Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 маусымдағы № 750 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 5 маусымдағы
№ 750 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік
шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы
КЕЛІСІМ

(2012 жылғы 6 маусымда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2013 ж., N 2, 25-құжат)

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі,
      екі ел арасындағы достық қатынастарды және екі халықтың дәстүрлі достығын одан әрі нығайту мен дамыту мақсатында,
      екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты ынталандыру үшін,
      тең құқықтық және өзара пайда қағидаттары негізінде,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде Тараптар мынадай терминдерді пайдаланады:
      өткізу пункті – адамдардың, көлік құралдарының кіруі мен шығуы, жүктерді, тауарларды, жануарларды және өсімдіктерді әкелу мен әкету үшін Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасында орналасқан және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген органдардың бақылауындағы аумақ;
      екі жақты өткізу пункті – Тараптар мемлекеттері адамдарының, көлік құралдарының кіруі мен шығуына, жүктері мен тауарларын, жануарларын және өсімдіктерін әкелуге және әкетуге арналған өткізу пункті;
      көпжақты (халықаралық) өткізу пункті – Тараптар мемлекеттері және үшінші елдер (өңірлер) адамдарының, көлік құралдарының кіруі мен шығуына, жүктері мен тауарларын, жануарларын және өсімдіктерін әкелуге және әкетуге арналған өткізу пункті;
      өткізу пунктін бақылау органдары – Қазақстан Тарапы үшін: шекаралық, кедендік және басқа да мүдделі органдар; Қытай Тарапы үшін: шекаралық, кедендік және карантиндік органдар.

2-бап

      Тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы арқылы екі жақты және көпжақты (халықаралық) өткізу пункттерін орнатады, олардың атауы, орналасқан жері және жіктелуі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Қосымшада көрсетілген.

3-бап

      Жаңа өткізу пункттерін ашуды, жұмыс істеп тұрған өткізу пункттерін жабуды, олардың жіктелуін немесе орналасқан орнын өзгертуді Тараптар дипломатиялық арналар арқылы келіседі және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке құжатпен ресімделетін болады.

4-бап

      1. Өткізу пункттері Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес белгіленген мынадай мереке күндері жабылады:
      Қазақстан тарабынан: Жаңа жыл (1-2 қаңтар), Халықаралық әйелдер күні (8 наурыз), Наурыз мейрамы (21-23 наурыз), Қазақстан халқының бірлігі мерекесі (1 мамыр), Отанды қорғаушы күні (7 мамыр), Жеңіс күні (9 мамыр), Астана күні (6 шілде), Қазақстан Республикасының Конституциясы күні (30 тамыз), Тәуелсіздік күні (16-17 желтоқсан).
      Қытай тарабынан: Жаңа жыл (1 қаңтар), Көктем мерекесі (ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл қарсаңында, ай күнтізбесі бойынша жаңа жылдың бірінші және екінші күні), өлгендерді еске алу Цинмин мерекесі (ай күнтізбесі бойынша), Халықаралық еңбекшілердің ынтымақтастық күні (1 мамыр), Дуань У мерекесі (ай күнтізбесі бойынша бесінші айдың бесінші күні ), Күз ортасы мерекесі (ай күнтізбесі бойынша сегізінші айдың бесінші күні), ҚХР құрылған күні (1-3 қазан).
      2. Автомобиль өткізу пункттері дүйсенбі сенбі аралығында аптасына алты күн ашық. Жұмыс істеу сағаттары: Астана уақыты бойынша – 8:00-12:00, 13:00-17:00; Бейжін уақыты бойынша 10:00-14:00, 15:00-19:00.
      «Қорғас» (Қазақстан Республикасы) – «Қорғас» (Қытай Халық Республикасы) өткізу пунктінде уақытша басқа кезең мен жұмыс сағаттары белгіленген.
      Қажет болған жағдайда осыған өз Тараптары уәкілеттік берген Тараптардың құзыретті органдары өткізу пунктінің өзге де кезеңдері мен жұмыс сағатын келісе алады, оларды Тараптар бекітеді және дипломатиялық арналар арқылы тиісті хабарламалар алмасудан кейін қолданысқа енгізіледі.
      3. Темір жол өткізу пункттері жыл бойы және тәулік бойы режимінде ашық.

5-бап

      1. Ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке қатер немесе Халықаралық Эпизоотиялық Бюро тізіміне енгізілген адамдардың жұқпалы және карантиндік ауруының, жануарлар ауруының немесе жеке екіжақты халықаралық шартпен келісілген карантиндік зиянды организмдер мен өсімдіктер ауруларының таралуы қауіпі туындаған жағдайда Тараптардың бірі тиісті шараларды қабылдау басталғанға дейін 5 (бес) күн бұрын (шұғыл жағдайда кемінде 24 сағат бұрын) бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы хабардар етіп, өткізу пункттерін уақытша жабуы, олардың ашылуын кідіртуі не өткізу пункті арқылы өтуді шектеуі мүмкін.
      Тараптардың әрқайсысы өткізу пункттерінің объектілеріне жөндеу жұмыстарын (қайта жаңарту) жүргізуге байланысты өткізу пункттерін уақытша жабуы не өткізу пункттері арқылы өтуді шектеуі мүмкін, ол туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы осындай жұмыстар басталғанға дейін 2 (екі) айдан кешіктірмей хабардар етеді.
      2. Осы баптың бірінші тармағында көрсетілген шектеу шараларын қолданылған Тарап екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы уақытша жабылған өткізу пункттері жұмыстарының қалпына келгені туралы немесе өткізу пункттері арқылы өткізуге шектеудің алынғаны туралы хабардар етеді.
      3. Тараптың бірде-біреуі басқа Тараптың келісімінсіз осы баптың бірінші тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бір жақты тәртіппен өткізу пункттерін жаба алмайды, ашылуын кідіртпейді немесе өткізу пункті арқылы өткізуді шектей алмайды. Бір Тараптың біржақты іс-әрекетінен екінші Тарапқа залал келген жағдайда, осы мәселені Тараптар дипломатиялық арналар арқылы шешуі тиіс.

6-бап

      Тараптардың өткізу пункттерінің бақылау органдары Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы қатысушылары болып табылатын тиісті екі жақты келісімдермен және халықаралық шарттармен өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өз функцияларын жүзеге асырады.
      Қажет болған кезде Тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерінің заңнамасында көзделген өкілеттікті алғаннан кейін тиісті рәсімдерді оңайлатуға байланысты мәселелерді келісе және жеке келісіммен регламенттелетін бірлескен бақылау жүргізе алады.

7-бап

      Өткізу пункттерінің өткізу қабілеттілігін ұлғайтуға қажеттілік болса, Тараптар өткізу пункттерінің инфрақұрылымын одан әрі кеңейту бойынша шаралар қабылдайды.

8-бап

      Тараптардың құзыретті органдары өткізу пункттері жұмысының тиімділігін арттыру бойынша өзара іс-қимылды жандандыру және үйлестіру үшін ынтымақтастықтың тиісті тетігін құрады.
      Тараптардың өткізу пункттерінің бақылау органдары қажет болған жағдайда жұмыс кездесулерін жүзеге асырады.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар немесе келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер арқылы шешеді.

10-бап

      Осы Келісім өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

11-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.

12-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірі екінші Тарапты оның қолданысын өзінің ұзартпау ниеті туралы кезекті бесжылдық кезең аяқталғанға дейін алты ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етпесе, оның қолданысы келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
      2012 жылғы «__» ________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының      Қытай Халық Республикасының
            Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен   
Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы
Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы арқылы 
өткізу пункттері туралы           
келісімге қосымша             

Қазақстан Республикасындағы өткізу пункттерінің атауы

Қазақстан Республикасындағы орналасқан орны

Қытай Халық Республикасындағы өткізу пункттерінің атауы

Қытай Халық Республикасындағы орналасқан орны

Өткізу пункттерінің мәртебесі

Жұмыс режимі

Темір жол өткізу пункттері

1.

Достық

Алматы облысы Алакөл ауданы

Алашанькоу

ШҰАА Боротала-Моңғол автономиялық облысының Болэ қаласы

көпжақты (халықаралық) жүк-жолаушылар

тәулік бойы

2.

Алтынкөл

Алматы облысы Панфилов ауданы

Хоргос

ШҰАА Іле-Қазақ автономиялық облысының Хочен уезі

көпжақты (халықаралық) жүк-жолаушылар

тәулік бойы

Автомобиль өткізу пункттері

1.

Қорғас

Алматы облысы Панфилов ауданы

Қорғас

ШҰАА Іле-Қазақ автономиялық облысының Хочен уезі

көпжақты (халықаралық) жүк-жолаушылар

тәуліктің күндізгі уақытында

2.

Көлжат

Алматы облысы Ұйғыр ауданы

Дулаты

ШҰАА Іле-Қазақ автономиялық облысының Чапчал уезі

екіжақты жүк-жолаушылар

тәуліктің күндізгі уақытында

3.

Достық

Алматы облысы Алакөл ауданы

Алашанькоу

ШҰАА Боротала-Моңғол автономиялық облысының Болы қаласы

көпжақты (халықаралық) жүк-жолаушылар

тәуліктің күндізгі уақытында

4.

Бақты

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы

Покиту

ШҰАА
Тачэн округінің Тачэн қаласы

көпжақты (халықаралық) жүк-жолаушылар

тәуліктің күндізгі уақытында

5.

Майқапшағай

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы

Зимунай

ШҰАА
Алтай округінің Цзимунай уезі

көпжақты (халықаралық) жүк-жолаушылар

тәуліктің күндізгі уақытында

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады