Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери зираттар туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 17 мамырдағы № 529 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2010 жылғы 30 наурызда Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери зираттар туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак
Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери
зираттар туралы
келісім

(2011 жылғы 6 шілдеде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі,
      екі жақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту және өзара түсіністікті нығайту арқылы ынтымақтастықты дамыту мен нығайту ниетін басшылыққа ала отырып,
      бірінші немесе екінші дүниежүзілік соғыстар уақытында жауынгерлік іс-қимылдар барысында, тұтқында болғанда қаза тапқан немесе олардың зардаптарының нәтижесінде, оның ішінде соғыстан кейінгі уақытта қайтыс болған әскери қызметшілер мен азаматтық тұлғаларды мәңгілік есте сақтау құқығын қамтамасыз ету қажеттілігіне сүйене отырып,
      халықаралық гуманитарлық құқықтың жалпыға ортақ қағидаттары мен нормаларына және, атап айтқанда, 1949 жылғы 12 тамыздағы Соғыс құрбандарын қорғау туралы Женева конвенциялары мен 1977 жылғы 8 маусымдағы оларға Қосымша хаттамалардың ережелеріне сәйкес,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Терминдердің анықтамалары

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      1. «Қазақстандық соғыс құрбандары»:
      1) қазақстандық тегі болған, қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында туған немесе тұрған, Ресей империясының немесе Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының қарулы күштерінің құрамына енген, бірінші немесе екінші дүниежүзілік соғыстар барысында қаза тапқан немесе оның зардаптарының нәтижесінде қайтыс болған, қазіргі Словак Республикасының аумағында жерленген адамдар;
      2) қазақстандық тегі болған, қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында туған немесе тұрған, бірінші немесе екінші -дүниежүзілік соғыстар барысында қаза тапқан немесе оның зардаптарының нәтижесінен қайтыс болған, қазіргі Словак Республикасының аумағында жерленген әскери тұтқындар немесе азаматтық тұлғалар.
      2. «Словак соғыс құрбандары»:
      1) қазіргі Словак Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты мекені бар, бірінші дүниежүзілік соғыс уақытында қаза тапқан немесе оның зардаптарының нәтижесінде қайтыс болған, қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында жерленген, австро-венгрия қарулы күштерінің құрамына кірген адамдар, Австро-Венгрия азаматтары;
      2) Чехословакия Республикасы қарулы күштерінің құрамына кірген адамдар, қазіргі Словак Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты мекені бар Чехословакия Республикасының азаматтары және Словак мемлекеті немесе Словак Республикасы қарулы күштерінің құрамына кірген, қазіргі Словак Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты мекені бар Словак мемлекетінің немесе Словак Республикасының азаматы болып табылған, екінші дүниежүзілік соғыс уақытында қаза тапқан немесе оның зардаптарының нәтижесінде қайтыс болған, қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында жерленген адамдар;
      3) әскери тұтқындар немесе азаматтық тұлғалар, қазіргі Словак Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты мекені бар, бірінші немесе екінші дүниежүзілік соғыс уақытында қаза тапқан немесе оның зардаптарының нәтижесінде қайтыс болған, қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында жерленген осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттердің азаматтары;
      3. «Әскери зираттар» — соғыс оқиғаларын еске салатын жеке және бауырластар зираттарын, құлпытастарды, ескерткіштерді, басқа да мемориалдық құрылыстарды немесе мемориалдық орындарды қоса алғанда, қазақстандық және/немесе словак соғыс құрбандарының мәйіттері жерленген жерлер;
      4. «Әскери зираттарды жайластыру» - жерлеу орындарының шектерін белгілеу және естелік белгілерін, құлпытастарды, ескерткіштерді немесе өзге де мемориалдық құрылыстарды орнату, сондай-ақ қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу;
      5. «Әскери зираттардың танылатын жай-күйі» - әсіресе, бар деректерден мәйіті жерленген адамның (аты, тегі, туған күні, қаза тапқан (қайтыс болған) күні, қаза тапқан (қайтыс болған) орны және азаматтығы) мұның әскери зират екенін айқындауға мүмкіндік беретін әскери зираттың жай-күйі;
      6. «Әскери зираттарды күтіп ұстау» - әскери зираттардың тиісті түрде және танылатын жай-күйде сақталуын қамтамасыз ету;

2-бап
Уәкілетті органдар

      1. Мыналар Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары болып табылады:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, дипломатиялық арналар бойынша хабардар ету тәртібімен Қазақстан тарапы айқындайтын жергілікті атқарушы органдары;
      Словак тарапынан - Словак Республикасының Ішкі істер министрлігі.
      Уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар ол туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары орындау хаттамаларын жасасуы мүмкін.
      2. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісімнен туындайтын жұмыстарды орындауға үшінші тараптарға уәкілеттік беруі мүмкін.

3-бап
Ынтымақтастық нысандары

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің аумағындағы әскери зираттарды анықтауға, есепке алуға ықпал етеді және оларды жайластыруды және күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ соғыс құрбандарының мәйіттерін қайта жерлеуге және оларға құрметпен қарауға байланысты мәселелерді шешеді.
      2. Тараптардың уәкілетті органдары әскери зираттардың бар болуы, орналасқан жері мен жай-күйі туралы мәліметтерді ұсынады, Тараптар мемлекеттерінің аумағында жерленген қазақстандық және словак соғыс құрбандары туралы деректермен алмасады.
      3. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес және Тараптар мемлекеттері халықтарының ұлттық және діни дәстүрлерін ескере отырып, өз мемлекеттерінің аумақтарындағы әскери зираттарды жайластыруды және күтіп ұстауды қамтамасыз етеді.
      4. Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес басқа Тарап мемлекетінің азаматтарына өз мемлекетінің аумағында орналасқан әскери зираттарға баруға рұқсат береді.
      5. Тараптар бір-бірін екінші Тарап мемлекетінің әскери зираттарының айтарлықтай бүлінуі туралы және өздеріне мәлім болған әскери зираттарға қатысты заңға қайшы барлық іс-қимылдар туралы шұғыл хабардар етеді, оларды тиісті түрде қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдайды.

4-бап
Әскери зираттарды орналастыру және жер учаскелерін
пайдалану

      1. Тараптар өзаралық қағидатында аумағында әскери зираттар тұрған Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында айқындалған тәртіппен басқа Тарап мемлекетінің әскери зираттары тұрған жер учаскелерін өтеусіз пайдалануды қамтамасыз етеді.
      2. Егер осы баптың 1-тармағына сәйкес берілген жер учаскесі мемлекеттік қажеттілік себептері бойынша өзге мақсаттар үшін талап етілсе, онда тиісті Тарап басқа учаскені өтеусіз беруді қамтамасыз етеді және әскери зираттарды ауыстыруға байланысты барлық шығыстарды көтереді.
      3. Жаңа жер учаскесін таңдау, оны жайластыру және қайта жерлеуді жүргізу басқа Тараптың келісімімен аумағында әскери зираттар тұрған Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
      4. Жаңа әскери зираттарды жасау соғыс құрбандарының мәйіттері табылған орындарда немесе Тараптардың өзара келісімі бойынша айқындалған өзге де орындарда жүргізіледі.
      5. Тараптар әскери зираттарға тікелей жақын жерлерге жерлеу орындарына құрметпен қарауға байланысы жоқ құрылыстар мен ғимараттарды орналастырмауға міндеттенеді.

5-бап
Соғыс құрбандарының мәйіттерін эксгумациялау,
тасымалдау және қайта жерлеу

      1. Соғыс құрбандарының мәйіттерін Тараптардың бірінің мемлекетінде қайта жерлеу мақсатында оларды эксгумациялау және тасымалдау мүдделі Тараптың жазбаша қолдаухаты бойынша, сондай-ақ аумағында мәйіттер жатқан Тарап мемлекетінің келісімімен және оның ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген соғыс құрбандарының мәйіттерін беру туралы уағдаластық болған кезде Тараптар өздерінің уәкілетті органдары арқылы соғыс құрбандарының мәйіттерін эксгумациялауға, тасымалдауға, қайта жерлеуге немесе беруге байланысты рәсімдерді келіседі. Эксгумациялау мен қайта жерлеуді жүргізу кезінде Тараптар мемлекеттерінің өкілдері қатысуы мүмкін.
      3. Соғыс құрбандарының мәйіттерін әрбір қайта жерлеу бұрынғы және жаңа жерлеу орындары туралы деректер мен соғыс құрбандарының жеке деректерінен тұратын хаттамамен ресімделеді.

6-бап
Шығыстар

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің аумағындағы әскери зираттарды ұстау мен күту жөніндегі шығыстарды дербес көтереді.
      2. Әрбір Тарап өзара уағдаластық негізінде жаңа әскери зираттар жасауды қоса алғанда, екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы әскери зираттарды жайластыру мен күтіп ұстау жөніндегі жұмыстарды өз есебінен жүзеге асыруы мүмкін.
      3. Соғыс құрбандарының мәйіттерін эксгумациялау, тасымалдау және қайта жерлеу жөніндегі, сондай-ақ әскери зираттарды жайластыру жөніндегі шығыстарды ұсынысы бойынша осы жұмыстар жүргізіліп жатқан Тарап көтереді.

7-бап
Кедендік мәселелер

      Осы Келісімнен туындайтын жұмыстарды орындау мақсатында Тараптардың бірінің екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкелетін кез келген түрдегі материалдарын осы екінші Тарап мемлекетінің кедендік органдары оның аумағындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес ресімдейді.

8-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.

9-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 10-бабының 1-тармағына сәйкес күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.
      2. Өз мемлекетінің егемендігі, ұлттық қауіпсіздігі немесе қоғамдық тәртібі бұзылған немесе оған қауіп төнген жағдайда, әрбір Тарап осы Келісімді орындауды ішінара немесе толық уақытша тоқтата тұруға құқылы. Тараптар мұндай шараны қабылдау немесе тоқтату туралы бір- бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді. Осы Келісімді орындауды тоқтата тұру жазбаша хабарламада көрсетілген күннен бастап, бірақ осы хабарламаны алған күннен бұрын емес мерзімде күшіне енеді.
      3. Осы Келісімнің қолданысы Тараптың бірінің дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптан оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама алған күннен бастап алты ай өткеннен кейін тоқтатылады.

      2010 жылғы 30 наурызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, словак, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.

      Қазақстан Республикасының      Словак Республикасының
            Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

      2010 жылғы 30 наурызда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери зираттар туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                        Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады