"Жолаушылар тасымалдау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 544 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 желтоқсандағы № 1645 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 20 қарашадағы № 1463 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.11.20 № 1463 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Жолаушылар тасымалдау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 544 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 22, 250-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Жолаушылар тасымалдау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы»;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қоса беріліп отырған жолаушылар тасымалдау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген жолаушылар тасымалдау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін жиырма бір күн мерзім өткен соң, бірақ 2012 жылғы 30 қаңтардан ерте емес қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы     
Үкіметінің         
2011 жылғы 29 желтоқсандағы 
№ 1645 қаулысына     
қосымша            

Қазақстан Республикасы     
Үкіметінің         
2007 жылғы 28 маусымдағы   
№ 544 қаулысымен     
бекітілген         

Жолаушылар тасымалдау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары

      Жолаушылар тасымалдау жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде өтініш берушіге қойылатын біліктілік талаптары:
      1) темір жол көлігімен:
      аттестатталған мамандардың (мамандардың тізбесін, аттестаттауды жүргізу тәртібін және қажетті білім көлемін көлік саласындағы уәкілетті орган белгілейді);
      жолаушылар тасымалдауға арналған, тасымалдау үдерісі қауіпсіздігінің техникалық талаптарына сәйкес келетін жеке меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі жылжымалы құрамның;
      тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы шарттың;
      жылжымалы құрамның паркін және басқа да өндірістік активтерді сатып алуға, қалпына келтіруге және (немесе) жаңартуға арналған инвестициялық бағдарламалардың;
      жолаушылар тасымалдау кезінде авариялық жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ авариялардың салдарын жою үшін қажетті құралдар мен ұтқыр бөлімшелердің (оның ішінде шарт бойынша) болуын қамтиды;
      2) қалааралық, облысаралық, ауданаралық (қалааралық, облысішілік) және халықаралық қатынастарда автобустармен, микроавтобустармен:
      Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «Автокөлік құралдарының қауіпсіздігіне қойылған талаптар» техникалық регламенті мен «Жолаушылар тасымалдары бойынша автокөлік қызметтері. Жалпы техникалық шарттар» 1040-2001 ҚР СТ талаптарына сәйкес келетін жеке меншік құқығына жататын, жалға беру шарты негізінде немесе өзге де заңды негіздерде автобустар мен микроавтобустардың;
      автобустар мен микроавтобустарда тахографтардың және оларды Салыстырып тексеру туралы тиісті сертификаттың;
      автобустар мен микроавтобустар иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының және тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарының, сондай-ақ тасымалдауға ұсынылатын барлық жылжымалы құрамға мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу туралы қолданыстағы куәліктердің;
      автобустар мен микроавтобустардың жүргізушілерінде тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінің;
      жеке меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тасымалдаушыға тиесілі жөндеу-өндірістік базасының не ұйыммен(-дармен) жасасқан қызметтер көрсету туралы шарттың;
      автобустар мен микроавтобустарға рейс алдындағы техникалық байқау және жүргізушілерге рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық куәландыру жүргізу үшін білікті персоналдың (инженер-механиктің) (медициналық қызметкердің) немесе осындай қызметті жүзеге асыратын тиісті ұйымдармен шарттардың;
      тасымалдарды жүзеге асыру қауіпсіздігі үшін жауапты тұлғаны белгілей отырып, бұйрық көшірмелерінің болуын қамтиды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады