мекенжайына сот сарапшылары туралы мәліметтерді ұсыну туралы сұрауды жазбаша түрде рәсімдейді.
14. Орталық жазбаша түрде сұрау келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша Мемлекеттік тізілімнен басшының немесе оны алмастыратын адамның қолымен және Орталықтың мөрімен куәландырылған үзіндіні ұсынады.
15. Аталған үзінді қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органның (лауазымды адамның), сұрауды ресімдеген процеске өзге қатысушылардың мекенжайына жіберіледі.
Қазақстан Республикасы
сот сарапшыларының мемлекеттік
тізілімін қалыптастыру
және пайдалану қағидаларына
қосымша
Қазақстан Республикасы сот сарапшыларының мемлекеттік
тізілімінің нысаны
Ескерту. Қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 21.10.2013 № 1122 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Р/с |
Тегі, аты, әкесінің аты |
Білімі, ғылыми дәрежесінің, атағының болуы |
Сарапшылық мамандық (мамандықтар), сот сараптамасының жеке түрін жүргізу құқығына біліктілік куәлігінің нөмірі мен берілген күні, оны берген мемлекеттік органның атауы |
Аттестаттаудан өткен күні |
Сот сараптамасы органдары қызметкерлерінің жұмыс орны және атқаратын қызметі/ сот-сараптама қызметін лицензия негізінде жүзеге асыратын адамның сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиясының нөмірі мен берілген күні |
Ескертпе |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
7 |