Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуы тиіс) мүлікті есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрі пайдаланудың кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 25, 260-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне (жалпы бөлiм), 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне (ерекше бөлiм), 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiне, "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексiне (Салық кодексi), Қазақстан Республикасының "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі және "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуы тиіс) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К.Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 тамыздағы № 936 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысымен бекітілген |
Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуы тиіс) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуы тиіс) мүлікті (бұдан әрі – Мүлік) есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Ереженің әрекеті мүлікті есептеу, сақтау және бағалау бөлігінде сот шешімімен республикалық меншікке түскен деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарға қолданылмайды.
3. Республикалық меншікке айналдырылған иесіз қауіпті қалдықтарды есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті және оның аумақтық органдары (бұдан әрі - уәкілетті орган) осы Ережемен айқындалатын тәртіппен республикалық меншікке айналдырылған (айналдырылуы тиіс) мынадай Мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және бұдан әрі пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады:
1) тәркіленген мүлікті;
2) сот актілерінің негізінде мемлекет кірісіне айналдырылған заттай айғақтарды (бұдан әрі – заттай айғақтар);
3) мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбелерді (бұдан әрі – көмбелер);
4) лауазымдық жағдайына байланысты немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне берілген, арнаулы мемлекеттік қорға өтеусіз тапсыруға жататын сыйлықтарды (бұдан әрі – сыйлықтар);
5) республикалық меншікке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеусіз өткен мүлікті, оның ішінде мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік ресімделген тауарларды есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
5. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органдар) коммуналдық меншікке айналдырылған (айналдырылуы тиіс) мынадай мүлікті:
1) белгіленген тәртіппен иесіз деп танылған (бұдан әрі - иесіз мүлік), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен мемлекет кірісіне айналдырған деп танылғанға дейін мемлекеттік мекемелердің, оның ішінде мемлекеттік органдардың иелігіндегі иесіз мүлік;
2) мемлекетке мұрагерлiк құқығы бойынша өткен, оның iшiнде қайтыс болған адамнан мұрагерлiкке қалған (бұдан әрi - мұрагерлiк мүлiк);
3) олжаларды;
4) қараусыз қалған жануарларды;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1371 қаулысымен белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеусіз өткен мүлікті;
6) мәдени құндылықтарға жататын заттарды қамтымайтын көмбелерді (қазыналар үлесін) есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
6. Уәкілетті орган мен коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органдар салық органдарына салық қызметінің уәкілетті мемлекеттік органы белгілеген тәртіппен, мерзімдерде және нысан бойынша Мүлік туралы мәліметтерді беруге міндетті.
2. Мүлікті есепке алу және сақтау
7. Мүлiктi есепке алу мынадай негiздерде жүзеге асырылады:
1) тиiстi сот актілерi;
2) мемлекеттiң мұрагерлiкке нотариус беретiн құқығы туралы куәлiк;
3) кедендiк ресiмдеу аяқталғаннан кейiн мемлекет пайдасына бас тарту кеден режимiне сәйкес мәлiмделген кеден декларациясы;
4) мемлекет меншiгiнiң құқығы туындағанын куәландыратын өзге де құжаттар.
Мүлiк, сонымен қатар, заңнамада көзделген өзге де жағдайларда есепке қойылады.
8. Мүлiктi тiзiмдеу, бағалау және қабылдау-беру актiсi (1-қосымша) негiзiнде Мүлiк беріледi. Мүлiктi тiзiмдеу, бағалау және қабылдау-беру актiсi (бұдан әрi - Тiзiмдеу актiсi) Тiзiмдеу актiсiнде көрсетiлген тараптардың саны бойынша жасалады.
9. Тiзiмдеу актiлерiн есепке алу үшiн тiзiмдеу актiлерiнiң есепке алу кiтабы (2-қосымша) жүргiзiледi. Тiзiмдеу актілерiнiң есепке алу кiтабына (бұдан әрi - Есепке алу кiтабы) Тiзiмдеу актілерi олардың түскенiне қарай тiркеледi. Есепке алу кiтабындағы Тiзiмдеу актiлерiнiң реттiк нөмiрлерi Мүлiк жазбаларының нөмiрлерiне сәйкес келуi тиiс. Есепке алу кiтабындағы жазбалар уақтылы, анық және былғанбай жүргiзiлуi тиiс. Есепке алу кiтабы нөмiрленуi, баулануы және уәкiлеттi органның немесе коммуналдық меншiктi басқаруға уәкiлеттi органның мөрiмен бекiтiлуге тиiс.
10. Тізімдеу актісін Есепке алу кітабына енгізгеннен кейін әр жазбаға түгендеу карточкасы (3-қосымша) ашылады. Түгендеу карточкасының тақырыбы Мүліктің кімге берілгені, сондай-ақ Мүлікті беру уақыты туралы мәліметтен тұруға тиіс. Мүлікті сатқан кезде түгендеу карточкасында бюджетпен есеп айырысу мерзімдері, төлем құжатының (тарының) нөмірі мен күні көрсетіледі.
Түгендеу карточкасына Тізімдеме актісінің нөміріне сәйкес келетін нөмір беріледі. Мүлік бір Тізімдеме актісі бойынша бірнеше ұйымдарға берілген жағдайда түгендеу карточкалары әр ұйымға бір нөмірмен жеке ашылады.
11. Коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органдар иесі жоқ жылжымайтын затты есепке алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін бұл затты аудандық коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы талаппен сотқа жүгінеді.
12. Мүлiктi сақтау Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiнде белгiленетiн талаптарға сәйкес жүргiзiледi.
3. Мүлікті бағалау
13. Мүлікті одан әрі пайдалану, оның ішінде сату немесе мемлекеттік меншікке өтеусіз беру үшін бағалау (қайта бағалау) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Заңына сәйкес жүргізіледі. Бағалаушыны таңдау заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
14. Мемлекеттік меншікке өтеусіз берілетін заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер мүлкінің құны теңгерімнен алынатын үзінді көшірмемен және басқа да құжаттармен расталады.
15. Ақша мен төлем құжаттары бағалаушыны тартусыз атаулы құны бойынша бағаланады.
16. Бағалы металдарды, асыл тастар мен олардан жасалған бұйымдарды бағалау алдын ала жасалған болып табылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Кассалық операциялар мен құндылықтарды сақтау орталығы" (бұдан әрі - Орталық) филиалына тасымалдау (қайта жіберу) мақсатында жүргізіледі.
17. Республика меншігіне айналдырылған (айналдырылуға тиіс) Мүлікті бағалау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды уәкілетті орган жүргізеді.
Коммуналдық меншікке айналдырылған (айналдырылуға тиіс) Мүлікті бағалау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Мүлікті одан әрі пайдалану, оның ішінде сату
18. Мүлiктi одан әрi пайдалану, оның iшiнде сату мынадай тәртiптi сақтай отырып жүргiзiледi:
1) комиссия шартының негiзiнде сауда ұйымдары арқылы:
жарамдылық (сақтау) мерзiмi шектелген азық-түлiк тауарлары;
бұрын пайдалануда болған өнеркәсiп тауарлары (көлiк құралдарынан, антикварлық бұйымдар мен тауарлардан басқа) өткізіледі;
2) қор биржасындағы сауда-саттықта бағалы қағаздар өткізіледі;
3) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген өзге де мүлік аукциондарда өткізіледі.
Егер сауда ұйымдары арқылы немесе аукциондарда өткізуден кейін мүлік толықтай немесе iшiнара өткізілмей қалса, уәкілетті орган немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органдар осы мүлікті қайта бағалауды жүргізеді.
Комиссия тағайындаған ең төменгі бағамен сатылмаған, пайдалануға жарамды мүлік балалар үйлеріне, қарттар және мүгедектер үйлеріне, балабақшаларға, мектептерге, медициналық-әлеуметтік мекемелерге не болмаса арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін субъектілерге ақысыз (тегін) беріледі.
Төмен бағамен сатылмаған Мүлік туралы мәлімет 15 күнтізбелік күн ішінде уәкілетті органның немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органдардың ресми сайтында жарияланады.
Төмен бағамен сатылмаған Мүлікті қайтарымсыз иеленуге арыз ақпарат жарияланған күннен бастап бір ай ішінде беріледі. Арыз уәкілетті органның немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органда тіркелуге тиіс. Мүлікті меншігіне иеленуге бірнеше үміткер болған жағдайда, басымдық арызды бұрын берген адамға беріледі.
Егер Мүлік жеке негіздер бойынша одан әрі қарай қолданылмаса, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті орган немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті орган ең кемінде үш орган қызметкерлерінің қолы қойылған акт жасайды.
Одан әрі қарай пайдалануға жатпайтын Мүлік және төмен бағамен сатылмаған Мүлік комиссияның шешімімен жойылады.
19. Аукцион ұйымдастырушыны таңдау аукциондарды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады.
Мүлікті сатуға байланысты туындаған аукцион ұйымдастырушысымен қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және осы Ережеге сәйкес реттеледі.
Мүлікті сату жөніндегі аукциондар мынадай тәртіпті сақтай отырып өткізіледі:
1) уәкілетті орган немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілеттік берілген орган жасалған шартқа сәйкес аукцион ұйымдастырушыға атауы, саны, бастапқы бағасы, орналасқан жері қамтылған Мүліктің тізбесін береді, сондай-ақ аукционды өткізу әдісін анықтайды;
2) аукцион ұйымдастырушы белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау құқығын алған республикалық немесе жергілікті мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ уәкілетті органмен немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органмен келісім бойынша өзге мерзімді баспа басылымдарында жариялануы тиіс аукционда сату үшін ұсынылып отырған Мүлік туралы ақпараттық хабарламаны аукцион өткізу хабарланған күнге дейін он күнтізбелік күннен кешіктірмей жасайды;
Аукционда сату үшін ұсынылып отырған мүлік туралы ақпараттық хабарлама уәкілетті органның немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органның ресми сайтында қосымша жариялануы мүмкін;
3) ақпараттық хабарламада мынадай мәліметтер болуы қажет:
аукцион өткізілетін күн, уақыт және орын;
аукцион өткізудің әдісі;
Мүлік туралы қысқаша мәліметтер, оның бастапқы бағасы;
кепіл жарналарының мөлшері және оны енгізу тәртібі;
аукциондарға қатысуға өтінімдерді қабылдау орны, уақыты және мерзімі;
4) аукцион ұйымдастырушы ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін уәкілетті органды немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілеттік берілген органды аукционды өткізу күні, уақыты және орны туралы 3 жұмыс күн ішінде хабардар етеді;
5) аукционға уәкілетті органның, коммуналдық меншікті басқаруға уәкілеттік берілген органның қызметкерлері және мүлікті аукцион өткізілетін мемлекеттің меншігіне айналдыру туралы шешім шығарған судьялар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері және жақын туысқандары (ата-аналары, жұбайлары, туған аға-інілері және апа-сіңлілері, балалары немесе жекжаттары - жұбайларының туған аға-інілері және апа-сіңлілері, ата-аналары мен балалары) қатыса алмайды;
6) Мүліктің бастапқы бағасының бес пайызы мөлшерінде кепіл жарна енгізген және осы Ережеде белгіленген тәртіппен аукционның ұйымдастырушысы тіркеген жеке және заңды тұлғалар аукционға қатысуға жіберіледі;
7) кепіл жарнасын енгізу аукционға қатысушының мынадай:
аукционның нәтижелері туралы хаттамаға қол қою;
аукционның нәтижелері туралы хаттамаға сәйкес Мүлікті сатып алу-сату шартын жасасу міндеттемелерін қамтамасыз етеді;
8) аукционға қатысушы ретінде тіркелу үшін:
аукционға қатысуға өтінім;
қатысушының жеке басын куәландыратын құжатты;
кепіл жарна енгізілгенін растайтын төлем құжатын;
өкілдің өкілеттігін куәландыратын құжатты;
заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы жарғы мен куәліктің көшірмелерін (заңды тұлғалар үшін);
мемлекеттік немесе орыс тіліне аудармасымен құрылтай құжаттарын (шетелдік заңды тұлғалар үшін) беру қажет;
9) аукционға қатысуға өтінімдер ақпараттық хабарлама жарияланған күннен бастап қабылданады және аукционды өткізгенге дейін бір сағат бұрын аяқталады;
10) аукцион оларды өткізу ережесін, сату затының қысқаша сипаттамасын, аукционды өткізу әдісін, бастапқы бағасын, бағаны өзгерту қадамын жариялаудан басталады;
11) егер аукционға кемінде екі қатысушы қатысып, олардың бірі сауда-саттыққа қойылған Мүлікті сатып алса, ол өткізілген болып саналады;
12) Мүлікке неғұрлым көп баға ұсынған аукционға қатысушы жеңімпаз болып жарияланады;
13) өткізілген аукционның нәтижелері бойынша аукционды ұйымдастырушы сатып алушы, Мүліктің атауы, оның бастапқы құны және сату бағасы туралы мәліметтерді көрсете отырып, аукционның нәтижелері туралы хаттама жасайды, оған аукцион жеңімпазының, аукционды ұйымдастырушының және уәкілетті органның немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органның өкілдері, сондай-ақ аукционның басқа да қатысушылары қол қояды. Аукционның нәтижелері туралы хаттама оған қол қойған тараптардың саны бойынша жасалады және сауда-саттық аяқталғаннан кейін олардың әрқайсысына бір-бір данадан тапсырылады;
14) аукционның нәтижелері туралы хаттама Мүлікті сатып алу-сату шартын жасасу үшін аукционның жеңімпазына негіздеме болып табылады;
15) Мүлікті сатып алу-сату шарты уәкілетті органның немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органның, аукционның жеңімпазы мен ұйымдастырушысы арасында аукционды өткізгеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша нысанда жасалады;
16) өткізілген аукционның нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюдан және/немесе Мүлікті сатып алу-сату шартын жасасудан бас тартқан аукцион жеңімпазы осы Мүлік бойынша өткізілетін аукциондарға одан әрі қатысу құқығынан айрылады, кепілдік жарнасы оған қайтарылмайды, ал сатып алушы бас тартқан аукционның заты сауда-саттыққа қайтадан қойылады;
Кепілдік жарнасы сондай-ақ мынадай:
аукционға қатысудан оны өткізгенге дейін бір сағат бұрын бас тартқан;
нәтижелерімен негізсіз келіспеген аукционның нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюдан қатысушы бас тартқан жағдайларда қайтарылмайды;
17) аукционның қандай да бір затын сатып алған тұлғаларға кепілдік жарнасының сомасы төленген сатып алу бағасының шотына есептеледі, ал аукционға қатысқан, бірақ одан ештеңе сатып алмаған тұлғаларға кепілдік жарнасының сомасы қайтарылады;
18) бірінші аукцион өткізілмеген болып жарияланған жағдайда, аукционды ұйымдастырушы бірінші аукцион өткізілмеді деп жарияланғаннан кейін кемінде 10 жұмыс күні өткен соң осы тармақта белгіленген оны өткізу рәсімдерін сақтай отырып, сауда-саттықтың голланд әдісі бойынша келесісін өткізе алады.
Сауда-саттықтың голланд әдісі бойынша аукционы өткізу кезінде Мүліктің құны қатысушылардың бірі оны жарияланған баға бойынша сатып алуға келіскен сәтке дейін жарияланған қадаммен төмендетіледі, ол комиссия белгілеген ең аз бағадан төмен болмауы тиіс;
19) сауда-саттық кезінде бағаның арту немесе төмендеу қадамы бастапқы бағасының үштен бес пайызына дейінгі шекте белгіленеді.
20. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығы болуы мүмкін мүлікке "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын арнаулы комиссия сараптама жасайды.
Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылыққа жатқызылған мүлік тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша мемлекеттік мұражайларға өтеусіз берілуі мүмкін.
21. Бағалы металдар, асыл тастар мен олардан жасалған бұйымдар Тізімдеме актісінің негізінде Орталыққа тапсырылады.
22. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалына (бұдан әрі - филиал) немесе Орталыққа жіберілетін бағалы металдар, асыл тастар мен олардан жасалған бұйымдар ішкі тігіспен тігілген тығыз матамен қапталып, ағаш жәшікке немесе картон қорапқа (құндылықтардың санатына қарай) буып-түйілуі тиіс (бұдан әрі - құндылықтар салынған жөнелтілім). Бағалы металдардан жасалған монеталарды ішкі тігіспен тігілген тығыз матадан жасалған екі қапқа (бірінің ішіне бірі салынып) буып-түюге рұқсат етіледі (бұдан әрі - құндылықтар салынған қап). Құндылықтар салынған жөнелтілімдер (құндылықтар салынған қаптардың ауыздары) ораманы және пломбаны бұзбай ашудың мүмкін еместігін қамтамасыз ететіндей түрде буылуы (тігілуі) және корғасын пломбамен пломбалануы тиіс. Жөнелтілімдерде (немесе қапқа таңбаларда) бағасы, өлшемдері: ұзындығы, ені, биіктігі сантиметрмен, брутто салмағы, алушының және жіберушінің мекен-жайы көрсетіледі. Құндылықтар бар бір орынның (жөнелтілімнің немесе қаптың) ең жоғарғы салмағы 10 (он) кг-дан аспауы тиіс. Құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) поштамен және қағаз пакеттермен жіберуге тыйым салынады.
Көрсетілген талаптарды бұза отырып ресімделген құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) филиалдар мен Орталық қабылдамайды.
Құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) уәкілетті орган өз бетімен немесе жергілікті арнайы байланыс бөлімдері арқылы Орталыққа не Алматы қалалық филиалы мен Алматы облыстық филиалын қоспағанда, одан әрі Орталыққа жіберу үшін өз бетімен филиалға жібереді.
Құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) қабылдаған соң филиал "Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда касса операцияларын және банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау операцияларын жүргiзу ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 3 наурыздағы № 58 қаулысымен белгіленген тәртіппен түбіртек береді.
Уәкілетті орган құндылықтарды буып-түю кезінде пайдаланылатын пломбалар таңбаларының уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі басшысының қолымен және елтаңбалық мөрмен куәландырылған үлгілерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдары мен Орталыққа беруді қамтамасыз етеді. Пломбалар таңбаларының куәландырылған үлгілері (олар ауыстырылған жағдайда таңбалардың жаңа үлгілері) құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) жібергенге немесе тапсырғанға дейін алдын ала ұсынылуы тиіс. Филиалдар құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) ашпай, эмиссиялық-кассалық операцияларды және құндылықтарды сақтауды реттейтін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен белгіленген тәртіппен Орталыққа жіберуді жүзеге асырады.
Құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) Орталыққа жіберуді филиалдар оның жүк көтергіштігі, сыйымдылығы және есіктерінің ені шегінде тек арнайы вагонмен жолай жеткізу мүмкін болғанда ғана жүзеге асырады.
Құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) жіберген кезде уәкілетті орган бағалы металдың немесе тастың санын, салмағын, сынамасын, түрін (атауын) және әрбір заттың ерекше белгілерін көрсете отырып, олардың әрқайсысының егжей-тегжейлі сипаттамасы көрсетілген Тізімдеме актісін (тізімдеме) жасайды, оған уәкілетті органның тиісті өңірлік бөлімшесінің басшысы қол қояды.
Тізімдеме актісі (тізімдеме) үш данада жасалады, олардың бір данасы уәкілетті органда қалады, екіншісі - құндылықтар салынған жөнелтілімнің (қаптың) ішіне салынады, үшіншісі - ілеспе хатпен бірге Орталыққа жіберіледі. Ілеспе хатта құндылықтар Мүліктің қандай түріне жататындығы (тәркіленген, мұрагерлік, иесіз немесе қазына), оның мемлекет меншігіне қандай негіз бойынша өткені, құндылықтарды тәркілеуге арналған құжаттардың көшірмесі қоса беріліп (алып қою актілері, сот шешімдері, сот сараптамасының актілері және т.с.с), оның кімнің иелігінде болғаны (егер ол белгілі болса), сондай-ақ жөнелтілімді (қапты) ашу және құндылықтарды саны бойынша қабылдау кезінде уәкілетті орган өкілінің міндетті қатысуының қажеттігі көрсетіледі немесе өз өкілінің қатысуынсыз жөнелтілімді (қапты) ашуға және құндылықтарды қабылдауға келісім беріледі.
Құндылықтар салынған жөнелтілімді (қапты) алғанын растау үшін Орталық уәкілетті органға алдын ала қабылдау актісін жібереді. Жөнелтілімді ашу және құндылықтарды саны бойынша қабылдау кезінде өз өкілінің міндетті қатысуының қажеттігіне арналған уәкілетті органның нұсқауы бар құндылықтар салынған жөнелтілімді (қапты) алдын ала қабылдау актісіне ілеспе хатта құндылықтар салынған жөнелтілімнің (қаптың) ашылған күні көрсетіледі. Көрсетілген күні уәкілетті органның өкілі келмеген жағдайда, Орталық жөнелтілімді ашуды және құндылықтарды қабылдауды өз бетінше жүзеге асырады.
Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі алдын ала қабылдау актісін алған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде құндылықтарды қабылдаған филиалға құндылықтарды тапсыру туралы түбіртекті қайтарады.
Жөнелтілімді (қапты) ашуды, құндылықтарды қабылдауды және сұрыптауды Орталық жөнелтілімдердің түсу тәртібі бойынша жүзеге асырады және ол құндылықтарды қабылдау және сұрыптау актісімен ресімделеді. Орталықтың жөнелтілімдерді ашу және құндылықтарды қабылдау нәтижелері түпкілікті болып табылады.
Құндылықтарды қабылдау және сұрыптау актісін Орталық уәкілетті органға бес жұмыс күні ішінде жібереді.
Құндылықтарды қабылдау уақытында ілеспе құжаттардың деректерімен алшақтықтар анықталған кезде құндылықтар бар жөнелтілімдерді (қаптарды) жіберген уәкілетті органға бес жұмыс күні ішінде тиісті шаралар қабылдау үшін анықталған алшақтықтарды көрсете отырып наразылық жіберіледі.
23. Жекелеген негіздемелер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуы тиіс) бағалы металдарды, асыл тастар мен олардан жасалған бұйымдарды есепке алу, беру және өткізу мақсаттары үшін қабылдау, сұрыптау, есепке алу, құнын анықтау тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісім бойынша уәкілетті орган белгілейді.
Орталыққа немесе оған одан әрі жіберу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалына тапсырылған бағалы металлдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды сақтау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
24. Ақша түрiндегі мүлiк бюджет кiрiсiнің есебіне жатқызылады.
Шетел валютасы операция жасалған күнi белгiленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң филиалдары арқылы бюджет кiрiсiнің есебіне жатқызылады. Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған, айырбасталмайтын шетел валютасын қабылдау, сақтау, өткізу тәртібін, сондай-ақ оларды өткізуден түскен ақшаны бюджет есебіне жатқызу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.
Ақша түрiндегi мүлiктi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және олардың филиалдарына берудi осындай мүлiктi алған орган мүлiктiң сомасы, берілу уақыты және алушысы көрсетілген беру туралы хабарламаны уәкiлетті органға жiбере отырып жүргiзедi.
25. Мемлекет меншiгiне келiп түскен салымдар (депозиттер) сомасы бiрiншi талап бойынша олардың қайтарылуы қажеттiлігiне қарамастан немесе уәкiлеттi органның немесе коммуналдық меншiктi басқаруға уәкiлеттi органның жазбаша талабы бойынша депозиторларға алдын ала келiсiлген үстемеақымен не ондайсыз қандай да бiр мерзiм арқылы банктер атаулы құнда толық көлемде мемлекеттiк бюджет кiрiсiне аударады.
26. Осы Ереже мемлекеттік лотереялардың лотерея билеттерi бойынша ұтыс түрiнде мүлiкке қолданылады. Лотерея билеттері бойынша заттай ұтыстың құнын лотереяның ұйымдастырушысы болып табылатын тұлға бюджет кірісінің есебіне жатқызады.
Лотерея билеттерiн беру тiзiмдеме актiсi бойынша жүргiзiледi, онда лотереяның атауы, шығарылған күнi, ұтыс ойынын жүргiзген тұлғаның атауы, билеттердiң сериясы, нөмiрi және ұтыстың сомасы көрсетiледі.
27. Тасымалдауға, сақтауға, бағалауға, сатуға байланысты шығындары олардың бағалау құнынан асып түсетін қара және түсті металл сынығы Комиссияның шешімі бойынша неғұрлым тиімді баға мен шарттар ұсынған металл сынығын қабылдау жөніндегі мамандандырылған ұйымға тапсыру жолымен орналасқан жері бойынша өткізілуі мүмкін.
28. Арнаулы мемлекеттiк қордағы мүлікті өткізу "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып жүргiзiледi.
29. Арнайы мемлекеттік қордың бағалы металдардан жасалған сыйлықтарын сараптауды, бағалауды және сақтауды оларды сатқанға дейін Орталық жүзеге асырады.
30. Сыйлықтарды тапсырған тұлға сатып алудан жазбаша бас тартқаннан кейін уәкілетті орган сыйлықты сатуды жүргізеді.
31. Сапасы мен қауiпсiздiгiне нормативтiк құжаттарда қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлiк шикiзатын, тамақ өнiмдерiн, шыққан елi белгіленбеген, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларға және гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтiн, акциздiк таңбаларсыз өткізілетін темекi бұйымдарын және құрамында темекi бар басқа да бұйымдарды, сондай-ақ тасымалдауға, сақтауға, өткізуге, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама мен сертификаттауды жүргiзуге байланысты шығындары өздерінің бағалау құнынан асып түсетiн тауарлардың шамалы партияларын және өзге де мүлiктi Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 ақпандағы № 140 қаулысына сәйкес уәкілетті орган немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органдар құратын комиссия жояды.
Қажет болған жағдайларда комиссияның құрамына санитариялық-эпидемиологиялық қызметтiң қызметкерлерi және жергiлiктi атқарушы органдар мен басқа да мүдделi ұйымдардың өзге де мамандары тартылуы мүмкін.
32. Бөлшектелген көлiк құралдары, өнеркәсiптiк және өзге жабдық, құрылысы аяқталмаған объектiлер не мәнi жағынан ұқсас басқа мүлiк қосалқы бөлшектер немесе қара және түсті металдардың сынықтары ретiнде бағаланады және сатылады.
33. "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабында көрсетілген жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) тұрғын үйлер мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорына қосылады.
Мемлекет меншігіне жекелеген негіздер бойынша түскен тұрғын үйлерді одан әрі пайдаланудың тәртібі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
34. Мүлікті мемлекет меншігіне ақысыз өткізген жағдайда, өкілетті орган немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілеттік берілген орган және балалар үйімен, қарттар мен мүгедектер үйімен, балабақшамен, мектеппен, медициналық-әлеуметтік мекемемен немесе арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер арасында қабылдау-тапсыру (өткізу актісі) актісі үш данада мемлекеттік және орыс тілдерінде, қабылдау-тапсыру (өткізу актісін) актісін ресімдеуге қатысушы тараптардың әрқайсысына бір данадан жасалады.
5. Қорытынды ережелер
35. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше қарастырылмаған болса, осы Ереженің 4 және 5-тармақтарында көрсетілген мүлiктi өткізуден түскен қаражат, сондай-ақ 19-тармақтың 16) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша қайтарылмаған кепілдік жарналарының сомасы бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік бюджет кірісінің есебіне аударылады.
36. Мүлікті есепке алуға, бағалауға, сақтауға, қайта жіберуге, оны сатуды ұйымдастыруға және одан әрі пайдалану жөніндегі өзге де шығындарға байланысты шығыстар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
37. Сот мүліктің мемлекет меншігіне түсуіне негіз болған актінің күшін жойған (тиісті бөлігін өзгерткен) жағдайда уәкілетті орган немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органдар мүлікті заттай қайтаруды жүргізеді. Егер мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сатылған болса, оның құнын өтеу оны өткізуден алынған қаражат шегінде жүргізіледі.
38. Осы Ереженің 4 және 5-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша мемлекет иелігіне өткен мүлікті заңды және жеке тұлғаларға уақытша пайдалануға беруге тыйым салынады.
39. Уәкілетті органның және коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органдардың лауазымды тұлғалары осы Ереженің қағидаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жауапкершілікте болады.