Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2004 жылғы 2 маусымда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстон Республикасының Үкіметі арасындағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 8 желтоқсандағы
№ 1488 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстон Республикасының
Үкіметі арасындағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де
түрлерiне қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы келісім
(2012 жылғы 16 қаңтарында күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 3, 32-құжат)
Бұдан әрi «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстон Республикасының Үкіметі,
ұйымдасқан қылмыстың, есiрткiнiң заңсыз айналымының, терроризмнiң, шекара арқылы адамдардың, көлiк құралдарының, жүктердiң заңсыз өтуiнiң және қылмыстың өзге де түрлерiнiң алдын алу және оларға қарсы тиiмдi күресу мақсатында ынтымақтастықтың маңызды мәнi бар екенiне көз жеткiзе отырып,
бүкiл әлемде есiрткi құралдары мен психотроптық заттарды терiс пайдаланудың және олардың заңсыз айналымының өсуiне алаңдаушылық бiлдiре отырып,
терроризмге қарсы тиiмдi күрес жүргiзуге үшiн өздерiнiң ерiктi түрде бiрлескендерiн растай отырып,
заңсыз көшi-қонға қарсы күрес жөнiнде тиiмдi шаралар қабылдауға ниет бiлдiре отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар өздерiнiң ұлттық заңнамаларының, сондай-ақ Тараптардың мемлекеттерi қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың шеңберiнде ұйымдасқан қылмыстың және қылмыстың өзге де түрлерiнiң алдын алуды, жолын кесудi, ашуды және тергеудi қоса алғанда, оның iшiнде ақпарат алмасу және сұрау салуларды орындау жолымен оларға қарсы күрес саласында ынтымақтасады.
2-бап
1. Тараптар мынадай қылмыс түрлерiне:
- құрамында есiрткi заттары бар өсiмдiктердi заңсыз өсiру, есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын заңсыз дайындауға, контрабандасына, оларды дайындауға пайдаланылатын құралдардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымына, сондай-ақ заңсыз саудалауға;
- заңсыз жолмен табылған ақшаларды немесе сатып алынған өзге де мүлiктердi заңдастыруға;
- терроризмге;
- заңсыз көшi-қонға;
- адамдарды жезөкшелiкке пайдалануға және саудалауға;
- қолдан жасалған ақшалар мен құнды қағаздарды әзiрлеуге және өткізуге;
- меншiкке қарсы қылмыстарға;
- құжаттарды, төлем карточкаларын және өзге де есеп айырысуға және төлем құжаттарын қолдан жасауға және өткізуге;
- қоршаған ортаға қарсы қылмыстарға;
- әсерi күштi улы және жарылғыш заттардың, қару-жарақтың, әскери техниканың, жару құрылғыларының, атыс қаруының және оның оқ-дәрiлерiнiң, ядролық, химиялық, биологиялық және жаппай қырып-жою қаруының басқа да түрлерінің, жаппай қырып-жою қаруын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдар мен жабдықтардың контрабандасына;
- мәдени игiлiктермен заңсыз сауда жасауға;
- экономикалық қылмыстарға;
- компьютерлiк қылмыстарға;
- заңсыз әскерилендiрiлген құрылымдарды ұйымдастыруға, оларға қатысуға және жалдануға;
- халықаралық қорғалатын ұйымдар мен адамдарға шабуыл жасауға;
- адамдарды кепiлге алуға;
- салық заңнамасын бұзуға, сондай-ақ мемлекет алдындағы қаржылық мiндеттемелердi орындамауға;
- сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстарға қарсы күресте ынтымақтасады.
2. Тараптардың келісімiмен ынтымақтастық қылмыстың басқа да түрлерiне қарсы күресте iске асырылуы мүмкiн.
3. Қылмысқа қарсы күрестiң әр түрлi салаларында және криминалистикалық техника жөнiнде өзара ақпарат алу үшiн мамандармен, сондай-ақ криминалистика және криминология саласындағы ғылыми зерттеулердiң нәтижелерiмен алмасады.
3-бап
Құрамында есiрткi заттар бар өсiмдiктердi заңсыз өсiруге, дайындауға, әкелуге, әкетуге және есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын транзиттеуге, оларды дайындауға пайдаланылатын құралдардың және жабдықтардың заңсыз айналымына, сондай-ақ олармен сауда жасауға қарсы күресу мақсатында Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасының шеңберiнде бәрiнен бұрын:
- есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың заңды айналымын бақылау саласындағы жұмыс тәжiрибесiмен алмасатын, сондай-ақ прекурсорлардың заңды айналымнан заңсыз айналымға шығып кету көздерiн жасыру тәсiлдерi туралы ақпаратпен алмасу;
- Тараптар осындай деп таныған есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың заңды айналымнан заңсыз айналымға шығуын болдырмауға бағытталған шараларды бiрлесiп жүзеге асыру;
- есiрткi құралдарын дайындауға, контрабандасына немесе оларды саудалауға қатысты адамдар туралы деректермен, есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды жасырған орындар, көлiк жолдары мен құралдары, шығу жерлерi мен жеткізу пункттерi, сондай-ақ нақты қылмыстық iстердiң ерекше детальдары туралы ақпарат алмасу;
- бiр-бiрiне есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының өсiмдiк тектес және жасанды түрлерiнiң жаңа үлгiлерiн ұсыну, сондай-ақ оларды заңсыз әзiрлеуге пайдаланылатын жабдықтар мен технологиялар туралы ақпарат алмасу;
- есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын заңсыз дайындауға қарсы күресте жедел-iздестiру iс-шараларын бiрлесе жүзеге асыру болады.
4-бап
Осы Келісімге және өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптардың құзыреттi органдары терроризмге қарсы күресу мақсатында өзара мүдденi бiлдiретiн, оның iшiнде:
- жекелеген адамдардың, топтардың немесе ұйымдардың екiншi Тараптың мемлекетiне қатысты терроризм актілерін жасау туралы анықталған пиғылдарын;
- мемлекеттер, шетел үкiметтерi басшыларына және халықаралық ұйымдардың мүшелерiне қарсы бағытталған дайындалып жатқан терроризм актілері туралы ақпарат алмасу жолымен ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Ақпарат алмасу мүдделi Тараптың көмек көрсету туралы немесе осындай ақпарат екiншi Тарап үшiн қызығушылық тудырады деп есептейтiн Тараптың бастамасы бойынша сұрау салу негiзiнде жүзеге асырылады.
5-бап
Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамалары шеңберiнде заңсыз көшi-қонға қарсы күресу мақсатында:
- Тараптар мемлекеттерi тарапынан болған мемлекеттік шекараны бұзу фактілері туралы;
- қаруды, оқ-дәрiлердi, есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды, олардың ұқсастарын және прекурсорларын, жарылғыш, улы және радиоактивтiк заттарды заңсыз әкелуге әрекет ету фактілері және Тараптар мемлекеттерiнiң осы фактiлер үшiн ұсталған азаматтары туралы;
- Тараптар мемлекеттерi азаматтарының және басқа да мемлекеттер азаматтарының шекарадан өтуге құқық беретiн құжаттарды қолдан жасау анықталған фактілері туралы ақпарат алмасады.
6-бап
Тараптар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласында ынтымақтасу мақсатында, өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес:
- ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар адамдар, әсiресе, оны ұйымдастырушылар туралы деректер алмасады;
- ұйымдасқан қылмыстық топтар мен қауымдастықтар туралы ақпарат алмасады;
- олар жасаған қылмыстардың мән-жайы, атап айтқанда, қылмыс жасаған уақыты, орны және тәсiлi, қолсұғушылық объектiлерi, ерекшелiктерi, сондай-ақ олардың қылмыстық әрекеттерiнiң Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық қылмыстық заңнамасымен жiктелуi туралы ақпарат алмасатын болады.
Деректер мен ақпарат алмасу әрбiр нақты жағдайда қоғамдық қауiпсiздiкке елеулi қауiп төндiретiн қылмыстарды анықтау, жолын кесу және тергеу үшiн жүргiзiледi;
- жедел-iздестiру iс-шараларын жүргізу кезiнде өзара iс-қимыл жасасатын болады және осы мақсатта келісілген iс-қимылдарды жүзеге асыратын және өзара кадрлық, материалдық және ұйымдастырушылық көмек көрсететiн болады;
- қылмыс жасау кезiнде қолданылатын құралдардың үлгілерiн бiр-бiрiне беретiн болады.
7-бап
Осы Келісімнiң шеңберiнде ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де түрлерiне қарсы күрес саласында бiрлескен немесе өзара кәсiбилiгiн арттыру үшiн Тараптар мамандар алмасуды жүзеге асырады.
8-бап
1. Көмек көрсету туралы сұрау салу жазбаша түрде жiберiледi. Сұрау салу, растайтын құжаттар және одан кейiнгi хабарламалар Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары арасында тiкелей жолданады. Сұрау салуда:
1) сұрау салатын және сұрау салынатын органның атауы;
2) көмек сұралып отырған iстiң атауы;
3) сұрау салудың мазмұны, сондай-ақ оны орындау үшiн қажеттi мәлiметтер болуы керек.
2. Сұрау салу, растайтын құжаттар және одан кейiнгi хабарламалар сұрау салынған Тараптың мемлекеттік тіліне немесе орыс тіліне аударылады. Көрсетiлген құжаттар сұрау салатын органның елтаңбалы мөрiмен куәландырылады және басқа куәлiктендiрудi немесе түпнұсқалық куәландыруды қажет етпейдi.
3. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуда ұсынылған ақпаратты жеткiлiксiз деп есептесе, ол қосымша ақпарат сұрай алады. Тараптардың құзыреттi органдары сұрау салуларды бiрiншi кезекте орындауға қабылдайды.
9-бап
Тараптар осы Келісімде көзделген ынтымақтастыққа ықпал жасау және бағалау үшiн екi Тарап мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының басшы қызметкерлерiнiң iшiнен Бiрлескен комиссия құрады. Тараптар комиссияның құрамы туралы бiр-бiрiне дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды. Бiрлескен комиссия қажет болған жағдайда өзi арнайы тағайындаған сарапшыларды тартуы мүмкiн. Комиссияның отырыстары қажеттілігiне қарай өткiзiледi.
Бiрлескен комиссияның өкiлеттiктерi мен регламентi Тараптардың жеке келісімдерi жолымен анықталады.
10-бап
Егер де Тараптардың бiрi сұрау салуды орындау немесе өзара iс-қимыл жасау шеңберiнде нақты iс-шараларды жүзеге асыру оның егемендi құқықтарын шектеуге, қауiпсiздiгiне немесе басқа да маңызды мүдделерiне қауiп төндiруге немесе белгiленген құқықтық тәртiп қағидаттарын бұзуға әкеп соғуы мүмкiн деп есептесе, онда көмек көрсетуден немесе осы iс-шараны орындаудан толық немесе iшiнара бас тартулар болуы немесе белгiлi бiр шарттар қойылуы мүмкiн.
11-бап
Тараптар осы Келісімге және Тараптар мемлекеттерiнiң қолданыстағы ұлттық заңнамаларына сәйкес адамдар туралы деректердi беру кезiнде мынадай ережелер қолданады:
- алушыға деректердi берушi Тарап жазып берген мақсаттар мен шарттарда ғана пайдалануға жол берiледi;
- сұрау салу жағдайында деректердi алушы олардың пайдаланылуы және бұл ретте алынған нәтижелер туралы берушi Тарапқа хабарлайды;
- адамдар туралы деректер осы Келісімнiң 13-бабында аталған Тараптар мемлекеттерiнiң орталық құзыреттi органдарына ғана берiлуi мүмкiн. Бұдан әрi деректердi басқа органға беру берген тараптың алдын ала келісімiмен ғана жүзеге асырылады;
- берушi орган адам туралы деректердiң дұрыстығын қамтамасыз етедi және сұрау салудың мақсаттары мен мазмұнының шегiнде және оларға сәйкес берудiң қажеттілігiне көз жеткiзедi. Егер де мұндай әрекет мемлекеттердiң ұлттық заңдарының бiрiнiң қағидасын бұзады немесе тиiстi адамдардың заңмен қорғалатын мүдделерiне қысым жасауы мүмкiн деп болжауға негiз болса, онда адамдар туралы деректердi беру жүзеге асырылмайды. Егер қате деректер немесе берiлмеуi тиiс деректер берiлген болса, алушы органға бұл туралы дереу хабарланады. Алушы орган бұл деректердi түзейдi немесе жояды.
Жеке сипаттағы деректердi беруге қатысты барлық жағдайларда Тараптар берушi Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасының ережелерiн басшылыққа алады.
12-бап
1. Егер Тараптардың бiрi ақпаратты өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасының ережелерiне сәйкес құпия деп таныса, онда Тараптар алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етедi.
2. Осы Келісімнiң шеңберiнде Тараптар алған құжаттама, ақпарат және техникалық жабдықтар берушi Тараптың құзыреттi органдарының алдын ала келісімiнсiз үшiншi тарапқа берiлмейдi.
13-бап
Осы Келісімдi орындау мақсатында барлық байланыстар Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларында белгіленген құзыреттілiк шеңберiнде орталық құзыретті органдар арасында тiкелей жүзеге асырылады.
Мыналар Орталық құзыретті органдар болып табылады:
Қазақстан Республикасы тарапынан:
Бас прокуратура;
Iшкi iстер министрлігі;
Ұлттық қауiпсiздiк комитетi;
Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттiк (қаржы полициясы);
Эстон Республикасы тарапынан:
Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келісімде көзделген ынтымақтастықты орындауға уәкiлетті кез-келген орган не адам.
Құзыреттi органдардың ресми атаулары мен өкілеттiктерi өзгерген жағдайда бұл туралы Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бiр-бiрiне дереу хабарлайды.
14-бап
Қажет болған жағдайда бiрлескен iс-шараларға дайындық және оларды өткізу үшiн Тараптардың орталық құзыреттi органдары алдын ала тергеу сатысындағы нақты қылмыстық iстер бойынша жұмыс кездесулерiн өткізуi мүмкін.
15-бап
Осы Келісімнiң ережелерiнде көзделген ынтымақтастықтың өзге де детальдарын Тараптар немесе олардың өкiлеттігi бойынша орталық құзыреттi органдар жекелеген келiсулер жолымен орнатуы мүмкiн.
16-бап
Осы Келісімдi түсiнуге немесе қолдануға қатысты келiспеушілiктердi Тараптар келiссөздер мен консультациялар жолымен шешедi.
Қажет болған жағдайда Тараптардың тең санды өкiлеттi өкілдерiнен тұратын келісім комиссиясы құрылады, оған даулы мәселелердi peттеу жөніндегі мiндеттер жүктеледi.
17-бап
Егер әрбiр нақты жағдайда басқаша тәртiп келісілмеген болса, Тараптар осы Келісімдi орындау барысында туындаған шығыстарды өз бетiнше көтередi.
18-бап
Тараптардың өзара келісімi бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келісімнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын Хаттамалармен ресiмделедi.
19-бап
Осы Келісім Тараптардың өз мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа екiжақты немесе көпжақты шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды және Тараптардың ынтымақтастықтың өзге де өзара ыңғайлы нысандарын әзiрлеуге және дамытуға бөгет жасамайды.
20-бап
Осы Келісім қол қойылған сәтiнен бастап уақытша қолданылады және әрбiр Тараптың оның күшiне енуiне қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындау туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнiнен бастап күшiне енедi.
21-бап
Ол Келісім белгіленбеген мерзiмге жасалды және Тараптардың бiрi екiншi бiр Тарапқа өзiнiң осы Келісімнiң қолданысын тоқтату ниетi туралы хабарлаған күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде болады.
_________ жылғы ______ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, эстон және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келісімнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiліндегі мәтiнге жүгiнедi.
Қазақстан Республикасының Эстон Республикасының
Yкіметі үшін Yкіметі үшін