Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің экономикалық саясаттың 2011 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 қаңтардағы № 13 Қаулысы

      Елдің қалың жұртшылығын Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің экономикалық саясаты туралы хабардар ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің экономикалық саясаттың 2011 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі мақұлдансын.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2011 жылғы 18 қаңтардағы
№ 13 қаулысымен
мақұлданған   

Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы
мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің
экономикалық саясаттың 2011 жылға арналған негізгі
бағыттары туралы мәлімдемесі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Үкімет), Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі - Ұлттық Банк) және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі (бұдан әрі - ҚНРА) 2010 жылы әлемдік экономикалық құлдырау салдарын жұмсартуға және елдің дағдарыстан кейінгі тұрақты дамуының негізін қалауға бағытталған дағдарысқа қарсы бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастырды.
      Нәтижесінде, алдын-ала бағалау бойынша, жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі - ЖІӨ) нақты өсімі 2010 жылы 7%-ды құрады, жұмыссыздық деңгейі 2010 жылдың соңында 5,5%-ға дейін төмендеді, халықтың жан басына шаққандағы табысы нақты мәнде 6,3%-ға, нақты жалақы 7,5%-ға өсті, инфляция 7,8%-ды құрады.
      Бюджет саясатында бірінші кезекте әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыру басым болды. 2010 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген зейнетақы төлеу, әлеуметтік төлемдер және бюджет саласының қызметкерлеріне жалақы төлеу бойынша барлық әлеуметтік міндеттемелер өз мерзімінде және толық көлемде қаржыландырылды.
      2010 жылы жүргізілген банк секторының сыртқы қарызын қайта құрылымдау банктерге сыртқы қарызын төлеу бойынша ауыртпалықтарды төмендетуге мүмкіндік берді, банктердің қаржылық жағдайын тұрақтандыруға және олардың болашақта тұрақты дамуы үшін мүмкіндіктер береді.
      Ұлттық қордың валюталық активтерін коса алғанда, елдің халықаралық резервтерінің жиынтық мөлшері 2010 жылдың соңында 59 млрд. АҚШ долларын құрады. Ұлттық Банктің алтын валюта активтері өткен жылы 22,5 %-ға ұлғайды және 28,3 млрд. АҚШ долларын құрады.
      Әлемдік экономиканың жандануы, экспортқа бағытталған өнімдерге сыртқы баға конъюнктурасының тұрақтануы және ішкі сұраныстың кеңеюі экономиканың нақты секторының өсуіне де септігін тигізді.
      2010 жылы Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - ҮИИДМБ) басталды, оның шеңберінде сомасы 801,8 млрд. теңгеден астам 152 индустриялық жоба қолданысқа енгізілді.
      ҮИИДМБ және жұмыспен қамтудың Жол картасын іске асыру нәтижесінде 156 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
      Кәсіпкерлікті, ең алдымен шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында пилотты режимде «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы басталды, оның шеңберінде кредиттерінің жалпы көлемі 101,2 млрд. теңге болатын 225 жоба мақұлданды.
      2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Беларусьтің, Қазақстанның және Ресейдің Кеден одағы (бұдан әрі - КО) қызмет істей бастады, ол үшінші елдерге қатысты бірыңғай сауда саясатын жүргізеді. 2010 жылғы 1 шілдеден бастап бірыңғай кеден аумағын қалыптастыру басталды, бұл өткізу нарығын 16 млн. тұтынушыдан 168 млн. тұтынушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Елде бизнес ахуалды жақсарту жөнінде қабылданып жатқан шаралармен қатар бұл экономиканың өңдеуші секторларына шетелдік және отандық инвестицияларды тарту арқылы экономиканы әртараптандыру үшін түрткі болуға арналған.
      Бірыңғай экономикалық кеңістік (бұдан әрі - БЭК) келісімдерінің шеңберінде кол жеткізілген келісімдерді іске асыру: қатысушы елдердің макроэкономикалық саясаттың келісілген қағидаттарын, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау көрсетудің бірыңғай қағидаларын; отандық тауар өндірушілердің көлік инфрақұрылымына кемсітушіліксіз қол жеткізуін; сондай-ақ қызметтер, капитал мен жұмыс күші қозғалысының еркіндігін қамтамасыз етеді.
      2011 жылы Үкімет, Ұлттық Банк және ҚНРА жүргізетін экономикалық саясат:
      1) Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға;
      2) Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде экономиканы әртараптандыруға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға;
      3) жұмыспен қамтудың тұрақтылығын және халық табысының өсуін қамтамасыз етуге;
      4) білім беруді, денсаулық сақтауды және тілдерді дамытуды қоса алғанда, адами капиталды дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға бағытталатын болады.
      Бәсекеге қабілеттілікті арттыруға макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инвестициялық және бизнес ахуалды, институционалдық дамуды, технологиялық және инновациялық даму деңгейін, елдің адами ресурстарының даму сапасын жақсарту, сондай-ақ КО мен БЭК шеңберінде сауда кедергілерін азайту және экономикалық ықпалдасуды кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады.
      Бизнес-ахуалды жақсарту мақсатында орталық деңгейде, сондай-ақ өңірлік деңгейде әкімшілік кедергілерді азайту және рұқсат беру жүйесін оңтайландыру жұмысы жалғасатын болады.
      2011 жылы Қазақстанның экономикалық мүдделерін әзірлеу және жылжыту әрі КО мен БЭК шеңберінде ашылатын жаңа мүмкіндіктерді пайдалану мақсатында бизнес қоғамдастықпен белсенді бірлескен жұмыс жалғасатын болады. Жаhандық сауда-экономикалық жүйеге одан әрі ықпалдасу мақсатында сыртқы экономикалық саясатта басым мақсаттардың бірі КО бойынша әріптес елдермен тығыз үйлестіре отырып, ДСҰ-ға Қазақстанның кіруі үдерісін жылдамдату болып табылады.
      2011 жылы ҮИИДМБ-ны іске асыру шеңберінде экономиканың қайта өңдеу секторларына және елдің инфрақұрылымын дамытуға ішкі және сыртқы инвестициялық ресурстары барынша жандандырылатын болады, Индустрияландыру картасы шеңберінде жаңа индустриялық және инновациялық жобалар қосымша іске қосылатын болады.
      Экономика салаларындағы өнімділікті арттыруға ынталандыру үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды ауқымды жаңғырту бойынша «Өнімділік 2020» бағдарламасы қабылданатын болады.
      Бизнес үшін қосылған құны жоғары өндірістерді қолдаудың тұтастай жүйелі шаралар жиынтығы, жаңа технологиялар трансферті отандық инновациялық шешімдерді әзірлеу, өнім экспортын ілгерілету, өнім шығаруға ұзақ мерзімді тапсырыс қамтамасыз етілетін болады.
      Инвесторлар үшін экономиканың шикізаттық емес салаларында қосымша ынталандыру шаралары, соның ішінде арнайы экономикалық аймақтар есебінен де жасалатын болады.
      Кәсіпкерлікті, соның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау үшін Бизнестің жол картасы 2020-ны жүзеге асыру төрт: бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету және кәсіпкерлік әлеуетті күшейту бағыттарында жалғасатын болады.
      Мұнайлық емес тапшылықты қысқарту, Ұлттық қор активтерін арттыру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану арқылы теңгерімді бюджетті қамтамасыз ету фискалдық саясатты іске асыру барысында басым міндеттер болып табылады.
      Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыру және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі шараларды қабылдауды жалғастырады. 2011 жылы бюджет саласында жалақыны және әлеуметтік шығыстарды өсіру көзделген. 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақының 30 %-ға артуын ескере отырып, оның ең төменгі мөлшері 24047 теңгені (базалық зейнетақыны ескере отырып), орташа мөлшері - 36205 теңгені (базалық зейнетақыны ескере отырып) құрайды. Ағымдағы жылы әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер мөлшері ұлғаяды. Бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 30 %-ға артады.
      Ішкі нарықта бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеуді реттеу және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету 2011 жылғы экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болады.
      Бұл үшін Үкімет және жергілікті атқарушы органдар тарапынан көтерме (коммуналдық) азық-түлік базарларын және сауда инфрақұрылымын дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен молықтыру, табиғи монополия субъектілерінің қызметіне баға белгілеуді реттеу жұмыстары жалғастырылады.
      Бұдан басқа, бәсекелестікті қорғау, жосықсыз бәсекені анықтау мен оның жолын кесу, баға жөнінде мәміле жасасу, нарық субъектілерінің өзінің үстем жағдайын теріс пайдалану, алыпсатарлық бағаның өсуі, өнім өндіруші мен түпкі тұтынушылар арасындағы аралық буындарды қысқарту жұмыстары күшейтіледі.
      2011 жылы баға тұрақтылығын және жылдық инфляция деңгейін 6 - 8 % аралығында ұстап тұруды қамтамасыз ету Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының басым бағыты болады.
      Ұлттық Банк ақша-кредит саясаты құралдарын жетілдіру және олардың тиімділігін арттыру әрі оның ақша нарығына ықпалын одан әрі күшейту жөніндегі жұмысты жалғастырады.
      Екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі қысқа мерзімді ноталары мен депозиттері қаржы нарығындағы сыйақы ставкасын, сондай-ақ банктердің артық өтімділігін стерилизациялаудың негізгі құралдары болып қала береді.
      Экономикадағы ақша ұсынысы экономиканың өсуіне сәйкес деңгейде сақталады. Кредит белсенділігін қалпына келтіру проблемасы банк секторындағы құрылымдық қайта құру жолымен шешіледі.
      2011 жылы Ұлттық Банк ең төменгі резервтік талаптар тетігін жетілдіру және оны қолдану тиімділігін арттыру жұмысын бастайды.
      Қазақстан экспортының негізгі тауарларына қолайлы әлемдік баға конъюнктурасы және ұлттық валютаның тұрақтылығы жағдайында Ұлттық Банк валюта бағамының басқарылатын құбылмалы режиміне көшуді жоспарлап отыр.
      Ұлттық Банктің валюта саясаты саласындағы шаралары әлемдік конъюнктура өзгерген жағдайда отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етуі мүмкін ұлттық валютаның нақты бағамының елеулі ауытқуына жол бермеуге бағытталатын болады.
      Тұтастай алғанда, ақша-кредит саясаты қалыптасатын макроэкономикалық ахуалға барабар болады.
      Қазақстанның қаржы жүйесінің дамуы саласындағы саясат қаржы секторының тұрақтылығын, ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.
      ҚНРА қаржы жүйесіне деген сенімді қалпына келтіру, қаржы қызметін тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қаржы ұйымдарында тиімді ішкі бақылау жүйесін және тәуекел-менеджментті енгізу, сондай-ақ олардың қызметінің ашықтығын арттыру жұмысын жалғастырады.
      Мемлекеттік жеке меншік әріптестікпен және исламдық қаржыландырумен күшейген қор нарығы одан әрі дамиды. Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамыту және бағалы қағаздар айналымының барабар көлемін қамтамасыз ететін бағалы қағаздар нарығын дамыту да қор нарығының кеңеюіне ықпал ететін болады.
      Тұтастай алғанда, елдің қаржы секторының дамуы Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасына сәйкес іске асырылады.
      Осылайша, 2011 жылы Үкімет, Ұлттық Банк және ҚНРА жүргізетін экономикалық саясат ЖІӨ-нің 4-5 % нақты өсуін, инфляцияны 6-8 % деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады