"Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1659 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Ұлттық әл-ауқат қоры туралы

      Осы Заң Ұлттық әл-ауқат қорының құқықтық жағдайын, қызмет тәртібін, мақсаттарын, міндеттері мен өкілеттіктерін, Ұлттық әл-ауқат қоры мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін, сондай-ақ акциялары (қатысу үлестері) Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі заңды тұлғалардың және Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін өзге де ұйымдардың құқықтық жағдайының жекелеген ерекшеліктерін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жанама иелену – әрбір келесі ұйымның өзге ұйымның акцияларын (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) меншік немесе сенімгерлікпен басқару құқығында иеленуі;
      2) компаниялар – ұлттық даму институттары, ұлттық компаниялар және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу проценттен астамы меншік немесе сенімгерлікпен басқару құқығымен Қорға тиесілі басқа да заңды тұлғалар;
      3) Қордың тобы – Қор, компаниялар, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу проценттен астамы компанияларға тиесілі олардың еншілес ұйымдары, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу проценттен астамы компаниялардың көрсетілген еншілес ұйымдарына тиесілі, осы Заңда оларға қатысты арнаулы құқықтық жағдай белгіленетін заңды тұлғалар.
      Қордың тобына:
      кепілге салынған акцияларын (қатысу үлестерін) сату жөніндегі сауда-саттық Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өткізілмеді деп жарияланған кезде акциялары (қатысу үлестері) Қордың тобына кіретін банктің меншігіне келіп түскен заңды тұлғалар;
      банк кредиторларының мүдделерін қорғау және Қазақстан Республикасы банк жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында акциялары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың меншігіне келіп түскен банктер кірмейді;
      4) Ұлттық әл-ауқат қоры (бұдан әрі – Қор) – ұлттық басқарушы холдинг.

      2-бап. Қазақстан Республикасының Қор туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының Қор туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
      3. Акционерлік қоғамдардың құқықтық жағдайын реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасы, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, Қордың тобына қолданылады.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге кіретін компанияларға Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заңнамасы қолданылмайды.

      3-бап. Қордың акцияларына меншік мәселелері

      Қордың акциялары мемлекеттің ерекше меншігі болып табылады және иеліктен шығаруға жатпайды.

      4-бап. Қордың мақсаты мен міндеттері

      1. Қор қызметінің мақсаты Қордың тобына кіретін ұйымдардың ұзақ мерзімді құнын (құндылығын) ұлғайту, Қордың тобына кіретін активтерді тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыру болып табылады.
      2. Қордың міндеттері:
      1) Қордың тобына кіретін ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін, нарықтық құнын және кірістілігін арттыру;
      2) Қордың тобына корпоративтік басқарудың ең озық практикасын енгізу;
      3) инновациялық үдерістер мен технологияларды әзірлеуге және Қордың тобына енгізуге ынталандыру;
      4) Қазақстан Республикасына инвестициялар тартуға қатысу, сондай-ақ Қордың тобына кіретін ұйымдардың инвестициялық белсенділігі үшін жағдайлар жасау;
      5) ұлттық, салааралық және өңірлік ауқымдағы инвестициялық стратегиялық жобалар әзірлеу және оларды іске асыру, Қазақстан экономикасын жаңғырту және әртараптандыру бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
      6) кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға қатысу, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын ескере отырып, Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту;
      7) осы Заңда белгіленген шарттарда Қазақстан Республикасының экономикасын тұрақты дамытуға ықпал ететін әлеуметтік маңызы бар, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға қатысу болып табылады.

      5-бап. Қор қызметінің принциптері

      Қордың қызметі мынадай:
      1) Қордың жалғыз акционері ретіндегі мемлекеттің мүдделерін сақтау;
      2) Қордың және Қордың тобына кіретін басқа да ұйымдар қызметінің кірістілігі, тиімділігі, транспаренттілігі және есептілігі;
      3) шешімдерді қабылдау мен оларды іске асырудағы жүйелілік пен жеделдік;
      4) Қордың әлеуметтік жауапкершілігі принциптеріне негізделеді.

2-тарау. ҚОРДЫ БАСҚАРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      6-бап. Қордың органдары

      Қордың органдары:
      1) жоғары орган – жалғыз акционер;
      2) басқару органы – директорлар кеңесі;
      3) атқарушы орган – басқарма;
      4) Қордың жарғысына сәйкес өзге де органдар болып табылады.

      7-бап. Қордың жалғыз құрылтайшысы және акционері

      1. Қордың жалғыз құрылтайшысы және акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.
      2. Қордың жалғыз акционерінің айрықша құзыретіне:
      1) Қордың жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе оны жаңа редакцияда бекіту;
      2) Қордың жылдық қаржылық есептілігін бекіту;
      3) Қордың даму стратегиясын бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
      4) Қорды ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату;
      5) Қордың жарияланған акцияларының санын ұлғайту немесе Қордың орналастырылмаған жарияланған акцияларының түрін өзгерту туралы шешім қабылдау;
      6) Қордың директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
      7) Қордың жалғыз акционері айқындаған тізбе бойынша компаниялардың акцияларын иеліктен шығару, сондай-ақ көрсетілген акцияларды сенімгерлікпен басқаруға беру;
      8) Қордың жалғыз акционері айқындаған тізбе бойынша компанияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешу;
      9) Қор басқармасының төрағасын тағайындау және қызметінен мерзімінен бұрын босату;
      10) Қордың есепті қаржы жылындағы таза кірісін бөлу тәртібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау және Қордың бір жай акциясына шаққандағы дивидендтің мөлшерін бекіту;
      11) «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайлар басталған кезде жай акциялар бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдау;
      12) Қордың дивидендтік саясатын айқындау;
      13) осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 19) тармақшасына сәйкес қабылданған Қор Директорлар кеңесінің шешімін бекіту;
      14) банктердің акцияларын сатып алу және иеліктен шығару, сондай-ақ көрсетілген акцияларды сенімгерлікпен басқаруға беру;
      15) корпоративтік басқару кодексін, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтырулырды бекіту;
      16) осы Заңға және (немесе) Қордың жарғысына сәйкес өзге де мәселелер жатады.
      3. Осы баптың 3-тармағының 8) тармақшасында Қор оларда жалғыз акционер (қатысушы) болып табылмайтын компанияларға қатысты мәселелер бойынша шешімдерді Қордың уәкілетті өкілдері компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында кейіннен дауыс беруі мақсатында Қордың акционер (қатысушы) ретіндегі ұстанымын айқындау үшін Қордың жалғыз акционері қабылдайды.
      4. Осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және (немесе) Қордың жарғысымен жалғыз акционердің құзыретіне жатқызылған мәселелер жөніндегі шешімдерді Қазақстан Республикасының Үкіметі жеке қаулы нысанында қабылдайды.
      Қор жалғыз акционерінің шешімдер қабылдауы тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      8-бап. Қордың директорлар кеңесі

      1. Қордың директорлар кеңесі жалғыз акционер сайлайтын төрағадан және мүшелерден тұрады.
      2. Лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қордың директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады.
      Қордың директорлар кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасының Үкіметі мүшелерінің арасынан, Қордың басқарма төрағасынан, тәуелсіз директорлардан және өзге де тұлғалардан қалыптастырылады.
      Директорлар кеңесінің сандық құрамы Қордың жарғысымен айқындалады, бұл ретте тәуелсіз директорлардың саны директорлар кеңесі сандық құрамының бестен екі бөлігінен кем болмауға тиіс.
      3. Қордың директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне мынадай:
      1) Қордың даму жоспарын бекіту;
      2) Қордың даму жоспарының орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу, бекіту, мониторинглеу, іске асырылуын бағалау, беру тәртібін, сондай-ақ оның мазмұнына қойылатын талаптарды белгілеу;
      3) Қордың даму жоспарының орындалуын бақылау мен талдауды, іске асырылуын бағалауды жүзеге асыру;
      4) Қордың даму жоспары шеңберінде Қор қызметінің түйінді көрсеткіштерін айқындау;
      5) Қордың жылдық бюджетін әзірлеу, бекіту, орындау және мониторинглеу тәртібін бекіту;
      6) Қордың жылдық бюджетін бекіту;
      7) тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешу осы Заңмен Қордың жалғыз акционерінің құзыретіне жатқызылған компанияларды қоспағанда, компанияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешу;
      8) акцияларды орналастыру (сату) туралы, оның ішінде жарияланған акциялардың саны шегінде орналастырылатын (сатылатын) акциялардың саны, оларды орналастыру (сату) тәсілі мен бағасы туралы шешім қабылдау;
      9) акцияларды қоспағанда, орналастырылған бағалы қағаздарды Қордың сатып алуы және оларды сатып алу бағасы туралы шешім қабылдау;
      10) Қордың мынадай: тәуекелдерді басқару, демеушілік және қайырымдылық көмек жөніндегі, әлеуметтік жауапкершілік туралы, ақпаратты ашу, кредиттік, индустриялық-инновациялық және өзге де саясаттарын бекіту;
      11) Қордың аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды және жылдық бюджетті бекіту шеңберінде оның қызметтеріне ақы төлеудің шекті мөлшерін айқындау;
      12) мәселелерді жалғыз акционердің қарауына шығару туралы шешім қабылдау;
      13) тәуелсіз директорларға сыйақылардың мөлшері мен оларды төлеу шарттарын айқындау;
      14) Қордың штат санын бекіту;
      15) Қордың директорлар кеңесінің жанынан комитеттер құру туралы шешімдер қабылдау;
      16) Қор басқармасының төрағасын қоспағанда, басқарманың сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, басқарма мүшелерін сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
      17) басқарма төрағасы мен оның мүшелерінің лауазымдық жалақыларының мөлшерін және еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттарын айқындау;
      18) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысын тағайындау, сондай-ақ оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін және ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы берудің мөлшері мен шарттарын айқындау;
      19) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін іске асыру мақсатында бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында орналастырылатын Қор тобына кіретін ұйымдар акцияларының бағасы, саны, орналастыру құрылымы туралы шешім қабылдау;
      20) Қордың ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекіту. Директорлар кеңесі бекітуге тиіс құжаттардың тізбесін ол өз бетімен белгілейді;
      21) жасалуына қатысты «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында ерекше шарттар белгіленген мәмілелердің Қордың тобына кіретін ұйымдар арасында жасалу тәртібін айқындау;
      22) Қордағы корпоративтік басқаруды бағалау тәртібін бекіту;
      23) жиынтығында Қорға тиесілі барлық активтердің жиырма бес және одан көп процентін құрайтын активтердің бір бөлігін немесе бірнеше бөлігін беру арқылы Қордың өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы;
      24) Қордың міндеттемелерін оның өз капиталының он және одан көп процентін құрайтын шамаға ұлғайту;
      25) Қордың басқа заңды тұлғалар акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он және одан да көп процентін сатып алуы;
      26) Қордың облигацияларын, туынды бағалы қағаздарын шығару және Қордың өз капиталы мөлшерінің бір және одан да көп проценті сомасына Қордың өзге де қарыз тартуы шарттарын айқындау;
      27) Қор әкімшілік шығыстарының нормативтері мен лимиттерінің жекелеген түрлерін бекіту;
      28) Қордың жалғыз акционері бекітетін әдістемеге сәйкес Қор директорлар кеңесінің қызметіне жал сайынғы бағалауды жүргізу;
      29) осы заңға сәйкес Қор жалғыз акционерінің, басқармасының немесе Басқарма төрағасының айырықша құзыретіне жататын шешімдерді қоспағанда, директорлар кеңесі бекіткен ішкі құжаттарда көзделген шешімдерді қабылдау;
      30) осы Заңға және (немесе) Қордың жарғысына сәйкес өзге де мәселелер жатады.
      4. Қор жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компанияларға қатысты осы баптың 3-тармағының 7) және 19) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша шешімдерді кейіннен компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдерінің дауыс беруі мақсатында Қордың акционер (қатысушы) ретіндегі ұстанымын айқындау үшін Қордың директорлар кеңесі қабылдайды.
      5. Қор директорлар кеңесінің қызметін, оның ішінде директорлар кеңесі отырысының күн тәртібін қалыптастыратын және Қор директорлар кеңесінің мүшелеріне отырыстың өткізілетіні туралы хабарлама жіберетін Корпоративтік хатшы және Қор қамтамасыз етеді.

      9-бап. Директорлар кеңесінің комитеттері

      1. Барынша маңызды мәселелерді қарау және Қордың директорлар кеңесіне ұсынымдар дайындау үшін Қор директорлар кеңесінің жанынан тұрақты жұмыс істейтін комитеттер құрылуы мүмкін.
      Осы Заңның 14-бабымен көзделген мамандандырылған комитет міндетті түрде құрылады.
      2. Қор директорлар кеңесінің комитеттері Қор директорлар кеңесінің мүшелерінен және нақты комитетте жұмыс істеу үшін қажетті кәсіптік білімі бар сарапшылардан тұрады.
      Егер Қор директорлар кеңесінің қарауына шығарылатын мәселе қандай да бір комитеттің өкілеттігіне кірген жағдайда, ол тиісті мәселені міндетті түрде алдын ала қарайды және ол бойынша қорытынды дайындайды.
      Қор басқармасының төрағасы Қор директорлар кеңесі комитетінің төрағасы болмайды.
      3. Қор директорлар кеңесінің шешімдер қабылдауының сапалық деңгейін арттыру мақсатында Қордың жылдық бюджеті шеңберінде директорлар кеңесі немесе оның комитеттері қарайтын мәселелер бойынша сарапшылар мен консультанттарды, оның ішінде халықаралық дәрежедегілерді тартуға арналған қаражат көзделеді.
      4. Қор директорлар кеңесінің комитеттерін қалыптастыру мен олардың жұмыс істеу тәртібі, олардың өкілеттіктері, сандық құрамы Қордың директорлар кеңесі бекітетін қоғамның ішкі құжаттарымен белгіленеді.

      10-бап. Қордың басқармасы

      1. Қордың басқармасы басқарма төрағасынан, оның орынбасарларынан және өзге де тұлғалардан тұрады.
      2. Қор басқармасының айрықша құзыретіне:
      1) Қордың бағалы қағаздарын айырбастау шарттары мен тәртібін айқындау, сондай-ақ оларды өзгерту;
      2) Қордың акцияларын төлеуге берілген не ірі мәміленің нысанасы болып табылатын мүліктің нарықтық құнын бағалау жөніндегі бағалаушының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына және компаниялардың жарғыларына сәйкес компаниялар акционерлері (қатысушылары) жалпы жиналысының құзыретіне жататын, олар бойынша шешімдерді (осы Заңға сәйкес компаниялар қызметінің мәселелері бойынша Қордың директорлар кеңесі қабылдайтын шешімдерді қоспағанда) Қордың басқармасы немесе басқарма төрағасы қабылдайтын компаниялар қызметі мәселелерінің тізбесін, сондай-ақ осындай шешімдерді қабылдау тәртібін айқындау;
      4) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) меншік және (немесе) сенімгерлікпен басқару құқығымен Қорға тиесілі компаниялардың атқарушы органдарының басшыларын тағайындау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелерін келісу;
      5) инвестициялық шешімдер мен инвестициялық жобаларды іске асырудың толықтығы мен мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу жөнінде компанияларға қатысты жедел шаралар қабылдау;
      6) компанияларға қатысты бірыңғай (оның ішінде компаниялар қызметінің салалары бойынша) қаржылық, инвестициялық, өндірістік-шаруашылық, ғылыми-техникалық, ақшаны басқару жөніндегі, кадр, әлеуметтік және өзге де саясатты қалыптастыру;
      7) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу процентінен астамын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты әдістемелік ұсынымдар мен корпоративтік стандарттарды бекіту;
      8) компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу, келісу, бекіту, түзету, олардың орындалуы мен орындалуына мониторинг жүргізу қағидасын бекіту;
      9) дивидендтік саясатты және компаниялар үшін дивидендтер есептеу нормативтерін бекіту;
      10) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі компаниялар әкімшілік шығыстарының нормативтері мен лимиттерінің жекелеген түрлерін бекіту;
      11) Қордың штат санын және ұйымдық құрылымын бекіту;
      12) Қордың филиалдары мен өкілдіктерін құру туралы шешімдер қабылдау;
      13) Қор басқармасы үшін ұсыныстар әзірлеу мақсатында Қор басқармасының жанынан Қордың, компаниялардың қызметкерлерінен және өзге де тұлғалардан тұратын комитеттер құру туралы шешімдер қабылдау;
      14) Қор немесе оның қызметі туралы қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын құпияны құрайтын өзге де ақпаратты айқындау;
      15) Қордың облигацияларын, туынды бағалы қағаздарын шығарудың және Қордың өз капиталы мөлшерінің бір процентінен аспайтын сомаға Қордың өзге қарызды тартуының шарттарын айқындау;
      16) осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 20) тармақшасында көзделгендерді қоспағанда, Қордың ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекіту;
      17) осы Заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес орталықтанрдырылған қызметтер құру;
      18) жыл сайынғы негізде компаниялар қызметінің нәтижелерін тыңдау және компаниялар қызметінің нәтижелері туралы Қордың директорлар кеңесіне есептер беру;
      19) осы Заңда және (немесе) Қордың жарғысында Қордың басқа органдарының құзыретіне жатқызылмаған өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кіреді.
      3. Қор жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компаниялар қызметінің мәселелері бойынша осы баптың 2-тармағының 3) және 9) тармақшаларында көрсетілген шешімдерді кейіннен компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында уәкілетті өкілдердің дауыс беруі үшін Қордың акционер (қатысушы) ретіндегі ұстанымын айқындау мақсатында Қордың басқармасы немесе басқарма төрағасы қабылдайды.
      4. Қор басқармасы төрағасының құзыретіне «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мәселелермен қатар:
      1) компанияларға және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу проценттен астамын тікелей немесе жанама түрде компаниялар иеленетін өзге заңды тұлғаларға тексерулер (ревизиялар) тағайындау туралы шешімдер қабылдау;
      2) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі компанияларға олардың қызметі мәселелері бойынша орындауы үшін тікелей (жедел) тапсырмалар беру;
      3) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) меншік және (немесе) сенімгерлікпен басқару құқығында Қорға тиесілі компаниялар атқарушы органдарының басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту;
      4) осы Заңға және (немесе) Қордың жарғысына сәйкес өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдау жатады.
      5. Осы баптың 2-тармағының 4)-6) тармақшаларында және 4-тармағында көрсетілген шешімдер Қордың директорлар кеңесі белгілейтін тәртіппен компаниядағы корпоративтік басқару деңгейі ескеріле отырып қабылданады.
      6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде компаниялардың акциялары (қатысу үлестері) сенімгерлікпен басқаруға берілген жағдайда осы баптың 2-тармағының 4) және 5) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген өкілеттіктерді Қор (оның органдары мен лауазымды тұлғалары) және сенімгерлікпен басқарушы іске асырмайды.

      11-бап. Қордың ішкі аудит қызметі

      1. Қордың ішкі аудит қызметін Қор қызметін жетілдіру мақсатында Қордың қаржы-шаруашылық қызметін бақылауды, ішкі бақылау саласында, тәуекелдерді басқару жүйесін, корпоративтік басқару және консультация беру саласындағы құжаттардың орындалуын бағалауды жүзеге асыру үшін Қордың директорлар кеңесі құрады.
      2. Қордың ішкі аудит қызметі Қордың директорлар кеңесіне тікелей бағынады және оның алдында өз жұмысы туралы есеп береді.

3-тарау. ҚОР ТОБЫНДАҒЫ БАСҚАРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      12-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың
               өзара іс-қимылы мәселелері

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың өзара іс-қимылы осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісім:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қор өзара іс-қимылының негізгі принциптерін;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қорға оның қызметі мәселелері бойынша қоятын талаптарын;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдар мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қамтиды.
      Қордың корпоративтік хатшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісім ережелерінің тиісті орындалуын ұйымдастырады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қор акцияларының меншік иесі ретінде Қордың Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыру жөніндегі мақсаттарға Қорды және оның органдарын тиімді басқаруға арналған шарттарды қамтамасыз ету арқылы қол жеткізуіне ықпал етеді.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі атқарушы билік органдары жүйесін басқаратын алқалы орган ретінде, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қордың жедел (ағымдағы) қызметіне араласпайды.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңда көзделген жалғыз акционердің және Қор директорлар кеңесіндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері өкілдігінің өкілеттіктерін іске асыру арқылы ғана Қорды басқаруды жүзеге асырады.

      13-бап. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл

      1. Мемлекеттік органдар мен Қордың, Қордың тобына кіретін ұйымдардың арасындағы Қордың жалғы акционері қызметінің, Қордың директорлар кеңесіндегі мемлекеттік органдар басшыларының мүшелігі шеңберіндегі өзара іс-қимылға жатпайтын өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасының заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен реттеледі.
      2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, Қордың, Қордың тобына кіретін ұйымдардың жедел (ағымдағы) қызметіне мемлекеттік органдар тарапынан араласуға жол берілмейді.
      3. Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде оны беру тікелей көзделген есептілікті қоспағанда, Қордың және Қор тобына кіретін ұйымдардың мемлекеттік органдарға есептілік беруі Қордың интернет-ресурсына тиісті ақпаратты орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік органдарға қажетті есептілікті Қордың интернет-ресурсына орналастыру қағидасын, сондай-ақ есептіліктің тізбесін, нысандарын және орналастыру кезеңділігін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      14-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдар қызметінің
               экономиканы немесе экономиканың жеке алынған
               саласын дамытуға әсерін талдау тәртібі

      1. Қордың тобына кіретін ұйымдар қызметінің экономиканы немесе экономиканың жеке алынған саласын дамытуға әсерін кешенді және объективтік талдау (бұдан – талдау), олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, республикалық бюджеттің қаражатын, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерін пайдаланумен байланысты мәселелерді қоспағанда, Қор директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің қызметі шеңберінде жүзеге асырылады.
      2. Қордың бюджетіне салынған қаражат шегінде Қордың тобына кіретін ұйымдардың сыртқы аудитін, сондай-ақ Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті белгілеген мәселелерді қоя отырып талдау жүргізуге бастамашылық жасауға құқығы бар Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілі Қор директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің тұрақты мүшесі – дауыс беру құқығы бар сарапшы болып табылады.
      Қордың тобына кіретін ұйымдарға жүргізілген сыртқы аудиттің нәтижелері Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ұсынылады.
      3. Директорлар кеңесі Басқарма төрағасына құрамына Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілі кіруі мүмкін талдау жүргізу жөніндегі тексеру тобын құруға не Қордың тобына кіретін ұйымдардың сыртқы аудитін жүргізу туралы тапсырма беруге құқылы.
      4. Қордың тобына кіретін ұйымдарды талдаудың нәтижелері Қордың директорлар кеңесіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ұсынылатын актімен ресімделеді.
      5. Қордың тобына кіретін ұйымдардың тиімсіз қызметі жағдайлары анықталған кезде Қордың органдары осындай ұйым қызметінің тиімділігін арттыру үшін қажетті шаралар қабылдайды.
      6. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, Қор директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің жұмысы барысында алынған ақпаратты өз қызметіне пайдалануға құқылы.

      15-бап. Қордың әлеуметтік маңызы бар және
               индустриялық-инновациялық жобаларды іске
               асыруының ерекшеліктері

      1. Қор және Қордың тобына кіретін ұйымдар Қор қызметінің бағыттары бойынша мемлекеттік саясаттың индустриялық-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық және өзге де салалардағы негізгі бағыттарын ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар және индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға қатыса алады.
      2. Қордың немесе Қордың тобына кіретін ұйымдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі бастамашылық жасайтын рентабельділігі төмен болып табылатын әлеуметтік маңызы бар және (немесе) индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда толық немесе ішінара бюджеттік қаржыландыру және (немесе) мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
      Қор немесе Қордың тобына кіретін ұйымдар іске асыратын әлеуметтік маңызы бар және (немесе) индустриялық-инновациялық жобаларды рентабелділігі төмендерге жатқызу қағидасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      3. Қор немесе Қордың тобына кіретін ұйымдар индустриялық-инновациялық қызметті жүзеге асырған кезде оларға Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.

      16-бап. Қордың және Қордың тобына кіретін ұлттық
               компаниялардың даму стратегиялары және даму
               жоспарлары

      1. Қордың даму стратегиясы – Қордың миссиясын, көрімін, компанияларды басқару жөніндегі мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын және негіздейтін, Қордың тобына кіретін ұйымдардың ұзақ мерзімді құнын (құндылығын) ұлғайтуға, Қордың тобына кіретін активтерді тиімді басқаруға бағытталған құжат.
      Қордың даму стратегиясы Қор қызметінің бағыттары бойынша мемлекеттік саясаттың индустриялық-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық және өзге де салалардағы негізгі бағыттары ескеріле отырып, он жылға әзірленеді.
      2. Даму стратегиясын іске асыру мақсатында Қордың бес жылға арналған даму жоспары әзірленеді. Қор даму жоспарының мазмұнына қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен оның мазмұнына қойылатын ең аз талаптардың негізінде Қордың директорлар кеңесі белгілейді. Компаниялар өз қызметінің саласы шегінде Қордың даму стратегиясын әзірлеуге тартылады.
      3. Компанияларда Қор даму стратегиясының негізінде компаниялардың он жылға арналған даму стратегиялары әзірленеді. Компанияның даму стратегиясын оның директорлар кеңесі бекітеді.
      Компаниялардың директорлар кеңестері өздерінің даму стратегияларын іске асыру мақсатында бес жыл мерзімге арналып әзірленетін даму жоспарларын бекітеді.

      17. Қордың тобындағы басқару принциптері

      1. Қордың тобындағы басқару корпоративтік басқарудың ең озық практикасына сәйкес және мынадай принциптердің негізінде жүзеге асырылады:
      1) компаниялар активтерінің нарықтық құнын ұлғайту;
      2) корпоративтік басқару жүйесінің тиімділігі;
      3) дивидендтік саясаттың тиімділігі;
      4) ақпаратты ашу және ашықтық.

4-тарау. ҚОР ТОБЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      18-бап. Қордың ұлттық әл-ауқатты қамтамасыз етудегі
               ерекше өкілеттіктері

      1. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын арттыру, ұлттық әл-ауқатты қамтамасыз ету мақсатында Қордың мынадай ерекше өкілеттіктері бар:
      1) мемлекеттік емес заңды тұлға немесе жеке тұлға стратегиялық объектіні иеліктен шығаруға ниеттенген жағдайда, сондай-ақ стратегиялық объектіні өндіріп алу қолданылған немесе оңалту немесе конкурстық басқарушы стратегиялық объектіні иеліктен шығарған не кепіл ұстаушы кепілге қойылған мүлікті (стратегиялық объектіні) соттан тыс тәртіппен сатқан, не Қазақстан Республикасының сот актісі негізінде стратегиялық объект өндіріп алынған жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша стратегиялық объектілерді сатып алудың басым құқығы;
      2) акцияларының пакеттері (қатысу үлестері) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған ұйымдардың немесе республика экономикасы үшін маңызды стратегиялық маңызы бар ұйымдардың банкроттығы кезінде конкурстық массаны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша сатып алудың басым құқығы;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен банктердің акцияларын сатып алу құқығы.
      2. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және шарттарда Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттің атынан немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қор немесе жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компания жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы, сондай-ақ, егер осы заңды тұлғаның негізгі қызметі Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындауға және (немесе) оларға ықпал етуге мүмкіндігі бар заңды тұлғадағы жер қойнауын пайдаланудың иеліктен шығарылған құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) акциялар пакетін (қатысу үлесін) сатып алудың басым құқығына ие болады.

      19-бап. Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін
               қызметтерді сатып алу

      1. Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық актілерінде көзделген арнаулы тәртібі Қор және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп процентін тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы Қордың директорлар кеңесі бекітетін қағида негізінде жүргізіледі.
      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың Қор директорлар кеңесі бекітетін қағидаға сәйкес сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу үшін жауапты құрылымдық бөлімшесі болуға тиіс.
      4. Қор осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы мәселелері бойынша бақылауды, әдіснамалық басшылықты, мониторингті және талдауды жүзеге асырады.
      Бақылау осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидасында белгіленген талаптарды сақтауын тексеру және қадағалау жөніндегі Қордың қызметін білдіреді. Қордың осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғаларға қатысты бақылауы Қордың директорлар кеңесі белгілейтін тәртіппен олардың корпоративтік басқару деңгейі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
      5. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүргізу кезінде осы баптың 1-тармағында санамаланған тұлғалар:
      1) тендерге қатысушыларға ұсынылатын тендерлік құжаттамада тендерге қатысушылардың – отандық тауар өндірушілердің және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің бағаларын шартты түрде төмендету жөніндегі талаптарды көздеуге;
      2) отандық тауар өндірушілердің және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің өтінімдерін қарау және тендер жеңімпазын таңдау кезінде бағаларды шартты түрде төмендетуді қолдануға;
      3) тендерге қатысушылардың баға ұсыныстары тең болған кезде отандық тауар өндірушілерге және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерге артықшылық беруге тиіс.
      6. Жергілікті қамту Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесі бойынша айқындалады.
      7. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту жөніндегі ақпарат индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға ол белгілеген нысан бойынша және мерзімде ұлттық басқарушы холдинг атынан шоғырландырылған түрде ұсынылады.
      8. 1-тармақты қоспағанда, осы баптың ережелері екінші деңгейдегі банктерге (Қазақстанның даму банкі мен Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен басқа) және олардың еншілес ұйымдарына қолданылмайды.

      20-бап. Ақшаны басқару

      1. Қор Қордың және барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі заңды тұлғалардың ақшасын басқару бойынша Қордың директорлар кеңесі бекітетін бірыңғай саясатты іске асырады.
      2. Қордың тобына кіретін ұйымдар өзге ұйымдарға, оның ішінде Қордың тобына кіретін ұйымдарға ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен ақшалай нысанда кредиттер (қарыздар) беруге құқылы.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген кредиттерді (қарыздарды) беру тәртібі мен шарттары Қордың директорлар кеңесі бекітетін ішкі кредит саясатында айқындалады.
      4. Қор және Қордың тобына кіретін ұйымдар Қордың директорлар кеңесі бекітетін, онда демеушілік және қайырымдылық көмек көрсету мөлшерінің лимиті көзделетін демеушілік және қайырымдылық көмек көрсету саясатына сәйкес демеушілік және қайырымдылық көмек көрсете алады.

      21-бап. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан
               Республикасының Заңында жасалуына қатысты
               ерекше шарттар белгіленген мәмілелер

      «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелер Қордың тобына кіретін ұйымдар арасында оларды қолданбай, Қордың директорлар кеңесі айқындайтын тәртіппен жасалады.

      22-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдардың өзге заңды
               тұлғалардың акцияларын (қатысу үлестерін) сатып
               алуы

      Бағалы қағаздардың қайталама нарығында акционерлік қоғамдардың дауыс беретін акцияларының отыз және одан көп процентін сатып алудың «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртібі Қорға немесе дауыс беретін акцияларының елу проценттен астамын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты қолданылмайды.

      23-бап. Мүлікке мемлекеттік меншікті оны Қордың
               орналастырылатын акцияларын төлеуге енгізу
               арқылы тоқтату

      1. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
      2. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Қор меншігіндегі басқа мүлікке айырбастау арқылы Қордың меншігіне берілуі мүмкін.

      24-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдарды басқарудың
               жекелеген мәселелері

      1. Қордың тобында Қорға және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп процентін тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты қызметті жүзеге асыратын ішкі аудиттің бірыңғай орталықтандырылған қызметтері, сондай-ақ Қор қауіпсіздігінің орталықтандырылған қызметі құрылуы мүмкін. Ішкі аудиттің орталықтандырылған қызметін, орталықтандырылған қауіпсіздік қызметін құру туралы шешімді Қор басқармасы қабылдай алады.
      2. Барлық дауыс беретін акциялары Қордың меншігінде болатын компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне кіретін мәселелер мына:
      1) жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе жарғыны жаңа редакцияда бекіту;
      2) ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату;
      3) директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
      4) директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар төлеу мөлшері мен шарттарын айқындау;
      5) «алтын акцияны» енгізу және оның күшін жою мәселелерін қоспағанда, осындай компанияның директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылуы мүмкін.
      3. Барлық дауыс беретін акциялары Қордың меншігінде болатын компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне кіретін мәселелер мына:
      1) қызметтің басым бағыттарын айқындау;
      2) акцияларды орналастыру (сату) туралы, оның ішінде жарияланған акциялар шегінде орналастырылатын (сатылатын) акциялардың саны, оларды орналастыру (сату) тәсілі мен бағасы туралы шешім қабылдау;
      3) қоғамның орналастырылған акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды сатып алуы және оларды сатып алу бағасы туралы шешім қабылдау;
      4) атқарушы органның сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысы мен мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын тұлғаны) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
      5) атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын тұлғаның) лауазымдық айлықақыларының мөлшерін және олардың еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы берудің шарттарын айқындау;
      6) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысын тағайындау, сондай-ақ оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің және сыйлықақы берудің мөлшері мен шарттарын айқындау;
      7) корпоративтік хатшыны тағайындау, оның өкілеттік мерзімін айқындау, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ корпоративтік хатшының лауазымдық айлықақысының мөлшерін және оған сыйақы беру шарттарын айқындау мәселелерін қоспағанда, көрсетілген компанияның атқарушы органының құзыретіне жатқызылуы мүмкін.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      25-бап. Қордың және оның лауазымды тұлғаларының
               жауапкершілігі

      Қор, Қордың тобына кіретін өзге де ұйымдар және олардың лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және негіздерде жауапты болады.

      26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткенде қолданысқа енгізіледі.
      2. «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасы 2009 жылғы 13 ақпандағы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009ж., № 2-3, 17-құжат; № 24, 133-құжат; 2011ж., № 5, 43-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады