"Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 мамырдағы № 673 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

"Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық
комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің
2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына өзгерістер
мен толықтыру енгізу туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. "Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 43, 503-құжат; 2004 ж., № 22, 276-құжат; 2005 ж., № 19, 227-құжат; 2006 ж., № 1, 2-құжат; 2008 ж., № 4, 44-құжат; № 20, 182-құжат; № 42, 465-құжат; 2010 ж., № 9, 105-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы ережеде:
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Республикалық комиссияның негізгі міндеттері:
      1) шетелде кадрлар даярлау жөніндегі жалпы стратегияны айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      2) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына (бұдан әрі – Іріктеу қағидалары) сәйкес "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау, "Болашақ" халықаралық стипендиясынан айыру, бас тартуды қабылдау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істеу жөніндегі міндеттемелерін орындауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдау;
      3) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтар тізбесін жыл сайын бекіту;
      4) Іріктеу қағидаларында айқындалатын адамдар санаттары үшін "Болашақ" халықаралық стипендиясының шекті санын жыл сайын белгілеу;
      5) "Болашақ" бағдарламасы түлектерінің барлық өңірлердің жергілікті атқарушы органдарында, мемлекеттік және жеке меншік кәсіпорындарында болуын жыл сайын арттыру жолымен, оларды жұмысқа орналастыру мәселелерін үйлестіруді қамтамасыз ету;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, негізгі қызмет үшін қажетті өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.";
      10-тармақта:
      3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "3) "Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқыту үшін ұқсас мамандықтар тізбесін, "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегерлерінің оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін, "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалылығы кестесін, тілдік курстардың ұзақтылық кестесін бекітеді;
      4) тамақтануға, тұруға, оқу әдебиеттерін сатып алуға арналған шығыстар нормаларын әзірлейді және бекітеді, шет елдердiң тиісті мемлекеттік органдары, шетелдік жоғары оқу орындары, тілдік курстар мен тағылымдамаларды өткізуді жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар, статистикалық, рейтингтік және өзге де тиісті ұйымдар және/немесе шет мемлекеттің уәкілетті органдары айқындайтын оқытуды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсететін шетелдік ұйымдар ұсынған құжаттардың және/немесе өзге ақпараттың негiзiнде тұратын жерінен оқитын, тілдік курстардан не тағылымдамадан өтетін жеріне дейін жол жүру бойынша көлік түрі мен сыныбын анықтайды;";
      7) және 8) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "7) мемлекеттік және шет тілдерін білудің қажетті ең төменгі деңгейін, шетелдік жоғары оқу орындарының, шет мемлекеттердің үәкілетті органдары айқындайтын шетелдік ұйымдардың талаптарын ескере отырып, пәндік емтихандар бойынша ең төменгі шекті балды белгілейді;
      8) қажетті материалдарды Республикалық комиссияның отырыстарына енгізеді;";
      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "10) Республикалық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелерден басқа, "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегерлерінің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияны құрады;";
      мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
      "11) "Болашақ" халықаралық стипендиясын іске асыру тәртібін бекітеді.".
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады