Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы "Сарыбұлақ - Зимұнай" газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 наурыздағы № 368 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы "Сарыбұлақ – Зимұнай" газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ вице-министрі Болат Оралұлы Ақшолақовқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Сарыбұлақ – Зимұнай» газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.07 № 1410 Қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2012 жылғы 29 наурыздағы
№ 368 қаулысымен   
мақұлданған     

      Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Сарыбұлақ – Зимұнай» газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы
келісім

      Ескерту. Келісім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.07 № 1410 Қаулысымен.

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі:
      2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелік келісімді басшылыққа ала отырып,
      осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген ұйымдардың Қазақстан Республикасы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан блогында мұнайды және газды барлау мен өндіру бойынша жұмыстарды жүргізетінін және осы ұйымдардың тепе-теңдік, өзара пайда және ұзақ мерзімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделе отырып, Сарыбұлақ кен орнынан Қытай Халық Республикасына табиғи газды экспорттауға өзара уағдаластыққа қол жеткізетінін назарға ала отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы кешенді әріптестікті дамыту мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысындағы Сарыбұлақ газ кен орнын Қытай Халық Республикасы Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының Зимұнай қаласына Қазақстан Республикасының «Майқапшағай» Қытай Халық Республикасының «Зимұнай» шекаралық пункттері арқылы біріктіретін жиынтықтаушы жүйесімен «Сарыбұлақ мұнай» газ құбырын (бұдан әрі – газ құбыры) салу мен пайдалануды қолдауға келісті. Газ құбырының жобалық өткізу қуаты жылына 500 млн. текше метрді құрайды.

2-бап

      Газ құбырын жобалау, салу мен пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі – ұйымдар):
      1) қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының аумағындағы газ құбыры учаскесіне жауапты болатын «Тарбағатай Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (қазақстандық ұйым);
      2) қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасының аумағындағы газ құбыры учаскесіне жауапты болатын «Шыңжан Гуаньхэй Зимұнай ТГС даму» жауапкершілігі шектеулі қоғамы (қытайлық ұйым).
      Ұйымдарды өзгерту Тараптардың жазбаша келісімін талап етеді және осындай өзгерту туралы ақпарат дипломатиялық арналар арқылы беріледі.
      Газ құбырын салу мен пайдаланудың негізгі қағидаттары, сондай-ақ газ құбырымен тасымалданатын табиғи газ экспортының шарттары, оның ішінде 10 жылға дейін тұрақты жеткізілім кезеңі туралы шарт Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес ұйымдар арасындағы келісімде және келісімшартта көрініс табады.

3-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамасы шеңберінде ұйымдарға газ құбырын салу мен пайдалануға қажетті жерді, өкілеттіктер мен рұқсаттарды алуға жәрдем көрсетеді.
      Ұйымдар газ құбырын тиісінше салу мен пайдалануды қамтамасыз ету үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес барлық қажетті шараларды қабылдайды.

4-бап

      Газ құбыры арқылы газ тасымалдау жөніндегі қызметтер ұсынылған жағдайда, мұндай қызметтер көрсету Тараптар аумағындағы газ құбыры учаскелерінің орналасуына байланысты табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу саласындағы Тараптардың ұлттық заңнамасында реттеледі. Газ құбырын жобалау мен салуды қаржыландыру толығымен ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

5-бап

      Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасының аумағында есепке алу аспаптарының көрсеткіштері газ құбыры арқылы өтетін газды кедендік декларациялау кезінде пайдаланылатын газ өлшеу станциясын салуға келісті. Газ тасымалдау көлемін өлшеу нәтижелерін салыстырып тексеру мақсатында Қытай Халық Республикасы аумағында Зимұнай қаласында резервтік газ өлшеу станциясы салынатын болады.
      Тараптар өз мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамасы шеңберінде газ құбырын салу мен пайдалану кезеңінде ұйымдарға табиғи газды шекаралық және кедендік бақылау, метрология және стандарттау саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша жәрдем көрсетеді.
      Тараптар осы Келісімнің шеңберінде салынған Қазақстан Республикасының аумағындағы бірыңғай газбен жабдықтау жүйесі объектілеріне газ және газбен жабдықтау саласындағы Қазақстан Республикасының ұлттық операторы (бұдан әрі – ұлттық оператор) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен орталық жедел-диспетчерлік басқаруды қамтамасыз ету үшін техникалық, технологиялық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.

7-бап

      Табиғи газды газ құбыры арқылы жеткізу мынадай шарттарды ескере отырып, жүзеге асырылады:
      Қазақстан Республикасының ішкі нарығын газбен жабдықтау үшін жоспарланатын инфрақұрылымның қуаты шеңберінде болуы мүмкін Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысына табиғи газ көлемін жеткізе отырып, Сарыбұлақ кен орнынан Қазақстан Республикасының ішкі нарығының газбен басым қамтамасыз етілуі, бұл ретте қазақстандық тұтынушылар үшін жеткізілетін газдың бағасы Қазақсан Республикасының заңнамасымен реттелуі және осы кен орнынан Қытай бағытына жеткізілетін газдың бағасынан аспауы тиіс.
      Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасының ішкі нарығының қажеттілігінен тыс газ көлемінің экспортталуы, бұл ретте Қытай Халық Республикасы Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының Зимұнай қаласындағы газды қайта өңдеу зауытында өндірілген сұйылтылған табиғи газды өткізу технологиялық мұқтажға пайдаланылған газдың көлемін және Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысында табиғи газ түрінде тұтынған көлемді шегерумен Сарыбұлақ кен орнында өндірілетін газдың кемінде 50 %-ы көлемінде Қазақстан Республикасының ішкі нарығында басым қамтамасыз етіледі;
      ұйымдар газ құбырының трассасы бойында орналасатын елді мекендердің шекараларына дейін бұруларды салу жөніндегі міндеттемелерді өздеріне алады.

8-бап

      Қытай ұйымы өз есебінен Қазақстан Республикасының аумағында басқа газ көздерінің маңында табиғи газды сұйылту (бұдан әрі – ТГС зауыты) бойынша қазіргі заманғы зауытты жобалау мен салу жөніндегі міндеттемені өзіне алады.
      ТГС зауытын газбен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан тарапы зауытты пайдалану кезеңінде газ жеткізу бойынша жәрдем көрсетеді. Сұйылтылған табиғи газды өткізу өндірілетін өнімнің жалпы көлемінің кемінде 50 %-ы көлемінде Қазақстан Республикасының ішкі нарығында басым қамтамасыз етіледі.
      Сұйылтылған табиғи газды өткізу бағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
      Осы бапта көрсетілген зауыттың Қазақстан Республикасының аумағындағы іс-әрекеті, сондай-ақ оны басқаруға қатысу талаптары 2012 жылдың аяғына дейін жекелеген халықаралық шартта реттелетін болады.
      Бұл ретте, осы зауыттың салынатын орнын және оны табиғи газбен қамтамасыз ету көзін қазақстандық тарап айқындайды.
      Қытай Тарапы Қытай Халық Республикасы Шыңжан – Ұйғыр автономиялық ауданының Зимұнай қаласындағы жаңа газды қайта өңдеу зауытында өндірілетін сұйылтылған газды Қазақстан Республикасы Шығыс Қазақстан облысының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін Қытайдың ішкі бағасы бойынша жеткізуді қамтамасыз етуге келіседі.

9-бап

      Тараптар осы Келісімнің орындалуын үйлестіруге және бақылауға жауапты мынадай мемлекеттік құзыретті органдарды тағайындайды:
      1) қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігі;
      2) қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасының Энергетика жөніндегі мемлекеттік басқармасы.
      Тараптардың бірінің мемлекеттік құзыретті органы қайта аталған немесе өзгерген жағдайда, басқа Тарап дер кезінде хабардар етілуге тиіс.

10-бап

      Кез келген Тараптың осы Келісімді орындауына әсер ететін мән-жайлар туындаған жағдайда, Тараптар осы Келісімді іске асыру мақсатында кедергілерді жою үшін қолайлы шараларды қабылдайды.
      Тараптардың мемлекеттік құзыретті органдары арасындағы келіссөздерде жойылуы мүмкін болмаған осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты кез келген келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.

11-бап

      Тараптар өзгеше келіспеген жағдайда, Тараптардың бірде-біреуі осы Келісімді іске асыру шеңберінде алған ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге құқылы емес.

12-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді және 10 жыл бойы қолданыста болады.
      Осы Келісімнің қолданылу мерзімі, егер Тараптардың кез-келгені Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны басқа Тарапқа оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін алты ай бұрын ұсынбаса автоматты түрде бір жылға ұзартылады.

      2012 жылғы «___» ________, _________ қаласында, әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, орыс тіліндегі мәтін басшылыққа алынады.

          Қазақстан                      Қытай Халық
       Республикасының                 Республикасының
         Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады