Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Сейдахметқызы Айтжановаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қоюға уәкілеттік берілсін.
3. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 10 қыркүйектегі № 1340 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 6 қыркүйектегі
№ 905 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Өңіраралық және шекара маңы
ынтымақтастығы туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартты, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияны басшылыққа ала отырып,
2008 жылғы 10 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекарадағы ынтымақтастығы туралы конвенцияның ережелерін назарға ала отырып,
Қазақстан мен Ресей арасындағы ұзақ мерзімді өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын дамытуға тілек білдіре отырып,
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық және шекара мацы ынтымақтастығын орнықты дамытудың практикалық маңыздылығы мен әлеуетін атап көрсете отырып,
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының құқықтық негізін нығайту қажеттігін ұғына отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын тең құқықтық және өзара тиімділік негізінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес нығайтады және дамытады.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаты үшін пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
Қазақстан Республикасының шекара маңындағы облысы - аумағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасымен іргелес Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі;
Ресей Федерациясының шекара маңындағы субъектісі - аумағы Ресей-Қазақстан мемлекеттік шекарасымен іргелес Ресей Федерациясының субъектісі;
құзыретті органдар - осы Келісімді іске асыруға байланысты мәселелерді шешу құзыреті мен өкілеттігі берілген Тараптар мемлекеттерінің билік органдары;
шаруашылық жүргізуші субъектілер - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумақтарында тіркелген Қазақстан мен Ресейдің шаруашылық жүргізуші субъектілері.
3-бап
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы құзыретті органдармен келісілген Қазақстан Республикасының облыстарын және Ресей Федерациясының субъектілерін, оның ішінде Қазақстан Республикасының шекара маңы облыстары мен Ресей Федерациясының шекара маңы субъектілерін әлеуметтік-экономикалық дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттер арасындағы өзара тиімді әрі достық қатынастарды нығайтуға бағытталған қызметті білдіреді.
4-бап
Тараптар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы уағдаластықтарға сәйкес жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары мен Ресей Федерациясы субъектілерінің атқарушы билік органдары Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы уағдаластықтарға сәйкес өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын жүзеге асыруды үйлестіруге қатысады.
5-бап
Құзыретті органдар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын жүзеге асыру және үйлестіру мақсатында:
Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында көзделген тәртіппен, оның ішінде өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының жекелеген бағыттары бойынша халықаралық шарттар жасасады;
қажет болған жағдайда өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын жетілдірудің нақты тетіктерін әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс топтарын құрады;
өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы саласында бірлескен іс-қимылдар жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады.
6-бап
Тараптар Қазақстан Республикасының облыстары мен Ресей Федерациясының субъектілері арасындағы сауда-экономикалық, энергетикалық, агроөнеркәсіп, ғылыми-техникалық, мәдени, гуманитарлық, әлеуметтік, білім беру және өзге де салалардағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.
7-бап
Тараптар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын дамыту мақсатында шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында тікелей байланыстар орнату үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
Тараптар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының басым бағыттарын дамытуды, өзара іс-қимылдың қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету бөлігінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларын үйлестіруді, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің, оның ішінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамаларының талаптарын шаруашылық жүргізуші субъектілердің сақтауын мемлекеттік қолдау жүйесін қалыптастыруға бағытталған қажетті шаралар қабылдайды.
8-бап
Тараптар Қазақстан Республикасының шекара маңы облыстарын және Ресей Федерациясының шекара маңы субъектілерін әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға ықпал етеді.
Мұндай бағдарламалар мен жобаларды іске асыру кезінде құзыретті органдар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының жалпы даму стратегияларын басшылыққа алады, сондай-ақ көрсетілген бағдарламалардың, жобалардың, оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумақтарында жүзеге асырылатын өзге салалық бағдарламалардың және жобалардың шеңберінде өткізілетін іс-шаралардың өзара толықтыруы туралы бірін-бірі уақтылы хабардар етеді.
9-бап
Тараптар өзаралық қағидаты негізінде Қазақстан Республикасының шекара маңы облыстары мен Ресей Федерациясының шекара маңы субъектілері арасындағы жүктер мен жолаушылар тасымалын, сондай-ақ екі мемлекеттің аумақтары арқылы транзитті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға жәрдемдеседі.
Көрсетілген мақсаттарда Тараптар көлік саласындағы құқықтық реттеуді үйлестіруге, Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзиттік тасымалдарға қатысты әкімшілік құжаттама мен рәсімдерді біріздендіруге бағытталған шараларды жүзеге асырады.
Тараптар екі мемлекеттің қалалары мен елді мекендерін қосатын автомобиль және темір жолдардың дамуына жәрдемдеседі.
10-бап
Тараптар теңдік пен өзара тиімділік негізінде орнықты даму қағидаттарын басшылыққа ала отырып, құзыретті органдар арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастыққа және Қазақстан Республикасының шекара маңы облыстарының және Ресей Федерациясының шекара маңы субъектілерінің аумақтарында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, оның ішінде табиғи ресурстарды бірлесіп пайдалануды жүзеге асыру кезінде жәрдемдеседі.
Тараптар Қазақстан Республикасының шекара маңы облыстарының және Ресей Федерациясының шекара маңы субъектілерінің аумағында дүлей апаттардың, техногендік авариялардың және өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында, сондай-ақ олардың салдарын жою кезінде өзара іс-қимыл жасасады.
11-бап
Тараптар трансшекаралық заңға қайшы іс-қимылға, оның ішінде қарудың, оның негізгі бөлшектері мен оқ-дәрілердің, жарылғыш және улы заттар мен жарылғыш құрылғылардың, ядролық және радиоактивтік материалдардың, алкогольді және темекі өнімдерінің заңсыз айналымына, мәдени құндылықтардың контрабандасына, сондай-ақ заңсыз көші-қонға қарсы әрекет ету мақсатында құзыретті органдар арасындағы ынтымақтастықты орнатуға және нығайтуға жәрдемдеседі.
12-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану жөнінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар жолымен шешеді.
13-бап
Тараптардың өзара уағдаласуы бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
14-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім 5 жыл мерзім ішінде қолданылады және Тараптардың ешқайсысы дипломатиялық арналар арқылы кезекті 5 жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын екінші Тарапты өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша нысанда хабардар етпесе, келесі 5 жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылу кезеңінде жүзеге асырыла бастаған және оның қолданылуы тоқтатылған сәтте аяқталмаған жобалар жөніндегі Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 1995 жылғы 26 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекаралас облыстарының ынтымақтастығы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Келісім қолданылуын тоқтатады.
1995 жылғы 26 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекаралас облыстарының ынтымақтастығы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Келісімнің ережелерін орындау мақсатында жасалған келісімдер қолданылуын тоқтатпайды.
2010 жылғы «__» ________ _______________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің бірдей күші бар.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін