Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы үкіметтік байланыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 26 шілдедегі № 860 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
     1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Үкіметтік байланыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
     2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Хозеұлы Қазыхановқа мәтініне қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы үкіметтік байланыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі                        К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы
үкіметтік байланыс саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі,
      екі мемлекет арасындағы қазіргі достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ұмтылыстарды басшылыққа ала отырып,
      Тараптардың мемлекетаралық үкіметтік байланысты сақтау мен дамытуға мүдделіліктерін ескере отырып,
      өзара пайда мен өзара көмек қағидаттарын негізге ала отырып,
      екі мемлекеттің бірыңғай ақпараттық кеңістігін одан әрі дамыту мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
      «ақпаратты қорғау» – ақпаратқа қолайсыз әсерлерді және оның бақылаусыз таралуын болдырмауға бағытталған шаралар кешені;
      «ақпаратты криптографиялық қорғау» – ақпараттың мазмұнын жасыру, оның шындығын, тұтастығын, авторлығын растау мақсатында арнайы негізгі деректерді пайдалана отырып, ақпаратты өзгерту арқылы іске асырылатын ақпаратты қорғау түрі;
      «мемлекетаралық үкіметтік байланыс» – Қазақстан Республикасының және Беларусь Республикасының үкіметтік байланыс абоненттері арасында ақпарат алмасуға арналған үкіметтік байланыс жүйесі;
      «үкіметтік байланыс» - шифрланған телефон, құжаттық байланыс, қорғалған бейнеконференция байланысы;
      «ақпаратты криптографиялық қорғау құралдары» – ақпаратты криптографиялық қорғауға арналған бағдарламалық, аппараттық-бағдарламалық, аппараттық немесе басқа да құралдар;
      «ақпаратты техникалық қорғау құралдары» - ақпаратты техникалық қорғауға арналған бағдарламалық, аппараттық-бағдарламалық және аппараттық құралдар;
      «ақпаратты техникалық қорғау» - ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізуге кедергі келтірудің инженерлік-техникалық іс-шараларын құру арқылы іске асырылатын ақпаратты қорғау түрі;
      «шифрлау құралдары» – шифрлау аппараты (аппараттық, бағдарламалық-аппараттық, шифрлаудың бағдарламалық құралдары) және арнайы қорғау құрылғылары, қосалқы құпия мүліктер және оның керек-жарақтары, қол шифрлары, шифрқұжаттар (шифркілттер) және оларды дайындауға арналған аппараттар.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптардың құзыретті органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасынан – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
      Беларусь Республикасынан – Беларусь Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті
      Құзыретті органдар Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген құзыреті шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды.
      Құзыретті органдар өз қарым-қатынастарын өзара сыйластық, Тараптардың теңдігі, олардың мүдделері мен ұлттық қауіпсіздік саласындағы құқықтарын тану, халықаралық құқықтың жалпы қабылданған нормаларына және қағидаттарына сәйкес зияткерлік меншікті қорғау негізінде мемлекетаралық үкіметтік байланыс жүйесіндегі ақпаратты қорғау саласында құрады.

3-бап

       Егер Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттарда өзге де шарттар айтылмаса, Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында басқа Тарап мемлекетінің лауазымды адамдары үшін үкіметтік байланысты, өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен ұсынады.

4-бап

      Өз мемлекетінің аумағында мемлекетаралық үкіметтік байланысты ұйымдастыру, қолданысқа енгізу, техникалық пайдалану және одан әрі жетілдіру бойынша шығыстарды әр Тарап дербес төлейді.
      Тараптардың құзыретті органдары өзара негізде және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген тәртіппен шифрлау аппаратурасын және өзге де байланыс жабдықтарын бір-біріне уақытша пайдалануға төтеусіз берулері мүмкін.
      Берілген шифрлау аппаратурасының жұмыс істеуі үшін қажетті шифрқұжаттарды (шифркілттерді) беруді беруші Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген тәртіпте Тараптардың құзыретті органдары жүзеге асырады.

5-бап

     Тараптардың құзыретті органдары:
      мемлекетаралық үкіметтік байланыс, сондай-ақ үкіметтік байланыстың ұлттық желілері үшін жаңа жүйелер мен құралдар әзірлеу мен жасау саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізеді;
      үкіметтік байланыс құралдарын жасау саласында өзара іс-қимыл жасайды;
      үкіметтік байланыс жүйелері мен құралдарындағы ақпаратты қорғау саласында өзара іс-қимыл жасайды;
      кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асырады;
      үкіметтік байланыстың мемлекетаралық жүйесінде ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша консультациялар өткізеді және жұмыс тәжірибелерімен алмасады, сондай-ақ ғылыми конференциялар, симпозиумдар, ақпаратты қорғау саласының жай-күйі, даму үрдістері және әлемдік жетістіктер туралы ақпарат талдау және алмасу мәселелері бойынша көрмелер ұйымдастырады;
      Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғау саласындағы ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен нормативтік-құқықтық, техникалық, әдістемелік және әдіснамалық ақпаратпен және ақпаратты техникалық және криптографиялық қорғау жүйелері мен құралдарын жаңғырту, сертификаттау, стандарттау және метрология мәселелері жөніндегі құжаттармен алмасады;
      Қазақстан Республикасының және Беларусь Республикасының үкіметтік байланысының радиоэлектрондық құралдарының электромагниттік үйлесімдігін қамтамасыз ету мақсатында өз мемлекеттерінің аумақтарында өздеріне бөлінген жиілік спектрін пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

6-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес мемлекетаралық үкіметтік байланысты, сондай-ақ үкіметтік байланыстың ұлттық желілерін ұйымдастыру мен пайдалану үшін қажетті келісілген көлемде шифрлау құралдарын, байланыс техникасы мен құралдарын, жинақтаушы бұйымдар мен қосалқы бөлшектерін өзара жеткізуді қамтамасыз етеді.

7-бап 

      Шифрлау құралдарын, байланыс техникалары мен құралдарын, жинақтаушы бұйымдар мен қосалқы бөлшектерді өзара жеткізуді, сондай-ақ аталған жабдықтарға жөндеу мен арнайы мақсаттағы қызмет көрсетуді ұйымдастыруды Тараптар өздерінің құзыретті органдары арасында жасалған шарттарға (келісімшарттарға) сәйкес жүзеге асырады.

8-бап 

      Осы Келісімді іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын және (немесе) Беларусь Республикасының мемлекеттік құпияларын қорғау 2008 жылғы 30 қыркүйекте Минск қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады. 

9-бап 

      Осы Келісімді қолдану мен түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың өзара консультациялары мен келіссөздері жолымен шешіледі. 

10-бап 

      Орыс тілі Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезіндегі жұмыс тілі болып табылады. 

11-бап 

      Осы Келісім Тараптардың өзінің мемлекеті қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

12-бап 

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. 

13-бап 

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді. Осы Келісімнің қолданысы айқындалмаған мерзімге белгіленеді.
      Осы Келісімді Тараптар ол күшіне енгенге дейін қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданады. 

14-бап 

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданысын өзінің тоқтату ниеті туралы басқа Тарапқа бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен мәлімдей алады. Келісімнің қолданысы осындай хабарламаны басқа Тараптың алған күнінен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.

      2011 жылғы ________ ______ қаласында әрқайсысы орыс тілінде екі данада жасалды, екі дананың күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының              Беларусь Республикасының
          Үкіметі үшін                             Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады