"Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 1024 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы  Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы 

      Осы Заң энергетикалық ресурстарды пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және жеке және заңды тұлғалардың энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аккредиттеу туралы куәлік – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган беретін, заңды тұлғалардың энергиялық аудитті және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігінің сараптамасын жүзеге асыру құзыретін куәландыратын ресми құжат;
      2) ғимараттардың, құрылыстардың, имараттардың энергия тиімділігі сыныбы – ғимараттардың, құрылыстардың, имараттардың энергия тұтыну үнемділігінің пайдалану сатысындағы энергия тиімділігін сипаттаушы деңгейі;
      3) квазимемлекеттік сектордың субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқару холдингтері, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен аффилиирленген болып табылатын еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар;
      4) Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері – энергетикалық ресурстарды жылына шартты отынның 1500 және одан астам тоннаға барабар көлемде энергетикалық ресурстар тұтынатын жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың субъектілері;
      5) Мемлекеттік энергетикалық тізілім – Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері туралы ақпараттардың жүйелендірілген жиыны;
      6) Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторы – Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйым;
      7) терможаңғырту – олардағы жылу энергиясы ысырабының азаюына әкелетін, ғимараттың, құрылыс пен имараттың жылу техникалық сипаттамасын жақсарту жөніндегі іс-шара;
      8) электр энергиясын тұтынатын құрылғының энергия тиімділігі сыныбы – электр энергиясын тұтынатын құрылғының энергия тұтыну үнемділігінің пайдалану сатысындағы энергия тиімділігін сипаттаушы деңгейі;
      9) шартты отын – техникалық-экономикалық есептер кезінде қабылданған органикалық отынның алуан түрлерінің жылу құндылығын салыстыру үшін қызмет ететін нормативтер мен стандарттарда регламенттелетін бірлік;
      10) энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану – энергетикалық ресурстарды пайдаланудың техникалық жағынан мүмкін болатын және экономикалық жағынан ақталған деңгейіне қол жеткізу;
      11) энергетикалық ресурстар – табиғи және өндірілген энергия көздерінің, қазіргі уақытта пайдаланылатын немесе перспективада шаруашылық және өзге де қызмет түрлеріне пайдаланылуы мүмкін қордағы энергияның, сондай-ақ энергия түрлерінің (атом, электр, химия, электрлі-магнитті, жылу және энергияның басқа түрлерінің) жиынтығы;
      12) энергия аудиті (энергетикалық аудит) – энергия үнемдеудің мүмкіндігі мен әлеуетін бағалау және сараптамалық қорытынды, оның ішінде энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі ұсынымдарды дайындау мақсатында энергетикалық ресурстардың пайдаланылуы туралы деректерді жинау, өңдеу және талдау;
      13) энергия менеджменті – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саясатын, іс-шаралар жоспарын, мониторинг рәсімдері мен әдістемелерін, энергия тұтынуды бағалау саясатын және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған басқа да іс-қимылдарды әзірлеу мен іске асыруды қамтитын энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге және басқару объектісінің энергия тиімділігін арттыруға бағытталған әкімшілік әрекеттер кешені;
      14) энергия тиімділігінің көрсеткіштері – энергия тиімділігі сыныбы, жалпы ішкі өнімнің, өңірлік ішкі өнімнің, өнімнің бірлігіне, ғимараттың, құрылыстың, имараттың ауданына тиесілі энергетика ресурстарын тұтыну деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер;
      15) энергия тиімділігі (энергетикалық тиімділік) – пайдалы әсердің (нәтиженің), оның ішінде энергетикалық ресурстарды пайдаланудан алынған, өндірілген өнімнің көлемін, осы әсерді (нәтижені) алуға негіз болған тиісті ресурстардың шығындарына қатынасын көрсететін сипаттамалар;
      16) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті органның энергия аудиті және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасын жүзеге асыратын заңды тұлғалардың құзыретін ресми тану рәсімі;
      17) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      18) энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасы – энергетика ресурстарын пайдаланумен және жаңа ғимараттарды, құрылыстар мен имараттарды салу (қайта жаңарту, күрделі жөндеу) кезінде тұтынушылардың энергия қамтамасыз етуге арналған шығындарын оңтайландыруымен байланысты сәулет-құрылыс және техникалық шешімдердің энергия тиімділігін бағалау мақсатында жүргізілетін сараптама;
      19) энергия үнемдеу – пайдаланылатын энергетикалық ресурстардың көлемін азайтуға бағытталған ұйымдастырушылық, техникалық, технологиялық, экономикалық және өзге де шараларды іске асыру;
      20) энергия үнемдеуші жабдық – энергетикалық ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жабдық;
      21) энергия үнемдеуші материал – энергетикалық ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін материал;
      22) энергиямен жабдықтаудың оңтайлы радиусы – оның шегінде электрлік желілердегі электр энергиясының техникалық шығындары рұқсат етілген шектерде (нормативтік деңгейде) орналасқан энергия көзінен тұтынушыға дейінгі арақашықтық.

      2-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және
              энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасы 

      1. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

2-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
саласындағы мемлекеттік реттеу 

      3-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
              саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі
              бағыттары

      Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі бағыттары:
      1) энергия үнемдейтін жабдықтар мен материалдарды қоса алғанда, энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру;
      2) өндірілетін, берілетін және тұтынылатын энергетикалық ресурстардың есебін ұйымдастыру;
      3) энергетикалық ресурстарды тиімді пайдаланудың экономикалық, экологиялық және әлеуметтік артықшылықтарын насихаттау, осы салада қоғамның білім деңгейін арттыру;
      4) энергетикалық ресурстардың тиімді әрі ұтымды пайдаланылуына мемлекеттік бақылау шараларын жүзеге асыру;
      5) энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, энергетикалық ресурстарды өндіру және тұтыну саласындағы теңгерімді тариф саясаты мен баға белгілеуді жүзеге асыру;
      6) энергия тиімділігі төмен өнімдердің айналымы бойынша шектеу енгізу;
      7) ғимараттар, құрылыстар, имараттар және электр энергиясын тұтынатын құрылғылар үшін энергия тиімділігі бойынша талаптар енгізу;
      8) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнаманы сақтамағаны үшін жауапкершілікке тарту.

      4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті 

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және іске асырылуын қамтамасыз етеді;
      2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асырады;
      3) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      4) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу қағидасын бекітеді;
      5) энергия тұтынудың нормативтерін, жеке кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың электр желілеріндегі қуат коэффициентінің нормативтік мәнін бекітеді;
      6) мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін бекітеді;
      7) мемлекеттік энергетикалық тізілім операторын айқындайды;
      8) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар қызметтерін бағалау тетігін бекітеді;
      9) ғимараттар, құрылыстар, имараттар және олардың терезелері мен өзге де шынылаулары үшін энергия тиімділігі бойынша талаптарды белгілейді;
      10) көлік үшін энергия тиімділігі бойынша талаптарды белгілейді;
      11) электр қозғалтқыштары үшін энергия тиімділігі бойынша талаптарды белгілейді;
      12) ғимараттардың энергия тиімділігі сыныбын айқындау және қайта қарастыру қағидасын бекітеді;
      13) энергия аудиті тәртібін және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігіне сараптама жүргізу тәртібін бекітеді;
      14) ғимараттардың, құрылыстардың, имараттардың жобалау алдындағы және (немесе) жобалау құжаттамасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша талаптарды бекітеді;
      15) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы үлгілік келісімді бекітеді;
      16) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы салалық бағдарламаны бекітеді;
      17) энергия аудитінің қорытындысы бойынша мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі әзірлейтін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекітеді;
      18) электрмен жабдықтаудың оңтайлы радиусын бекітеді;
      19) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігінің сараптамасын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды қайта даярлау мен олардың біліктіліктерін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарының қызмет тәртібін айқындайды;
      20) орталық атқарушы органдардың энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша есеп беру нысаны мен мерзімдерін бекітеді;
      21) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      5-бап. Уәкілетті органның құзыреті 

      Уәкілетті орган:
      1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      3) мемлекеттік органдардың энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
      4) мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді ұйымдастырады;
      5) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      6) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;
      7) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың нысанын әзірлейді және бекітеді;
      8) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы салалық бағдарламаны әзірлейді;
      9) энергетикалық ресурстардың, судың тұтыну көлемін салыстырмалы жағдайда энергия аудитінің қорытындысы бойынша айқындалған мөлшерге дейін жыл сайын азайтуды қамтамасыз етпейтін, оның ішінде энергия тұтынудың нормативтерін сақтамайтын мемлекеттік мекемелерді қамтитын, мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің тізбесін өзінің интернет ресурсында жариялау үшін қалыптастырады және жариялайды;
      10) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық әзірлемелерді жүргізуді ұйымдастырады және үйлестіреді;
      11) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу жөніндегі тұрақты әрекет ететін комиссияны құрады, оның құрамын және қызмет тәртібін бекітеді;
      12) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеуді жүргізеді және аккредиттеу куәлігінің нысанын бекітеді;
      13) өзіне белгіленген тәртіппен энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасын жүргізуге аккредиттеу куәлігін алған заңды тұлғалардың тізілімін жүргізеді;
      14) электрмен жабдықтаудың оңтайлы радиусын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
      15) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігінің сараптамасын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды қайта даярлау мен олардың біліктіліктерін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарының құрылуын және олардың жұмыс істеуін ұйымдастырады;
      16) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігінің сараптамасын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды қайта даярлау мен олардың біліктіліктерін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарының тізбесін жасайды;
      17) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі есептерді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде орталық атқарушы органдардан сұратады, осы есептердің мониторингін және талдауын жүзеге асырады;
      18) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы үлгілік келісімді әзірлейді;
      19) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнамасына сәйкес ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, жыл сайынғы тексеру жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
      20) мемлекеттік энергетикалық тізілім операторын Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады;
      21) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      6-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
              саласындағы өзге де мемлекеттік органдардың
              құзыреті 

      1. Орталық атқарушы органдар өз құзыреттері шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында мемлекеттік саясатты іске асырады және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде уәкілетті органға энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша есеп береді.
      2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
      1) энергия тиімділігі бойынша талаптарды ғимараттарды, құрылыстарды, имараттарды қайта жаңарту, салу мақсатында әзірленетін және бекітілетін сәулет-құрылыс және өзге де жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына енгізуді қамтамасыз етеді;
      2) терможаңғыртуды ескере отырып, үлгілік көп пәтерлі үйлердің алдын ала жобалау және жобалау-сметалық құжаттамаларының әзірленуі мен бекітілуін қамтамасыз етеді;
      3) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      3. Техникалық реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган:
      1) Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес техникалық құжаттамада және энергия тұтынатын электрлік құрылғылардың заттаңбаларында энергия тиімділігінің сыныбы мен сипаттамасының белгіленуіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      2) өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      4. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары:
      1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша іс-шараларды тиісті аумақтың даму бағдарламасына енгізуді қамтамасыз етеді;
      2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің энергия тұтынудың нормативтерін сақтауына мониторингті жүзеге асырады;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
      5. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
      1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша іс-шараларды тиісті аумақтың даму бағдарламасына енгізуді қамтамасыз етеді;
      2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің энергия тұтынудың нормативтерін сақтауына мониторингті жүзеге асырады, мемлекеттік мекемелердің энергия аудитін өткізуді, терможаңғыртуды, мемлекеттік мекемелер үшін, энергетика ресурстарын есепке алу аспаптары мен жылу тұтынуды реттеудің автоматты жүйесін сатып алуды және орнатуды ұйымдастырады, сондай-ақ энергия үнемдейтін шамдарды пайдалануды ескере отырып, саябаққа және көшеге жарық беруді жаңғыртуды қамтамасыз етеді;
      4) халықтың құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жаратуын ұйымдастырады;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
      6. Аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары:
      1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша іс-шараларды тиісті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму бағдарламасына енгізуді қамтамасыз етеді;
      2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің энергия тұтыну нормативтерін сақтауына мониторингті жүзеге асырады, мемлекеттік мекемелердің энергия аудитін өткізуді, терможаңғыртуды, мемлекеттік мекемелер үшін энергетика ресурстарын есепке алу аспаптары мен жылу тұтынуды реттеудің автоматты жүйесін сатып алуды және орнатуды ұйымдастырады, сондай-ақ энергия үнемдейтін шамдарды пайдалануды ескере отырып, саябаққа және көшеге жарық беруді жаңғыртуды қамтамасыз етеді;
      4) халықтың құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жаратуын ұйымдастырады;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.

      7-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және
              энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының
              сақталуын мемлекеттік бақылау 

      1. Мемлекеттік бақылау:
      1) Мемлекеттік энергетикалық тізілімге ұсынылатын ақпараттың дұрыстығына;
      2) осы Заңның 11-бабының 3-тармағында көрсетілген объектілерден басқа, ғимараттарда, құрылыстар мен имараттарда энергия тиімділігі жөніндегі талаптардың орындалуына;
      3) жеке кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың энергия тұтыну нормативтері мен электр желілеріндегі қуат коэффициентінің нормативтік мәндерінің сақталуына;
      4) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігінің сараптамасын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды қайта даярлау мен олардың біліктіліктерін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарына қойылатын талаптардың сақталуына;
      5) осы Заңда және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерде белгіленген өзге де талаптардың сақталуына жасалады.
      2. Мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      Тексеру жүргізу түрлері, негіздемелері, мерзімдері мен тәртібі «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленеді.
      3. Уәкілетті органның лауазымды тұлғалары «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, осы Заңда және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласындағы басқа нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарды бұзушылықтарды жою туралы нұсқама береді.
      Уәкілетті органның лауазымды тұлғалары берген нұсқама Қазақстан Республикасының аумағында барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті және шешімдерде (нұсқамаларда) көзделген мерзімде, бірақ оларды алған күнінен бастап отыз күннен кешіктірілмей орындалады. 

3-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
саласындағы жалпы талаптар

      8-бап. Энергия үнемдейтін жабдықтар мен материалдарды
              пайдалану, энергетикалық ресурстар жеткізілімі
              бойынша шектеу және есептеу 

      1. Энергетикалық ресурстарды тұтынатын объектілердің құрылыс жобаларында энергия үнемдейтін материалдарды міндетті пайдалану, энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптарын, жылуды тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерін орнату көзделеді.
      Көппәтерлі тұрғын үйлердің жобаларында энергия үнемдейтін материалдарды міндетті пайдалану, жалпы үйлік жылу энергиясын есепке алу аспаптарын және пәтер бойынша электр энергиясын, суық және ыстық суды, газды есепке алу аспаптарын, сондай-ақ жылыту жүйелерінде реттеуші аспаптарды, жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерін орнату көзделеді.
      2. Жылу тұтынуды есепке алудың тиісті аспаптарымен және оны реттеудің автоматтандырылған жүйелерімен жабдықталмаған жаңадан салынған объектілерге және жылу мен электр энергиясын, газды және суды жеткізуге рұқсат етілмейді.
      Осы тармақтың жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйесі бөлігіндегі талабы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылмаған объектілерге және жеке тұрғын үйлерге қолданылмайды.
      3. Есепке алу аспаптарын жөндеу кезеңін қоспағанда, тиісті есепке алу аспаптарымен жабдықталмаған қолданыстағы объектілерге жылу және электр энергиясын, газды жеткізуге рұқсат етілмейді.
      Осы тармақтың жылу энергиясын жеткізуге тыйым салу бөлігіндегі талабы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылмаған объектілерге және тұрғын үйлерге қолданылмайды.
      4. Тұтынушылар табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамаға сәйкес бекітілген жылу энергиясын есепке алу аспаптарының болуына немесе жоқтығына байланысты сараланған тарифтер бойынша тұтынылған жылу энергиясы үшін төлем жүргізеді.

      9-бап. Мемлекеттік энергетикалық тізілім

      1. Мемлекеттік энергетикалық тізілімге енгізілетін ақпарат:
      1) Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің атауын, мекенжайы мен олардың қызметінің негізгі түрлерін;
      2) бір күнтізбелік жыл ішінде заттай және ақшалай көріністегі энергетика ресурстарын және суды өндіру, шығару, тұтыну, беру және жоғалту көлемдерін;
      3) энергия аудиті қорытындысы бойынша мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі әзірлейтін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ осы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілетін толықтыруларды және (немесе) өзгерістерді;
      4) есепті кезең ішінде энергия аудиті қорытындысы бойынша мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі әзірлейтін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу нәтижелерін;
      5) өнім бірлігіне нақты энергия тұтынуды және (немесе) ғимараттар, құрылыстар, имараттар ауданының бірлігін жылытуға арналған энергетикалық ресурстардың шығысын;
      6) энергия аудиті бойынша сараптамалық қорытындының көшірмесін;
      7) энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптарымен жабдықталуы туралы ақпаратты қамтиды.
      2. Мемлекеттік мекемелер үшін 3), 4), 6) тармақшаларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпаратты Мемлекеттік энергетика тізілімінің субъектілері міндетті түрде жыл сайын қағаз және электрондық тасығышта ағымдағы жылғы 1 наурыздан кешіктірмей мемлекеттік энергетикалық тізілім операторына ұсынады.
      3. Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің және мемлекеттік органдардың деректері негізінде уәкілетті орган жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығының және Қазақстан Республикасында энергетика ресурстарын пайдалану тиімділігін талдауды және болжауды қамтамасыз етеді.

      10-бап. Энергия менеджменті

      1. Жылына 1500 тоннаға барабар және одан жоғары шартты отын көлемінде энергия ресурстарын тұтынатын мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері энергия менеджменті бойынша халықаралық стандарттың талаптарына сәйкес энергия менеджментінің жүйесін құруға, енгізуге және ұйымдастыруға міндетті.
      2. Энергия менеджменті жүйесін құруды, енгізуді және ұйымдастыруды бақылау жылына 1500 тоннаға барабар және одан жоғары шартты отын көлемінде энергетикалық ресурстарды тұтынатын мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің бірінші басшыларына жүктеледі. 

      11-бап. Ғимараттардың, құрылыстардың, имараттардың
               энергия тиімділігін қамтамасыз ету 

      1. Жобаланатын және салынатын (қайта жаңартылатын, күрделі жөндеу жүргізілетін) ғимараттар, құрылыстар, имараттар осы Заңда және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген энергия тиімділігі бойынша талаптарға сәйкес келуге тиіс.
      2. Ғимараттардың, құрылыстардың, имараттардың энергия тиімділігі бойынша талаптары өзіне:
      1) ғимараттардағы, құрылыстардағы, имараттардағы энергетикалық ресурстар шығынының үлестік шамасын сипаттайтын көрсеткіштерді;
      2) сәулет, көлемдік-жоспарлау, технологиялық, сындарлы және инженерлік-техникалық шешімдерге ғимараттардың, құрылыстардың, имараттардың энергия тиімділігіне әсер ететін талаптарды;
      3) ғимараттарда, құрылыстарда, имараттарда инженерлік және технологиялық жабдықтарды пайдалануға қойылатын талаптарды;
      4) жобалық құжаттамаға енгізілетін және ғимараттарды, құрылыстарды, имараттарды салу (қайта жаңарту, күрделі жөндеу) кезінде қолданылатын энергетикалық ресурстардың тиімсіз (негізсіз) шығыстарын болдырмауға мүмкіндік беретін технологиялар мен материалдарға қойылатын талаптарды қамтуы тиіс.
      Ғимараттарды, құрылыстарды, имараттарды пайдалануға беру кезінде энергия тиімділігі бойынша талаптарды орындау құрылыс салушыға жүктеледі.
      3. Энергия тиімділігі бойынша талаптар мынадай ғимараттарға, құрылыстарға, имараттарға қолданылмайды:
      1) тарихи-мәдени мұра объектілеріне жатқызылған ғимараттар, құрылыстар, имараттар;
      2) қызмет мерзімі кемінде 2 жылдан аспайтын шаруашылық не өзге де қосалқы мақсаттағы уақытша құрылыстар;
      3) жеке тұрғын үйлер, саяжайлар және бақшалық үйлер;
      4) жалпы алаңы елу шаршы метрден аз жеке тұрған ғимараттар, құрылыстар, имараттар;
      5) ғибадат ету ғимараттары, құрылыстары және имараттары;
      6) жеке тұрған жылытылмайтын ғимараттар, құрылыстар және имараттар.
      4. Энергия тиімділігінің талап етілетін сыныбы құрылыс (қайта жаңарту, күрделі жөндеу) жобасын әзірлеуге тапсырыс берушінің тапсырмасында көрсетіледі және аяқталған құрылыс (қайта жаңарту, күрделі жөндеу) объектісін пайдалануға бергеннен кейін жылжымайтын мүлікке арналған құқықты тіркеу кезінде салынған және пайдалануға берілген объектінің техникалық паспортында көрсетіледі.
      5. Қолданыстағы ғимараттардың, құрылыстардың, имараттардың энергия тиімділігі сыныбы және оны қайта қарау энергия аудитін жүргізу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленеді және ғимараттардың, құрылыстардың, имараттардың техникалық паспортында көрсетіледі. Энергия аудитінің расталған нәтижелері ғимараттардың, құрылыстардың, имараттардың техникалық паспортына қоса беріледі.

      12-бап. Электр энергиясын тұтынатын құрылғылар

      1. Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын электр энергиясын тұтынатын құрылғылардың техникалық құжаттамасында және заттаңбасында олардың сыныбы мен энергия тиімділігінің сипаттамалары туралы ақпарат болуға тиіс.
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптары қолданылатын электр энергиясын тұтынатын құрылғылардың тізбесі кеден одағының техникалық регламентінде белгіленеді.
      3. Энергия тиімділігінің сыныбы мен сипаттамасын анықтау кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес жүргізіледі және өндіруші (импорттаушы) жүзеге асырады.
      4. Өндірушілер (импорттаушылар) кеден одағының техникалық регламенті күшіне енгеннен бастап техникалық құжаттамада және электр энергиясын тұтынатын құрылғылардың заттаңбасында энергия тиімділігінің сыныбы мен сипаттамасын кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес көрсетуге міндетті.

      13-бап. Өнімдерді өндіру, олардың айналымы және пайдалану
               бойынша шектеулер 

      1. Жарық беру мақсатында ауыспалы тоқ тізбектерінде пайдаланылуы мүмкін қуаты 25 Вт және одан жоғары электр қыздыру шамдарын сатуға және өндіруге рұқсат етілмейді.
      2. Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жарық беру мақсатында ауыспалы ток тізбектерінде пайдаланылуы мүмкін қуаты 25 Вт және одан жоғары электр қыздыру шамдарын сатып алуды жүзеге асыруға рұқсат етілмейді.
      3. Салынып жатқан (қайта жаңартылатын, күрделі жөнделетін) ғимараттарға, құрылыстарға, имараттарға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген энергия тиімділігі жөніндегі талаптарға сәйкес келмейтін технологиялар мен материалдарды өндіруге және пайдалануға рұқсат етілмейді.
      4. Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес энергия тиімділігінің сыныбы мен сипаттамасы туралы ақпаратты қамтымайтын энергия тұтынатын құрылғыларды сатуға және өндіруге рұқсат етілмейді.
      5. Жаңа іске қосылған объектілерде және қолданыстағы объектілердегі электр энергиясын есептеуіштерді ауыстыру кезінде тәулік кезеңі бойынша электр энергиясының шығыстарын саралап есептеуге және бақылауға арналмаған электр энергиясын есептеуіштерді пайдалануға тыйым салынады.
      6. 2,5 дәлдік сыныбы бар электр энергиясын есептеуіштерді коммерциялық есепке алу мақсатында пайдалануға рұқсат етілмейді.

      14-бап. Электр беру желілерін жобалау және салу
               кезіндегі шектеулер 

      1. Электрмен жабдықтаудың оңтайлы радиусынан тыс орналасқан тұтынушыларға электр беру желілерін жобалауға және салуға рұқсат етілмейді.
      2. Электрмен жабдықтаудың оңтайлы радиусынан тыс орналасқан тұтынушылар үшін облыстардың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органмен бірігіп, энергия теңгеріміне жаңартылатын энергия көздерін тарту есебінен баламалы электрмен жабдықтауды анықтайды.
      3. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары техникалық-экономикалық есепті ескере отырып, электрмен жабдықтаудың оңтайлы радиусынан тыс тұтынушылар үшін өндіруші көздердің құрылымы мен параметрлерін айқындайды.

4-тарау. Энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін арттыруды
қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар

      15-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
               саласындағы аккредиттеу 

      1. Энергия аудиті мен энергия үнемдеу және энергия тиімділігінің сараптамасы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы қызметтің аккредиттелетін түріне жатады.
      2. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы аккредиттеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Заңды тұлғалардың аккредиттеу туралы құжаттарын қарастыру және олар бойынша шешім қабылдау үшін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында аккредиттеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылады, оның құрамы мен қызмет тәртібін уәкілетті органның басшысы айқындайды.
      Аккредиттеу туралы құжаттарды қарастыруды комиссия уәкілетті органға түскен кезден бастап есептелетін отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
      Оң шешім қабылданған жағдайда уәкілетті орган өтініш берушіге аккредиттеу туралы куәлік береді.
      Аккредиттеуден бас тартқан жағдайда өтініш берушіге бес жұмыс күні ішінде бас тарту себебі көрсетіле отырып, хат түрінде дәлелді жазбаша жауап жіберіледі.
      Аккредиттеуден:
      1) ұсынылған құжаттарда бұрмаланған және (немесе) дұрыс емес ақпараттың болуы;
      2) ұсынылған ақпараттың энергия аудиті және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі сараптамасы бойынша қызметті жүзеге асыру үшін қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі;
      3) қызметтің мәлімделген түрімен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімінің болуы бас тарту үшін негіз болып табылады.
      4. Уәкілетті орган берген аккредиттеу туралы куәлік Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды және бес жыл қолдану мерзімі болады.
      Аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу мерзімі аккредиттеу туралы шешім қабылданған сәттен бастап есептеледі.
      5. Аккредиттеу туралы куәліктен айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      6. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты емес аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтату негіздері:
      1) аккредиттелген субъектінің жазбаша өтініші;
      2) аккредиттелген субъектінің таратылуы немесе банкротқа ұшырауы.
      7. Энергия аудитін жүзеге асыру үшін заңды тұлғалар сәйкес болуы тиіс қойылатын талаптар мыналардың:
      1) заңды тұлға басшысының жоғары техникалық білімі және мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуын;
      2) штатында жоғары техникалық білімі және мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ энергия аудитін оқыған кемінде үш инженер-техникалық қызметкердің болуын;
      3) меншік және (немесе) жалға алу құқығында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тізбе бойынша өлшеу жабдықтарының болуын;
      4) меншік және (немесе) жалға алу құқығында кеңсе үй-жайының болуын;
      5) меншік құқығында есептерді тексеру, сараптамалық қорытындыны жасау мен рәсімдеу үшін ұйымдастыру және электрондық техникалардың болуын қамтиды.
      8. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасын жүзеге асыру үшін заңды тұлғалар сәйкес болуы тиіс қойылатын талаптар мыналарды:
      1) заңды тұлғаның басшысында жоғары техникалық білім және мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуын;
      2) штатында жоғары техникалық білімі мен мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасын оқыған кемінде екі инженер-техникалық қызметкердің болуын;
      3) меншік құқығында есептерді тексеру, сараптамалық қорытындыны жасау мен рәсімдеу үшін ұйымдастыру және электрондық техникалардың болуын;
      4) меншік және (немесе) жалға алу құқығында кеңсе үй-жайының болуын қамтиды.

      16-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі
               сараптамасы 

      1. Күнтізбелік бір жыл ішінде 500 тоннаға барабар және одан астам шартты отын көлемінде энергетика ресурстарын тұтыну мөлшері бар жаңа ғимараттардың, құрылыстардың, имараттардың жаңаларын салудың немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтудің (күрделі жөндеудің, қайта жаңартудың) жобалау алдындағы және жобалау құжаттамалары міндетті түрде энергия тиімділігі және энергия үнемдеу сараптамасын жатады.
      Қолданыстағы мемлекеттік немесе мемлекетаралық нормативтердің болуымен қамтамасыз етілмеген және жоқ нормативтерді алмастыратын арнайы техникалық шарттар (ерекше нормалар) бойынша әзірленген объектілерді салуға арналған жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттамалары бойынша міндетті түрде энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасын өткізіледі.
      Мемлекеттік сараптамаға жататын энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға қойылатын Қазақстан Республикасында қолданыстағы мемлекеттік немесе мемлекетаралық нормативтік талаптарға сәйкес орындалған, энергетика ресурстарын тұтынуға арналған жылдық шығындарының жиынтығы күнтізбелік бір жыл ішінде шартты отынның кем дегенде 500 тоннасына барабар құрылысқа арналған жобаларға (жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттамаларына) бойынша міндетті энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасы жүргізілмейді.
      2. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасының негізгі міндетті ғимараттарды, құрылыстарды, имараттарды салуға арналған жобалау алдындағы және жобалау құжаттамаларының Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында қолданыстағы нормативтік және нормативтік құқықтық актілерімен сәйкестігін белгілеу болып табылады.
      3. Қызметтің осы түрі бойынша аккредиттеу туралы куәлік алған заңды тұлғалар энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасын жүргізу құқығына ие.
      4. Жобалау алдындағы және (немесе) жобалау құжаттамаларын (оның жекелеген бөліктерін немесе бөлімдерін) әзірлеушілер болып табылатын жеке және заңды тұлғалар сарапшылар ретінде осы жобалау алдындағы және жобалау құжаттамаларына энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасын жүргізе алмайды.
      5. Энергия тиімділігі және энергия үнемдеу сараптамасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде өтініш білдірген заңды тұлғаның (тапсырыс берушінің) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      6. Жүргізілген міндетті энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасының нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды жасалады.
      Сараптамалық қорытынды энергия тиімділігі және энергия үнемдеу сараптамасын жүзеге асырған заңды тұлғаның фирмалық бланкісінде беріледі.
      7. Энергия тиімділігі және энергия үнемдеу бөлігінде бекітілген негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштерге әсер ететін өзгерістер енгізілетін жобалар жаңадан әзірленетін жобалар үшін белгіленген тәртіппен қайтадан сараптамадан өткізілуге тиіс.
      8. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігінің міндетті сараптамасына жататын ғимараттардың, құрылыстар мен имараттардың жобалау алдындағы және (немесе) жобалау құжаттамаларында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша бөлім болуға тиіс.
      9. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігінің міндетті сараптамасының оң қорытындысынсыз жобаларды бекітуге тыйым салынады.
      10. Осы баптың 1-тармағында белгіленген, сараптама жүргізілгеннен кейін үш жыл өткен соң бір күнтізбелік жыл ішінде энергетика ресурстарын тұтыну мөлшері шартты отынның 500 және одан көп тоннасына барабар ғимараттарды, құрылыстарды, имараттарды салу немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту (күрделі жөндеу, қайта жаңарту) басталмаған болса, энергия үнемдеу мен энергия тиімділігінің қайта сараптамасы жүргізілгеннен кейін ғана іске асыру үшін пайдаланылуы мүмкін.

      17-бап. Энергия аудитін жүргізу

      1. Қызметтің осы түрі бойынша аккредиттеу туралы куәлік алған заңды тұлғалар энергия аудитін жүргізу құқығына ие болады.
      2. Энергия аудиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде өтініш білдірген тұлғаның (тапсырыс берушінің) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      3. Энергия аудитінің нәтижелері бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі сараптамалық қорытынды жасалады.
      Қорытынды энергия аудитін жүзеге асырған заңды тұлғаның фирмалық бланкісінде беріледі.
      4. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері, әрбір бес жылда кемінде бір рет міндетті энергия аудитінен өтеді.
      5. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері, осы Заң қолданысқа енгізілген күнінен бастап үш жыл ішінде энергия аудитін жүргізу нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды алуға міндетті.

5-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
саласындағы мемлекеттік қолдау

      18-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
              саласындағы мемлекеттік қолдау бағыттары  

      Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) энергия үнемдеу жабдығын пайдалануды ынталандыру;
      2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы білім беру қызметін және іс-шараларды ақпараттық қолдауды жүзеге асыруға жәрдемдесу;
      3) энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспарын іске асыру;
      4) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, оның ішінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында әдістемелік және нормативтік құқықтық базаны әзірлеуді және дамытуды қаржыландыру;
      5) халықтың құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жарату;
      6) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігінің сараптамасын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарын құру;
      7) тұрғын-үй қатынастары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үйлердің, көппәтерлі тұрғын үйлерде үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларға ақы төлеуге көмектесу.

      19-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
              саласындағы келісім 

      1. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы келісім (бұдан әрі - Келісім) уәкілетті орган, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың не астананың) жергілікті атқарушы органы мен энергетикалық ресурстарды жылына 100 000 және одан астам тонна көлемінде шартты отын тұтынатын мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісінің арасында ерікті негізде жасалады.
      2. Энергетикалық ресурстарды жылына 100 000 және одан астам тонна көлемінде шартты отын тұтынатын мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісінің облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына өтініші келісім жасау негізі болып табылады.
      Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісінің энергетикалық ресурстарды тұтыну тиімділігін арттыру есебінен энергетикалық ресурстарды тұтынуды азайту бойынша міндеттемелерін қабылдауы келісім мәні болып табылады. Келісім үш жылдан аспайтын мерзімге жасалады.
      3. 22-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы Келісім жасаған мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілеріне қолданылмайды.
      4. Келісімнің қолданылуы:
      1) тараптардың келісімі бойынша;
      2) бір жақты тәртіпте мерзімінен бұрын тоқталуы мүмкін.
      5. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнамада көзделмеген жағдайларда Келісімді тоқтату азаматтық заңнаманың нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      20-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
               жөніндегі қызметті ақпараттық қамтамасыз ету 

      Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қызметті ақпараттық қамтамасыз етуді орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың субъектілері:
      1) энергия үнемдеу бағдарламаларын талқылау, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануды насихаттау;
      2) энергия тиімділігі жоғары көрсету жобаларын жасақтау бойынша жұмыстарды үйлестіру;
      3) энергия үнемдейтін материалдар мен жабдықтар көрмелерін ұйымдастыруға жәрдемдесу жолымен жүйелі түрде жүзеге асырады. 

6-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
саласындағы қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері

      21-бап. Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторының
               құқықтары мен міндеттері 

      1. Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторы:
      1) мемлекеттік энергетикалық тізілімді құру және жүргізу үшін қажетті ақпаратты мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері мен энергия аудиті және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі сараптамасын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардан сұратуға және алуға;
      2) мемлекеттік энергетикалық тізілім құру бойынша ұсыныстарды уәкілетті органға енгізуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      2. Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторы:
      1) мемлекеттік энергетикалық тізілімнің құрылу мен жүргізілу тәртібін сақтауға және ақпаратты беруден жалтарған немесе жалған ақпарат берген мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері туралы ақпаратты уәкілетті органға беруге;
      2) мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері жүзеге асыратын, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар тиімділігін бағалау мен талдау жүргізуге және уәкілетті органға ақпарат беруге;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

      22-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
              саласындағы қарым-қатынастардың өзге де 
              субъектілерінің құқықтары мен міндеттері 

      1. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы қатынастардың өзге де субъектілері:
      1) мемлекеттік органдарға энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуге;
      2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша уәкілетті органнан ақпарат алуға құқылы.
      2. Жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар:
      1) электр желілерінде қуат коэффициентінің нормативтік мәндерін сақтауға;
      2) энергия тұтыну нормативтерінен аспауға;
      3) энергетикалық ресурстарды, суды өндіруді және беруді жүзеге асыру кезінде жабдықтың, арматураның, құбырлардың, жылу оқшаулаудың ақаулығынан және энергия тұтыну жабдығының жұмыс режимін сақтамаудан туындаған олардың тікелей шығындарына жол бермеуге міндетті.
      3. Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері осы Заңның 9-бабында белгіленген мәліметтерді беруге және мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, энергия аудиті өткеннен кейін 5 жыл ішінде, энергия аудиті қорытындылары бойынша айқындалған шамаға дейін олардың энергетикалық ресурстарды және суды тұтыну көлемімен салыстырмалы жағдайында жыл сайын азайтуды қамтамасыз етуге міндетті.
      4. Энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі сараптамасын жүргізуге аккредиттеу туралы куәлік алған заңды тұлғалар:
      1) энергия аудитін жүргізу тәртібін және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігінің сараптама тәртібін сақтауға;
      2) энергия аудит және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі сараптамасын жүзеге асыру кезінде жол берілген бұзушылықтарды жою бойынша уәкілетті органның нұсқамаларын уақытылы орындауға;
      3) жарты жылдың қорытындысы бойынша 15 шілдеден және 15 қаңтардан кешіктірмей есептік кезең ішінде берілген энергия аудиті мен энергия үнемдеу және энергия тиімділігі сараптамасы бойынша сараптама қорытындыларының барлық куәландырылған көшірмелерін уәкілетті органға жіберуге міндетті.
      5. Энергия аудиті және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі сараптамасын жүзеге асыратын, жеке және заңды тұлғаларды қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіптерді орындауға міндетті.
      6. Жеке және заңды тұлғалар электрлік жүйелерді жобалау барысында тұтынушыларды энергия көздерінен электрмен жабдықтаудың оңтайлы радиусын сақтауға міндетті.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      23-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және
               энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасын
               бұзғаны үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке әкеліп соғады.

      24-бап. Уәкілетті органның лауазымды тұлғасының
              іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасау

      Жеке және заңды тұлғалар, егер уәкілетті органның лауазымды тұлғасының іс-әрекеті (әрекетсіздігі) олардың құқықтарын және заңды мүдделерін бұзса, уәкілетті органның лауазымды тұлғасының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға құқылы.

      25-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібі

      1. Осы Заң:
      2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 9) тармақшасын;
      2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 2-тармағын;
      2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 3-тармағын;
      2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 4-тармағын;
      2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 9-бапты;
      қуаты 100 Вт және одан жоғары қыздыру электр лампалары үшін 2012 жылғы 1 шілдеден бастап, қуаты 75 Вт және одан жоғары қыздыру электр лампалары үшін 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап, қуаты 25 Вт және одан жоғары қыздыру электр лампалары үшін 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 13-баптың 1-тармағын;
      2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 13-баптың 6-тармағын;
      2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 16-баптың 1 және 9-тармақтарын;
      2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 10-баптың 1-тармағын;
      2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 22-баптың 3-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Энергия үнемдеу туралы» 1997 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 24, 343-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат, 2009 ж., № 13-14, 62-құжат, 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады