Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 4 Нормативтік қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Жоғарғы Сотының 21.04.2022 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      ХАБАРЛАНДЫРУ

      Мемлекеттік сатып алу туралы дауларды қарау кезінде сот тәжірибесінде туындаған мәселелерге байланысты, заңнаманы дұрыс әрі біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңы (бұдан әрі – Заң) 2-бабының 1-тармағына сай, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) негізделеді және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК), Заңның және өзге де нормативтік құқықтық актілердің нормаларынан тұрады.

      Соттар осы санаттағы істерді қарау кезінде арнайы заңды, ал арнайы заңмен реттелмеген мәселелер бойынша – АК-нің, Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – АІЖК) және өзге де нормативтік құқықтық актілердің нормаларын басшылыққа алулары қажет. Соттардың өнім берушіні таңдау және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу кезінде туындайтын, қарау тәртібі АІЖК-нің 27-тарауының нормаларымен реттелетін дауларды талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қаралатын, мемлекеттік сатып алу туралы шарттардан туындайтын даулардан ажырата білгендері жөн.

      Заңның 2-бабының 2-тармағында, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады деп белгіленген. Соттар Конституцияның 4-бабының 3-тармағына сәйкес, Республика бекiткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болатынын және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде тiкелей қолданылатынын назарда ұстауға тиіс.

      2. АІЖК-нің 31-бабына сәйкес, мемлекеттік сатып алу туралы даулар бойынша талаптар жауапкердің тұрғылықты жері бойынша қойылады. АІЖК-нің 30-бабының 1-бөлігі бойынша, заңды тұлғаны, заңды тұлғаларды құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын азаматтар тараптар болып табылатын мемлекеттік сатып алу туралы даулар бойынша істерді мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар қарайды.

      Орындалу орны көрсетілген мемлекеттік сатып алу туралы шарттардан туындайтын талаптардың, талап қоюшының таңдауы бойынша, АІЖК-нің 32-бабының 6-бөлігіне сәйкес, шарттың орындалатын жері бойынша да қойылатынын соттардың назарда ұстағандары жөн.

      Заңның 21-бабының 1-тармағына, 31-бабының 2-тармағына, 35-3-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінім (баға ұсынысын) беру мемлекеттік сатып алумен белгіленген талаптарға және шарттарға сәйкес тауарларды беруді, жұмыстарды орындауды, қызмет көрсетуді жүзеге асыруға келісім беру нысаны болып табылады. Осыған байланысты әлеуетті өнім берушіні аталған тәсілдермен жүргізілген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талаптар талап қоюшының таңдауы бойынша шарттың орындалатын жері бойынша да қойылуы мүмкін.

      3. Заңның 10-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сай, әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары бойынша теріс ақпарат беру фактісін анықтаған тұлғалар, сондай-ақ Заңның 11-бабының 4-тармағына сәйкес, тапсырыс беруші, Заңда көрсетілген мерзімдерде сотқа әлеуетті өнім берушіні (өнім берушіні) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюға міндетті. Осы мерзімдер тыйым салынатын мерзімдер болып табылады, бұл мерзімдердің өтуі әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

      Заңның 10-бабы 3-тармағының 2) тармақшасының талабы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларына, олар мемлекеттік сатып алудың тапсырыс берушілері (ұйымдастырушылары) ретінде болатын жағдайларды қоспағанда, қолданылмайды (Заңның 10-бабының 3-тармағы).

      4. Заңның 11-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сай, уәкілетті орган мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың бірыңғай республикалық тізілімін қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады. Осыған байланысты, соттар АІЖК-нің 153-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпайтындықтан, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне қосу туралы арызды қабылдаудан бас тартқандары не оны басқа талаптармен бірге қарау кезінде АІЖК-нің 247-бабының 1) тармақшасының негізінде осы бөлікте іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарым шығарғандары жөн.

      5. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімін қалыптастырудың негіздемелері Заңның 11-бабының 4-тармағымен белгіленген, осы тізілім түпкілікті болып табылады және кеңінен түсіндіруге жатпайды.

      Мемлекеттік сатып алу туралы өздерімен жасалған шарттар бойынша өздерінің міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талаптарды қарау кезінде соттар әділдік пен парасаттылық өлшемдерін АІЖК-нің 6-бабының 6-бөлігіне сай негізге ала отырып, АК-нің 359-бабына сәйкес, өнім берушінің кінәсін азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негіздемесі және тапсырыс беруші үшін туындаған жағымсыз салдар ретінде назарға алулары қажет. Шарт тарабына шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатын шығын келтіруді жағымсыз салдар ретiнде түсіну керек (АК-нің 401-бабының 2-бөлігі). Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы шарт тараптарының жұмыстың орындалу мерзімін өзгерту бөлігінде жасаған қосымша келісімдері де соттардың бағалауына жатады. Заңның 39-бабында мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына не жасалған шартқа өзгерістер енгізудің негіздері белгіленген. Осыған орай, егер тараптар шартқа, жобалау-смета құжаттамасына Заңның 39-бабы 2-тармағының 7), 8) тармақшасына сәйкес өзгерістер енгізбесе, онда жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шартта көзделген жұмыстың орындалу мерзімін өзгерту бөлігінде қосымша келісімдерге сілтеме жасау негізсіз болып табылатынын соттар назарда ұстауға тиіс.

      Заңның 10-бабының 1-тармағына сай, біліктілік талаптары бойынша теріс ақпарат беру фактісі анықталған кезде әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылады.

      Соттар осы фактіні құжатты ұсынбаудан не біліктілік талаптары бойынша тиісінше ресімделмеген құжатты ұсынудан айыра білулері қажет, бұл Заңның 9-бап 1) тармақшасына сай, әлеуетті өнім берушіні біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп тану үшін негіз болып табылады.

      Заңның 8-бабының 7-тармағына сәйкес, осы баптың 2 және3-тармақтарымен белгіленген біліктілік талаптары жеке және заңды тұлғаларға да қолданылады, оларды әлеуетті өнім беруші жұмыстарды орындау жөніндегі қосалқы мердігерлер не жүргізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын қызметтерді көрсету жөніндегі бірлескен орындаушылар ретінде тартуды көздейді.

      Жұмыстарды не көрсетілетін қызметтерді орындайтын қосалқы мердігерлерді (бірлескен орындаушыларды) тартуды көздейтін әлеуетті өнім беруші қатыстырылатын қосалқы мердігерлердің (бірлескен орындаушылардың) біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға ұсынуға тиіс. Қосалқы мердігерлерді (бірлескен орындаушыларды) мемлекеттік сатып алуға қатысуға қатыстыратын әлеуетті өнім беруші конкурстық өтінімдерді беру кезінде ұсынылатын мәліметтердің, соның ішінде қосалқы мердігерлер (бірлескен орындаушылар) бойынша мәліметтердің нанымдылығы үшін толық жауапкершілік көтереді. Қосалқы мердігер (бірлескен орындаушы) нанымсыз ақпарат ұсынған жағдайда да әлеуетті өнім беруші Заңның 10-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде танылуға жатады.

      6. Заңның 31-бабының 9-тармағына сәйкес, тапсырыс беруші баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары бекітілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасына қол қояды және оны ең төмен баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушіге жібереді.

      Әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шарт жобасын оған берген күннен бастап жеті жұмыс күнінің ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасына қол қоюға тиіс.

      Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтару негіздемесі бойынша әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойылған кезде АІЖК-нің 65, 66-баптарына сәйкес, оған шарт жобасының тиісінше жіберілгеніне дәлел келтіруге (мысалы, шарт жобаларының жеткізілгені туралы пошталық хабарлама, өнім берушінің өзі қол қойып алғаны туралы қолхат) не орындалмау себептерін көрсетуге тиіс. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасын жіберу жөнінде өзіне жүктелген міндетті тапсырыс берушінің орындамауы, әлеуетті өнім берушіні шартты жасасудан жалтару негізі бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

      Өнім берушінің бас тарту себептеріне қарамастан, шарт жасасудан жазбаша бас тартуы не өнім берушінің шарттың бірқатар талаптарына өзгерістер енгізу туралы тапсырыс берушінің шарт жобасын жіберу мерзімдері өткенге дейін түскен ұсынысы бұған жатпайды. Тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алуды жариялау кезінде көрсетілген шарттар бойынша шарт жасасуға мүмкіндік бермейтін өзге жазбаша өтініштер де бұған жатпайды.

      Заңның 31-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылған ақпаратта көрсетілген сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сипаттамалары тапсырыс берушінің жасау үшін ұсынған шарттың нақты талаптарына сәйкес келмеуі, сотта әлеуетті өнім берушіні шарт жасасудан жалтарғаны үшін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талаптар қойылған жағдайда әлеуетті өнім берушінің пайдасына түсіндірілуі мүмкін.

      7. Әлеуетті өнім жеткізушіге қойылатын жалпы және арнайы біліктілік талаптарының тізбесі Заңның 8-бабының 2, 3-тармақтарында айқындалған. Осы баптың 9-тармағына сай, Заңның 4-бабының 1-тармағында, 30, 31-баптарында, 32-бабының 4) тармақшасында және 36-бабында көзделген мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілер бiлiктiлiк талаптарына өзінің сәйкес келетiнiн растайтын құжаттарды табыс етпейді. Тапсырыс берушінің тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің, лицензиялардың сапасын, техникалық сипаттамаларын куәландыратын қандай да бір құжаттарды ұсыну жөнінде аталған әлеуетті өнім берушілерге талап қою жөніндегі іс-әрекеттері негізсіз болып табылады және сотта өнім берушіні жосықсыз өнім беруші деп тану туралы талаптар қойылған жағдайда оның пайдасына түсіндірілуі мүмкін.

      Заңның 41 және 42-баптарымен көзделген конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше және арнайы тәртіптерін қолдана отырып мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруды қоспағанда, Заңның 8-бабының 2 және 3-тармақтарымен көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.

      8. Заңның 31-бабы 10-бөлігінің 1) тармақшасының мағынасы бойынша жеңімпаз шарт жасасудан жалтарған жағдайда тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шартты:

      жеңімпаз ұсынған баға сияқты баға ұсынған әлеуетті өнім берушімен;

      мұндай әлеуетті өнім беруші болмаған кезде – баға ұсынысы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім беруші ұсынған бағадан кейін ең төмен болып табылатын әлеуетті өнім берушімен шарт жасасуға құқылы.

      Көрсетілген әлеуетті өнім берушілер жеңімпаз болып табылмайды және шарт жасасудан жалтарған жағдайда мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп таныла алмайды.

      9. Заңда әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің Заңды бұзу фактісі анықталған жағдайда, тапсырыс берушінің осындай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойып сотқа жүгіну міндеті көзделген. Сот талаптан бас тартуды қабылдауға және осы істер санаты бойынша бітімгершілік келісімді бекітуге құқылы емес.

      10. Заңның жалпы ережесінің принципі мемлекеттік ақша қаражатын оңтайлы әрі тиімді жұмсау, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін теңдей мүмкіндік беру, адал бәсекелестік, мемлекеттік сатып алу процесінің жариялылығы мен ашықтығы және отандық кәсіпкерлерді қолдау болып табылады.

      Заңның 39-бабында мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына не жасалған шартқа өзгерістер енгізу негіздемесі көзделген.

      Заңның 39-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы, егер мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілсе және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қабылданған осындай өзгерістің сомасына қосымша ақша бөлу туралы шешім қабылданса, шарттың сомасы ұлғайтылатынын қарастырады.

      Шартқа және жобалық-сметалық құжаттамаға Заңда және АК-нің 654, 655-баптарында көзделген тәртіппен өзгерістер енгізу жөніндегі талаптарды сақтамау мердігерді тапсырыс берушіден ол орындаған қосымша жұмыстар үшін ақы талап ету құқығынан айырады.

      АК-нің 386-бабына сәйкес, шарттың қолданылу мерзімінің аяқталуы шарт бойынша міндеттемелердің тоқтауына әкеп соғатындықтан, мемлекеттік сатып алу туралы шартқа өзгерістер оның қолданылуы кезеңінде енгізілуі мүмкін.

      11. Заңның 4-бабында Заңның өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды реттейтін нормалары қолданылмай жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алу тізбесі көзделген. Осы тізбе түпкілікті болып табылады және кеңінен түсіндіруге жатпайды.

      АК-нің 158-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізілместен жасалған тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету шарттары, оларды өткізу Заң нормаларының қолданылуын көздеген жағдайда жарамсыз болады.

      12. Заңның 45-бабына сай, әлеуетті өнім беруші тапсырыс берушінiң, мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), егер олардың iс-әрекеттерi (әрекетсiздiгi) әлеуетті өнім берушінiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзса:

      1) уәкілетті органға шағым беру арқылы шағым жасауға құқылы, тапсырыс берушінiң мемлекеттiк сатып алу тәсiлiн таңдау туралы, Заңның 5-бабының 10-тармағына сәйкес, мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту туралы өзі қабылдаған шешiмi мемлекеттiк бақылау органдарына шағымдануға жатпайды;

      2) АІЖК-нің 27-тарауының нормаларына сәйкес, мемлекеттік сатып алудың қорытындылары да, сондай-ақ конкурс, аукцион тәсілдерімен өткізілген мемлекеттік сатып алуға қатысуға рұқсат беру туралы шешім де сот тәртібімен даулауға жатады. Прокурордың көрсетілген санаттағы істерді қарауға қатысуы АІЖК нормаларымен реттеледі.

      "Әкімшілік рәсімдер туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңының (бұдан әрі – Әкімшілік рәсімдер туралы Заң) 8-бабының 3-тармағына сәйкес, құқықтық актiнiң қолданылуы тоқтатылғанға дейiн бұл құқықтық актiнi қабылдаған мемлекеттік орган, одан жоғары тұрған мемлекеттік орган не сот оның қолданылуын тоқтата тұруы, өзгертуi немесе күшiн жоюы мүмкiн. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейін конкурстық, аукциондық комиссия мемлекеттік сатып алу кезінде қабылданған шешімдердің күшін уәкілетті органның, мемлекеттік бақылау органдарының, прокуратураның ұсынысы (қаулысы) бойынша жоюға, өзгертуге құқылы. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгеннен кейін конкурстық, аукциондық комиссияның шешімдері Әкімшілік рәсімдер туралы Заңның 8-бабының 2-тармағына сай қолданылуын тоқтатады және мемлекеттік сатып алу туралы шарт талап қою бойынша iс жүргiзу тәртібімен шағымдануға жатады. Күшіне енген шартты өнім берушіні таңдау және шарт жасасу процесінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылу негіздері бойынша жарамсыз деп тану туралы талап қойылған кезде уәкілетті орган АІЖК-нің 65, 66-баптарына сәйкес тиісті дәлелдемелерді (бақылау актісін, бақылау материалдарын) сотқа ұсынуға тиіс. Шарт заң талаптарына сәйкес келмеу негіздері бойынша жарамсыз деп танылған кезде, соттар мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы шешімнің заңсыздығы жөніндегі тұжырымды шешімнің дәлелдеу бөлігінде келтіруге тиіс ("Соттардың Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі 27-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы № 20 нормативтік қаулысының 11-тармағы).

      13. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 желтоқсандағы № 1301 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесінің (бұдан әрі – Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесі) 86-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, конкурстық комиссия конкурсқа қатысу туралы өтінімдерде көрсетілген мәліметтерді нақтылау мақсатында қажетті ақпаратты тиісті мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан жазбаша нысанда сұратады. Конкурстық комиссияның конкурсқа қатысу туралы өтінімді конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіруге байланысты сұраулары мен өзге де іс-әрекеттеріне жол берілмейді. Конкурсқа қатысу туралы өтінімді конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру деп конкурстық комиссияның конкурсқа қатысу үшін берген өтінімді жеткіліксіз құжаттармен толықтыруға, конкурсқа қатысу туралы өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстыруға, тиісті түрде ресімделмеген құжаттарды түзету арқылы сәйкес келтіруге бағытталған іс-әрекеттері түсініледі.

      Конкурсқа қатысушының толық емес және (немесе) теріс мәліметтерді ұсынуы, конкурстық комиссияда қатысушы туралы мәліметтерді сұрату мүмкіндігі болғанына қарамастан, өтінімді қабылдамау үшін негіз болып табылады.

      14. Заңның 26, 26-1-баптарына сәйкес, демпингтік баға мәселелері конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысында жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру кезінде ғана талқылауға жатады.

      Демпингтік бағаны есептеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 623 қаулысымен бекітілген Электрондық мемлекеттiк сатып алуды жүргізу қағидаларының (бұдан әрі – Электрондық мемлекеттiк сатып алуды жүргізу қағидалары) 71, 72-тармақтарымен электрондық мемлекеттік сатып алу жүргізілген жағдайда Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесінің 115, 116-тармақтарымен айқындалады.

      Демпингтік бағаны анықтау кезінде тапсырыс берушінің құжаттаманы дайындауға, сараптама жүргізуге және құрылысқа техникалық әрі авторлық бақылауды жүзеге асыруға жұмсаған сомаларын есептемей, конкурсты ұйымдастырушының жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу үшін ұсынған сомаларын негізге алу қажет.

      15. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесінің 96-тармағы бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурсқа қатысатын әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесінің болуы мәселесін қараған кезде конкурстық комиссия осы конкурста сатып алынатын тауарларды беру, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету нарығында ғана жұмыс тәжірибесін қарайды. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімнің бағасын шартты түрде әлеуетті өнім берушінің бір жылдан бастап, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтағы жұмыс тәжірибесінің болған әрбір жылға жарты пайызға (0,5%), бірақ бес пайыздан аспай азайтады. Бір жылға дейін жұмыс тәжірибесі болған немесе ол болмаған жағдайда осындай пайыз белгіленбейді. Осы өлшемнің конкурстық өтінімнің шартты бағасына жиынтық пайыздық әсері бес пайыздан аспауға тиіс.

      Заңның 1-бабының 4) тармақшасына сай, мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға үмiткер заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум) әлеуеттi өнiм берушi болуы мүмкiн.

      Шартты жеңілдік есебін (соның ішінде Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесінің 96-тармағы бойынша) консорциумға қатысушыға бөлек емес, әлеуетті өнім беруші болып табылатын консорциумның өзіне қатысты жүзеге асырудың дұрыс екенін соттар назарда ұстаулары қажет.

      16. Заңның 15-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын органдар (бұдан әрі-бақылау органдары) бақылау іс-шараларын жүргізудің нәтижелері бойынша бақылау актісін қабылдайды (Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 140-бабының 1) тармақшасы). Бақылау органдары бақылау іс-шараларын өткізудің нәтижесінде бұзушылықты анықтаған кезде мынадай іс-шараларды қабылдайды:

      1) бақылау объектілеріне орындау үшін міндетті ұсынымдар, қаулылар жібереді (Заңның 15-бабы 6-тармағының 1) тармақшасы, 7-бабының 1) тармақшасы);

      2) бақылау объектілерінің лауазымды және өзге де адамдарының іс-әрекеттерінде қылмыс белгілері анықталған фактілер бойынша іс жүргізу шараларын қабылдау үшін бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына береді;

      3) бақылау объектілерінің лауазымды және өзге адамдарының іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған фактілер бойынша бақылау материалдарын әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау үшін уәкілетті органдарға береді.

      Бақылау органдарының іс-әрекеттерімен және шешімімен келіспеген жағдайда ұсыным, қаулы ғана шағымдануға жатады. Бақылау актісі шағымдануға жатпайды.

      Бақылау актісінде көрсетілген мәліметтер іс бойынша дәлелдемелерге жатқызылады және істегі өзге де материалдармен қатар соттың бағалауына жатады. Бақылау органдарының бақылау актісінде келтірген тұжырымдарының басқа дәлелдемелердің алдында қандай да бір артықшылық мәні болмайды.

      Бақылау объектісінің бақылау органдарының іс-қимылы мен шешімдеріне шағым бермеуі олардың Заңды бұзуды мойындауы болып табылады.

      17. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың қорытындылары бойынша тауар биржалары арқылы жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шартты одан әрі орындаудың тиiмсiздiгiн желеу етiп бұзған жағдайда биржалық алымдарды төлеу жөніндегі және брокерлік қызмет көрсету бойынша шығындар өтеуге жатпайды.

      18. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

Б.Бекназаров.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Д.Нұралин.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады