Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 10 қыркүйектегі № 1340 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 6 қыркүйектегі № 905 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 06.09.2010 № 905 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Миниcтрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 10 қыркүйектегі
N 1340 қаулысымен   
мақұлданған      

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Өңіраралық және шекара маңындағы
ынтымақтастық туралы келісім
 
 

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартты, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияны басшылыққа ала отырып,
      (2008 жылғы 10 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралық ынтымақтастығы туралы конвенцияның ережелерін назарға ала отырып,
      (Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық қатынастарды кеңейтуге ниет білдіре отырып,
      Қазақстан мен Ресей арасындағы ұзақ мерзімді өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты дамытуға тілек білдіре отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты орнықты дамытудың практикалық маңыздылығы мен әлеуетін атап өте отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін нығайту қажеттігін ұғына отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған принциптері мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты тең құқықтық және өзара тиімділік негізінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес нығайтады және дамытады.
 

2-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
      облыс - Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі;
      өңір - Ресей Федерациясының субъектісі.

3-бап

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастық Тараптардың облыстарды, өңірлерді, оның ішінде шекара маңындағы облыстарды, өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, Тараптар мемлекеттерінің арасындағы өзара тиімді әрі достық қатынастарды нығайтуға бағытталған келісілген қызметін білдіреді.

4-бап

      Тараптар өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары мен Ресей Федерациясы субъектілерінің атқарушы билік органдары өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты жүзеге асыруды үйлестіруге Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қатысады.

5-бап

      Тараптар өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру және үйлестіру мақсатында:
      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген тәртіппен, оның ішінде өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықтың жекелеген салалары мен бағыттары бойынша келісімдер жасасады;
      өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты жетілдірудің нақты тетіктерін әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс топтарын құрады;
      өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастық саласында бірлескен жоспарлар мен іс-қимыл бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады.

6-бап

      Тараптар облыстардың, өңірлердің арасындағы сауда-экономикалық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық, әлеуметтік, білім беру және өзге салалардағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

7-бап

      Тараптар өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстан мен Ресейдің шаруашылық жүргізуші субъектілері (бұдан әрі - шаруашылық жүргізуші субъектілер) арасында тікелей байланыстар орнату үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
      Тараптар өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын дамытуды, өзара іс-қимылдың қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету бөлігінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын үйлестіруді, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық, оның ішінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамаларының талаптарын шаруашылық жүргізуші субъектілердің сақтауын қолдау жөнінде қажетті шаралар қабылдайды.

8-бап

      Тараптар қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасында шекаралық, кедендік, көліктік және өзге де бақылау түрлерін жүзеге асыру кезінде кедендік рәсімдерді үйлестіруге және оңайлатуға бағытталған күш-жігер жұмсайды.

9-бап

      Тараптар шекара маңындағы облыстарды, өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға ықпал етеді.
      Мұндай бағдарламалар мен жобаларды іске асыру кезінде Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының жалпы даму стратегияларын басшылыққа алады, сондай-ақ көрсетілген, оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумағында жүзеге асырылатын өзге салалық бағдарламалардың, жобалардың шеңберінде өткізілетін бағдарламалардың, жобалардың және іс-шаралардың өзара толықтыруы туралы бірін-бірі уақтылы хабардар етеді.

10-бап

      Тараптар өзаралық принциптер негізінде екі мемлекеттің шекара маңындағы облыстары, өңірлері арасындағы жүктер мен жолаушылар тасымалын, сондай-ақ өздерінің аумақтары арқылы транзитті жүзеге асырудың қолайлы жағдайларын жасауға жәрдемдеседі.
      Көрсетілген мақсаттарда Тараптар көлік саласындағы құқықтық реттеуді үйлестіруге, Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзиттік тасымалдарға қатысты әкімшілік құжаттама мен стандарттарды бірегейлендіруге бағытталған шараларды жүзеге асырады.

11-бап

      Тараптар орнықты даму принципін басшылыққа ала отырып, теңдік пен өзара тиімділік негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастыққа және шекара маңындағы облыстардың, өңірлердің аумағында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға жәрдемдеседі.
      Тараптар дүлей апаттардың, техногендік авариялардың және трансшекаралық сипаттағы өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде шаралар қабылдайды, сондай-ақ шекара маңындағы облыстардың, өңірлердің аумағында олардың салдарын жою кезінде өзара іс-қимыл жасасады.

12-бап

      Тараптар трансшекаралық заңға қайшы іс-қимылға қарсы әрекет ету, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының, қарудың, оның негізгі бөлшектері мен оқ-дәрілердің, жарылғыш және улы заттар мен жарылғыш құрылғылардың, ядролық және радиоактивтік материалдардың, алкогольдік және темекі өнімдерінің заңсыз айналымына, мәдени құндылықтардың контрабандасына, сондай-ақ заңсыз көші-қонға қарсы күресу мақсатында кедендік және шекаралық бақылаудың бірыңғай шараларын әзірлеуге жәрдемдеседі.

13-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану жөнінде келіспеушіліктер болған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар жолымен шешеді.

14-бап

      Тараптардың өзара уағдаласуы бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

15-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және Тараптардың ешқайсысы дипломатиялық арналар арқылы кезекті бес жылдық кезең аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей екінші Тарапты өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша нысанда хабардар етпесе, өздігінен кейінгі бес жылдық кезеңдерге ұзартылады.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылу кезеңінде жүзеге асырыла бастаған және оның қолданылуы тоқтатылған сәтте аяқталмаған жобалар бойынша Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.
      2009 жылғы "___" _________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде бірдей күші бар екі данада жасалды.

      Қазақстан Республикасының       Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады