Парниктік газдарды түгендеу мониторингі мен оған бақылау жасау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 840 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 маусымдағы № 475 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 23.06.2015 № 475 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдарды түгендеу мониторингі мен оған бақылау жасау қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 26 маусымдағы
№ 840 қаулысымен 
бекітілген    

Парниктік газдарды түгендеу мониторингі мен оған бақылау жасау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Парниктік газдарды түгендеу мониторингі мен оған бақылау жасау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 16-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленген және парниктік газдарды түгендеуді бақылау мен мониторингілеудің тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидалардың әрекеті парниктік газдар шығарындыларына квоталарды бөлу субъектілеріне қолданылады.
      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) белгісіздік (дәлсіздік) – сандық шамасына қатысты мәндер шашыраңқылығын сипаттайтын сандық анықтау нәтижесімен ассоцияланатын параметр;
      2) қондырғы операторы – Қазақстан Республикасының аумағында меншігінде немесе заңды пайдалануында жұмыс істеуі парниктік газдар шығарындыларын көздейтін қондырғысы бар заңды тұлға;
      3) маңыздылық деңгейі – парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есепте ұсынылған парниктік газдар шығарындылары туралы деректер бойынша қорытынды дайындау үшін қолданылатын сандық шекті мән, ол 5%-дан аспауы тиіс;
      4) мониторинг жоспары – қондырғы бойынша парниктік газдар шығарындыларының көздерін, мониторингілеу әдістері мен әдістемелерін, парниктік газдар бойынша қосымша деректерді жинау және өңдеу бойынша ақпарат көздерін және ережелерді анықтайтын және оларды пайдаланған жағдайда сынамаларды алу әдістерін, өлшеу жүйесін, сондай-ақ қондырғы операторы деңгейінде сапаны бақылау және сапаны қамтамасыз ету бойынша рәсімдерді сипаттайтын құжат;
      5) нетто-мәннің жылу шығару коэффициенті – жағылатын отынды энергетикалық бірліктерге ауыстыру үшін қолданылатын көбейткіш, ол жағылатын отынның бір тоннасына терраджоульмен беріледі;
      6) өзгерту коэффициенті – өнеркәсіптік процестерде көміртегінің парниктік газдарға толық өзгермеуін есепке алу үшін пайдаланылатын көбейткіш;
      7) парниктік газдарды мониторингілеу – шығарындылар көлемдерін және парниктік газдарды жою немесе парниктік газдар бойынша қосымша деректерді үздіксіз немесе дүркін-дүркін бағалау;
      8) парниктік газдар шығарындыларының коэффициенті – қондырғының қызметі туралы деректердің негізінде парниктік газдар шығарындыларының көлемін айқындау үшін қажетті көбейткіш;
      9) парниктік газдар бойынша қызмет туралы деректер – ұйымдар қызметінің сандық өлшемі, оның нәтижесі парниктік газдар шығарындылары болып табылады.
      10) парниктік газдарды түгендеуді бақылау – парниктік газдарды түгендеу нәтижелерін және қондырғы операторының жыл сайынғы есептерінің Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 94-11-бабының талаптары мен мониторингілеу жоспарларына сәйкестігін бағалау бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қызметі;
      11) растау деңгейі – деректер дәйектілігінің дәрежесі, ол парниктік газдарды түгендеу туралы есепті растау кезінде ондағы айтарлықтай қателіктерді, кемшіліктерді немесе қате түсіндірулерді анықтау үшін және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін аккредиттелген тәуелсіз ұйымнан талап етіледі;
      12) парниктік газдар бойынша бекіту – қондырғы операторымен, оның ішінде парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есеп шеңберінде жасалған декларация немесе нақты және объективті өтініш;
      13) қышқылдану коэфиценті – көміртегінің көміртегі қос қышқылына толық қайта түзілуін есептеу үшін отынды жағу кезінде пайдаланылатын көбейткіш.
      4. Қондырғылар деңгейінде парниктік газдарды түгендеуді мониторингілеу және бақылау көміртегі қостотығының, метанның шығарындылары бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте олардың жалпы көлемі көміртегі қостотығының бір тоннасына баламамен белгіленеді.
      5. Қондырғылар деңгейінде парниктік газдарға мониторинг жүргізу барысында парниктік газдарды жасыл желек биомассасы мен өзге де табиғи жинақтауыштардың сіңіруі ескерілмейді.

2. Парниктік газдарды түгендеу мониторингінің тәртібі

      6. Оператор қондырғы паспортының құрамында әрбір қондырғы бойынша мониторинг жоспарын әзірлейді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
      7. Мониторинг жоспары мынадай ақпараттан тұрады:
      1) қондырғы бойынша парниктік газдар шығарындыларына мониторинг жүзеге асырылатын парниктік газдар шығарындыларының шығу көздерінің, шикізат ресурстары мен материалдардың тізбесі;
      2) парниктік газдарды мониторингілеу үшін қолданылатын әдістің сипаттамасы (есептеулер мен өлшемдер негізінде);
      3) парниктік газдар, шығарындылар коэффициенттері, тотығу мен өзгеру бойынша қызмет туралы деректерді алу үшін қолданылатын әдістемелер тізбесі;
      4) парниктік газдар, шығарындылар коэффициенттері, тотығу мен өзгеру бойынша қызмет туралы деректерді анықтау үшін ақпарат көздерін көрсету немесе әдістерді сипаттау;
      5) егер оларды қондырғы операторы өзі есептейтін болса, жылу шығарудың нетто-мәнінің шамасын, көміртегі мөлшерін, сондай-ақ шығарындылар коэффициенттерін анықтау үшін отын мен материалдар сынамаларын сұрыптау әдістерін сипаттау;
      6) өлшеу жүйелерін пайдаланған жағдайда – мониторинг үшін қолданылатын олардың ерекшелігін, орналасқан жерін, парниктік газдар ағындарын, шикізат пен материалдарын көрсете отырып, өлшем дәлсіздігін, өлшем жүргізудің үздіксіздігінің немесе дүркіндігінің сипаты;
      7) деректерді жинау және өңдеу, парниктік газдарды түгендеудің сапасын бақылау және сапасын қамтамасыз ету, қондырғы деңгейінде мониторинг пен есеп беру бойынша жауапкершілікті бөлу бойынша рәсімдердің сипаты.
      8. Қондырғы операторы парниктік газдар мониторингін мониторинг жоспарына сәйкес жүзеге асырады. Мониторинг жоспарынан кез келген ауытқулар, парниктік газдар шығарындыларының көлемін анықтауда табылған қателерді қондырғы операторы парниктік газдарды түгендеу туралы есепті растауды жүзеге асыратын тәуелсіз аккредиттелген ұйымдарға қолжетімді болуы тиіс оның ішкі құжаттамасында тіркейді.
      9. Мониторинг жоспарын қондырғы операторы парниктік газдар шығарындыларына берілген сертификат қолданысының бүкіл кезеңінде пайдаланады.
      10. Қондырғы операторы мониторинг жоспарына өзгерістерді мынадай жағдайларда енгізеді:
      1) парниктік газдар шығарындыларын есептеу әдісінен оларды өлшеу әдісіне және керісінше көшу;
      2) қондырғы бойынша парниктік газдарды мониторингілеу үшін қолданылатын, әдістеме деңгейінің өзгеруіне әкелетін, парниктік газдар немесе басқа параметрлер бойынша қызмет туралы деректер белгісіздігінің ұлғаюы.
      11. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мониторинг жоспарына өзгерістерді өзгерістер енгізілген мониторинг жоспары берілген күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қарайды.
      12. Парниктік газдарды мониторингілеуді қондырғы операторы есептеу әдісін немесе өлшеу әдісін, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға таңдалған әдісті ұсына отырып, екі әдісті біріктіру арқылы жүзеге асырады.
      13. Парниктік газдар шығарындыларын есептеуді қондырғы операторы тиісті қызмет түрі бойынша арнаулы әдістемеде немесе ол жоқ болған жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен парниктік газдар шығарындыларын есептеудің жалпы әдістемесінде көрсетілген формулалар бойынша жүзеге асырады. Парниктік газдарды есептеу арқылы мониторингілеу жағдайында ол мынадай деректер мен коэффициенттерді қолдану негізінде жүзеге асырылады: парниктік газдар шығарындылары жөніндегі қызмет немесе шығарылған өнім туралы деректер; шығарындылар коэффициенттері; тотығу коэффициенттері; өзгеру коэффициенттері.
      14. Жоғарыда аталған ауысулардың әрқайсысын мониторингілеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген мониторинг жоспары шеңберінде тиісті қондырғы үшін белгіленген әдістеме деңгейіне сәйкес қондырғы операторы жүзеге асырады.
      15. Қондырғылар бойынша өз коэффициенттерін қолдану қондырғы операторларында қажетті сараптамалар жүргізу үшін мүмкіндіктері бар және қондырғы операторы үшін осындай есептерді жүргізу шығындары бойынша қолжетімді аккредиттелген зертханалары болған жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен реттеледі.
      16. Парниктік газдарды мониторингілеу нәтижелері бойынша қондырғы операторы бекітілген мониторинг жоспарымен белгіленген рәсімдерге сәйкес жазбаларды, деректерді құжаттау мен мұрағаттауды жүргізеді.
      17. Қондырғы операторы парниктік газдарды түгендеуді мониторингілеу бойынша мынадай деректерді он жыл бойы сақтайды:
      1) мониторинг жүргізілген көздердің тізбесі;
      2) парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарын әзірлеу үшін пайдаланылған парниктік газдар шығарындылары бойынша қондырғы паспортының деректері;
      3) парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есептер;
      4) парниктік газдар шығарындыларын есептеу үшін пайдаланылған парниктік газдар шығарындылары жөніндегі қызмет немесе шығарылған өнім туралы деректер;
      5) өзгертулері мен толықтырулары бар парниктік газдарды мониторингілеу жоспары;
      6) парниктік газдар бойынша қызмет туралы деректерді жинау үдерісі жөніндегі құжаттама;
      7) қолдануға жарайтын жағдайда мониторинг әдісі ретінде өлшеу әдісін таңдауды негіздеу;
      8) өлшеу әдісін пайдаланған жағдайда дәлсіздіктерді талдау үшін пайдаланылған деректер;
      9) өлшеу жүйелерін толық жете сипаттау және ондағы кез келген өзгерістерді сипаттау;
      10) өлшеулердің бастапқы және жиынтық нәтижелері, оның ішінде өлшеу әдісін пайдаланған жағдайда сынамаларды сұрыптау журналы.
      18. Парниктік газдарды түгендеу мониторингі нәтижелерін қондырғы операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалған парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есепке енгізеді.
      19. Парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есепте күнтізбелік бір жыл бойынша реттелетін қондырғыдан тасталатын парниктік газдар шығарындылары көрсетілуі және мынадай ақпарат қамтылуы тиіс:
      1) қондырғы және оның операторы жөніндегі бірдейлендіру деректері, оның ішінде атауы, мекенжайы, есептілік бойынша байланыс жасайтын тұлға, парниктік газдар шығарындылары квоталанатын қызмет түрі, есеп беру кезеңі, квоталар нөмірлері мен парниктік газдар шығарындыларына сертификаттар;
      2) парниктік газдар шығарындылары есептелетін немесе өлшенетін параметрлер және парниктік газдарды түгендеу нәтижелері, оның ішінде парниктік газдар бойынша қызмет деректері, жылу шығарудың нетто-мәндерінің коэффициенттері, шығарындылар коэффициенттері, тотығу коэффициенттері, өзгеру коэффициенттері, шығарындылар көлемдері;
      3) қолданылатын өлшеу әдісі жөнінде деректер (қолданылған жағдайда), оның ішінде оның сенімділігі мен өлшеу құралдарының дәлсіздігі туралы деректер.
      20. Парниктік газдарды түгендеу туралы қондырғы операторларының жыл сайынғы есептерін растауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген тәуелсіз ұйымдар жүргізеді.
      21. Парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есепті растау келесі есепті жылдан кейінгі 1 қаңтар мен 1 сәуір аралығындағы кезеңде жүргізіледі.
      22. Қондырғы операторы пайдаланатын, кейіннен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және басқа мүдделі тараптарға ұсынылатын растау рәсімін жүргізу нәтижелері бойынша тәуелсіз аккредиттелген ұйым қондырғы операторы үшін толық есеп пен қондырғы операторына арналған қорытынды жасайды.
      23. Тәуелсіз аккредиттелген ұйым қорытындысының нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның
парниктік газдарды түгендеуді бақылау тәртібі

      24. Қондырғы операторы парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есепті және тәуелсіз аккредиттелген ұйымның осы есеп бойынша қорытындысын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін ұсынады.
      25. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есепті ол берілген күннен бастап бір ай ішінде қарай және бекіту туралы шешім шығарады.
      26. Парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есепті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі, онда көрсетілген деректер мен ақпараттардың толықтығы, сондай-ақ ол бойынша тәуелсіз аккредиттелген ұйымның оң қорытындысының болуы тұрғысынан қарайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады