Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер халықтарының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен батырлығы туралы мәңгі есте сақтау туралы келісімді бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер
халықтарының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі
мен батырлығы туралы мәңгі есте сақтау туралы
келісімді бекіту туралы
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
Қоса беріліп отырған 2011 жылғы 3 қыркүйекте Душанбе қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер халықтарының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен батырлығы туралы мәңгі есте сақтау туралы келісім бекітілсін.
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер
халықтарының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі
мен батырлығы туралы мәңгі есте сақтау туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер,
ізгілік саласындағы халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын, 1949 жылғы 12 тамыздағы Женева конвенциялары мен 1977 жылғы 8 маусымдағы оларға Қосымша хаттамаларды, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (бұдан әрі-ТМД) шеңберінде қабылданған халықаралық шарттар мен шешімдерді басшылыққа ала отырып,
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықтары фашизмді жеңуде шешуші үлес қосқанын ескере отырып,
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер халықтарының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен батырлығын ұмытпауға және мәңгі есте сақтауға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төмендегі терминдер мынаны білдіреді:
мәңгі есте сақтау – қаза тапқан әскери қызметшілерге, олардың ерлігі мен батырлығына құрметпен қарауды сақтауға бағытталған, жауынгерлер жерленген орындар мен әскери ескерткіштерді жайластырумен, сақтаумен, және күтіп ұстаумен, оның негізінде электрондық деректер банкін құру үшін есепке алынбаған жауынгерлер жерленген орындар мен қаза тапқан әскери қызметшілердің жеке деректерін анықтау, сондай-ақ Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген қосымша іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында іздеу жұмыстарын жүргізумен тікелей байланысты қызмет;
қаза тапқан әскери қызметшілер – Тараптардың аумақтарында КСРО Қарулы Күштерінің, партизан жасақтарының және басқа да фашизмге қарсы жасырын құралымдардың құрамына кірген, тыл еңбеккерлері болған, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік іс-қимылдар барысында қаза тапқан және жерленген, тұтқында болған, сондай-ақ оның зардаптарының нәтижесінде госпитальдарда, оның ішінде соғыстан кейінгі уақытта қайтыс болған бұрынғы КСРО азаматтары;
жауынгерлер жерленген орындар – Тараптардың аумақтарындағы жеке және бауырластар зираттарын, бейіттерді немесе бейіттер учаскелерін қоса алғанда, қаза тапқан әскери қызметшілер жерленген орындар;
әскери ескерткіштер – Тараптардың аумақтарында орналасқан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының оқиғаларымен байланысты мемориалдық және басқа да құрылыстар, ескерткіштер, мемориалдар, ескерткіш орындар, аумақтар мен объектілер;
есепке алынбаған жауынгерлер жерленген орындар – Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес тіркелмеген, әскери қызметшілер мен соғыстың азаматтық құрбандары жерленген (қаза тапқан) орындар;
жауынгерлер жерленген орындарды жайластыру – жерлеу орындарының шектерін белгілеу және естелік белгілерін, құлпытастарды, ескерткіштерді немесе өзге де мемориалдық құрылыстарды орнату немесе оларды қайта қалпына келтіру және жөндеу, сондай-ақ басқа да қажетті іс-шаралар;
жауынгерлер жерленген орындарды және әскери ескерткіштерді күтіп ұстау – жауынгерлер жерленген орындардың және әскери ескерткіштердің күтіп ұсталуын қамтамасыз ету, оларды тиісті тәртіппен ұстау;
іздеу жұмыстары – есепке алынбаған жауынгерлер жерленген орындарды және Отанды қорғау кезінде қаза тапқандардың немесе хабарсыз кеткендердің жерленбеген мәйіттерін анықтау жолымен мәңгі есте сақтау нысаны, сондай-ақ қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендерді мәңгі есте сақтау үшін олардың есімдерін анықтау.
2-бап
Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттер халықтарының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен батырлығы туралы мәңгі есте сақтау саласындағы гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін келісілген шараларды қабылдайды және осы мақсаттарда:
қаза тапқан әскери қызметшілер туралы есте сақтау, жауынгерлер жерленген орындарды және әскери ескерткіштерді ұстау мен күтіп ұстау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;
іздеу жұмыстарын жалғастырады, қаза тапқан әскери қызметшілерді әскери құрметпен жерлеуді қамтамасыз етеді;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер халықтарының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы өшпес ерлігі туралы фактілерді жариялауды ұйымдастырады;
осы Келісімді іске асырудағы ынтымақтастықтың құқықтық тетіктерін жетілдіреді.
3-бап
Тараптар жауынгерлер жерленген орындарды және әскери ескерткіштерді анықтаумен, есепке алумен, жайластырумен және күтіп ұстаумен, сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің мәйіттерін эксгумациялаумен және оларды қайта жерлеумен байланысты мәселелерді шешу кезінде осы Келісімді және олар орналасқан аумақтағы Тараптың ұлттық заңнамасын басшылыққа алады.
Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттер халықтарының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен батырлығы туралы мәңгі есте сақтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырған кезде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер халықтарының зираттардағы және әскери ескерткіштердегі жазуларды қоса алғанда, ұлттық, діни және өзге де әдет-ғұрыптардың белгілерін ескереді.
4-бап
Тараптар өз аумақтарында орналасқан жауынгерлер жерленген орындар мен әскери ескерткіштерді қорғауды және сақтауды қамтамасыз етеді.
Жаңадан анықталған жауынгерлер жерленген орындарды жайластыру мәйіттер табылған орындарда немесе бұл мүмкін болмаса, қаза тапқан әскери қызметшілерді есте сақтауға лайықты орындарда жүргізіледі.
5-бап
Тараптар өз аумақтарында орналасқан жауынгерлер жерленген орындар мен әскери ескерткіштерді анықтауға, есепке алуға, жайластыруға, күтіп ұстауға және оларды күтуге, сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің мәйіттерін эксгумациялаумен, орнын ауыстырумен және оларды қайта жерлеумен байланысты мәселелерді шешуге ықпал етеді.
Тараптар бір-бірін жауынгерлер жерленген орындардың және әскери ескерткіштердің бар болуы, орналасқан жері, жай-күйі туралы хабардар етеді және қаза тапқан әскери қызметшілердің атаулы тізімдерімен және олардың жерленген орындары туралы басқа да жеке деректермен, сондай-ақ осы Келісімді іске асырумен байланысты басқа да ақпаратпен алмасады.
6-бап
Тараптар іздеу жұмыстарын жүргізуді, қаза тапқан әскери қызметшілерді әскери құрметпен жерлеуді қамтамасыз етеді, өз аумақтарындағы жауынгерлер жерленген орындарды есепке алу үшін қажетті шараларды қабылдайды.
Тараптар іздеу жұмыстарын жүргізу, қаза тапқан әскери қызметшілердің мәйіттерін қайта жерлеу, жауынгерлер жерленген орындарды жайластыру және күтіп ұстау жөніндегі бірлескен шараларды жүзеге асыруы мүмкін.
Осы Келісімнің шеңберінде жүргізілетін бірлескен іс-шараларды қаржыландыру Тараптардың қосымша уағдаластықтарына сәйкес жүзеге асырылады.
7-бап
Тараптар өз ұлттық заңнамасына сәйкес бұрыннан бар және жаңадан жайластырылатын жауынгерлер жерленген орындар мен әскери ескерткіштерге жер учаскелерін өтеусіз және мерзімсіз пайдалануға беруді қамтамасыз етеді.
Тараптар өзара мүдделілік кезінде жауынгерлер жерленген орындарды жаңа жер учаскелеріне жайластыру, қаза тапқан әскери қызметшілердің мәйіттерін қайта жерлеуді жүргізу, әскери ескерткіштердің орнын ауыстыру туралы бір-бірін хабардар етеді.
8-бап
Қаза тапқан әскери қызметшілердің мәйіттерін мүдделі Тарапқа беру мақсатында эксгумациялау тек мүдделі Тараптың қолдаухаты бойынша және аумағында мәйіттер жатқан Тараптың келісімімен, оның ұлттық заңнамасын ескере отырып жүзеге асырылады.
Өзара хабарламалар Тараптардың дипломатиялық арналары арқылы беріледі.
9-бап
Тараптар өз аумақтарында орналасқан жауынгерлер жерленген орындар мен әскери ескерткіштерді ұстау және күту жөніндегі шығыстарды өздері көтереді.
Әрбір Тарап өзара уағдаластық негізінде басқа Тараптардың аумақтарында орналасқан жауынгерлер жерленген орындар мен әскери ескерткіштерді көркейту және күтіп ұстау жөніндегі жұмыстарды өз есебінен жүзеге асыруы мүмкін. Мұндай қызметті қаржыландыру мәселелері Тараптардың жеке уағдаластықтарымен айқындалады.
Қаза тапқан әскери қызметшілер мен соғыстың азаматтық құрбандарының мәйіттерін эксгумациялауға, тасымалдауға және қайта жерлеуге, сондай-ақ жауынгерлер жерленген орындарды, соның ішінде жаңа анықталғандарын жайластыруға шығыстарды осы жұмыстарды жүргізіп жатқан Тарап өтініш немесе шешім бойынша өзі көтереді.
10-бап
Тараптар өз ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумақтарында орналасқан жауынгерлер жерленген орындар мен әскери ескерткіштерге Тараптар азаматтарының еркін баруына жәрдемдеседі.
11-бап
Тараптар жауынгерлер жерленген орындар мен әскери ескерткіштерге қатысты вандализм және қорлау оқиғаларына жол бермеу және оның жолын кесу үшін шаралар қабылдайды.
Құқыққа қарсы әрекеттер жасалған жауынгерлер жерленген орындар мен әскери ескерткіштерге келтірілген зиянды жою шығыстарын аумағында осындай оқиға орын алған Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес көтереді.
12-бап
Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумақтарында әрекет ететін қоғамдық бірлестіктермен (ұйымдармен) осы Келісім шеңберіндегі нақты іс-шараларды жүзеге асыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізуді қоса алғанда, қаза тапқан әскери қызметшілерді мәңгі есте сақтау саласында ынтымақтастық жасайды.
13-бап
Әрбір Тарап осы Келісімді іске асыру жүктелетін уәкілетті органды айқындайды, онымен бір уақытта оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабардар ете отырып, бұл туралы депозитарийді хабардар етеді.
Уәкілетті органның атауы өзгерген жағдайда тиісті Тарап 30 күн ішінде ол туралы депозитарийді хабардар етеді.
Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісімді іске асырудың техникалық мәселелері бойынша тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
14-бап
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрліктерінің кеңесіне жүктеледі.
Осы Келісімде баяндалған міндеттерді орындаудағы ынтымақтастық тетіктерін дамыту мақсатында, сондай-ақ бірлесіп шешуді талап ететін мәселелерді қарау үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің Хатшылығы Тараптардың уәкілетті органдары өкілдерінің жүйелі үйлестіру кеңестерін (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) ұйымдастырады.
15-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер Үйлестіру кеңесі шеңберінде мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен немесе Тараптармен келісілген басқа да рәсім арқылы шешілетін болады.
16-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысы қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын оның құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
17-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
18-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
19-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығуға дейін кемінде 6 ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып және осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерін реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
20-бап
Осы Келісім ол күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжат беру жолымен ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2011 жылғы 3 қыркүйекте Душанбе қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Әзірбайжан Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Армения Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін Түрікменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
Молдова Республикасы үшін
Осымен қоса беріліп отырған мәтін 2011 жылғы 3 қыркүйектегі Душанбе қаласында болып өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттері басшыларының кеңесінде қабылданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер халықтарының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен батырлығы туралы мәңгі есте сақтау туралы келісімнің дәлме-дәл көшірмесі болып табылатынын растаймын. Аталған Келісімнің түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетінде сақталады.
ТМД Атқару хатшысы -
Атқару комитеті төрағасының
бірінші орынбасары В. Гаркун
Осымен осы мәтін 2011 жылғы 3 қыркүйектегі Душанбе қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жөніндегі кезекшілерінің әуе кемесін басып алу (ұшырып әкету) туралы ақпаратты алған кездегі іс-қимылдарын ұйымдастыру туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі болып табылатынын растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқықтық департаментінің
басқарма бастығы Б. Есентаев