Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 398 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2011 жылғы 15 маусымда Астана қаласында жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2012 жылғы 30 наурыздағы
№ 398 қаулысымен    
бекітілген       

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері
арасындағы Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      тең құқық және өзара құрмет негізінде, халықтың денсаулық деңгейін көтеру, Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі – ШЫҰ) мүше мемлекеттердің халықтары арасындағы достық қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында,
      2002 жылғы 7 маусымдағы ШЫҰ Хартиясының, 2007 жылғы 16 тамыздағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартының, сондай-ақ ШЫҰ-ның басқа да құжаттарының ережелерін басшылыққа ала отырып,
      ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты мынадай:
      ғылым және инновациялық технологиялар;
      жұқпалы аурулар профилактикасы және оларды бақылау;
      дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасы;
      денсаулық сақтауды ақпараттандыру және телемедицина;
      төтенше жағдайлар мен дүлей апаттар кезінде медициналық көмек көрсету;
      бастапқы медициналық-санитариялық және жоғары технологиялық медициналық көмек;
      ана мен бала денсаулығын сақтау;
      жұқпалы емес аурулар және саламатты өмір салтын қалыптастыру;
      тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі бағыттары бойынша дамытады.
      Тараптар ортақ келісім арқылы басқа бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыра алады.

2-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген бағыттар бойынша Тараптар ынтымақтастығы олардың мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес мынадай:
      ғылыми және инновациялық жетістіктермен алмасу;
      озық және қазіргі заманғы технологиялармен алмасу;
      Тараптар өткізетін халықаралық іс-шараларға (көрмелерге, конференцияларға, симпозиумдарға және т.б.) қатысу;
      қоғамдық денсаулық сақтауға қауіп төндіретін төтенше жағдайлар кезінде жедел ақпарат алмасу;
      ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау ұйымдары мен мекемелері арасындағы өзара іс-қимыл нысандарында іске асырылады.

3-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында алынған зияткерлік қызмет нәтижелеріне арналған құқықтардың қорғалуын өз мемлекеттерінің заңнамасына және өздері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қамтамасыз етеді.

4-бап

      Егер Тараптар арасында өзге уағдаластықтар болмаса, Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес осы Келісім бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығыстарды дербес көтереді.

5-бап

      Осы Келісімнің ережелерін орындау жөніндегі ынтымақтастықты үйлестіруді қызметі тиісті Регламентпен реттелетін Сараптамашылық жұмыс тобы жүзеге асырады.

6-бап

      Осы Келісімнің жекелеген ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар тиісті келісімдер жасаса алады.

7-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

8-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты даулы мәселелер мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, олар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешілетін болады.

10-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықтың жұмыс тілдері орыс және қытай тілдері болып табылады.

11-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін депозитарийдің қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы оған қол қойған әрбір Тараптың соңғы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап күшіне енеді.

12-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ШЫҰ мүшесі болған кез келген мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық.
      Қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарийдің қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күннен кейін күшіне енеді.
      Депозитарий қосылған мемлекетке қатысты осы Келісімнің күшіне енген күні туралы Тараптарды хабардар етеді.

13-бап

      Тараптардың кез келгені, болжанып отырған шығу күніне дейін 90 күннен кешіктірмей депозитарийге өзінің ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий 30 күннің ішінде оны алғаны туралы басқа Тараптарға хабарлайды.
      осы Келісімнің қолданысын тоқтату оған сәйкес жүзеге асырылатын, басталған, бірақ оның қолданысы тоқтатылған сәтте аяқталмаған қызметті, егер Тараптар өзге туралы келіспесе қозғамайды.

14-бап

      Осы Келісімнің депозитарийі ШЫҰ Хатшылығы болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 15 күннің ішінде оның расталған көшірмесін Тараптарға жібереді.
      2011 жылғы 15 маусымда Астана қаласында (Қазақстан Республикасы) орыс және қытай тілдерінде бір түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады