Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларын және Азаматтарды бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 қарашадағы № 1263 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 7 тамыздағы № 609 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 07.08.2015 № 609 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізiледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 281 бұйрығын қараңыз.


      «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 45-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары;
      2) Азаматтарды бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2011 жылғы 1 қарашадағы
№ 1263 қаулысымен
бекітілген

Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 45-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген.
      2. Осы Қағидалар бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету тәртібін айқындайды.
      3. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – БМСК) – адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін, қолжетімді медициналық қызметтер көрсету кешенін (неғұрлым кең таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттануларды, улануларды және басқа да кейінге қалдыруға болмайтын жай-күйлерді диагностикалау мен емдеуді; инфекциялық аурулар ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды; халықты гигиеналық оқытуды, отбасын, ананы, әкені және баланы қорғауды; халықты қауіпсіз сумен жабдықтау және оның кенеулі тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын қамтитын) тәулік бойы медициналық бақылауы болмайтын, дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек.

2. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету тәртібі

      4. БМСК-ні учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, акушерлер мен мейірбикелер (бұдан әрі – БМСК мамандары) көрсетеді.
      5. БМСК денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекіткен стандарттарға (қызметтер тізбелері, операциялар мен манипуляциялар, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар) сәйкес көрсетіледі.
      6. БМСК шеңберінде мынадай:
      профилактикалық, диагностикалық, емдік, уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамаcы бойынша қызметтер түрлері көрсетіледі.
      7. Профилактикалық қызметтер: профилактикалық тексерулерді, иммундауды, саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттауды, ұтымды және дұрыс тамақтану жөніндегі ұсынымдарды, отбасын жоспарлауды, диспансерлеуді және динамикалық байқауды, жүкті әйелдерді, балаларды, оның ішінде жаңа туған нәрестелерді патронаждауды, әлеуметтік-психологиялық консультация беруді қамтиды.
      8. Диагностикалық қызметтер: БМСК маманының тексеруін, зертханалық және аспаптық зерттеулерді қамтиды.
      9. Емдік қызметтер: жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетуді, денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес емдік манипуляцияларды, белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті дәрілік заттармен және амбулаториялық деңгейде арнайы емдік өнімдермен қамтамасыз етуді қамтиды.
      10. БМСК көрсету кезінде уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Жеке тұлғаның еңбекке жарамсыздығын ресми тану және оны ауыру кезеңінде еңбек міндеттерін орындаудан уақытша босату мақсатында уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын дәрігер жүргізеді.
      11. БМСК Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде көрсетіледі.
      12. БМСК азаматтарға:
      1) бекіту фактісіне қарамастан шұғыл және жедел медициналық көмек көрсеткен жағдайда;
      2) жоспарлы түрде – бекітілуі, алдын ала жазылуы немесе жүгінуі бойынша көрсетіледі.
      13. Азамат БМСК ұйымына алғаш жүгінген кезде БМСК ұйымының тіркеу орнында бастапқы медициналық есеп құжаттары болып табылатын амбулаториялық науқастың медициналық картасы немесе баланың даму тарихы ресімделеді.
      БМСК ұйымдарында пайданылатын бастапқы медициналық есеп құжаттамасы уәкілетті орган бекіткен тиісті нысандарда ғана толтырылады және медициналық ұйымның тіркеу орнында сақталады.
      Бастапқы медициналық есеп құжаттамасының сақталуын қамтамасыз етуді аға тіркеуші, ал фельдшерлік-акушериялық және медициналық пункттерде – БМСК маманы уәкілетті орган белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
      13-1. Дәрігердің қабылдауына жазылу жеке тұлғаның немесе оның өкілінің БМСК көрсететін медициналық ұйымға тікелей өтініш жасауы, телефон байланысы арқылы немесе электрондық цифрлық қолтаңбасыз «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады.
      Ескерту. Қағидалар 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      14. Ауруының жағдайы мен сипатына байланысты БМСК ұйымына қабылдауға келе алмайтын азаматқа БМСК мамандары не шақыру тіркелген күні БМСК мамандарының өтінімі бойынша бейінді мамандар медициналық көмекті үйде көрсетеді.
      14-1. Дәрігерді үйге шақыру жеке тұлғаның немесе оның өкілінің БМСК көрсететін медициналық ұйымға тікелей өтініш жасауы, телефон байланысы арқылы не электрондық цифрлық қолтаңбасыз «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады.
      Ескерту. Қағидалар 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      15. БМСК көрсету кезінде емдеуші дәрігер дәрілік заттарға рецепт жазады. Дәрілік заттар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен нақты дәріхана ұйымы көрсетілмей бекітілген үлгідегі рецепт бланкілеріне ғана жазылып беріледі.
      16. Аталған қызмет түріне медициналық білімі бар аттестатталған мамандарды (дәріхана объектілері жоқ елді мекендердегі дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушериялық пункттер) қоспағанда БМСК ұйымдарының медицина қызметкерлерінің дәрілік заттарды және биологиялық активті қоспаларды беруіне жол берілмейді.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 1 қарашадағы
№ 1263 қаулысымен  
бекітілген     

Азаматтарды бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтарды бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 45-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген.
      2. Осы Азаматтарды бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына (бұдан әрі – БМСК) бекіту тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      3. Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды БМСК ұйымдарына тіркеу – БМСК ұйымдарының БМСК көрсету және азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде оны алу құқықтарын іске асыру бойынша міндеттемелерін тіркеу.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      3-1. БМСК көрсететін медициналық ұйымдарға нақты бекітілген халықтың саны, аумақтық қызмет көрсету учаскелері, учаскелік қызметтің (жалпы практика қызметі) дәрігерлері мен орта медицина персоналы туралы ақпарат бекітілген халық тіркелімінің дерекқорында қалыптастырылады.
      Бекітілген халық тізілімінен БМСК ұйымдарының бөлінісінде бекітілген халықтың болуы туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету және шығындарды өтеу жөніндегі қызметтер берушілерді таңдау қағидаларының талаптарына сәйкес келетін БМСК ұйымдары арасында ТМККК орналастыру үшін негіз болып табылады.
      Ескерту. Қағидалар 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына азаматтарды бекіту тәртібі

      4. БМСК ұйымдарына азаматтар мен оралмандарды бекіту медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы бойынша басқа әкімшілік-аумақтық бірлікте орналасқан жақын жердегі БМСК ұйымына бекітілетін шекаралас аумақтарда тұратын азаматтар мен оралмандарды қоспағанда, тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін, оқитын жері бойынша бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде дәрігерді, медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы негізінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      5. Азамат және оралман БМСК ұйымының біреуіне ғана бекітіледі.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Қағаз түрінде және «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта қалыптастырылатын медициналық ұйымға бекітілу анықтамасы (талоны) (бұдан әрі – бекіту анықтамасы (талоны) азаматтың БМСК ұйымына бекітілгені туралы куәландыратын құжат болып табылады. Қағаз форматтағы бекіту анықтамасын (талонын) медициналық ұйымның медициналық тіркеушісі береді. Электрондық форматтағы бекіту туралы анықтама (талон) медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымның электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық форматта «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беріледі.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      7. БМСК ұйымына бекіту еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік,  Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген өзге де құжат) негізінде БМСК ұйымының жұмыс кестесіне сәйкес кез келген күнтізбелік уақытта жүзеге асырылады. БМСК ұйымына бекіту үшін «электрондық үкімет» веб-порталына жүгінген кезінде сұрау салуды жіберу, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаты (жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген өзге де құжат) және электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      8. БМСК ұйымы бекітуді азаматтар мен оралмандар өз еркімен жүгінген кезде жүзеге асырады.
      Отбасының әрбір мүшесінің жеке басын куәландыратын құжаттары (жеке куәлігі, паспорт, туу туралы куәлік, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен берілген өзге де құжат) болған кезде отбасы мүшелерінің біреуінің еркін нысандағы өтінішінің және отбасы мүшелерінің бекітуге жазбаша келісімінің негізінде отбасы мүшелерін бекітуге жол беріледі.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      9. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттар болған кезде денсаулық жағдайы бойынша БМСК ұйымына өздігінен келуге мүмкіндігі жоқ адамдарды бекіту БМСК ұйымдарында олардың жазбаша немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта жүгінуі бойынша жүзеге асырылады.
      Он сегіз жасқа толмаған адамдарды бекіту, бекітілетін адамның және оның заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжат болған кезде оның заңды өкілдерінің еркін нысандағы өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10. Азаматтар мен оралмандарды БМСК ұйымдарына бекіту бекітілген халық санының нормативтеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      Бекітілген халық санының нормативтері туралы ақпаратты денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға және оралмандарға жеткізеді және БМСК ұйымдарында таныстыру үшін қолжетімді жерлерге орналастырады.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      11. БМСК ұйымдарына азаматтарды және оралмандарды бекітуді өзгерту:
      1) тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін және оқитын жері әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге өзгерген кезде;
      2) БМСК ұйымы қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайларда;
      3) азамат және оралман дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдаған кезде жылына бір реттен жиі емес;
      4) халықты БМСК ұйымдарына бекіту науқаны кезінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      12. Азаматтар мен оралмандар тікелей жүгінген кезде оларды БМСК ұйымдарына бекіткен кезде бұдан бұрын бекітілген БМСК ұйымдарынан есептен шығару бекітілген халық тізілімі арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
      БМСК ұйымдарына «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта бекітілген кезде бұдан бұрын бекітілген БМСК ұйымдарынан есептен шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      13. Азаматтар мен оралмандар БМСК ұйымына бекітуді еркін таңдаған кезде оларға осы ұйым мамандарының үйде қызмет көрсету мүмкіндігі алдын ала келісіледі және бекіту анықтамасында (талонында) көрсетіледі.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      14. БМСК ұйымы жылына бір рет денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органына бекітілген халық туралы ақпарат ұсынады.
      15. Азаматтар мен оралмандарды ТМККК шеңберінде БМСК көрсететін жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларға бекіту осы Қағидаларға сәйкес БМСК ұйымдарына бекіту сияқты жүзеге асырылады.
      Ескерту. Қағидалар 15-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1556 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады