Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның акцияларын төлеуге беру қағидасы мен шарттарын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 13 қыркүйектегі № 1045 Қаулысы.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңын 114-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.10.2022 № 831 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса берiлiп отырған Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның акцияларын төлеуге беру қағидасы мен шарттары бекiтiлсiн.

      2. "Жекешелендiруге жатпайтын мүлiктi ұлттық компанияларға беру ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы № 1454 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 51, 678-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 13 қыркүйектегі
№ 1045 қаулысымен
бекітілген

Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның акцияларын төлеуге беру қағидасы мен шарттары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның акцияларын төлеуге беру қағидасы мен шарттары (бұдан әрі – Қағида) "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 114-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті (бұдан әрі – мүлік) ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның (бұдан әрі – алушы) акцияларын төлеуге берудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.10.2022 № 831 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1-1. Осы Қағида халықаралық маңыздағы мәртебесі бар теңіз порттарын Алушының акцияларын төлеуге беруге қолданылмайды.

      Ескерту. Қағида 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2012.11.12 № 1431 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет), тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi атқарушы органы (бұдан әрі – жергiлiктi атқарушы орган), мемлекеттік мүлiкті басқару жөніндегі уәкілетті opган (бұдан әрі – уәкілетті орган), не оның аумақтық бөлімшесі, ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар (бұдан әрі – тиісті саладағы уәкілетті орган) және алушылар осы Қағидамен реттелетiн қатынастардың субъектілерi болып табылады.

2. Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның акцияларын төлеуге беру тәртібі мен шарттары

      3. Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлік алушылардың акцияларын төлеуге беріледі.

      4. Мыналар:

      1) мүлік;

      2) мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқықтары алушының акцияларын төлеуге беріледі.

      5. Республикалық мүлiкті, не осы мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқықтарын алушыға беру туралы шешімді Үкімет қабылдайды.

      6. Коммуналдық мүлiкті, не осы мүлікпен иелену және (немесе) пайдалану құқықтарын алушыға беру туралы шешімді жергiлiктi атқарушы орган қабылдайды.

      7. Үкіметтің мүлікті беру туралы шешімінің жобасын дайындауды уәкілетті органның келісімі бойынша тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.

      Үкіметтің мүлікті "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына беру туралы шешімінің жобасын дайындауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

      8. Жергiлiктi атқарушы органның мүлікті беру туралы шешімінің жобасын дайындау уәкілетті органның аумақтық құрылымының келісімі бойынша жүзеге асырылады.

      9. Осы Қағиданың 5 және 6-тармақтарына сәйкес алушыға мүлікті беру туралы шешiм қабылданғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмде беретін және қабылдайтын тараптардың уәкiлеттi лауазымды адамдары қол қоятын және органдардың басшылары бекiтетiн мүлікті қабылдау-тапсыру актiсi (беру актiсi) ресiмделедi.

      Қабылдау-тапсыру актiсi (беру актiсi) мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде, қабылдау-тапсыру актiсiн (беру актiсiн) ресiмдеуге қатысатын тараптардың әрқайсысы үшiн бiр данадан жасалады.

      10. Алушының орналастырылатын акцияларын төлеуге мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқығын енгізген кезде, мұндай құқықты бағалау осы мүлікті пайдалануға төленетін ақының мөлшері негізге алына отырып, алушының оны пайдаланған бүкіл мерзіміне жүргізіледі.

      11. Мүлік алушының меншігіне айрықша жағдайларда мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқықтарын беру алушының шаруашылық жүргізуші субъектісі ретінде одан әрі жұмыс істеуінің, Мүліктің бухгалтерлік есебін тиісінше жүзеге асырудың, мүлікке одан әрі иелік ету қажеттілігімен байланысты ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың, сондай-ақ мемлекет үшін ерекше әлеуметтік, экономикалық маңызы бар өзге де жобаларды жүзеге асырудың мүмкін болмауына әкеп соқтыратын жағдайларда беріледі.

      12. Мүлік, алушының акцияларын кейіннен Қазақстан Республикасының меншігіне берілетін мүлік құнының сомасына беру шартымен алушының жарғылық капиталына төлеуге беріледі.

      13. Алушының акцияларын төлеуге мүлiктi иелену және (немесе) пайдалану құқығын беру осы Қағиданың 1-қосымшасына сәйкес уәкiлеттi органның немесе жергілікті атқарушы органның және алушының арасында үлгі шарт негізінде жасалған тиісті шарт жасасу арқылы жүзеге асырылады. Шарт екі немесе одан көп тараптық тәртіппен жасалуы мүмкін.

      14. Уәкілетті орган алушының акцияларын төлеуге берілетін мүлікті бағалау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.10.2022 № 831 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Жекешелендіруге жатпайтын
мемлекеттік мүлікті ұлттық
басқарушы холдингтің, ұлттық
холдингтің, ұлттық
компанияның акцияларын
төлеуге беру қағидасы
мен шарттарына қосымша

Жекешелендірілмейтін мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның акцияларын төлеуге пайдалану құқығын берудің үлгі шарты

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.11.2024 № 927 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      _____________________________________________________________ (жекешелендірілмейтін мемлекеттік мүліктің атауы)

      ___________ қаласы №____ 20__ ж. "_"_________

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 20__жылғы "__" _______ №_____

      бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік

      мүлік және жекешелендіру комитеті туралы ереженің негізінде әрекет ететін бірінші

      басшы______________________________ тұлғасындағы

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      немесе _________________________________ негізінде, сондай-ақ

      (негіздеме)

      "________________________________________________________" Қазақстан

      Республикасы Үкіметінің немесе жергiлiктi атқарушы органның 20__жылғы "_"

      ______ №___ қаулысының (бұдан әрі – қаулы) негізінде әрекет ететін тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi атқарушы органының (бұдан әрі – жергiлiктi атқарушы орган) уәкілетті тұлғасы ____________________________________________

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      тұлғасындағы бұдан әрі "Меншік иесі" деп

      аталатын_____________________________________________________________

      (мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе тиiстi

      әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi атқарушы органының атауы) бір тараптан және бірінші басшы ____________________________________________ тұлғасындағы

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      бұдан әрі "Алушы" деп аталатын _______________________________________

      (ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның атауы)

      екінші тараптан бірге "Тараптар" деп аталып, төмендегі туралы Үлгі шартты (бұдан әрі – шарт) жасасты.

1. Шарттың нысанасы

      1. Шарттың нысанасы_________________________

      __________________________________________ мекенжайында орналасқан,

      (мүліктің орналасқан жері және қысқаша сипаттамасы)

      бұдан әрі "Мүлік" деп аталатын

      ____________________________________________________________________

      (иелену және (немесе) пайдалану құқығы берілетін мемлекеттік мүліктің атауы)

      жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқығын алушының акцияларын төлеуге беру болып табылады.

      2. Жоғарыда көрсетілген қаулыға сәйкес Мүлікті

      ____________________________________________________________________

      (мүліктің нысаналы мақсаты)

      мақсатында пайдалану үшін оны иелену және (немесе) пайдалану құқығын

      20 ___ жылғы "___" _____ – 20____ жылғы "__" ____ аралығына меншік иесі береді, ал алушы алады.

      3. Мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқығын беру берілетін мүлікке меншік құқығын беруге әкеп соқпайды.

2. Жалпы шарттар

      4. Мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқығын беру қабылдау-беру актісі арқылы жүргізіледі (беру кезіндегі мүліктің нақты жай-күйі қабылдау-беру актісінде көрсетіледі), оған Тараптардың уәкілетті өкілдері қол қояды, сондай-ақ меншік иесі бекітеді және осы шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.

      5. Осы шартқа қол қою арқылы иелену және (немесе) пайдалану құқықтарын беру сәтінде мүліктің кепілге қойылмағаны немесе қандай да бір өзгеше жолмен үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынбағаны, сатылмағаны, тыйым салынбағаны және шарттың қолданылуы кезінде оны шартқа қатысы жоқ тараптардың қандай да бірі талап ете алмайтыны куәландырылады.

      6. Осы шарттың тиісінше орындалуын бақылауды меншік иесі жүзеге асырады.

3. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      7. Меншік иесінің:

      1) Тараптардың келісуі бойынша осы шарттың мерзімін ұзартуға, осы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізуге;

      2) белгіленген мерзімде осы шарттың талаптарының бұзылуын жою қажеттігі туралы алушыны жазбаша хабардар етуге;

      3) егер алушы осы шарттың талаптарын орындамаса, осы шартты бұзуды және залалдарды өтеуді талап етуге;

      4) алушы осы шарттың талаптарын орындамаған жағдайда осы шартты бұзуды және залалдарды өтеуді талап етуге құқығы бар.

      8. Алушының:

      1) меншік иесіне шарттың мерзімін ұзарту, шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе оны бұзу туралы ұсыныстар енгізуге;

      2) меншік иесінен осы шарттың 1-тармағына сәйкес ұсынылмаған мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқықтарын талап етуге құқығы бар.

      9. Меншік иесі:

      1) осы шартқа қол қойылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қабылдау-тапсыру актісін бекітуге және қабылдау-тапсыру актісі бойынша алушыға мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқығын беруді қамтамасыз етуге;

      2) алушыға шартта белгіленген тәртіппен мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтірмеуге;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүліктің нысаналы пайдаланылуын және сақталуын тексеруді жүзеге асыруға міндетті.

      10. Алушы:

      1) қабылдап алған мүлікті шартта көзделген мақсаттарда ғана пайдалануға;

      2) мүлікті лайықты күйде ұстауға, оның бүлінуіне немесе жойылуына алып келетін әрекеттер жасамауға;

      3) мүлікті жарамды жай-күйде ұстауға, өз есебінен ағымдағы, сондай-ақ күрделі жөндеу жүргізуге;

      4) алушының кінәсінен, сол сияқты табиғи тозуына байланысты мүлік, сондай-ақ мүліктің кейбір жекелеген элементтері істен шыққан жағдайда осы мүлікті өз есебінен қалпына келтіруге;

      5) меншік иесінің уәкілетті өкілдерін, санитариялық қадағалау қызметтерінің және мүлікті пайдалану мен қолдануға қатысты заңдар мен өзге де нормалардың сақталуын бақылайтын басқа да мемлекеттік органдардың өкілдерін мүлікті және оған іргелес жер учаскелерін тексеріп-қарауға кедергісіз өткізуге;

      6) осы шарттың 7-тармағының 2) тармақшасына сәйкес меншік иесінің жазбаша хабарламасында көрсетілген бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоюға;

      7) шарт бұзылған немесе мерзімі аяқталған күннен бастап меншік иесіне күнтізбелік отыз күн ішінде қабылдау-тапсыру актісі бойынша мүлікті қайтаруды қамтамасыз етуге;

      8) мүлік жұмыс істемейтін немесе ақаулы күйде (нормативтік көрсеткіштерден артық тозумен) қайтарылған кезде меншік иесіне азаматтық заңнамада белгіленген тәртіппен залалды өтеуге міндетті.

4. Тараптардың жауапкершілігі

      11. Осы шартта көрсетілген міндеттемелерді бұзғаны үшін Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.

      12. Алушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүліктің, өрт және электр қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз ету, техникалық құралдар мен инженерлік жабдықтардың дұрыс пайдаланылуы, мүліктің нысаналы мақсатына сай қолданылуы, сондай-ақ осы шартты тиісінше орындамаудың салдары үшін толық жауаптылықта болады.

5. Шарттың қолданылу мерзімі, оны өзгерту және мерзімінен бұрын тоқтатудың тәртібі мен шарттары

      13. Осы шарт Тараптар осы шартқа қол қойған кезден бастап күшіне енеді.

      14. Тараптардың келісуі бойынша осы шарттың мерзімін ұзартуды қоспағанда, осы шарттың 2-тармағында көрсетілген мерзім өткен соң осы шарт өзінің қолданысын тоқтатады.

      15. Мынадай:

      1) егер қабылданған мүлік нысаналы мақсатына сай немесе тиісінше пайдаланылмаған;

      2) меншік иесінің жазбаша хабарламасында көрсетілген бұзушылықтар жойылмаған;

      3) егер алушы мүлікті әдейі айтарлықтай нашарлатып жіберген;

      4) егер алушы ақылға қонымды мерзімде мүлікке күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізбеген жағдайларда меншік иесі осы шартты біржақты тәртіппен бұзып, мүлік меншік иесіне қайтарылады, алушыға өз міндеттемесін орындауға мүмкіндік бергеннен кейін ғана меншік иесі осы шартты мерзімінен бұрын бұзуды талап етуге құқылы.

      16. Осы шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, шартты мерзімінен бұрын біржақты тәртіппен бұзуға жол берілмейді.

      17. Тараптардың заңдық мәртебесінің, ұйымдық-құқықтық нысанының өзгеруі не Тараптардың бірінің қайта ұйымдастырылуы осы шарттың мәнін өзгертпейді және Тараптар шартты бұзуға, оны өзгертуге ниет білдірген не құқық нормалары оларды қайта ресімдеу талап ететін жағдайларды қоспағанда, осы шарт бойынша барлық құқықтар мен міндеттер олардың мирасқорларына өтеді. Бұл ретте Тараптар қайта тіркеу фактісінен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде заңдық мәртебесінің өзгергені туралы бірін-бірі жазбаша хабардар етеді.

6. Ерекше шарттар

      18. Осы шартқа өзгерістер мен толықтырулар Тараптардың қосымша келісімге қол қоюы арқылы енгізіледі. Шартқа енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қол қойылған кезден бастап күшіне енеді.

7. Еңсерілмейтін күштің мән-жайлары

      19. Осы шарттың мақсаттары үшін "форс-мажор" еңсерілмейтін күш мән-жайларының, яғни төтенше және осы жағдайларда тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, ұрыс қимылдары, төтенше жағдай және т.б.) салдарынан осы шарттың талаптары орындалмаған немесе оның тиісінше орындамау мүмкін болмаған оқиғаны білдіреді.

      20. Еңсерілмейтін күштің мән-жайлары туындаған жағдайда алушы олар басталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жазбаша түрде осындай оқиғаның басталған күнін көрсетіп, меншік иесін хабардар етеді және еңсерілмейтін күштің мән-жайларын растауды ұсынуға міндетті.

      21. Жасалған шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі еңсерілмейтін күштің мән-жайлары әрекет еткен уақытқа мөлшерлес уақытқа шегеріледі.

8. Дауларды шешу тәртібі

      22. Осы шартты орындау барысында туындауы мүмкін Тараптар арасындағы даулар келіссөздер жолымен, ал келісімге қол жеткізілмеген кезде сот тәртібімен шешіледі.

9. Тараптардың деректемелері мен қолдары

      МЕНШІК ИЕСІ: АЛУШЫ:

      Басшы _____________________ Басшы_____________________

      ___________________________ ___________________________

      ___________________________ __________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      лауазымы) лауазымы)

      ___________________________ ___________________________

      ___________________________ ___________________________

      (мекенжайы, деректемелері) (мекенжайы, деректемелері)

      ___________________________ ___________________________

      (қолы) м.о. (қолы) м.о.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады