Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімді бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2011 жылғы 18 ақпандағы № 156 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Астана қаласында 2010 жылғы 13 мамырда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының дипломатиялық, қызметтік және азаматтық паспорттарын иеленушілерді және Біріккен Араб Әмірліктерінің дипломатиялық, арнайы және жалпыазаматтық паспорттарын иеленушілерді өзара визалық талаптардан босату туралы келісім

      Ескерту. Келісімнің атауы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.07.2017 № 434 қаулысымен.

(2011 жылғы 12 сәуірде күшіне енді -Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
Бюллетені,2011 ж., № 3, 36-құжат)

      Ескерту. Келісімнің бүкіл мәтіні бойынша "дипломаттық паспорт" деген сөздер тиісті түрде "дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорт" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 25.05.2017 № 298 қаулысымен.
      Ескерту. Келісімнің бүкіл мәтіні бойынша "паспорт" деген сөздер тиісті түрде "дипломатиялық, қызметтік, арнайы паспорт, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты және Біріккен Араб Әмірліктері азаматының жалпыазаматтық паспорты" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 29.05.2017 № 308 қаулысымен.
      Ескерту. Келісімнің бүкіл мәтіні бойынша "паспорт" деген сөз "дипломатиялық, қызметтік, арнайы және жалпыазаматтық паспорт" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 20.07.2017 № 434 қаулысымен.

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі,

      екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің азаматтары - дипломатиялық, қызметтік, арнайы паспорт, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты және Біріккен Араб Әмірліктері азаматының жалпыазаматтық паспорты иелерінің екінші мемлекеттің аумағына кіруі жөнінде шаралар қабылдауға дайындықтарын растай отырып,

      Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылғы Вена конвенциясының және Консулдық қатынастар туралы 1963 жылғы Вена конвенциясының ережелерін ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар Келісімді іске асыру мақсатында бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына келуі үшін жарамды құжаттар тізбесіне мынадай құжаттарды енгізуге уағдаласты:

      - Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:

      дипломатиялық паспорт;

      қызметтік паспорт;

      Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;

      - Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары үшін:

      дипломатиялық паспорт;

      арнайы паспорт;

      Біріккен Араб Әмірліктері азаматының жалпыазаматтық паспорты.

      Екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің қызметкерлерін қоспағанда, бір Тарап мемлекетінің азаматтары осы баптың 2-тармағында көрсетілген паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы визасыз кіруге және одан шығуға, оны кесіп өтуге және онда күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде болуға құқылы.

      2. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары – екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқандарын қоспағанда, дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің қызметкерлері болып табылатын дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пунктері арқылы визасыз келуге және одан кетуге, оны кесіп өтуге және онда келген күнінен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімде болуға құқылы.

      3. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары – Қазақстан Республикасының азаматтары паспорттарының және Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарының жалпыазаматтық паспорттарының иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пунктері арқылы келуге және одан кетуге, оны кесіп өтуге және онда келген күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде болуға құқылы.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.05.2017 № 308; өзгеріс енгізілді – 20.07.2017 № 434 қаулысымен.

2-бап

      1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы қолданыстағы дипломатиялық, қызметтік, арнайы және жалпыазаматтық паспорт, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты және Біріккен Араб Әмірліктері азаматының жалпыазаматтық паспорттардың үлгілерімен алмасады.

      2. Тараптардың бірі дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспортқа қандай да бір өзгерістер енгізген жағдайда, паспорттың өзгертілген үлгісі күшіне енгізілгенге дейін 30 (отыз) күн бұрын екінші Тарапқа дипломатиялық, қызметтік, арнайы және жалпыазаматтық паспорттың өзгертілген үлгісін жіберуі, сондай-ақ өз мемлекетінің заңнамасына дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспортқа қатысты енгізілген өзгерістер туралы хабарлауы тиіс.

3-бап

      Тараптар мемлекетінің азаматтары - дипломатиялық, қызметтік, арнайы және жалпыазаматтық паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында өзінің болуы мерзімі ішінде сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті.

4-бап

      Егер мұндайлар кіру үшін қажетсіз деп саналатын болса, Тараптар дипломатиялық, қызметтік, арнайы және жалпыазаматтық паспорттары бар бір Тарап мемлекеттің азаматтарына өз еліне кіруге, сондай-ақ онда болуға тыйым салу құқығын өзіне қалдырады.

5-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

6-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындайтын келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

7-бап

      Осы Келісімге өзгерістер Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалар нысанында енгізіледі және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

8-бап

      1. Тараптар ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке немесе қоғамдық денсаулыққа қатер туындаған жағдайда осы Келісімнің қолданылуын уақытша, толық немесе ішінара тоқтата тұруы мүмкін және осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру туралы қабылданған шешім туралы, сондай-ақ оның қолдануын қайта бастау туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлауы тиіс.

      2. Осы Келісімді тоқтата тұру екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы бірінші Тарап мемлекеті азаматтарының құқықтық жағдайына әсерін тигізбейді.

9-бап

      Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және бір Тарап дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабардар еткен сәттен бастап 30 (отыз) күн өткенге дейін күшінде қалады.

      2010 жылғы 13 мамырда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының

Біріккен Араб Әмірліктерінің

Үкімет үшін

Үкіметі үшін


      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні араб және ағылшын тілдерінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады