Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы № 330 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 ақпандағы № 166 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 528 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 30.06.2023 № 528 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы № 330 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 15, 120-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 22 ақпандағы
№ 166 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 14 наурыздағы
№ 330 қаулысымен
бекітілген

Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесі

      1. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі қызмет алушылардың мынадай:

      1) психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға

      (бұдан әрі - балалар);

      2) тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедек балаларға (бұдан әрі - ТҚА бұзылған балалар);

      3) психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектер (бұдан әрі - 18 жастан асқан адамдар);

      4) бірінші және екінші топтағы мүгедектер (бұдан әрі - мүгедектер);

      5) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз адамдар қатарынан дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты ағзасының функциялары тұрақты бұзылған адамдарға (отбасыларға), сондай-ақ жасының ұлғаюына байланысты өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз адамдарға (отбасыларға) ұсынылады.

      2. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесі:

      әлеуметтік-тұрмыстық;

      әлеуметтік-медициналық;

      әлеуметтік-психологиялық;

      әлеуметтік-педагогикалық;

      әлеуметтік-еңбек;

      әлеуметтік-мәдени;

      әлеуметтік-экономикалық;

      әлеуметтік-құқықтық қызметтерді қамтиды.

      3. Тұрмыстағы қызмет алушылардың тыныс-тіршілігін қолдауға бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер мыналарды қамтиды:

      жеке қызмет көрсету және гигиеналық сипаттағы әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсету;

      ұйымдарда оңалтуға, емдеуге, білім беруге, мәдени іс-шараларға, паллиативтік көмекті ұйымдастыруға, діни әдет-ғұрыптарды өткізуге, емдеу-еңбек қызметін ұйымдастыруға, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларына, тұрмыстық бағдарлау негіздеріне үйретуге арналған жиһазбен және (немесе) мамандандырылған жабдықтармен жасақталған үй-жайлар беру;

      мүгедектер мен 18 жастан асқан денсаулығының жағдайы бойынша жұмыс істеу қарсы көрсетілмеген адамдар үшін жұмыс орындарын ұйымдастыруға жағдай жасау;

      бөгде адамдардың көмегінсіз тұрмыстық қажеттіктерін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бейімделген үй-жайлар мен құрылғылар беру;

      санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес тұру жағдайларын қолдау жөнінде қызметтер көрсету;

      кенеулі және диеталық тамақтануды ұсыну;

      тұрмыстық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету (кір жуу, кептіру, үтіктеу, іш киімді, киімді, төсек-орын жабдықтарын дезинфекциялау);

      қызмет алушылардың отбасы мүшелеріне жеке қызмет көрсету және санитарлық-гигиеналық сипаттағы практикалық дағдыларды үйрету;

      қарттар мен мүгедектерге хат жазуда және оқуда көмек көрсету;

      түскі ыстық тамақ, күнделікті қажетті азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды сатып алу және үйге жеткізіп беру;

      қарттар мен мүгедектерге тамақ пісіруге, кір жууға, пеш жағуға, ағаш, көмір және су әкелуге көмектесу.

      4. Қызмет алушылардың денсаулығын қолдауға және жақсартуға бағытталған әлеуметтік-медициналық қызметтер мыналарды қамтиды:

      медициналық-әлеуметтік тексеруді ұйымдастыру және жүргізу;

      дәрігер келгенге дейін көмек көрсету;

      медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге жәрдемдесу;

      тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға жәрдемдесу;

      мүгедектерді санаторийлік-курорттық емдеумен, оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес техникалық көмекші (орнын толтырушы) және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

      қызмет алушыларға техникалық көмекші (орнын толтырушы) және міндетті гигиеналық құралдарды пайдалануды үйрету;

      мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес протездік-ортопедиялық және естуді протездеу көмегін алуға жәрдемдесу;

      медициналық-әлеуметтік мәселелер жөнінде, оның ішінде жасына қарай бейімдеу мәселелері жөнінде консультация беру;

      денсаулығына байланысты рәсімдерді жүргізу;

      алғашқы медициналық тексеру және алғашқы санитарлық өңдеуді жүргізу;

      қызмет алушыларға денсаулығының жағдайына қарай күтімді қамтамасыз ету;

      алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету;

      санитарлық-гигиеналық қызметтер көрсету;

      емдеу-сауықтыру іс-шараларын, оның ішінде денсаулық сақтау мекемелерінде ұйымдастыру;

      әлеуметтік-медициналық сипаттағы оңалту іс-шараларын жүргізу;

      емдейтін дәрігердің тағайындауына сәйкес медициналық рәсімдерді жүргізу (терінің және бұлшық еттердің астына жіберілетін инъекциялар, компресс қою, жатқан жерін, жараларын таңу, өңдеу, тазалау клизмаларын жасау, зертханалық зерттеу жүргізу үшін материал алу, катетерлер мен медициналық бұйымдарды қолдануға көмек көрсету);

      паллиативтік көмек қызметін көрсету;

      дәрігерді үйге шақыру және қызмет алушыларды денсаулық сақтау ұйымдарына алып бару;

      балаларды, ТҚА бұзылған балаларды патронажды қадағалау;

      отбасы мүшелерін үй жағдайында өткізілетін медициналық күтім негіздеріне үйрету.

      5. Қызмет алушыларды қоршаған ортаға әлеуметтік бейімдеуге, әлеуметтендіру мен кіріктіруге бағытталған олардың психологиялық жағдайын түзетуді көздейтін әлеуметтік-психологиялық қызметтер мыналарды қамтиды:

      психологиялық диагностика және жеке тұлғаны тексеру;

      әлеуметтік-психологиялық патронаж (жүйелі қадағалау);

      мүгедектермен және қарттармен психопрофилактикалық жұмыс;

      қызмет алушыларға психологиялық көмек көрсету, оның ішінде әңгімелесу, қарым-қатынас жасау, тыңдау, ынталандыру, белсенділікке бейімдеу;

      қызмет алушыларды психологиялық түзету;

      қызмет алушылар мен олардың бірге тұратын отбасы мүшелерін психологиялық қолдау;

      отбасы мүшелеріне қолайлы психологиялық климатты қамтамасыз ету, жанжалды жағдайлардың алдын алу және жою үшін психологиялық көмек көрсету.

      6. Балалардың, ТҚА бұзылған балалардың физикалық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттерін ескере отырып, оларды педагогикалық түзетуге және оқытуға, сондай-ақ балаларға, ТҚА бұзылған балаларға, 18 жастан асқан адамдарға тұрмыстық дағдыларды үйретуге бағытталатын әлеуметтік-педагогикалық қызметтер мыналарды қамтиды:

      әлеуметтік-педагогикалық консультация беру;

      арнайы оқу бағдарламалары бойынша балалардың физикалық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттеріне сәйкес олардың білім алуына жәрдемдесу;

      ТҚА бұзылған балалардың жалпы білім беретін мектептерде білім алуына жәрдемдесу;

      балаларды және 18 жастан асқан адамдарды тұрмыстық бағдарлау және қолөнер негіздеріне үйрету;

      өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын, жеке гигиенасын, тұрмыстағы және қоғамдық орындардағы мінез-құлықты қалыптастыру, өзін-өзі бақылау, қарым-қатынас жасау дағдылары және тіршілік әрекеттерінің басқа да нысандары жөніндегі қызметтер;

      баланы, оның ішінде ТҚА бұзылған балалар мен 18 жастан асқан адамдарды педагогикалық диагностикалауды және жеке тұлғалық даму деңгейін тексеруді жүргізу;

      балаларды, оның ішінде ТҚА бұзылған балаларды педагогикалық түзету;

      ымдау тіліне аудару жөніндегі қызметтер;

      балаларды мектепке дейін тәрбиелеу және олардың арнайы білім беру оқыту бағдарламалары бойынша білім алуы үшін жағдай жасау мәселелері жөнінде отбасы мүшелеріне консультация беру;

      кәсіптік білім алуға жәрдемдесу;

      ата-аналарына немесе отбасының басқа мүшелеріне үй жағдайында оңалту негіздерін үйрету;

      отбасы мүшелеріне балалардың және 18 асқан адамдардың бойында үй жағдайында қажетті өмір сүру дағдыларын қалыптастыруды үйрету.

      7. Қызмет алушылардың бойында еңбек дағдыларын қалыптастыруға, 18 жастан асқан адамдардың, мүгедектер мен қарттардың бойында қалған еңбек дағдыларын сақтауға және дамытуға және еңбек қызметін ұйымдастыруға бағытталған әлеуметтік-еңбек қызметтері мыналарды қамтиды:

      қызмет алушылардың бойында бар еңбек дағдыларын тексеру жөнінде іс-шаралар жүргізу;

      емдеу-еңбек қызметін жүргізу;

      еңбек дағдыларын қалыптастыру жөніндегі қызметтер;

      ТҚА бұзылған балаларды, мүгедектерді кәсіптік бағдарлау;

      мүгедектерді кәсіптік оңалту;

      бейіні бойынша еңбек дағдыларын қалыптастыру;

      қызмет алушыларды қол жетімді кәсіптік дағдыларға үйрету жөнінде іс-шаралар жүргізу;

      қарттар мен 18 жастан асқан адамдардың бойында ұмыт болған тұрмыстық дағдыларды қалпына келтіру жөніндегі қызметтер;

      жеке физикалық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттеріне сәйкес кәсіп игеруге жәрдемдесу.

      8. Бос уақытты ұйымдастыруға, әлеуметтік-мәдени іс-шараларды өткізуге және оларға қызмет алушыларды тартуға бағытталған әлеуметтік-мәдени қызметтер мыналарды қамтиды:

      мерекелерді және бос уақыттағы іс-шараларды ұйымдастыру;

      клубтық және үйірме жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;

      қызмет алушыларды бос уақыттағы іс-шараларға, мәдени іс-шараларға қатысуға тарту (экскурсиялар ұйымдастыру, театрларға, көрмелерге, концерттерге және басқа іс-шараларға бару).

      9. Қызмет алушылардың өмір сүру деңгейін қолдау мен жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық қызметтер мыналарды қамтиды:

      әлеуметтік төлемдерді, жәрдемақыларды, алименттер мен басқа да төлемдерді алуға жәрдемдесу;

      қарттар мен мүгедектерге, сондай-ақ балаларды тәрбиелейтін және 18 жастан асқан адамдарды күтуді жүзеге асыратын отбасыларға өзін-өзі қамтамасыз ету және отбасының материалдық жағдайын жақсарту мәселелері бойынша консультация беру.

      10. Қызмет алушылардың құқықтық мәртебесін қолдауға немесе өзгертуге, заңды көмек көрсетуге, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлеуметтік-құқықтық қызметтер мыналарды қамтиды:

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында және әлеуметтік қамсыздандыру және көмекке құқығына байланысты мәселелер бойынша заңдық консультация беру;

      заңдық маңызы бар құжаттарды ресімдеуде көмектесу;

      арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін және қызмет алушылардың заңды құқықтарын бұзатын немесе шек қоятын ұйымдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағым даярлауға және беруге көмек көрсету;

      заңды көмек көрсету және заңнама белгіленген жеңілдіктер мен басымдықтарды, әлеуметтік төлемдерді алуға жәрдемдесу;

      Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен жәрдемақыларды, басқа да әлеуметтік төлемдерді сенімхатпен алу;

      жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу, қорғаншылыққа және қамқоршылыққа алу мәселелері бойынша құжаттарды ресімдеудегі көмекті қоса алғанда, заңды консультация беру;

      Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде, Қазақстан Республикасының "Адвокаттық қызмет туралы" 1997 жылғы 5 желтоқсандағы Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен адвокаттың заңдық көмегін тегін алуға жәрдемдесу;

      қызмет алушылардың немесе олардың отбасы мүшелерінің үстінен жасалған дене және психикалық зорлыққа кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға жәрдемдесу;

      қамқоршы және қорғаншы органдарға балаларды, оның ішінде ТҚА бұзылған балаларды асырап алуға, қамқорлыққа, патронатқа, қорғаншылыққа алуға жәрдемдесу;

      қызмет алушыларды арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерге, ұйымдарға орналастыруға жәрдемдесу, сондай-ақ құжаттарды ресімдеуге көмек көрсету;

      қызмет алушыларға жұмысқа орналасу, жеке басын куәландыратын және заңдық маңызы бар басқа да құжаттарды алу үшін құжаттарды ресімдеуде заңдық көмек көрсетуге жәрдемдесу.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады