Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2017 жылғы 23 мамырда Астанада жасалған 2010 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 20 шілдедегі № 434 қаулысымен бекітілген |
2010 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ХАТТАМА
(2018 жылғы 10 наурызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 3, 33-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі,
Тараптар арасындағы екіжақты қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жәрдемдесуге ниеттене отырып,
Екі мемлекеттің жалпыазаматтық паспорттарын иеленушілерді екі ел аумақтарына кіруі үшін виза алу талабынан босатуға әзірлігін білдіре отырып,
1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясын назарға ала отырып,
2010 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімнің 7-бабын, және 2017 жылғы 15 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметінің арасындағы Дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы (бұдан әрі – Келісім) басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Келісімнің атауы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының дипломатиялық, қызметтік және азаматтық паспорттарын иеленушілерді және Біріккен Араб Әмірліктерінің дипломатиялық, арнайы және жалпыазаматтық паспорттарын иеленушілерді өзара визалық талаптардан босату туралы келісім".
2. Тараптар Келісімді жүзеге асыру мақсатында 1-баптағы бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіруі бойынша жарамды жол жүру құжаттарының тізіміне келесі құжаттарды енгізуге келісті:
1) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:
"Қазақстан Республикасы азаматының паспорты – жалпыазаматтық паспорт".
2) Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары үшін:
"Біріккен Араб Әмірліктері азаматының паспорты – жалпыазаматтық паспорт".
3. Келісімнің 1-бабы мынадай абзацпен толықтырылсын:
"Екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің қызметкерлерін қоспағанда, бір Тарап мемлекетінің азаматтары осы баптың 2-тармағында көрсетілген паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы визасыз кіруге және одан шығуға, оны кесіп өтуге және онда күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде болуға құқылы".
4. Келісімнің бүкіл мәтіні бойынша кездесетін "паспорт" деген сөз тиісті түрде "дипломатиялық, қызметтік, арнайы және жалпыазаматтық паспорт" деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап
1. Тараптар осы Хаттамаға қол қойылған күнінен бастап 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің жалпыазаматтық паспорттарының үлгілерімен алмасады.
2. Екі тарап ұлттық қауіпсіздік, немесе қоғамдық тәртіпті, немесе азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында осы Хаттаманың қолданысын тоқтата тұруға құқылы. Әрбір тарап осы Хаттаманың қолданысын тоқтата тұруы немесе жаңғыртуы туралы дипломатиялық арналар арқылы тез арада бір-біріне жазбаша түрде хабарлайды.
3-бап
Осы Хаттама белгіленбеген мерзімге жасалды және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Хаттама Келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап өз қолданысын тоқтатады.
2017 жылғы 23 мамырда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының | Біріккен Араб Әмірліктерінің |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |