Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 07.08.2023 № 652 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Мемлекеттік статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.03.2018 № 105 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Қоса беріліп отырған Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдері бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Ауыл шаруашылығы санағын өткізудің ережесі мен мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 қарашадағы № 1081 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2006 ж., № 42, 459-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 наурыздағы № 283 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 5-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2008 ж.,№ 16, 149-құжат);
3) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 18 маусымдағы № 613 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 10-тармағы.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы № 1049 қаулысымен бекітілген |
Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдері
Ескерту. Қағида мен мерзімдер жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.03.2018 № 105 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағида) "Мемлекеттік статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4) тармақшасына, "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 12) тармақшасына сәйкес әзірленді және ұлттық санақтарды жүргізу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.
2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) алғашқы статистикалық деректер – алынған немесе статистикалық нысандарда тіркелген деректер;
2) арнайы құрылған комиссия – ұлттық санақты дайындауға және өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаулық мәселелерін шешу үшін құрылған комиссия;
3) ауыл шаруашылығы санағы – ауыл шаруашылығының құрылымы мен жай-күйі туралы деректерді жинау, өңдеу, біріктірілген деректерді талдау және тарату процесін қамтитын статистикалық байқау;
4) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
5) нұсқаушы-бақылаушы – санақ учаскелерінің толық қамтылуын бақылауды жүзеге асыратын адам;
6) респондент – статистикалық әдіснамаға сәйкес статистикалық байқау объектісі бойынша деректерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға және оның құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері;
7) санақ персоналы – осы Қағидада белгіленген тәртіппен ұлттық санақ жүргізуге уәкілетті орган тартатын адамдар;
8) статистикалық нысан – статистикалық құжаттың алғашқы статистикалық деректерді белгіленген тәртіппен алуға немесе тіркеуге арналған қағаз немесе электрондық жеткізгіштердегі формуляры (бланк, есептілік нысаны, сұрақнама, сауалнама, санақ парағы және басқа да формулярлар);
9) интервьюер – жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды және ұлттық санақтарды жүргізу кезінде респонденттер мен үй шаруашылықтарына сауалнама жүргізуді жүзеге асыратын адам;
10) ұлттық санақ – халық санағы мен ауыл шаруашылығы санағын қамтитын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті орган статистикалық жұмыстар жоспарынан тыс жүргізетін арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқау;
11) халық санағы – белгілі бір уақыт кезіндегі жағдай бойынша респондентті сипаттайтын демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинау, өңдеу, біріктірілген деректерді талдау және тарату процесін қамтитын статистикалық байқау.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 909 қаулысымен.2. Ұлттық санақтарды жүргізу тәртібі
3. Ұлттық санақтар халық санағы мен ауыл шаруашылығы санағын қамтиды.
4. Ұлттық санақтар:
1) планшет немесе қағаз жеткізгішті (планшеттерді қолдану мүмкіндігі болмаған жағдайда) пайдаланумен сұхбат жүргізушінің респондентке сауал жүргізуі арқылы санақ парақтарын толтыруы;
2) онлайн режимде интернет желісі арқылы электрондық түрде респонденттердің санақ парақтарын толтыруы арқылы жүргізіледі.
5. Ұлттық санақ дайындық, негізгі және қорытынды кезеңдерді қамтиды.
6. Дайындық кезеңі 2 (екі) жыл ішінде жүзеге асырылады.
7. Дайындық кезеңінде уәкілетті орган мынадай іс-шараларды іске асырады:
1) ұлттық санақты жүргізу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу;
2) пилоттық санақты жүргізу тәртібін, санақ парақтарын, ұлттық санақты жүргізу жөніндегі әдіснамалық құралдарды әзірлеу және бекіту, сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл туралы бірлескен актілерді әзірлеу және бекіту;
3) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту, ұлттық санақты жүргізуге арналған оқыту бағдарламаларын дайындау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, сондай-ақ санақ персоналына арналған оқыту семинарларын өткізуді ұйымдастыру;
4) тиісті мемлекеттік органдармен, комиссиялармен, санақ персоналымен бірлесіп халық арасында ұлттық санақты жүргізудің мақсаты мен тәртібі туралы жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
5) санақ персоналын іріктеу және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олармен ұлттық санаққа қатысуға шарттар жасасу;
6) ұлттық санақтарды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес өтеулі қызметтер көрсету шарты бойынша интервьюерлер санын және олардың көрсетілетін қызметтерінің құнын есептеуді бекіту;
7) ұлттық санақтарды жүргізу кезінде адамдарды интервьюерлер ретінде тарту тәртібін айқындау.
Ұлттық санақтарды тиімді жүргізу мақсатында санақ парақтарын сынау, жүргізілуін ұйымдастыру мен алынған деректерді өңдеуді сынаудан өткізу, уәкілетті органның шешімі бойынша пилоттық санақ жүргізу арқылы облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы санағы субъектілерінің тізімдерін қалыптастыруы, нақтылауы, сондай-ақ уәкілетті органға ұсынуы сияқты қосымша іс-шаралар өткізілуі мүмкін.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 909 қаулысымен.8. Негізгі кезеңде уәкілетті орган мынадай іс-шараларды іске асырады:
1) сұхбат жүргізушілердің алынған мәліметтерді санақ парақтарына енгізумен респонденттерге сауал жүргізу;
2) сауал жүргізу аяқталғаннан кейін санақ персоналының санақ парақтары деректерінің анықтығын және респонденттерді қамтудың толықтығын айқындау үшін кемінде 10 % қамтумен респонденттерді іріктемелі бақылап аралап шығуды ұйымдастыру;
3) сұхбат жүргізушілердің респонденттен алған алғашқы статистикалық деректерді уәкілетті органға беруін ұйымдастыру;
4) санақ парақтары деректерінің түсуіне қарай оларды ақпараттық жүйеге енгізуді ұйымдастыру.
9. Қорытынды кезең 2 (екі) жыл ішінде жүзеге асырылады. Қорытынды кезеңде уәкілетті орган мынадай іс-шараларды іске асырады:
1) ұлттық санақ қорытындыларын шығару;
2) ұлттық санақ қорытындыларын жиынтық деректер түрінде қалыптастыру және жариялау.
10. Санақ парақтарына негізгі сұрақтардан басқа өңірдің, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерделеу үшін қажетті қосымша сұрақтар қосылуы мүмкін.
Санақ парақтарына жауаптары мемлекеттік құпияларға, коммерциялық немесе заңнамамен қорғалатын өзге де құпияға жататын, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кемсітетін не бұзатын ақпараттан тұратын сұрақтарды енгізуге жол берілмейді.
11. Санақ парақтары уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде толтырылады.
12. Санақ парақтарындағы мәліметтерді өңдеу оларды рұқсат етілмеген қол жеткізуден қорғау және оларды ұрлау, жоғалту, қолдан жасау немесе өзге де бұрмалауларға жол бермеуді қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылады.
13. Санақ парақтарына жазбалар респонденттер құжаттамалық растаусыз ауызша немесе жазбаша хабарлайтын мәліметтер негізінде жүргізіледі.
14. Санақ парақтарындағы респонденттен алынған алғашқы статистикалық деректер оның келісімінсіз таратуға жатпайды және статистикалық мақсаттар үшін ғана иесіздендірілген жиынтық түрде пайдаланылады.
15. Санақ парақтарында көзделмеген алғашқы статистикалық деректерді жинауға жол берілмейді.
16. Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлттық санақтарды жүргізу кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді уәкілетті органға, сондай-ақ өкілеттіктерін анықтай отырып, арнайы құрылған комиссияға жүктеуі мүмкін.
3. Ұлттық санақтарды жүргізу кезеңділігі мен мерзімдері
17. Ауыл шаруашылығы санағы – он жылда бір реттен кем емес, ал халық санағы әлемдік санақтардың кезекті раундына орайластырылған мерзімдерде жүргізіледі.
18. Уәкілетті органның ұсынысы бойынша санақтарды жүргізу мерзімдері мен ерекшеліктерін, оның ішінде санақтың қанша уақыт өткізілетінін көрсете отырып, ұлттық санақтарды жүргізу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
4. Ұлттық санақтардың қорытындыларын шығару және оларды жариялау
19. Ұлттық санақтарды жүргізу кезінде алынған алғашқы статистикалық деректерді уәкілетті орган өңдейді.
Ұлттық санақты жүргізу кезінде алынған алғашқы статистикалық деректер ұлттық санақтың қорытындысы ресми жарияланған сәттен бастап кемінде бір жыл қағаз жеткізгіштерде сақталады. Алғашқы статистикалық деректері бар электрондық жеткізгіштер кемінде елу жыл сақталады.
Ұлттық санақтардың қорытындылары электрондық және қағаз жеткізгіштерде ресми жариялануға тиіс.
Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 909 қаулысымен.