Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «ЕуроХим» МХК» ААҚ арасындағы Қазақстан Республикасында кешенді минералдық тыңайтқыштарды шығару жөніндегі зауыт салу және «Қаратау» фосфоритті бассейні кен орындарын әзірлеу жобасын іске асыру туралы келісім жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Алберт Павлович Рауға Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «ЕуроХим» МХК» ААҚ арасындағы Қазақстан Республикасында кешенді минералдық тыңайтқыштарды шығару жөніндегі зауыт салу және «Қаратау» фосфоритті бассейн кен орындарын әзірлеу жобасын іске асыру туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН «ЕУРОХИМ» МХК» ААҚ АРАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА МИНЕРАЛДЫҚ ТЫҢАЙТҚЫШТАРДЫ ШЫҒАРУ ЖӨНІНДЕГІ ЗАУЫТ САЛУ ЖӘНЕ «ҚАРАТАУ» ФОСФОРИТТІ БАССЕЙНІ КЕН ОРЫНДАРЫН ӘЗІРЛЕУ ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
Бұдан әрі бірге «Тараптар» және жеке-жеке «Тарап» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – «Қазақстан Үкіметі») «ЕуроХим» МХК» ААҚ (бұдан әрі – «Инвестор»),
(А) 1998 жылғы 6 шілдеде Москва қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы екі жақты инвестициялық шарттың (бұдан әрі – «Инвестицияларды қорғау туралы шарт») ережелерін назарға ала отырып;
(В) Инвестордың еншілес компаниясы «ЕуроХим - Тыңайтқыш» ЖШС (бұдан әрі – Жобалық компания) Көкжон (Аралтөбе және Кесіктөбе учаскелері) және Гиммельфарб кен орындарына (бұдан әрі – «Кен орындары») қатысты жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған ашық конкурс жеңімпазы болып табылатынын ескере отырып;
(С) осы Келiсiмнiң 3.2-тармағының анықтамасына сәйкес өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік негізінде және Кен орындарын әзірлеу мен Қазақстан Республикасының Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының ауданындағы тау-кен кешенін және Қаратау қаласында минералдық тыңайтқыш шығаратын зауыт (бұдан әрі – «Зауыт») салу жөніндегі инвестициялық жобасын (бұдан әрі бірге – «Жоба» деп аталатын) іске асыру қажеттігін басшылыққа ала отырып;
(D) Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында,
төмендегі туралы осы келісімді (бұдан әрі – «Келісім») жасасты:
1-бап
Келісімнің мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты өзара тиімді ынтымақтастықтың шарттарын, Тараптардың өзара құқықтарын және міндеттерін, сондай-ақ Жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы халықаралық шарттарға қосу үшін негізгі ережелерді айқындау болып табылады.
2-бап
Қазақстан Үкіметінің міндеттемесі
2.1. Қазақстан Үкіметі осы Келісімнің 2.5-бабына сәйкес Жобаны іске асыруға қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы халықаралық шартты жасасқан, оның ішінде ратификациялаған сәттен бастап үш ай ішінде өз құзыреті және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Үкіметі (бұдан әрі – «Жеткізуші») Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Жобалық компания арасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (бұдан әрі – «Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт») қолданысының барлық кезеңіне айқындайтын Жобалау компаниясы мен ұйым арасындағы табиғи газды жеткізудің ұзақ мерзімді шартын (бұдан әрі – «Жеткізу шарты») жасауды қамтамасыз етеді, онда, оның ішінде мынадай шарттар айқындалатын болады:
1) газ көлемі осы Келісімнің 2.1-тармағында айқындалатын шартты баға бойынша жылына 760 миллион текше метрден аспайды. Тараптар жеткізілетін газдың сапасы ГОСТ 5542-87 ж талаптарына сәйкес болуы тиіс болады деп келіседі;
2) Жобаны іске асыру мақсаттары үшін Зауытқа жеткізілетін табиғи газдың бағасы Сараптамадан кейін осы Келісімнің 3.11-тармағында айқындалғандай анықталатын болады.
Табиғи газды жеткізудің өзге де коммерциялық шарттары Жеткізу шартымен айқындалады.
2.2 Қазақстан Үкіметі өз құзыреті шеңберінде тиісті мемлекеттік органдардың барлық келісімдерді, лицензияларды, Жобаны іске асыру үшін қажетті шетел жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат пен жұмыс визаларын қоса алғанда, рұқсаттарды ең қысқа уақытта, бірақ кез келген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай рұқсаттар алынуы тиіс күннен кешіктірмей қарауды, беруді және жаңартуды қамтамасыз етеді. Қазақстан Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Жобалық компанияның барлық шетелдік жұмыскерлеріне де, Жобаны іске асыруға тартылған оның мердігерлері мен жеткізушілеріне де арналған құжаттарды қарау және визалар беру жөніндегі шараларды уақытылы қабылдайтын болады.
2.3 Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт қолданысы кезеңінде Қазақстан Үкіметі Инвестордың Қазақстан Республикасында Жобаны іске асыруға арналған эксклюзивті құқығын растайды.
2.4 Қазақстан Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Жобалық компанияның инвестициялық келісімшарт негізінде инвестициялық преференциялар алуын қамтамасыз етеді.
2.5 Қазақстан Үкіметі осы Келісімнің 3.11-тармағына Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне ТЭН-ді және Сараптаманы ұсынып, Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі Жобаның Қазақстан Республикасы үшін оң әсерін растағаннан кейін өз құзыреті шеңберінде Жобаға және 2012 жылғы 1 қаңтардан кейін жер қойнауын пайдаланушы ретіндегі Жобалық компанияға инвестициялық салық преференцияларын ұсыну мүмкіндігіне арналған Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасының тұрақтылығы туралы ережелерді көздейтін Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Жобаны (бұдан әрі – «Халықаралық келісім») іске асыруға қатысты халықаралық шартты жасасу, оның ішінде ратификациялау үшін барлық іс-қимылдарды жасайды. Тараптар, егер Қазақстан Үкіметі осы Келісімнің 2.1-тармағы мен 2.5-тармағындағы міндеттемелерді Ресей Федерациясы Үкіметінің Халықаралық келісімді жасасудан бас тарту немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің Халықаралық келісімді ратификациялаудан бас тарту себебі бойынша орындау мүмкін болмаған жағдайда бұл жағдаят Қазақстан Үкіметінің осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындамағаны болып саналмайды.
2.6 Қазақстан Республикасының Үкiметi Бiртұтас Экономикалық Кеңiстiк шеңберінде іске асырылатын Жобаға қатысты кедендік режимнің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесуге міндеттенеді.
3-бап
Инвестордың міндеттемесі
3.1 Жер қойнауын пайдалануға арналған Келісімшартқа сәйкес Инвестор Жаңатас қаласының ауданында тау-кен кешенін салуға, геологиялық барлау жүргізуге және Кен орындарында фосфориттер өндіруді жүзеге асыруға міндеттеме алады.
3.2 Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген фосфор шикізатын қайта өңдеу және минералды тыңайтқыштарды шығаруды ұйымдастыру мақсатында Инвестор Қаратау қаласында қуаттылығы жылына кемінде бір миллион төрт жүз мың тонна дайын өнім оның ішінде, селитралар (кеуектісін қоса алғанда) – алты жүз мың тонна, NP (азотты-фосфорлы тыңайтқыш) + NPK (азотты-фосфорлы-калий тыңайтқышы) – сегіз жүз мың тонна шығаратын кәсіпорын салуға міндеттеме алады. Тараптар көрсетілген конфигурациядағы Зауыт салуды бастау үшін қажетті шарттар:
1) осы Келісімнің 2.1-тармағына сәйкес Жеткізу шартын жасасу және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инвестициялық келісімшартқа қол қоюы;
2) Жобаның ішкі табыс нормасының (IRR) 14%-ы (он төрт пайызы) осы Келісімнің 3.11-тармағына сәйкес Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі сараптамасының нәтижелері бойынша растау алу болып табылатынына келіседі.
3.3 Инвестор осы Келісімнің 2.1-тармағына сәйкес Шартқа қол қойылған күнінен бастап бес жыл ішінде Жобаны жүзеге асыруға кепілдік береді.
3.4 Тау-кен, құрылыс, өндірістік және өзге де жұмыстарды жүргізу кезінде Инвестор Қазақстан Республикасының барлық қолданыстағы заңнама нормаларын сақтауға міндеттеме алады.
3.5 Инвестор әлеуметтік–экономикалық даму және қызметтің өзге де салалары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-қимыл жасасуға,, сондай-ақ жергілікті кадрларды дайындауға қатысуға міндеттеме алады. Әлеуметтік салаға бөлінетін тікелей инвестициялардың көлемі Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көрсетілген деңгейден төмен болмайды.
3.6 Инвестор Жобаны іске асыру өңірдің жергілікті халқына (Қаратау қаласы мен Жаңатас қаласы, Жамбыл облысы) басымдықпен жаңа жұмыс орындарын ұсыну саясатын іске асыруға міндеттеме алады.
3.7 Инвестор Қазақстан Республикасының аумағында Жобаны іске асырудан түсетін пайданы барынша көбейту мақсатында Инвестордың мұқтаждығы үшін Қазақстан Республикасынан экспортталатын фосфат шикізатын қоса алғанда, өндірілген өнімді экспорттау кезінде нарықтық баға белгілеуді пайдалануға міндеттеме алады.
3.8 Инвестор немесе Жобалық Компания Жобаны іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасына импорттайтын хлорлы калий бағасын Ресей Федерациясының Федералдық монополияға қарсы қызметі бекіткен күрделі минералды тыңайтқыштарды өндірушілердің хлорлы калийді сатып алуға кемсітушіліксіз қол жеткізу қағидаларына және Ресей Федерациясында қолданылатын шарттық практикаға сәйкес айқындалатын қосымша дисконтқа сай анықталатын ең төменгі экспорттық бағалар деңгейінде белгілеуге міндеттеме алады.
Инвестордың осы анықтамаға сәйкес хлорлы калийді белгіленген бағадан төмен бағамен жеткізуге құқылы.
3.9 Инвестор Қазақстан Республикасында өндірілетін минералды тыңайтқыштарды Қазақстан Республикасының ішкі нарығына экспорттық жеткізулерге қатысы бойынша нарықтық бағадан жоғары бағамен басым тәртіппен жүзеге асыруға міндеттеме алады.
3.10 Инвестор өзі құрған диструбациялық жүйесін, сондай-ақ шетел нарықтарына қол жеткізуді қамтамасыз ету саласындағы елеулі тәжірибесін пайдалануға, Жобаның түпкілікті өнімін Ресей Федерациясына, ТМД елдері мен алыс шетелдерге сату үшін демпингке қарсы және қорғау тексерулеріне қатысуға міндеттеме алады.
3.11 Инвестор жоғарыда көрсетілген 2.1-тармағындағы табиғи газдың шарттық бағасы мәніне орай егжей-тегжейлі техникалық-экономикалық негіздеме жасауға (бұдан әрі – «ТЭН»), сондай-ақ ТЭН-ге ірі халықаралық қаржы ұйымдары тартатын халықаралық танылған сараптама ұйымының сараптау («Сараптау») жүргізуін және ТЭН мен Сараптаманы Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне тапсыруға міндеттеме алады.
Егер сараптама нәтижесі бойынша Жобаның ішкі табыс нормасы (IRR) 14%-дан (он төрт пайыз) асатыны анықталса Жобаны іске асыру мақсаты үшін Зауытқа жеткізілетін табиғи газдың түпкілікті шарттық бағасы келісімді ішкі табыс нормасы (IRR) 14% (он төрт пайыз) деңгейінде белгіленіледі, бірақ Жобаның әр күнтізбелік жылына Қазақстан Республикасындағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары үшін табиғи газ бағасының ең төменгі деңгейінен аспайды.
Ешқандай өзге шарттар немесе жағдаяттар (инвестицияның нақты көлемінің, шикізат, ресурстар мен түпкілікті өнім бағаларының, сондай-ақ операциялық және өзге де шығыстардың көбеюін немесе азаюын қоса алғанда, бірақ онымен шектелмей) Жобаны іске асыру мақсаттары үшін Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы кезеңінде Зауытқа жеткізілетін табиғи газдың шарттық бағасын өзгертуге негіз болып табылмайды.
4-бап
Қолданылатын құқықты және дауларды шешу тәртібі
4.1 Осы Келісім (оның ішінде оны жасасу және осы Келісімнің қолданылуы, пәрменділігі немесе қолданысының тоқтатылуына қатысты кез келген мәселелер) Қазақстан Республикасының материалдық құқығына сәйкес реттеледі және түсіндіріледі.
4.2 Осы Келісімге орай пайда болатын немесе қатысты кез келген дау, келіспеушілік немесе талаптар не оны бұзу, тоқтату немесе қолданылмауы Тараптардың Тиісті тарапқа (бұдан әрі – Өтініш беруші) Өтініш беруші дауға қатысатын қарсы Тарапқа жіберетін егжей-тегжейлі түсіндірмелерімен ілесе жүретін жазбаша хабарлама мәні болады. Егер мұндай дау жоғарыда ескертілген жазбаша хабарлама берілген күннен бастап алты ай ішінде шешілмесе, онда мұндай дауды осы Келісімнің 4.3-тармағына сәйкес төрелік шешуге тиіс.
4.3 Осы Келісімнен туындайтын немесе оған не оны бұзуға, оның қолданысын тоқтатуға немесе оның қолданылмауына қатысты кез келген дау, келіспеушілік немесе талаптар ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентіне сәйкес төрелікте шешілуі тиіс.
1) Құзыретті орган: London Court of International Arbitration (Халықаралық Лондон төрелік соты);
2) Төрешілер саны: біреу;
3) Төрелік талқылау орны: Лондон, Ұлыбритания;
4) Төрелік талқылау тілі: ағылшын.
4.4 Төрелік талқылауға ұмтылатын Тарап екінші Тарапқа дауды төрелік талқылауға беретін күннен кешіктірмей жазбаша хабарлама жібереді.
4.5 Осы Баптың ережелері осы Баптың кез келген басқа ережелерінің заңсыздығына, қолданылмаушылығына немесе заңды күшінің жоқтығына қарамастан, жарамды және талап-арыз күші бар болып табылады.
4.6 Төрелік соттың шешімі түпкілікті, міндетті болып табылады және орындалуға тиіс.
5-бап
Келісімді бұзу
5.1 Осы Келісім Тараптардың өзара келісуі бойынша не екінші Тарапқа Келісімді бұзу ниеті туралы хабарлама (бұдан әрі – Келісімді бұзу ниеті туралы хабарлама») беру жолымен бір Тараптың бастамасы бойынша және тек осы Келісімнің тиісінше 2 және 3-баптарында көзделген кез келген міндеттемелердің бірін тиісті Тарап орындамаған жағдайда (бұдан әрі – «Міндеттемелерді орындамаған жағдайлар») ғана бұзылуы мүмкін.
5.2 Келісімді бұзу ниеті туралы хабарлама негізді болуы және нақты жағдайға немесе тиісті Тарап Келісімді бұзу ниеті туралы мұндай хабарламаға себеп болған (бұдан әрі – «Жауап беруші») міндеттемелерді орындамаған жағдайларға нұсқауды қамтуы тиіс. Келісімді бұзу ниеті туралы хабарлама берілгеннен кейін Тараптар отыз (30) күнтізбелік күн (бұдан әрі – «Консультациялық кезең») немесе Тараптар арасында осы Келісімді бұзуды болдырмау үшін қандай шаралар қабылдануы тиіс екендігі туралы жазбаша түрде келісілген барынша ұзақ кезең ішінде келіссөздер жүргізуі тиіс. Тараптар қандай шараларды қабылдау қажеттігін өзара келіскен жағдайда немесе Жауап беруші тиісті Консультациялық кезең немесе Тараптар жазбаша келіскен барынша ұзақ уақыт ішінде міндеттемелерді орындау жағдайларын түзетсе Келісімді бұзу ниеті туралы хабарлама дереу және автоматты түрде қолданысын тоқтатады.
5.3 Консультациялық мерзім өткеннен кейін және егер (i) Тараптар өзгеше уағдаласпаса немесе (ii) Келісімді бұзу ниеті туралы хабарламаны беруге себеп болған міндеттемелерді орындамау жағдайларын Жауап беруші түзетпесе, Келісімді бұзу ниеті туралы хабарлама берген тиісті Тараптың Жауап берушіге Келісімді бұзу ниеті туралы хабарлама беру жолымен осы Келісімді бұзуға құқығы бар («Бұзу туралы хабарлама»), бұдан соң бұл Келісімнің дереу қолданысы тоқтатылады.
Осы Келісім бұзылған сәттен бастап Тараптардың осы Келісімді бұзу сәтіне дейін пайда болған міндеттемелерді қоспағанда, Келісім бойынша қандай да бір міндеті болмайды.
5.4 Тараптардың бұл Келісімде көзделген осы Келісімді бұзуға арналған құқығын жүзеге асыруы Тараптардың әрқайсысының осы Келісімде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқықтық қорғаудың басқа да құралдарын жүзеге асыруын жоққа шығармайды.
5.5 Халықаралық Келiсiм күшке енгеннен кейiн Келісімнің 2-бабына сәйкес Қазақстан Үкіметінің міндеттемелерді орындалмауына байланысты осы Келісім бұзылған жағдайда Қазақстан Үкіметі өтеу шарты Зауыттың құрылысы басталғанға дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инвестициялық келісімшартта айқындалатын өнемақыны Инвесторға төлеуге міндеттеме алады.
Халықаралық келісім күшіне енгенге дейін Инвестор шеккен ТЭН-ді әзірлеу шығыстарын қоса алғанда, Жобаны iске асыруға қатысты тәуекелдерді Инвестор дербес көтереді.
6-бап
Өзге де ережелер
6.1. Қазақстан Үкіметі тарапынан осы Келісімнің ережелерін орындау үшін үйлестіруді және бақылауды Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жүзеге асырады.
6.2. Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге, оның ішінде қажет болған жағдайда шектеулі регресс құқығы бар Жобаны қаржыландыруды табысты ұйымдастыру мақсатында өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар ажырамас бөлігі болып табылады және хаттамалармен ресімделеді.
6.3. Осы Келісім Тараптар арасындағы жазбаша нысандағы өзара келісім жағдайларынан басқа, кез келген Тараптың келісуіне жатпайды.
6.4. Осы Келісім жиырма бес жылға жасалады және Қазақстан Республикасы Үкiметiнің тиісті қаулысы қабылданып, осы Келісімнің Тараптары қол қойған күнінен бастап күшіне енеді.
6.5. Осы Келісімнің қолданысының тоқтатылуы оның қолданысы кезеңінде осы Келісім шеңберінде жасалған шарттарда көзделген міндеттемелерді орындауға қатысты болмайды.
6.6. Осы Келісімге Қазақстан Республикасы Астана қаласында 2011 жылғы __________________ әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада қол қойылды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтіннің басым күші болады.
Қазақстан Үкіметі үшін «ЕуроХим» ХМК» ААҚ үшін