Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 мамырдағы № 582 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 қарашадағы № 1055 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.11.2023 № 1055 қаулысымен.

      "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңының 5-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 7 мамырдағы
№ 582 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау
қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңына (бұдан әрі – Заң) cәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы (бұдан әрі – Схема) – Қазақстан Республикасының тұтынушыларын газбен сенімді жабдықтауды қамтамасыз ету үшін газ саласын дамытудың экономикалық негізделген стратегиялық бағыттарын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және өзге де объектілерде тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын отын ретінде пайдалану жолымен газ саласын дамыту үшін жүзеге асырылуға жататын негізгі іс-шараларды айқындайтын және газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін орналастыру схемасын, салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жоспарланатын газбен жабықтау жүйелері объектілерінің тізбесі мен техникалық сипаттамасын, қажетті қаржы ресурстарын және олардың көздерін, тауарлық және сұйытылған мұнай газының перспективалы ресрустарын, сондай-ақ қазіргі бар және салу жоспарланатын газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері бойынша газ беру схемасын қамтитын құжат;

      2) рейтингтік бағалау – әлеуметтік-экономикалық және табиғи-шаруашылық сипаттамалардың жиынтығын талдау негізінде Қазақстан Республикасының жекелеген әкімшілік-аумақтық бірліктерін газдандырудың тартымдылығын айқындауға мүмкіндік беретін әдістеме.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге терминдер мен анықтамалар Заңға сәйкес қолданылады.

2. Схеманы дайындау тәртібі

      3. Схема мынадай үш кезеңде әзірленеді:

      1) облыстар, республикалық маңызы қалалар, астана әкімдіктерінің өңірлік схеманы қалыптастыруы;

      2) Схеманы уәкілетті органның қалыптастыруы;

      3) Схеманы Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуі.

      4. Облыстардың, республикалық маңызы қаланың, астананың әкімдері осы Қағидаларға сәйкес дайындалған өңірлік газдандыру схемаларын уәкілетті органның жанынан құрылатын Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауына ұсынуды қамтамасыз етеді.

      5. Комиссияны уәкілетті органның басшысы басқарады. Комиссияның құрамына коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіптік қауіпсіздік, индустрия және жаңа технологиялар, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органдардың, табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның, стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органның, облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кіреді. Газ және газбен жабдықтау саласындағы саясаттың жүргізілуіне жауапты уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      6. Схема мыналардың:

      1) тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндірудің, өткізу мен тұтынудың болжамды теңгерімі негізінде Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету;

      2) тауарлық газды, оның ішінде сұйытылған табиғи газды қайта газдандыру процесінде алынған, газды тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың пайдалану басымдылығын ескере отырып әзірленеді.

      7. Газдандырудың өңірлік схемалары осы Қағидаларға қосымшада келтірілген өңірлерді газдандыру тартымдылығын рейтингтік бағалау әдістемесіне сәйкес өңірлерді газдандырудың тартымдылығын рейтингтік бағалау нәтижелері негізінде әзірленеді.

      8. Газдандырудың өңірлік схемаларында мыналар көрсетіледі:

      1) газ тұтынушы пайдаланылатын объектілер, іске қосу мерзімін көрсете отырып, пайдалануға беру жоспарланып отырған объектілер;

      2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілерде газ тұтыну көздері;

      3) оны пайдалану басымдықтарының экономикалық негіздемелерімен газдандыру кезінде пайдалану жоспарланып отырған газдың түрі (тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай);

      4) газдандыру жоспарланып отырған елді мекендер;

      5) тиісті негіздемелерді көрсете отырып, 2015 жылға дейін газдандыру экономикалық жағынан орынсыз объектілер.

      9. Рейтингтік бағалау шеңберінде есеп айырысулар жүргізу үшін рейтингтік бағалау негізінде жеке алынған Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігін (ауданын) газдандырудың орындылығы мен тартымдылығын бағалауға мүмкіндік беретін жаңартылатын және толықтырылатын ақпараттық жүйе құрылады.

      10. Өңірлік Схеманы әзірлеу кезінде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:

      1. өңірлерді газдандыру тартымдылығына әсер ететін Қазақстан Республикасы өңірлерінің ағымдағы әлеуметтік-экономикалық және табиғи-шаруашылық көрсеткіштерін жинау мен талдауды жүргізу;

      2) Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына ішкі қажеттіліктерін қанағаттандру үшін қажетті қолда бар ресурстық базаға талдау жүргізу;

      3) оптимистік, пессимистік және нақты сценарийлер бойынша тауарлық және сұйытылған мұнай газының теңгерімі негізгі көрсеткіштерінің болжамды мәндерін айқындау;

      4) баламалы энергия көздері нарығына салыстырмалы талдау жүргізу;

      5) жұмыс істеп тұрған және салуға жоспарланған магистральдық газ құбырларын орналастыру схемасын әзірлеу;

      6) Қазақстан Республикасының әрбір талданатын өңірін газдандыруға қажетті инвестициялардың көлемін талдауды жүргізу;

      7) Қазақстан Республикасының өңірлері ішінде тартымдылықтың рейтингтік бағалауын жүргізу.

      11. Қазақстан Республикасын газдандырудың өңірлік схемалары мыналарға:

      1) облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқарушы органдарын қоспағанда, Комиссия мүшелеріне және Комиссияның жұмыс органына;

      2) Комиссия мүшелері – өңірлік схемасы қарауға ұсынылған тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікпен шекаралас облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдеріне ұсынылады.

      Газдандырудың өңірлік схемаларын алған Комиссия мүшелері мен Комиссияның жұмыс органы олардың тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымда қаралауын және схеманы алған күнінен бастап екі апта мерзімде құзырет мәселелері бойынша қорытынды дайындауды қамтамасыз етеді.

      12. Комиссияның отырыстарында газдандырудың өңірлік схемалары және мемлекеттік органдар мен жұмыс органының қорытындылары қаралады және өңірлік схемаларды пысықтау жөнінде және (немесе) оларды Схеманың құрамына енгізу жөнінде ұсынымдар әзірленеді.

      13. Схема мыналарды:

      1) Қазақстан Республикасының тұтынушыларын газбен сенімді жабдықтауды қамтамасыз ету үшін газ саласын дамытудың экономикалық жағынан негізделген стратегиялық бағыттарын;

      2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өзге объектілерде тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын отын ретінде пайдалану жолымен газ саласын дамыту үшін жүзеге асыруға жататын негізгі іс-шараларды;

      3) жұмыс істеп тұрған және салуға жоспарланған газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін орналастыру схемасын;

      4) салуға, жаңғыртуға және (немесе) реконструкциялауға жоспарланған газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің тізбесі мен техникалық сипаттамасын;

      5) қажетті қаржы ресурстары мен олардың көздерін, тауарлық және сұйытылған мұнай газының перспективалы ресурстарын;

      6) жұмыс істеп тұрған және салуға жоспарланған газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері бойынша газ беру схемасын;

      7) перспективаға арналған Схеманы іске асыру мерзімін қамтиды.

      14. Схеманың шеңберінде уәкілетті орган газдандыру үшін неғұрлым тартымды өңірлердің мынадай ақпаратты қамтитын тізбесін қалыптастырады және бекітеді:

      1) газдандыру жобасының атауы;

      2) жауапты мемлекеттік орган;

      3) жобаны іске асыру жоспарланатын өңір;

      4) жобаға өтініш беруші;

      5) жобаны іске асырудың экономикалық тартымдылығының алдын ала көрсеткіштері;

      6) жоба қабылданған жағдайдағы болжамды әлеуметтік-экономикалық салдар;

      7) жобаны іске асыруға байланысты болжамды қаржылық шығындар және қаржыландыру көздері;

      8) жобаны іске асырудың болжамды мерзімдері.

      15. Комиссия Схеманы мақұлдағаннан кейін уәкілетті орган белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын бекіту туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын дайындайды және енгізеді.

      16. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, өңірлерді дамыту бағыттары өзгергенде немесе Схеманы түзетудің өзге қажеттілігі туындаған кезде Комиссия мүшелері Схемаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу мәселесін қарау үшін оның отырысын шақыруға бастамашылық жасайды.

      Осындай отырысқа бастамашылық жасаған Комиссия мүшелері Комиссияның отырысына дейін екі аптадан кешіктірмей Комиссия мүшелеріне және жұмыс органына осы бөлімнің ережелерін ескере отырып жасалған схеманы түзетуге қажетті негіздемелерді ұсынады.

  Қазақстан Республикасын
газдандырудың бас схемасын
дайындау қағидаларына
қосымша

Өңірлерді газдандырудың тартымдылығын рейтингтік
бағалау әдістемесі

      1. Көрсеткіштерді нормалау мына формуламен айқындалады:



      мұнда

      i – белгілі бір облыстың барлық аудандарын i= (1…n) таңдауда ауданның реттік нөмірін сипаттайды, мұнда n – салыстырылатын аудандардың саны;

      j – көрсеткіштің реттік нөмірі, j= (1…m), мұнда m – рейтинг қалыптастыру үшін пайдаланылатын көрсеткіштердің саны;

      үздік – n аудандардан таңдау үшін j-ші көрсеткіштің ең жақсы мәні;

      нашар – n аудандардан таңдау үшін j-ші көрсеткіштің ең жаман мәні;

      kij– i-ші аудандағы j-ші көрсеткіштің сандық мәні.

      Бастапқы деректердің негізінде салыстыру үшін пайдаланылатын нормаланған көрсеткіштердің жиыны алынады.

      Әрбір көрсеткіштің мәндерін бүкіл таңдау ішіндегі ең жақсы ықтимал мәнмен салыстыру осы көрсеткіштің осы аудан үшін мәнінің оңтайлы мәннен қаншалықты айырмашылығы бар екенін көрсетуге мүмкіндік береді.

      Нәтижесінде зерттелетін көрсеткіштер нүктелерінің координаталарының әрбір көрсеткіш үшін эталондық мәні нүктесінің координаталарына дейінгі нормаланған арақашықтықтарының матрицасы қалыптастырылады.

      2. Евклид арақашықтығын есептеу

      Рейтингті қалыптастыру үшін әрбір ауданның шартты ауданмен салыстырылуы қажет (ол аудандар бойынша таңдауға факт бойынша қатыса алады), онда әрбір оны сипаттайтын көрсеткіштің мәні эталондық болып табылады.

      Барлық бағаланатын аудандар көпшамалы кеңістікте болады, онда, біріншіден, координаталар рөлінде әрбір аудан үшін көрсеткіштердің нормаланған мәндер әрекет етеді, ал екіншіден, таңдау үшін эталондық (шартты) ауданның мынадай координаталары болады: (0, 0, 0,..., 0) және рейтингті қалыптастыру үшін санау нүктесі болып табылады.

      Евклид арақашықтығын есептеу кезінде негізгі міндет әрбір ауданның көпшамалы кеңістікте эталондық ауданнан қаншалықты қашық екендігін анықтаудан тұрады.

      Осы әдістеме шеңберінде евклид арақашықтығын есептеу мынадай түрге ие болады және мына формуламен жүзеге асырылады:



      мұнда

      pi– i-ші аудан үшін евклид арақашықтығы;

      wj – j-көрсеткіштің үлес салмағы (мысалы, газ құбырынан елді мекенге дейінгі арақашықтық, халық саны және т.б.). Ол жалпы бағалау үшін белгілі бір көрсеткіштің мәніне қарай субъективті түрде белгіленеді.

      Бұл ретте


      kij – бұлi-аудан үшін j-ші көрсеткіштің нормаланған мәні, оны есептеу әдісі жоғарыда көрсетілген.

      0 – оған қатысты газдандыру үшін тартымдылықты бағалау жүргізілетін шартты эталондық (үздік) ауданды көрнекі түрде көрсетуге арналған формулада бар. m-шамалы кеңістіктегі шартты ең жақсы аудан координаталардың басы болып табылады, яғни координаталары бар (0,0,…,0).

      Алынған евклид арақашықтығы аудандардың әрқайсысы барлық қаралатын көрсеткіштердің жиынтығында шартты эталондық ауданнан қаншалықты қашық екенін көрсетеді. Евклид арақашықтығы қаншалықты аз болса, бағаланатын аудан шартты эталондыққа соғұрлым жақын болады.

      3. Рейтингті қалыптастыру

      Жасалған операциялар нәтижесінде көрсеткіштердің бүкіл жиынтығы бойынша әрбір зерттелетін өңір үшін жалпы евклид арақашықтығы алынады. Өңірдегі осы арақашықтықтың ең аз мәні шартты эталондық көрсеткішке оның анағұрлым жақындығын білдіретін болады. Одан әрі рейтингтегі орындар евклид арақашықтығы мәнінің артуына қарай берілетін болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады