"Магистралдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 375 Қаулысы

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Магистралдық құбыр туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Магистралдық құбыр туралы

      Осы Заң магистралдық құбырды салу, пайдалану, консервациялау және жою кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және магистралдық құбырды тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      1) айырбастау-операциялар (своп) - осы Заңда көзделген жағдайларда олардың арасындағы қол жеткізілген жазбаша уағдаластық негізінде жасалатын бір жөнелтушінің өнімін екінші жөнелтушінің өніміне айырбастау;
      2) алушы - өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету шартының талаптарына сәйкес өнім қабылдауды жүзеге асыратын тұлға;
      3) жедел-диспетчерлік басқару - өнімді тасымалдау үшін магистралдық құбырды пайдаланудың технологиялық режимдерін орталықтандырылған басқару;
      4) жөндеу - магистралдық құбырдың желілік бөлігінің және/немесе объектілерінің толық немесе ішінара пайдалану ресурсының жарамдылығын немесе жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар (операциялар) кешені;
      5) жіберуші - өнімді өндіруші болып табылатын тұлға немесе оны заңды негіздерде сатып алған тұлға, не өнімді тасымалдау бойынша қызметтер көрсету шарты негізінде магистралдық құбыр бойынша тасымалдау үшін өнімді ұсынатын ол уәкілеттік берген тұлға;
      6) магистралдық құбыр - өнімді қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ететін, техникалық регламенттер мен мемлекеттік стандарттар талаптарына сәйкес келетін желілік бөліктен және объектілерден тұратын бірыңғай өндірістік-технологиялық кешен;
      7) магистралдық құбырды жою - магистралдық құбырды бөлшектеу және (немесе) оның қайта бейіндеу және оны адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз және одан әрі пайдалану үшін жарамды күйге келтіру жөніндегі іс-шаралар кешені;
      8) магистралдық құбырды консервациялау - магистралдық құбырды пайдаланудан шығару кезінде оның дұрыс техникалық жағдайда сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешені;
      9) магистралдық құбырды қайта құру - магистралдық құбырдың сапалық көрсеткіштерін жақсартуды көздейтін оны қайта жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар кешені;
      10) магистралдық құбырды пайдалану - магистралдық құбыр бойынша өнім тасымалдау мақсатында оның үздіксіз, тиісінше және тиімді жұмыс істеуі үшін қажет, оның ішінде техникалық қызмет көрсетуді, жөндеуді, техникалық диагностикалауды және жедел-диспетчерлік басқаруды қамтитын қызмет;
      11) магистралдық құбырды пайдаланудан шығару - жөндеу, консервациялау немесе жою мақсатында магистралдық құбырды пайдалануды тоқтату жөніндегі іс-шаралар кешені;
      12) магистралдық құбырдың желілік бөлігі - өнімді тікелей тасымалдауды жүзеге асыратын жер асты, су асты, жер үсті, жер бетіндегі құбыр;
      13) магистралдық құбырдың күзетілетін аймағы - магистралдық құбыр объектілеріне шектес және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құбыр объектілерін қауіпсіз және тоқтаусыз пайдалану үшін қажетті жағдайларды жасауға арналған, аймақты белгілеу мақсатына үйлеспейтін қызметтің түрлері оның шегінде шектелетін немесе тыйым салынатын ерекше күзету және пайдалану шарттары бар (құрлықтағы және (немесе) судағы) аумақ;
      14) магистралдық құбырдың меншік иесі - Қазақстан Республикасы, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі немесе магистралдық құбырды жеке меншік құқығында иелік ететін заңды тұлға;
      15) магистралдық құбырдың физикалық қауіпсіздігі - шығу көздері тұлғалардың заңға қарсы әрекеттері болып табылатын қауіптен магистралдық құбырдың қорғалу жағдайы;
      16) магистралдық құбырдың физикалық қорғалуы - тұлғалардың зақымдауға әкеп соқтыратын құқыққа қарсы әрекеттерінен туындайтын магистралдық құбырға қатысты қауіптерді болдырмауға бағытталған құқықтық нормалардың, ұйымдастыру шараларының және инженерлік-техникалық шешімдердің жиынтығы;
      17) мемлекетаралық магистралдық құбыр - екі және одан көп мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін магистралдық құбыр;
      18) оператор - магистралдық құбырдың меншік иесі немесе өзге де заңды негізде магистралдық құбырды иелік ететін заңды тұлға немесе операторлық қызметтер көрсететін уәкілетті ұйым;
      19) операторлық қызметтер - магистралдық құбырдың меншік иесіне немесе оны өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаға оператор ұсынатын магистралдық құбырды пайдалану жөніндегі қызметтер;
      20) өнім - тасымалдауға дайын және тиісті өнім түрі бойынша техникалық регламенттерге сәйкес келетін, тұрақты (тұрақты емес) газ конденсатын, табиғи газды, ілеспе газды, басқа да сұйық және газ тәріздес көмірсутектерді, мұнай өнімдерін қоса алғандағы мұнай;
      21) өнім сапасының банкі - әртүрлі сападағы өнімді тасымалдау кезінде өтемақылар және/немесе төлемдерді төлеу мақсатында магистралдық құбыр арқылы тасымалданатын өнімнің сапасы мен саны туралы мәліметтерді жинау және талдау жүйесі;
      22) өнімді тасымалдау - өнімді жөнелтушіден қабылдау пунктінен бастап алушыға тапсыру пунктіне дейін оны магистралдық құбыр бойынша қабылдау, тапсыру, айдау, өнімді басқа магистралдық құбырға қотару, құю, беру, басқа көлік түріне ауыстырып тиеу, сақтау, араластыру процесі;
      23) өнім транзиті - Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан өнімді жөнелтуші мен алушы арасындағы өнімнің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтуі;
      24) техникалық дәліз - магистралдық құбыр өтетін аумақ немесе магистралдық құбыр күзетілетін аймақтарымен шектелген, қатар тартылған магистралдық құбырлар мен коммуникациялар жүйесі;
      25) техникалық диагностика - магистралдық құбырдың техникалық жағдайын анықтауға арналған жұмыстар мен ұйымдастыру-техникалық
іс-шаралар кешені;
      26) уәкілетті орган - магистралдық құбыр саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, мемлекеттік басқаруды, бақылауды, қызметті үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      27) ұлттық оператор - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде бір немесе бірнеше магистралдық құбырды иелік ететін, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елуден пайыздан астамы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық компанияға тиесілі заңды тұлға;
      28) үлестес тұлға - магистралдық құбырдың меншік иесі немесе өнім өндіруші қабылдаған, оның ішінде кез келген мәмілеге байланысты шешімдерін тікелей және (немесе) жанама түрде айқындауға және (немесе) қабылдаған шешімдеріне ықпал етуге құқығы бар заңды тұлға, сондай-ақ магистралдық құбырдың меншік иесіне немесе өнім өндірушіге қатысты осындай құқығы бар кез келген заңды тұлға;

      2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заңның күші магистралдық құбыр саласындағы қоғамдық қатынастарға қолданылады.
      2. Осы Заңның күші:
      1) магистралдық құбырларға жатпайтын құбырды, магистралдық су құбырын салу және пайдалану кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарға, сондай-ақ магистралдық құбырдың әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы объектілерді салуға, жұмыс істеуіне және жоюға байланысты қатынастарға;
      2) Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы қабылданғанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі жасаған үкіметаралық келісімдер шеңберінде туындайтын құқықтық қатынастарға және келісімдермен байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі және басқа елдердің Үкіметтері қатысқан мемлекетаралық құбыр мәселелері жөніндегі шарттарға қолданылмайды.
      3. Осы Заң газ және газбен жабдықтау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде реттелмеген магистралдық газ құбыры саласындағы қатынастарға қолданылады.

      3-бап. Қазақстан Республикасының магистралдық құбыр
              саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының магистралдық құбыр саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      4-бап. Магистралдық құбыр

      1. Магистралдық құбырға магистралдық: мұнай құбыры, газ құбыры және мұнай өнімдері құбыры жатады.
      2. Магистралдық құбыр желілік бөліктен және осы баптың 3-тармағында көрсетілген объектілерден тұрады.
      Магистралдық құбырдың желілік бөлігі жылжымалы мүлік болып табылады. Магистралдық құбыр объектілерінің құрамына кіретін құрылыстар, ғимараттар және жермен тығыз байланысты басқа да құрылыстар жылжымайтын мүлік болып табылады.
      3. Магистралдық құбыр объектілерінің құрамына бірыңғай технологиялық процеспен байланысты өздері орналасқан жер телімдерімен бірге құрылғылар, жабдықтар, құрылыстар, ғимараттар және басқа да құрылыстар кіреді.
      Магистралдық құбыр объектілерінің тізбесі мен техникалық өлшемдері жобалау құжаттамасында айқындалады.
      4. Магистралдық құбырға осы Заңда көрсетілмеген, басқа өнімді тасымалдауға пайдаланатын ішкі кәсіпшілік, технологиялық, тарату құбыры және меншік иесінің немесе басқа өнімге құқық иеленушінің аумағы шегінде тасымалдау жүзеге асырылуы мүмкін басқа да құбыр, ішкі шаруашылық мақсаттарға арналған, сондай-ақ тұтынушыларға өнімді тасымалдауға арналған тарату құбыры жатпайды.
      5. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан магистралдық құбырлардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

      5-бап. Магистралдық құбыр саласындағы қызметтің
              негізгі қағидаттары

      Магистралдық құбыр саласындағы қызметтің негізгі қағидаттары:
      1) өнімді тұтынушыларға тасымалдау кезінде адам мен мемлекет қауіпсіздігінің, қоршаған ортаны қорғаудың басымдығы;
      2) магистралдық құбыр саласындағы қатынастардың барлық субъектілерінің мүддесін сақтау және магистралдық құбырға кемсітусіз қол жеткізуді қамтамасыз ету;
      3) магистралдық құбырды жобалау, салу, пайдалану, қайта құру және жою кезінде тиімді технологияларды пайдалану;
      4) магистралдық құбыр мен оның объектілерін құру, жұмыс істеуі және жою кезінде қоршаған ортаға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, олардың мүлкіне, сондай-ақ ұйымдардың мүлкіне келтірілген зиянды толық өтеудің міндеттілігі болып табылады.

      6-бап. Магистралдық құбырдың ұлттық операторы

      1. Ұлттық оператор:
      1) меншік иелерінің дауыс беретін акцияларының (қатысу үлесінің) елу және одан астам пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі өнімнің тиісті түрі (мұнай құбыры, газ құбыры, мұнай өнімдері құбыры) бойынша магистралдық құбыр бойынша Қазақстан Республикасының аумағында операторлық қызметтерді көрсетуге айрықша құқыққа ие;
      2) меншік құқығында немесе өзге заңды негізде ұлттық операторға (бірыңғай маршрут бойынша операторлық қызмет) тиесілі магистралдық құбыр бойынша Қазақстан Республикасы аумағынан тасымалданатын өнімді басқа мемлекеттердің құбыр жүйелері бойынша тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету айрықша құқығына ие.
      2. Халықаралық шарттарды іске асыру мақсатында белгілі бір магистралдық құбырда операторлық қызметтер көрсету құқығы осындай заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық компанияға тиесілі болған жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша басқа заңды тұлғаға берілуі мүмкін.

      7-бап. Магистралдық құбырға меншік

      1. Магистралдық құбыр бөлінбейтін мүліктік кешен болып табылады және мемлекеттік немесе жеке меншікте бола алады.
      2. Магистралдық құбыр, сондай-ақ меншігінде магистралдық құбыр бар заңды тұлғалардағы қатысу үлестері (акциялар пакеті), меншігінде магистралдық құбыр бар заңды тұлғалардың шешімдерін тікелей немесе жанама айқындауға немесе қабылдайтын шешімдеріне әсер ете алатын жеке және заңды тұлғалардың қатысу үлестері (акциялар пакеті) иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) иелік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жағдайына әсер етуі мүмкін Қазақстан Республикасының тұрақты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар стратегиялық объектілерге жатады.
      3. Магистралдық құбырдың жеке тұлғалардың меншігінде, сондай-ақ шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген заңды тұлғалардың меншігінде болуына тыйым салынады.
      4. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы жаңадан құрылатын магистралдық құбыр жобаларында елу бір пайыздан кем емес мөлшерде басым құқыққа (бұдан әрі - мемлекеттің басым құқығы) ие болады.

      8-бап. Жаңадан салынатын магистралдық құбыр жобаларына
              қатысуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру
              тәртібі

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттің басым құқығын іске асырады.
      2. Магистралдық құбырды салуды жүзеге асыруға ниетті тұлға магистралдық құбырды салу жобасында мемлекеттің қатысуы үшін уәкілетті органға коммерциялық ұсыныс жолдайды.
      Уәкілетті орган коммерциялық ұсынысты алған кезден бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде осы коммерциялық ұсынысты Қазақстан Республикасының Үкіметінің қарауына береді.
      3. Коммерциялық ұсыныс:
      1) магистралдық құбырды салудың негізделген есептерін қамтитын іске асырылатын жобаның құнын;
      2) салынуы тиіс магистралдық құбырдың техникалық сипаттамаларын қамтуы тиіс.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті орган коммерциялық ұсынысты берген сәттен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мемлекеттің магистралдық құбырды салу жобасына қатысуға басым құқықты іске асыру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      5. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешімнің қорытындылары туралы магистралдық құбырды салуды жүзеге асыру ниеті бар тұлғаны шешім шығарылғаннан кейін бес жұмыс күнінен кеш емес мерзімде жазбаша хабардар етеді.
      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі басым құқықтан бас тартқан не уәкілетті орган осы баптың 5-тармағымен белгіленген мерзімде жазбаша хабарламаны жібермеген жағдайда, магистралдық құбырды салуды жүзеге асыруға ниетті тұлға басқа тұлғаларға жаңадан құрылатын магистралдық құбыр жобасына қатысуды ұсынуға немесе магистралдық құбырды салуды өзі жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте өзге тұлғалардың магистралдық құбырды салуға қатысу шарттары олардың Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынған шарттарынан пайдалы бола алмайды.
      7. Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңадан салынатын магистралдық құбыр жобаларына елу бір пайыздан кем мөлшерде қатысу басым құқығын іске асыру туралы шешім қабылдауға құқылы.

2-тарау. МАГИСТРАЛДЫҚ ҚҰБЫР САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

      9-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) магистралдық құбыр саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) өнім түрлері бойынша ұлттық операторды айқындайды, сондай-ақ олар туралы ережені бекітеді;
      3) магистралдық мұнай құбыры мен магистралдық газ құбырын пайдалану және күзету қағидаларын бекітеді;
      4) магистралдық құбыр саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;
      5) магистралдық құбыр бойынша мұнай тасымалдау кестесін қалыптастыру тәртібін бекітеді;
      6) магистралдық құбыр саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      7) магистралдық құбыр саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, мемлекеттік басқаруды, бақылауды, қызметтерді үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органды анықтайды;
      8) магистралдық құбырды салу және қайта құру жобаларын келісу тәртібін бекітеді;
      9) жобаланатын немесе қолданыстағы құбырды магистралдық құбырлар тізбесіне енгізу және шығару тәртібін бекітеді;
      10) өзіне Конституциямен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      10-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган мынадай функцияларды орындайды:
      1) магистралдық құбыр саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
      2) магистралдық құбыр саласындағы мемлекеттік бақылауды өз құзыреті шегінде жүзеге асырады;
      3) магистралдық мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдау кестесін қалыптастыру тәртібіне сәйкес магистралдық мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдау кестесін бекітеді;
      4) магистралдық құбыр саласындағы нормативтік техникалық құжаттарды бекітеді;
      5) міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел деңгейін бағалау өлшемдерін, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес магистралдық құбыр саласында тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарына қатысты актілерді бекітеді;
      6) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан магистралдық құбырлар тізбесін бекітеді;
      7) осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      11-бап. Магистралдық құбыр саласындағы өзге де уәкілетті
               мемлекеттік органдардың құзыреті

      1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган:
      1) «Қауіпті өнеркәсіптік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес магистралдық құбырды пайдаланған кезде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады;
      2) осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары өз құзыретінің шеңберінде:
      1) магистралдық құбыр саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
      2) магистралдық құбыр қажеттіліктері үшін заңнамада белгіленген тәртіпте жер телімдерін ұсынуды қамтамасыз етеді;
      3) магистралдық құбырдағы авариялар мен төтенше жағдайларды және олардың салдарын жоюға жәрдемдеседі;
      4) мемлекеттік жергілікті басқару мүдделері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      3. Қазақстан Республикасының Кеден органдары Кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы магистралдық құбыр бойынша өнімді тасымалдау үшін кедендік реттеуді жүзеге асырады.
      Басқа мемлекеттік органдар магистралдық құбыр саласындағы мемлекеттік бақылауды өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      12-бап. Магистралдық құбыр саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Магистралдық құбыр саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру және мониторинг нысанында жүзеге асырылады.
      2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Есепті кезеңнен кейінгі әрбір айдың он бесінші күніне дейін магистралдық құбырдың меншік иесі немесе магистралдық құбырға өзге заңды негізде иелік ететін тұлға уәкілетті органға тасымалдау көлемдері мен бағыттарын көрсете отырып, мұнай тасымалдау кестесінің нақты орындалуы туралы есеп ұсынады.
      4. Мұнайды тасымалдау кестесінің нақтылы орындалуы туралы есеп берілмеген жағдайда, уәкілетті орган өткізілген мониторингтің нәтижелері бойынша уәкілетті орган анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны белгілеген нысанда жібереді.

      13-бап. Магистралдық құбыр саласындағы қызметті
               лицензиялау

      Магистралдық құбыр саласындағы қызметтің жекелеген түрлері Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауға жатады.

3-тарау. МАГИСТРАЛДЫҚ ҚҰБЫРДЫ ЖОБАЛАУ, САЛУ, ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУДАН ШЫҒАРУ

      14-бап. Магистралдық құбырды жобалау, салу және пайдалану

      1. Магистралдық құбырды жобалау және салу (қайта құру, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жетілдіру, күрделі жөндеу), авторлық қадағалау және техникалық қадағалау, магистралдық құбырды пайдалануға қабылдау осы Заңда белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Жаңа магистралдық құбырды салу осы Заңның 8-бабының
2-тармағында белгіленген талап сақталған жағдайда уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.
      3. Іске қосу-жөндеу жұмыстарын бастағанға дейін жобалау ұйымы магистралдық құбырды салуға арналған жобалау құжаттамасының құрамына кірмейтін магистралдық құбырды пайдалану жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді.
      4. Салынған магистралдық құбырды және (немесе) олардың бөліктерін пайдалануға қабылдау алдында мамандандырылған ұйым құбыр ішінің диагностикасын жүргізеді.
      Диагностикалау процесінде табылған ақауларды жоюды магистралдық құбыр салуды жүзеге асырған құрылыс-монтаж ұйымы жүргізеді.
      5. Құрылыс-монтаж ұйымдары магистралдық құбыр пайдаланылуға берілгеннен кейін кем дегенде үш жыл кепілдік мерзім ішінде пайдалану процесінде табылған құрылыс-монтаж жұмыстары кемшіліктерін өз есебінен жоюы тиіс.
      6. Магистралдық құбырды пайдалану сенімділік пен қауіпсіздіктің нормативтік критерийлерін сақтай отырып, өнімді қажетті көлемдерде тасымалдауды қамтамасыз етуді ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс.

      15-бап. Құбырды қолданыстағы магистралдық құбырға қосу

      1. Құбырды қолданыстағы магистралдық құбырға қосу магистралдық құбырдың меншік иесі мен жалғанатын құбырдың меншік иелері арасындағы шарт негізінде жүзеге асырылады. Егер магистралдық құбырлардың бірі оператордың басқаруында болса, оператор құбырдың меншік иесінің келісімімен осындай шарт тарапы бола алады.
      2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, құбырды магистралдық құбырға қосуға байланысты шығыстарды жалғанатын құбырдың меншік иесі көтереді.
      3. Қосылған құбырды жедел-диспетчерлік басқару олардың меншік нысанына қарамастан, ол жалғанған магистралдық құбырдың меншік иесі (оператор) орталықтандырылып жүзеге асырады.
      4. Қосылған құбырдың меншік иесі оны пайдаланудан шығару немесе жұмыс режимін өзгерту қажет болған жағдайда магистралдық құбырдың меншік иесін (операторды) бұл туралы кемінде бір ай бұрын алдын ала хабардар етуге міндетті.
      5. Магистралдық құбырдың меншік иесіне басқа меншік иесіне тиесілі құбырды қосу туралы шарт жасаудан бас тартуға жол берілмейді, егер:
      1) магистралдық құбырдың өткізу қабілеті бұған мүмкіндік берсе;
      2) тасымалдануға жататын өнім техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келсе;
      3) жалғанатын құбырдың меншік иесі осындай жалғану үшін магистралдық құбырдың меншік иесі белгілеген тасымалданатын өнімді есепке алу және бақылау талаптарын, сондай-ақ техникалық талаптарды қамтамасыз етсе.

      16-бап. Магистралдық құбырды жедел-диспетчерлік басқару

      1. Магистралдық құбырды жедел-диспетчерлік басқаруды оператор жүзеге асырады.
      2. Мемлекетаралық магистралдық құбырды жедел-диспетчерлік басқару Қазақстан Республикасының халықаралық шарты және (немесе) мемлекетаралық магистралдық құбырдың уәкілетті операторлары арасында жасалған шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      17-бап. Магистралдық құбырды пайдаланудан шығару

      1. Магистралдық құбырды пайдаланудан шығару магистралдық құбырды жөндеу, консервациялау немесе жою мақсатында жүзеге асырылады.
      2. Пайдаланудан шығару кезінде магистралдық құбыр қауіпсіз күйге ауыстырылады.

4-тарау. МАГИСТРАЛДЫҚ ҚҰБЫРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ

      18-бап. Магистралдық құбырды жобалау және салу кезінде
               қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      1. Магистралдық құбырды жобалау және салу (қайта жаңарту, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу) кезінде мынадай талаптар орындалады:
      1) магистралдық құбыр құрылымдарының өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      2) магистралдық құбырдың салынуы және жұмыс істеуі бойынша жоспарланатын қызметтің қоршаған ортаға әсер етуіне бағалау жүргізу;
      3) экологиялық қауіпсіздікті және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтауды қамтамасыз ету шараларын және қоршаған ортаны қорғау, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау, экологиялық мониторинг жүргізу жөніндегі өзге де шараларды әзірлеу;
      4) магистралдық құбырды жобалауға материалдық, қаржылық және еңбек ресурстары бар жобалау ұйымдарын тарту;
      5) магистралдық құбырды пайдалану, оның ішінде магистралдық құбырды қайта құруды, кеңейтуді, техникалық қайта жарақтандыруды, жаңғыртуды, күрделі жөндеуді жобалау барысында жобалау шешімдерін өзгерту қажет болған жағдайда жобалау ұйымдарын – магистралдық құбыр жобасының авторларын жобалауға тарту.
      Қайта құру, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеуді жобалауда жобалау ұйымдарын – магистралдық құбыр жобасының авторларын жобалауға тартуға мүмкіндік болмаған жағдайда, осы бап 1-тармағының 4) тармақшасында айқындалған шарттарға жауап беретін жобалау ұйымы тартылады;
      6) авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асыру;
      7) трассаны аумақтың табиғи ерекшеліктерін, елді мекендердің орналасуын, топырақтың коррозиялық белсенділігін, сондай-ақ көлік жолдары мен магистралдық құбырға оң және (немесе) теріс ықпал етуі мүмкін коммуникацияларын ескере отырып таңдау;
      8) магистралдық құбырды пайдаланудың қауіпсіз шартын қамтамасыз ететін сертификатталған технологиялық жабдықтарды қолдану;
      9) құбырды жемірілуден қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
      10) жобаның құрамы бойынша жүйелер мен жабдықтардың ықтимал істен шығуының тізбесін және олардың алдын алу және жою жөніндегі ұсынылатын іс-қимылдарды жасау;
      11) жеке тұлғалардың заңсыз әрекеттері салдарынан туындайтын қауіптерді айқындауға және болдырмауға бағытталған магистралдық құбырдың физикалық қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеу, оның ішінде техникалық нығайту және инженерлік-техникалық құралдармен және қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыру талаптарын орындау;
      12) магистралдық құбырды сырттан кіруге байланысты зақымдардан, жылыстаудан, сондай-ақ басқа да кез келген құқыққа қарсы іс-қимылдан қорғау үшін жобалық техникалық шешімдерді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеу;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да талаптар.
      2. Егер қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі экологиялық ізденістермен және зерттеулермен негізделмесе, магистралдық құбырды елді мекендерде, қорықтарда, қорық аймақтарында, ұлттық табиғи саябақтарда, ауызсумен қамтамасыз ету көздерін санитарлық күзету аймақтарында, сондай-ақ кез келген құрылыс және пайдалану жұмысы түрлері кезінде қауіпсіздікке қатер төндіретін қауіпті геологиялық жағдайларда салуға тыйым салынады.
      3. Инженерлік-техникалық басқару құралдарымен және олардың өнеркәсіптік, өрт, экологиялық және физикалық қауіпсіздігін қорғау және бақылау құралдармен жабдықталмаған магистралдық құбырды пайдалануға қабылдауға тыйым салынады.

      19-бап. Магистралдық құбырды пайдалану, консервациялау
               және жою кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      1. Магистралдық құбырды пайдалану кезінде, сондай-ақ оны консервациялаудың барлық кезеңі ішінде меншік иесі (оператор):
      1) авариялар мен оқиғалардың алдын алу, оқшаулау және жою жөніндегі шараларды қабылдауға;
      2) сенімділікті қолдау және төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында магистралдық құбырға диагностикалау және техникалық тексеру жүргізуге;
      3) өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға;
      4) пайдаланылатын магистралдық құбырға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жүргізуге;
      5) төтенше жағдайлардың, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздіктің алдын алу, сондай-ақ өртке қарсы қорғаныш жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге;
      6) авариялардың салдарын оқшаулау мен жою үшін материалдық және қаржы ресурстарының резервтеріне ие болуға;
      7) магистралдық құбырдың аумақтары мен күзет аймақтарын олардың өнеркәсіптік, өрт және физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайда ұстауға;
      8) сенімді және авариясыз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарын әзірлеуге;
      9) бірыңғай техникалық дәлізде өтетін инженерлік коммуникацияларды пайдаланатын кәсіпорындармен келісілген іс-қимылдар жүргізуге;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де іс-шараларды орындауға міндетті.
      2. Магистралдық құбырды пайдалану басталғанға дейін меншік иесі (оператор) ықтимал аварияларды жою жоспарын әзірлейді, бекітеді және авариялық-құтқару қызметтерімен және жасақтарымен келіседі.
      3. Магистралдық құбыр салуға арналған жобалау және орындау құжаттамасы, сынау актілері, техникалық қызмет көрсетуге арналған жұмыс құжаттамасы, сондай-ақ авариялар мен оқиғаларды тексеру материалдары магистралдық құбырдың меншік иесінде оны пайдаланудың барлық мерзімі ішінде сақталуы тиіс.
      Магистралдық құбырды пайдалану мерзімдерін жобалау ұйымы қолданылатын құбыр мен материалдарға, магистралдық құбырдың тасымалданатын ортасына және трасса топырағының химиялық құрамына қарай анықтайды.
      4. Теңіз айдынында тартылған магистралдық құбырда авариялардың алдын алу құралдары, сондай-ақ авария болған жағдайда немесе жөндеу жұмыстары кезінде теңіз айдыны арқылы тартылған магистралдық құбырды теңізде өндіру объектілерінен ажыратуға мүмкіндік беретін бекіту арматурасы орнатылуы тиіс.
      5. Магистралдық құбыр объектілері авариялық ажыратуға жатпайтын үздіксіз энергиямен жабдықтау объектілері болып табылады. Энергиямен жабдықтау ұйымдарына магистралдық құбыр объектілері меншік иелерінің (оператордың) келісімінсіз оларға белгіленген энергия тұтыну лимиттерін шектеуге тыйым салынады.
      6. Магистралдық құбырдағы аварияларды, төтенше жағдайлар мен құқыққа қарсы іс-қимылды және олардың салдарын жою жөнінде шұғыл шаралар жүргізу мақсатында меншік иесі (оператор) магистралдық құбырға іргелес жер телімдерін Қазақстан Республикасының азаматтық және жер заңнамасына сәйкес белгіленген бұқаралық сервитуттар негізінде, кейіннен келтірілген залалды өтей отырып пайдалана алады.
      7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары магистралдық құбырдағы авария және төтенше жағдайлар орнына арнайы көліктің кедергісіз өтуін және техниканың жеткізілуін қамтамасыз етеді.
      8. Магистралдық құбырды немесе оның объектілерін жойған жағдайда меншік иесі жабдықты бөлшектеуді, өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды бұзуды немесе қайта бейіндеуді жүргізеді, сондай-ақ қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды, оның ішінде жерді қайта құнарландыру жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.

5-тарау. ӨНІМДІ МАГИСТРАЛДЫҚ ҚҰБЫРМЕН ТАСЫМАЛДАУ ҚЫЗМЕТТЕРІН ҰСЫНУ

      20-бап. Магистралдық құбырға қол жеткізу тәртібі

      1. Магистралдық құбырдың қуаттарына қол жеткізуді магистралдық құбырдың меншік иесі немесе өзге заңды негізде магистралдық құбырға ие тұлға, магистралдық құбырға меншік иесінің не өзге заңды негізде магистралдық құбырға ие тұлғаның барлық жөнелтушілерге көрсетілген қызметтерді ұсынудың бірдей шарттарын қамтамасыз ету міндетін білдіретін, кемсітпеушілік және тең қол жетімділік негізде техникалық мүмкіндік шегінде ұсынуы тиіс.
      2. Мұнай және (немесе) мұнай өнімдерін магистралдық құбырмен тасымалдау жөніндегі техникалық мүмкіндік шектелген жағдайда, еркін өткізу қуатының болмауы салдарынан бірінші кезекте қол жеткізу басымдығы жөнелтушіге мынадай кезектілік тәртібінде:
      1) Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізуді жүзеге асырушыға. Бұл ретте басымдықпен қол жеткізу Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарына өңдеу үшін тікелей жеткізілетін мұнай көлемі шегінде ұсынылады;
      2) өз өнімін немесе үлестес тұлғалардың өнімін тасымалдау үшін магистралдық құбырдың меншік иесіне не өзге заңды негізде магистралдық құбырға ие тұлғаға;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерінің және (немесе) Қазақстан Республикасының қатысуымен халықаралық келісімдер бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етушіге;
      4) жасалған шарт талаптарына сәйкес және магистралдық құбырдың меншік иесінің не өзге заңды негізде магистралдық құбырға ие тұлғаның инвестициялары толық өтелгенге дейін магистралдық құбыр салу және (немесе) магистралдық құбырдың немесе оның жекелеген объектілерінің өткізу қуатын кеңейту үшін инвестициялар тартатын жөнелтушіге. Бұл ретте басымдықпен қол жеткізу инвестициялар салынған магистралдық құбыр немесе оның объектісі шегінде ұсынылады;
      5) магистралдық құбырдың меншік иесімен не өзге заңды негізде магистралдық құбырға ие тұлғамен жасалған шартқа сәйкес өзіне тасымалдау үшін міндетті ең аз жылдық мұнай (мұнай өнімдері) көлемін ұсыну міндеттемесін алған жөнелтушіге. Бұл ретте басымдықпен қол жеткізу міндетті ең аз жылдық көлем шегінде беріледі;
      6) тасымалданатын мұнай қоспасын аумағы арқылы мұнай тасымалдау жүзеге асырылатын елдердегі құбыр ұйымдары белгілейтін сапа бойынша техникалық талаптармен сәйкестікке келтіруге мүмкіндік беретін қажетті сападағы мұнайды тасымалдау үшін ұсынушыға беріледі.
      3. Осы бап 2-тармағының 2) тармақшасы ұлттық операторға меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистралдық құбырға қолданылмайды.
      4. Бір магистралдық құбырдың (магистралдық құбыр учаскесінің) өткізу қуаты бар болған және екінші магистралдық құбырдың (магистралдық құбыр учаскесінің) бос өткізу қуаты болмаған кезде Қазақстан Республикасының өңдеу зауыттарына мұнайды, сондай-ақ газды Қазақстан Республикасының ішкі нарығына және/немесе оның шегінен тысқары жеткізу мақсатында жөнелтуші магистралдық құбырдың меншік иесімен немесе өзге де заңды негізде магистралдық құбырға ие тұлғамен және уәкілетті тұлғамен жазбаша келісім бойынша айырбастау-операцияларды (своп) жүзеге асыра алады.
      5. Магистралдық газ құбыры мен газ тасымалдау жөніндегі техникалық мүмкіндіктер шектелген жағдайда магистралдық газ құбырына қол жеткізу тәртібі Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес реттеледі.

      21-бап. Магистралдық құбырмен өнім тасымалдау бойынша
               қызметтерді ұсыну

      1. Магистралдық құбырмен өнім тасымалдау бойынша қызметтерді ұсыну магистралдық құбырдың меншік иесі немесе өзге де заңды негізде магистралдық құбырға ие тұлға мен өнімді жөнелтуші арасындағы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Мұнай тасымалдау кезінде тиісті қызметтер жөнелтушілерге магистралдық құбырлар жүйесінде мұнай тасымалдаудың қолданыстағы маршруттары бойынша және уәкілетті орган бекітетін магистралдық құбыр бойынша тасымалдау кестесіне сәйкес ұсынылады.
      3. Магистралдық құбыр бойынша өнім тасымалдау кезінде оны есепке алу өнім тасымалдау бойынша қызметтерді ұсыну шартына, магистралдық құбыр операторының ішкі құжаттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
      4. Магистралдық құбыр операторы магистралдық құбыр бойынша тасымалданатын өнімді маршрут соңындағы алушыға табиғи монополиялар саласында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен нормативтік техникалық шығындар шегінде магистралдық құбыр бойынша тасымалдау кезіндегі техникалық шығындарды шегеріп, тапсырады.
      5. Алушы табиғи зілзала, дүлей апат жағдайларын және алушыға байланысты емес өзге де жағдайларды қоспағанда, өнімді алудан бас тарта алмайды. Егер өнімді тасымалдау кезінде алушы оны толық көлемде қабылдай алмаса немесе жөнелтуші соңғы алушыны көрсете алмаса, газ экспорты мен транзиті жағдайларын қоспағанда, онда техникалық мүмкіндік бар болған жағдайда, өнім магистралдық құбырдың меншік иесіне (операторға) жауапты сақтауға берілуі мүмкін. Бұл ретте алушы немесе жөнелтуші өнімді сақтауға байланысты шығыстарды шартта ескерілген талаптарда төлеуге міндетті.
      6. Жөнелтуші, магистралдық құбырдың меншік иесі не өзге де заңды негізде магистралдық құбырға иелік ететін тұлға өнім тасымалдау бойынша қызметтер ұсыну шарттарында белгіленген міндеттемелердің сақталмағаны үшін жауапты болады.

      22-бап. Өнім тасымалдау қызметтерін көрсетуге арналған
               шарт жасаудан бас тарту негіздері

      1. Магистралдық құбырдың меншік иесі немесе өзге де заңды негізде магистралдық құбырға иелік ететін тұлға өнім тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге жөнелтушімен шарт жасаудан мына жағдайларда:
      1) техникалық регламенттер және (немесе) мемлекеттік стандарттар талаптарына өнім сәйкес келмесе;
      2) жөнелтуші меншік құқығында немесе өзге заңды негізде өнімнің өзіне тиесілі екендігін растайтын құжаттарды ұсынбағанда;
      3) жөнелтуші ұсынатын өнімнің магистралдық құбырдың меншік иесі немесе өзге заңды негізде магистралдық құбырға иелік ететін тұлға белгілеген магистралдық құбырмен тасымалданатын өнімге қоятын сапа мен басқа сипаттамалардың сәйкес келмеуі жағдайында;
      4) жеткізілетін өнімнің жөнелтушісі немесе алушысында өнімнің сапасы мен оны есепке алуды бақылау тармақтары бар тартылатын құбырдың болмауы, сондай-ақ тартылатын құбырдың техникалық жай-күйі өнімді қауіпсіз тасымалдау талаптарына жауап бермеген жағдайда;
      5) жөнелтуші магистралдық құбырдың меншік иесі немесе өзге заңды негізде магистралдық құбырға иелік ететін тұлға тартылатын құбырды қосуға қатысты берген техникалық талаптарды орындамаған жағдайда;
      6) жөнелтуші магистралдық құбырды толтыру үшін өнімді беруден бас тартқан жағдайда;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда бас тартады.
      2. Магистралдық құбырдың меншік иесі не өзге заңды негізде магистралдық құбырға иелік ететін тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіпте өнім тасымалдау қызметтерін көрсетуге арналған шартты жасаудан негізсіз бас тартқаны үшін жауапты болады.

      23-бап. Өнім тасымалдауға арналған шартты орындауды
               біржақты тәртіпте тоқтата тұру және біржақты
               тәртіпте бұзу негіздері

      1. Магистралдық құбырдың меншік иесі немесе өзге де заңды негізде магистралдық құбырға иелік ететін тұлға өнім тасымалдау бойынша қызметтер көрсету шартының орындалуын біржақты тәртіпте тоқтата тұрады, егер:
      1) жөнелтуші өнімді тасымалдау бойынша қызметтерді көрсету шартында көзделген мөлшерде және мерзімдерде өнімнің тапсырылуын қамтамасыз етпесе;
      2) жөнелтуші өнімді тасымалдау бойынша қызметтерді көрсетуге шартта көзделген талаптарға өнімнің сапасын қамтамасыз етпесе;
      3) жөнелтуші өнімді тасымалдау бойынша қызметтерді көрсетуге шартта көзделген мерзімдерді және өнімді тасымалдау бойынша қызметтерді төлеу тәртібін бұзса;
      4) жөнелтуші тасымалдау маршрутының соңындағы тапсыру пунктінде өнімді қабылдаудан бас тартса немесе өнімді тасымалдауға қызметтерді көрсетуге шарттың талаптарына сәйкес магистралдық құбырлар жүйесінде бар ресурстарды бөлмесе;
      5) жөнелтуші өнімді тасымалдау бойынша қызметтерді көрсетуге шартта көзделген ілеспе құжаттарды ұсынбаса;
      6) жөнелтуші өнімге меншік құқығында немесе өзге заңды негізде тиесілі екендігін растайтын құжаттарды ұсынбаса;
      7) еңсерілмейтін күш жағдаяттары, әскери қимылдар, уәкілетті мемлекеттік органдардың тыйым шаралары, авариядан немесе аварияның тікелей пайда болу қатерінен туындаған жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары және магистралдық құбырдың меншік иесіне байланысты емес, өнімді магистралдық құбырмен қауіпсіз тасымалдауға кедергі келтіретін өзге де жағдайлар туындағанда;
      8) өнім тасымалдауды тоқтатуға әкелетін магистралдық құбырдағы авария немесе оның туындау қатері, ол туындаған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде міндетті түрде хабарландыра отырып;
      9) өнім тасымалдауды тоқтатуға әкелетін магистралдық құбырға техникалық қызмет көрсетумен, оны жөндеумен немесе қайта құрумен байланысты жұмыстарды орындау қажеттілігі, жұмыстарды жүргізу басталғанға дейін кем дегенде күнтізбелік он күн бұрын міндетті түрде өнім жөнелтушіні хабарландыра отырып;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де жағдайларда.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған себептер жойылған кезде шарттың орындалуы қайта басталады.
      3. Жөнелтуші өнім тасымалдау қызмет көрсету шартын орындауды тоқтата тұру туралы шешім қабылдау себептерін жоюдан бас тартқан, не болмаса оларды жою үшін белгіленген жеткілікті мерзімде бұл себептерді жоймаған жағдайда, магистралдық құбырдың меншік иесі немесе өзге де заңды негізде магистралдық құбырға иелік ететін тұлға осындай шартты біржақты тәртіпте бұзуға құқылы.

      24-бап. Өнімді магистралдық құбырмен тасымалдау
               қызметтеріне арналған тарифтер

      1. Магистралдық құбырмен өнімді тасымалдау қызметтеріне өнімді тасымалдау бойынша қызметтерді ұсынғаны үшін ақысы өнімді тасымалдау бойынша қызметтер үшін магистралдық құбырдың меншік иесіне немесе өзге заңды негізде магистралдық құбырға иелік ететін тұлғаға жөнелтушілер енгізетін төлемақыны білдіретін тарифтерге сәйкес магистралдық құбырдың меншік иесі немесе өзге заңды негізде магистралдық құбырға иелік ететін тұлға мен жөнелтуші арасындағы шарт негізінде төленеді.
      2. Магистралдық құбырмен өнімді тасымалдау бойынша қызметтерге арналған тарифтер Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарық туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      25-бап. Магистралдық құбыр операторының құқықтары мен
               міндеттері

      1. Магистралдық құбыр операторы:
      1) магистралдық құбырды күзету бойынша жұмыстардың орындалуын бақылауға;
      2) қате жобалық шешімдер үшін жобалау ұйымдарын жауаптылыққа тарту туралы мәселелерге бастамашылық жасауға;
      3) құрылыс ұйымдарынан магистралдық құбырды іске қосу алдында диагностикалау және атқарушылық суретке түсіру жүргізуді талап етуге;
      4) магистралдық құбырмен тасымалдау үшін жөнелтуші жеткізетін өнімнің дайындалуы туралы мәліметтердің шынайылығын, оның сапасының белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруге құқылы.
      2. Магистралдық құбыр операторы:
      1) магистралдық құбырмен өнім тасымалдау мақсатында оның іркіліссіз, сенімді және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
      2) магистралдық құбырға техникалық қызмет көрсетуді, жөндеуді және техникалық диагностикалауды жүзеге асыруға;
      3) өнімді қажетті көлемде тасымалдауды талап етілетін технологиялық көрсеткіштерді сақтай отырып, сенімділік пен қауіпсіздік нормативтік өлшемдерін ұстанып жүзеге асыруға міндетті.

      26-бап. Өнімнің сапа банкі

      1. Магистралдық құбырдың меншік иесі не өзге де заңды негізде магистралдық құбырға иелік ететін тұлға өнімнің сапа банкін қолдана отырып, өнімді тасымалдау бойынша қызметтерді ұсынуға құқылы.
      2. Өнімнің сапа банкі осы тармақта көрсетілген шешім қабылданған кезге магистралдық құбырдың жекелеген маршруттары немесе учаскелері бойынша кепілді өнімді тасымалдау жөнінде бір жылға және одан ұзақ мерзімге міндеттемелері бар өнім көлемі бойынша жөнелтушілердің кемінде үштен екісінің келісімі ескеріліп, магистралдық құбырдың осы маршруттарына немесе учаскелеріне қатысты жасалады.
      3. Өнімнің сапа банкі магистралдық құбырдың меншік иесі не өзге заңды негізде магистралдық құбырға иелік ететін тұлға осы құбырдың маршрутындағы немесе учаскесіндегі жөнелтушілермен сапа банкін пайдалану туралы көпжақты шарт жасағаннан кейін енгізіледі, онда өтемақы төлеу немесе өсімақы өндіріп алу тәртібі, сондай-ақ шарт талаптарын орындамағаны үшін тараптардың жауаптылығы көзделуі тиіс.

6-тарау. МАГИСТРАЛДЫҚ ҚҰБЫР ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ЖЕРЛЕР

      27-бап. Магистралдық құбыр қажеттіліктеріне арналған
               жерлер

      1. Магистралдық құбыр қажеттіліктеріне арналған жерлерге магистралдық құбырдың желілік бөлігі және объектілері орналасқан, меншік құқығында немесе жер пайдалану құқығында меншік иесіне тиесілі жер телімдері жатады.
      2. Магистралдық құбыр үшін трасса таңдау кезінде сәулет, қала құрылысы және экологиялық нормалардың және өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының талаптары ескерілуі тиісті.
      3. Магистралдық құбыр объектілеріне кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында, магистралдық құбырдың меншік иесі немесе өзге де заңды негізде магистралдық құбырға ие тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық және жер заңнамасына сәйкес жер телімдерінің меншік иелерімен, жер пайдаланушылармен жер телімдерін шектеулі түрде пайдалану құқығына (сервитуттар) шарт жасай алады.
      4. Магистралдық құбырды күрделі жөндеу, қызмет көрсету, қайта жаңарту жөніндегі жұмыстарды орындау және ол арқылы өткелдерді салу үшін магистралдық құбырдың меншік иесіне немесе өзге де заңды негізде магистралдық құбырға ие тұлғаға магистралдық құбыр салу үшін жер бөлу нормаларында көзделген мөлшерде жер телімдері белгіленген тәртіпте уақытша жер пайдалануға беріледі.
      5. Магистралдық құбыр салу үшін жер телімдерін жер пайдалану құқығын сатып алған меншік иелерінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушылардың иелігінен мәжбүрлеп шығару «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауымен белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.

      28-бап. Магистралдық құбырдың күзет аймағы

      1. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиян келтірудің алдын алу және қауіпсіз пайдалану үшін қалыпты жағдай жасау мақсаттарында магистралдық құбыр (оларды төсеудің кез келген түрі кезінде) трассасы бойында, соның ішінде магистралдық құбыр объектілері төңірегінде магистралдық құбыр қауіпсіздігі бойынша техникалық регламент талаптарына сәйкес жергілікті жерлерде арнайы белгілермен белгіленген күзет аймақтары орнатылады. Бір техникалық дәлізде бірнеше магистралдық құбырлар орналастырылған кезде барлық магистралдық құбырлар үшін бірыңғай күзет аймағы орнатылады.
      2. Күзет аймақтары:
      мұнайды, мұнай өнімдерін, табиғи газды, мұнай және жасанды көмірсутек газдарын тасымалдайтын магистралдық құбыр трассалары бойында - құбыр осінің әрбір жағынан елу метрде өтетін шартты сызықтармен шектелген жер телімі түрінде; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде күзет аймағы құбыр осінің әрбір жағынан жиырма бес метрде өтетін шартты сызықтармен шектеледі;
      сұйытылған көмірсутек газдарын, тұрақсыз бензин мен конденсатты тасымалдайтын магистралдық құбыр трассалары бойында - құбыр осінің әрбір жағынан жүз метрде өтетін шартты сызықтармен шектелген жер телімі түрінде;
      бір техникалық дәлізден өтетін көп тінді құбырлар трассалары бойында - шеткі құбырлар остерінен жоғарыда көрсетілген қашықтықтарда өтетін шартты сызықтармен шектелген жер телімі түрінде;
      суасты өткелдері бойында - өткелдердің шеткі желілері остерінің әрбір жағынан жүз метр кейін қалатын қатар жазықтықтар арасында орналасқан су бетінен түбіне дейінгі су кеңістігі телімі түрінде;
      конденсатты сақтауға және газсыздандыруға арналған сыйымдылықтар, өнімді авариялық шығаруға арналған жер қамбалар төңірегінде – көрсетілген объектілер аумақтары шекарасынан барлық жаққа елу метрге кейін қалатын тұйықталған сызықпен шектелген жер телімі түрінде;
      өнімді тасымалдауға дайындау технологиялық қондырғылары, бас және аралық айдау және құю сорап стансалары, сұйыққойма парктері, компрессор және газ тарату стансалары, өнім өлшеу тораптары, құю және қотару құярлықтары, газды жерасты сақтау стансалары, мұнайды, мұнай өнімдерін қыздыру пункттері төңірегінде - көрсетілген объектілер аумақтарының шекарасынан барлық жаққа жүз метрге кейін қалатын тұйықталған сызықпен шектелген жер телімі түрінде орнатылады.
      3. Магистралдық құбырдың күзет аймағына: құрылыстардың, құрылғылардың және басқа да объектілердің сақталуын, беріктігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет орман қорғау аймақтары, жер телімдері, сондай-ақ сел қаупі бар, көшкін қаупі бар аймақтарда және басқа да қауіпті әсерге ұшырайтын жерлерде орналасқан, магистралдық құбырдың бөлу жолағына жанасатын жер телімдері кіреді.
      4. Күзет аймақтарындағы жерлер жер пайдаланудың ерекше режиміне ие және жер телімдері меншік иелерінен, жер пайдаланушылардан және жер телімдерін жалға алушылардан тартып алынбайды.
      5. Халықтың өмірін және денсаулығын, магистралдық құбырдың, оның объектілері мен коммуникацияларының өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:
      1) өткелдерді, қара жолдарды және магистралдық құбыр трассасын және оның күзет аймағын өзге де уақытша немесе тұрақты көліктік кесіп өтуді оларды орнату, салу, жайластыру және пайдалану тәртібін магистралдық құбырдың меншік иесімен келіспей орнатуға;
      2) бағбандыққа және орман өсіруге, сондай-ақ жер жырту тереңдігі отыз бес сантиметрден аспайтын далалық ауыл шаруашылық өнімдерін өсіру үшін агротехникалық жұмыстар кешенінен басқа, магистралдық құбырдың меншік иесімен келісілмеген кез келген жұмыстарды орындауға;
      3) құбырдың меншік иесі (оператор) жайластырған және магистралдық құбырға қызмет көрсету мен оның физикалық қорғалуын қамтамасыз етуге арналған трасса бойындағы және өзге де жолдарды қалпына келтіруге, сондай-ақ осы жолдар бойындағы құбырдың өртке қарсы және күзет міндеттерін орындайтын қызметкерлердің қозғалысына, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, кедергі келтіруге;
      4) кез келген құрылыстар мен ғимараттар салуға;
      5) автомобиль көлігінің, тракторлар мен механизмдердің тұрақтарын салуға;
      6) мелиоративтік жер жұмыстарын жүргізуге, суару және құрғату жүйелерін салуға;
      7) әртүрлі тау, құрылыс, монтаж және жарылыс жұмыстарын жүргізуге, жерді тегістеуге;
      8) ұңғымалар, тікқазбалар орнатуға және топырақ сынамаларын (топырақ үлгілерінен басқа) алуға байланысты геологиялық түсіру, іздеу, геодезиялық және басқа да іздестіру жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.
      6. Магистралдық құбырдың меншік иесі магистралдық құбыр трассасы бойында күзет аймағы шекарасының шегіндегі жер немесе су учаскелерін меншігіне алуға немесе жалға алу шарттарын немесе оларды пайдаланудың өзге де шарттарын жасасуға және төлеуге міндетті емес.
      7. Күзет аймағы шегіндегі магистралдық құбыр операторлары құбыр объектілерін жөндеу және оларға қызмет көрсету бойынша жұмыстарды, сондай-ақ жердің меншік иелерін (жер пайдаланушыларды) алдын ала хабардар етіп және оларға келтірілген залалдың орнын кейіннен толтыра отырып, төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмыстарды, ал төтенше жағдайды жою кезінде алдын ала хабарлаусыз келтірілген залалдың орнын кейіннен толтыра отырып жұмыстар жүргізуге құқылы.
      8. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында магистралдық құбырға жатпайтын кез келген объектіні құрылыс нормаларымен және ережелерімен белгіленген ең аз қашықтық шегінде салуға тыйым салынады.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      29-бап. Магистралдық құбыр саласындағы халықаралық
               ынтымақтастық

      Магистралдық құбыр саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      30-бап. Қазақстан Республикасының магистралдық құбыр
               туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының магистралдық құбыр туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеліп соғады.

      31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады