«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 27 маусымдағы Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «2011 – 2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» 2010 жылғы 13 желтоқсандағы № 1350, «Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын бекіту туралы» 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулыларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберінде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға 2011 жылға кредит беру қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарттар жасасуды;
2) кредиттердің мақсатты пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылауды қамтамасыз етсін.
3. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне кредиттердің игерілуі туралы ақпарат берсін.
4. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберінде 2011 жылға тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану мониторингін қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне жүктелсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 18 шілдедегі
№ 818 қаулысымен
бекітілген
Облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының
шеңберінде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға
2011 жылға кредит беру қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберінде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға 2011 жылға кредит беру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының «2011 – 2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2010 жылғы 29 қарашадағы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 27 маусымдағы заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «2011 – 2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» 2010 жылғы 13 желтоқсандағы № 1350, «Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын бекіту туралы» 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулыларына сәйкес әзірленді және облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберінде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға 2011 жылға кредит беру тәртібін айқындайды.
2. Облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының
шеңберінде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға
2011 жылға кредит беру тәртібі
2. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – қарыз алушылар) тиісті мәслихаттар 2011 жылға арналған облыстық бюджеттерде тиісті түсімдерді көздейтін шешімдер қабылдағаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне (бұдан әрі – кредитор) мәслихаттардың көрсетілген шешімдерін ұсынады.
3. Кредитор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Қағиданың 2-тармағы орындалғаннан кейін «2011–2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 желтоқсандағы № 1350 қаулысының 3-қосымшасына сәйкес қарыз алушыларға кредиттік шарттар жасасу арқылы жалпы сомасы 11 538 220 000 (он бір миллиард бес жүз отыз сегіз миллион екі жүз жиырма мың) теңгеге бюджеттік кредиттер (бұдан әрі – кредиттер) береді.
4. Қарыз алушыларға кредиттер берудің мынадай негізгі шарттары белгіленеді:
1) Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберінде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға 2011 жылға кредиттер қарыз алушыларға 7 (жеті) жыл мерзімге 0,01 % сыйақы ставкасы бойынша теңгемен беріледі;
2) кредиттерді игеру кезеңі кредитордың шотынан кредиттер аударылған сәттен бастап есептеледі және 2013 жылғы 25 желтоқсанда аяқталады.
5. Кредиттерді беру, өтеу және қызмет көрсету жөніндегі қосымша шарттар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.