Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне бюджетті жоспарлау және оның атқарылу процесін жетілдірудің кейбір мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ «Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне бюджетті жоспарлау және оның атқарылу процесін жетілдірудің кейбір мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
1-бап. 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 21, 93-құжат; 2009 ж., № 23, 112-құжат; № 24, 129-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29, 32-құжаттар; № 15, 71-құжат; № 24, 146, 149, 150-құжаттар; 2011 ж., № 2, 21, 25-құжаттар; № 4, 37-құжат; № 6, 50-құжат; № 7, 54-құжат; № 11, 102-құжат; № 13, 115-құжат; № 15, 125-құжат; № 16, 129-құжат; № 20, 151-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 16-құжат; № 3, 21-құжат; № 4, 30, 32-құжаттар; № 5, 36, 41-құжаттар; № 8, 64-құжат; 2012 жылғы 24 шілдеде «Егемен Қазақстан» және 2012 жылғы 21 шілдеде «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы; 2012 жылғы 14 шілдеде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 32-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Бюджеттік бағдарламаларды бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі әзірлейді және олар мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының құрамында бекітіледі.
Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жоспарлы кезеңге арналған жоспарланатын бюджет қаражатының көлемдері, нәтижелілік және тиімділік көрсеткіштері бар бюджеттік бағдарламаларды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен әзірлейді.
Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы бекітеді.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссияларының бюджеттік бағдарламаларын тиісті тексеру комиссиясының төрағасы бекітеді.
Облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) мәслихаттары аппараттарының бюджеттік бағдарламаларын тиісті маслихаттың хатшысы бекітеді.
Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінен қаржыландырылатын жергілікті органдардың бюджеттік бағдарламаларын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы бекітеді.»;
2) 33-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалануға бағытталған бөлінетін бюджеттік бағдарламалар бойынша бекітілген (нақтыланған) бюджетте көзделген шығыстар толық бөлінбеген жағдайда, сондай-ақ шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар үшін бөлінбеген сома бюджеттің атқарылмауы болып табылмайды.»;
3) 39-баптың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдарға үлестік және донорлық жарналар;»;
4) мынадай мазмұндағы 41-1-баппен толықтырылсын:
«41-1-бап. Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар
Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар – осы бапта айқындалған талаптар туындаған кезде қаржыландырылуы жүзеге асырылатын шығыстар.
Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың жалпы көлемі кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жалпы көлемінің төрт пайыздан аспауға тиіс.
Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар бюджетті әзірлеу кезінде осы Кодексте белгіленген талаптар сақтала отырып жоспарланған кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастырған кезде жоспарланады.
Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар тізбесін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қалыптастырады, Республикалық бюджет комиссиясы қарайды және әлеуметтік-экономикалық даму болжамының құрамында мақұлданады. Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар жоспарлы кезеңнің бірінші қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасында бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әкімшілік жүргізетін жеке бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша көзделеді.
Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша бөлу бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша бюджеттің кірістерінің атқарылуы есепті кезеңге арналған бекітілген жоспарлы көрсеткіштерден асып кеткен жағдайда, сондай-ақ ағымдағы қаржы жылына арналған әлеуметтік-экономикалық даму параметрлерін жақсарту болжанған жағдайда жүзеге асырылады. Бұл ретте, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдардың жоспарлы кезеңнің бірінші қаржы жылының бюджетінде көзделген бюджеттік қаражатты тиісті бағыттар бойынша игеруі ескеріледі.
Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды қаржыландырудың басымдығы ағымдағы қаржы жылының бюджетінде көзделген бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджет қаражатының уақытылы игерілуі, шығыстардың әлеуметтік бағытталуы ескеріле отырып айқындалады, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар бойынша қабылданған міндеттемелері ағымдағы қаржы жылы аяқталатын бюджеттік бағдарламалар қарастырылады.
Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды бюджеттің атқарылуы барысында бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен жүзеге асырылады.
Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды бөлу және пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.»;
5) 46-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюына байланысты шығыстар жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге немесе оған техникалық-экономикалық негіздемеде немесе үлгі жобада көзделмеген қосымша құрамдас бөліктердің енгізілуіне байланысты тиісті жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Егер астана аумағында республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын стратегиялық және/немесе әлеуметтік маңызы бар жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюы бойынша шығыстары жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге немесе оған техникалық-экономикалық негіздемеде немесе үлгі жобада көзделмеген қосымша құрамдас бөліктердің енгізілуіне байланысты бір миллион айлық есептік көрсеткіштен жоғары болса және жергілікті бюджетте қаражат жеткіліксіз болған жағдайда бұл шығыстар республикалық бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.»;
6) 61-баптың 1-1-тармағының 1) тармақшасы мынадай мазмұндағы тоғызыншы абзацпен толықтырылсын:
«шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың тiзбесін.»;
7) 62-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар республикалық бюджет бекітілгеннен кейін пысықталып, Қазақстан Республикасының Президенті республикалық бюджет туралы заңға қол қойған күннен бастап бір ай мерзімде бекітіледі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды қорғау қамтамасыз етіле отырып, күнтізбелік он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
Орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары республикалық бюджетте бекітілген шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың көлемі ескеріліпте және тиісті іс-шаралар мен олардың нәтижелер көрсеткіштері көрсетіле отырып пысықталады.
Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарлары немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері бекітілгеннен кейін пысықталып, тиісті маслихаттар облыстық бюджетті, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерін бекіткен күннен бастап бір ай мерзімде бекітіледі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды қорғау қамтамасыз етіле отырып, күнтізбелік он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.»;
8) 68-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға пысықталған бюджеттік өтінімдерді, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға шартты түрде қаржыландыруға жататын шығыстарды ескере отырып, пысықталған стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын ұсынады.
Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға шартты түрде қаржыландыруға жататын шығыстарды ескере отырып бюджеттік бағдарламалардың пысықталған жобаларын ұсынады.»;
9) 71-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы он екінші абзацпен толықтырылсын:
«шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың көлемi;»;
10) 79-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
«5-1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілері көрсетіле отырып шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың тiзбесі;»;
11) 85-баптың 9-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы Кодекстің 157-бабының 5-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, бюджеттің атқарылуы барысында үнемделген бюджет қаражаты пайда болған жағдайда:
республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қаражатты республикалық бюджет комиссиясында белгіленген тәртіппен міндетті түрде қарай отырып, бір бюджеттік бағдарлама шегінде республикалық бюджеттік инвестициялық жобалар арасында қайта бөлуге құқылы;
жергілікті атқарушы органдар республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен келісім бойынша қаражатты бір бюджеттік бағдарлама шеңберінде және бір облыс шегінде тиісті бюджет комиссиясында қарамай жоғары тұрған бюджеттен нысаналы даму трансферттері есебінен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар арасында қайта бөлуге құқылы.»;
12) 92-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Түсімдерді бөлу бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін бюджеттің түсімдерін бюджеттердің деңгейлері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаны бақылау шоты арасында бөлу кестесі, облыстық мәслихаттың шешімімен белгіленетін кірістерді облыстық бюджет пен оның аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттері арасында бөлу нормативтері, сондай-ақ мұнай секторы ұйымдарының тізбесі негізінде жүзеге асырылады.».
2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті