Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 қыркүйектегі № 1239 Қаулысы

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ауғанстан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Өміртай Мақашұлы Бітімовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 25 қыркүйектегі
№ 1239 қаулысымен
мақұлданған    

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам
Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды
көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі,
      бір Тарап инвесторларының екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы инвестицияларын кемсітпеушілік негізде қорғауға ниет білдіре отырып,
      бір Тараптың екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы жеке және заңды тұлғаларының инвестициялар саласындағы экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуге жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
      осы Келісімнің шеңберінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау осы саладағы іскерлік бастамаларды ынталандыратынын түсіне отырып,
      инвестициялар үшін тұрақты негіз экономикалық ресурстарды тиімді пайдалануды барынша ұлғайтуға үлес қосатындығымен және өмір деңгейін жақсартатындығымен келісе отырып,
      бұл мақсаттарға денсаулық сақтау, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ұлттық заңнама нормаларын босаңсытпай қол жеткізуге болатынын мойындай отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсатында:
      1. «Инвестициялар» – бір Тарап инвесторының екінші Тарап мемлекеті аумағында соңғы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономикалық қызметіне байланысты инвестицияланатын активтердің барлық түрлерін білдіреді және атап айтқанда, бірақ айрықша емес мыналарды:
      а) жылжымалы және жылжымайтын мүлікті немесе жалға алу, ипотека, кепілдік құқық және салымдар сияқты кез келген мүліктік құқықтарды;
      b) үлестерді, акцияларды, борыштық міндеттемелерді және компаниялардағы қатысудың кез келген басқа да нысандарын;
      c) ақшалай талаптарды немесе келісім-шартқа сәйкес инвестициялармен немесе қайта инвестициялау кірістерімен байланысты орындау талаптарын;
      d) авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды, сауда маркаларын, патенттерді, өнеркәсіптік үлгілер мен техникалық үдерістерді, ноу-хауды, коммерциялық құпияны, сауда атауларын қоса алғанда, зияткерлік меншік құқығын және;
      e) табиғи ресурстарды іздеуге, игеруге, алуға немесе пайдалануға арналған концессияларды қоса алғанда, заңға сәйкес немесе шартқа сай берілген іскерлік концессияларды қамтуы мүмкін.
      Өз аумағында инвестицияларды қабылдайтын мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізілген инвестициялардың нысанын кез келген өзгерту оларды инвестициялар ретінде айқындауға әсер етпейді.
      2. «Инвестор» – бір Тарап мемлекетінің екінші Тарап мемлекетінің аумағында соңғы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын субъектіні білдіреді, және:
      a) Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтығы бар және екінші Тарап аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке тұлғаны;
      b) Тараптардың бірінің ұлттық заңнамасына сәйкес тіркелген, құрылған немесе өзгеше түрде ұйымдастырылған және басқа Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын заңды тұлғаны қамтиды.
      3. «Кірістер» – пайданы, пайыздарды, дивидендтерді, роялтиді, лицензиялық сыйақыларды және басқа да төлемдерді қоса алғанда, инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынған қаражатты білдіреді.
      4. «Аумақ» – оларда тиісті Тарап мемлекеті өз ұлттық заңнамасына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес егемендігін жүзеге асыратын және өзінің юрисдикциясын қолданатын, Тараптардың бірінің мемлекетінің құрлықты, суды, жер қойнауын және әуе кеңістігін қоса алғанда, құрлықтық, теңіз және әуе шекараларының шегіндегі аумағын білдіреді.
      5. «Реституция» – шартты жарамсыз деп таныған жағдайда, шарт бойынша алынған мүлікті екінші тарапқа қайтаруды; құқық бұзылғанға дейінгі болған жағдайды қалпына келтіруді білдіреді.

2-бап

Инвестицияларды көтермелеу және қорғау

      1. Әрбір Тарап өз аумағында екінші Тарап инвесторларының инвестицияларын көтермелейді және олар үшін қолайлы жағдайлар жасайды, әрі өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мұндай инвестицияларға рұқсат береді.
      2. Әрбір Тарап өз аумағында екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына және кірістеріне әділ және тең құқықты айналымды, сондай-ақ толық және тұрақты қорғау мен қауіпсіздікті ұсынады.
      3. Тараптардың бірде бірі өз аумағында негізсіз және кемсітушілік немесе еркін шаралармен екінші Тараптың инвесторларына инвестицияларды ұлғайтуға, басқаруға, сақтауға, пайдалануға, иелік етуге, сатуға немесе басқаша билік етуге кедергі жасамайды.
      4. Әрбір Тарап өз аумағында екінші Тараптың инвесторлары мен олардың инвестициялары үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етеді.

3-бап

Құқықтық режім

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторларына, олардың инвестициялары мен кірістеріне ол ұлттық инвесторларға не үшінші елдердің инвесторлары мен олардың инвестицияларына инвестицияларды кеңейтуге, басқаруға, пайдалануға, иелік етуге және сатуға немесе басқа да билік етуге қатысты ұсынатын режімнен қолайлылығы кем емес режімді ұсынады.
      2. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторларына, олардың инвестицияларына және кірістеріне осы баптың 1-тармағында ескерілгеннен барынша қолайлы болып табылатын режім ұсынады. Инвестор оған ұсынылған режіммен келіспеген жағдайда, Тараптар консультациялар арқылы осы инвесторға арналған режімнің мәртебесін айқындайды.
      3. Осы Келісімнің әрбір Тарабы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес инвесторлардың қызметі шектелетін немесе жоққа шығарылатын қызмет саласын, аясын және түрлерін белгілеу, сондай-ақ осы баптың 1-тармағында көрсетілген ұлттық режімнен басқа да алып қоюларды қолдану мен енгізу құқығын өзіне қалдырады.
      4. Тараптар осы баптың 3-тармағында көрсетілген шараларды тек заң негізінде және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қолданады.

4-бап

Босату

      Осы Келісімнің ережелері Тарапты екінші Тарап инвесторлары мен олардың инвестицияларына және кірістеріне қазіргі немесе келешектегі кез келген режімнің пайдасын, преференцияны, немесе
      а) еркін сауда аймағындағы, кеден одағының, валюта одағының, жалпы нарықтың және кез келген Тарап мемлекеті қатысушысы болып табылатын және мұндай одақтарға немесе осындай ұйымдарға алып келетін кез келген халықаралық шарттың мүшелігінің;
      b) кез келген халықаралық шарттың немесе Тарап мемлекетінің толық немесе негізді түрде салық салуға қатысты ұлттық заңнамасының нәтижесі болып табылатын артықшылықты ұсынуға міндеттеу ретінде түсіндірілмеуі тиіс.

5-бап

Экспроприация және өтемақы

      1. Бірде-бір Тарап екінші Тарап инвесторының инвестицияларын тікелей немесе жанама түрде экспроприациялауға немесе мемлекет иелігіне алуға немесе:
      а) мемлекеттік және қоғамдық мақсаттарда;
      b) кемсітпеушілік тәсілмен;
      c) тиісті заң рәсімдеріне сәйкес;
      d) осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жылдам, барабар және тиімді өтемақы төлеумен қабылданғандарды қоспағанда, кез келген осындай шараларды (бұдан әрі – экспроприация) қабылдамауға тиіс.
      2. Өтемақы экспроприация жүргізілген күн алдындағы күнге не экспроприация туралы жалпыға белгілі болғанға дейінгі, қайсысы бұрын ертерек орын алғанына байланысты экпроприацияланған инвестициялардың нарықтық әділ құнына тең болуы тиіс. Мұндай өтемақы экспроприациялау күнінен бастап төлем күніне дейін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық мөлшерлеме бойынша пайызды қамтуға тиіс. Өтемақы толық іске асырылатын және шектеусіз әрі артық кідіртусіз еркін аударылатын болуы тиіс. Кідіртілген жағдайда мөлшерлеме бағамының осы кідірту нәтижесінде туындайтын кез келген шығасыны қабылдаушы мемлекет мойнына алуы тиіс.
      3. Екінші Тараптың экспроприациялауына ұшырағандығын мәлімдеген Тарап инвесторы осы баптың ережелеріне сәйкес оның инвестицияларын бағалау мен өтемақы төлеуді қоса алғанда, оның ісін соңғы Тараптың сот органы немесе басқа да құзыретті тәуелсіз органының тез арада қарауына құқығы бар.

6-бап

Залалдарды өтеу

      1. Бір Тараптың екінші Тарап аумағындағы инвестициялары соңғы Тараптың аумағында соғыс немесе басқа да қарулы қақтығыстар, төтенше жағдай жай-күйінің, бүлік, көтеріліс, бүлікшілік, табиғи зілзала, апат, індет және эпизоотия салдарынан залал шеккен инвесторларына реституцияға, орынын толтыруға, өтемақыға немесе басқа да реттеуге қатысты, соңғы Тарап өз инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекет инвесторларына беретіннен қолайлылығы кем емес режім ұсынады, ол инвестор үшін неғұрлым қолайлы болып табылады.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне нұқсан келтірместен, осы тармақта аталған жағдайлардың кез келгенінде:
      a) екінші Тараптың билік органдары жүргізген оның мүліктерін реквизициялау, немесе
      b) екінші Тараптың билік органдарының олардың мүлкін әскери әрекеттерге немесе жағдайдың қажеттілігіне байланысты емес бұзуы салдарынан екінші Тарап аумағында залал шеккен Тарап инвесторларына реквизиция уақытында немесе олардың мүлкін бұзу салдарынан шеккен залалы үшін әділ және тиісті өтемақы ұсынылады. Осы залал 5-баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

7-бап

Төлемдер мен кірістердің аударымы

      1. Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тараптың инвесторларына олардың инвестицияларын және инвестицияларға жататын аударылатын төлемдерді өз аумағына және одан сыртқа аударуды қамтамасыз етеді. Мұндай төлемдер атап айтқанда, бірақ айрықша емес, мыналарды:
      a) жарғылық капиталды және оны қолдау немесе ұлғайту үшін қосымша сомаларды;
      b) кірістерді;
      c) инвестицияларды толық немесе ішінара сатудан алынған түсімді;
      d) қарыз төлемін қоса алғанда, келісімшартқа сай жүзеге асырылатын төлемдерді;
      e) осы Келісімнің 5 және 6-баптарына сәйкес төленетін өтемақыны;
      f) даудан туындайтын төлемдерді;
      g) шетелден жалданған және инвестицияларға байланысты жұмыс істейтін персоналдың жалақысы мен басқа да сыйақыларын қамтуға тиіс.
      2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағында аталған аударымды инвестициялар жүзеге асырылған Тараптың аумағында аудару күніндегі қолданыстағы нарықтық валюталық бағам бойынша еркін айырбасталатын валютада жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.
      3. Халықаралық валюта қорының қарыз алудың арнайы құқықтарына валюта аударуға арналған соңғы айырбас бағамы шетел валютасы үшін айырбастау нарығы болмаған кезде қолданылатын бағам болуға тиіс.
      4. Кез келген Тарап өз мемлекетінің:
      a) несие алушылардың банкроттық, төлем қабілетсіздігі немесе құқықтарын қорғау;
      b) бағалы қағаздарды және туынды қаржы құралдарын шығару, саудалау немесе олармен жасалатын операциялар;
      c) құқық бұзушылықтар;
      d) заңды жүзеге асыруға немесе қаржылық бақылау органдарына жәрдемдесу қажет болғанда қаржылық есептілік немесе аударымдардың есебін жүргізу;
      e) сот немесе әкімшілік процестерде бұйрықтарды немесе сот шешімдерін орындауды қамтамасыз ету;
      f) салықтарды және басқа міндетті төлемдерді төлемеу;

8-бап

Суброгация

      1. Егер Тарап немесе оның уәкілетті органы екінші Тарап мемлекетінің аумағында инвестордың инвестицияларына қатысты берілген өтемақы, орнын толтыру, кепілдік түріндегі немесе сақтандыру келісімшарты бойынша төлемдерді жүзеге асыратын болса, соңғы Тарап:
      a) кез келген құқықтар мен талаптарды олардың алдыңғысындай шамада жүзеге асыру үшін бірінші Тарапқа немесе ол белгілеген органға осындай инвестордың құқықтары мен талаптарын ауысуын тануы тиіс.

9-бап

Инвестор мен Тарап арасындағы даулар

      1. Бір Тарап пен екінші Тарап инвесторының арасындағы инвестицияларға қатысты кез келген дау мүмкіндігінше келіссөздер арқылы реттелуге тиіс.
      2. Егер дау жазбаша нысанда туындаған күннен бастап 3 айдың ішінде шешілмесе, дау инвестордың немесе Тараптардың бірінің таңдауы бойынша:
      a) аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Тараптың құзыретті соттарына, немесе
      b) 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтон қаласында қол қою үшін ашылған, Мемлекеттер және басқа мемлекеттердің жеке немесе заңды тұлғаларының арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (бұдан әрі – Халықаралық орталық), егер ол қол жетімді болса, немесе
      c) тек қана Тараптардың бірінің мемлекеті осы тармақтың (b) тармақшасында көрсетілген Конвенцияға қатысушы болып табылса, Халықаралық орталықтың қосымша қызметтеріне сәйкес төрелікке, немесе
      d) егер даудағы Тараптар өзгеше келіспесе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) төрелік ережелеріне сәйкес құрылатын «аd hоc» төрелік сотына қарауға жіберілуі мүмкін.
      3. Дауды құзыретті соттың қарауына жіберген инвестор, егер құзыретті сот қарау нысаны бойынша шешім шығарғанға дейін инвестор құзыретті сот рәсімдері арқылы істі одан әрі жалғастырмайтындығын жарияласа және істі қайтарып алған болса, осы баптың 2-тармағының (b) немесе (c) тармақшаларында аталған төрелік трибуналдардың біріне жүгіне алады.
      4. Кез келген талқылау осы бапқа сәйкес даудағы кез келген Тараптың өтініші бойынша Нью-Йорк қаласында 1958 жылғы 10 маусымда қабылданған Шетелдік төрелік шешімдерін тану және орындауға келтіру туралы конвенцияға (бұдан әрі – Нью-Йорк конвенциясы) қатысушы болып табылатын мемлекетте өткізілуі тиіс. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген соттарға ұсынылған талаптар Нью-Йорк конвенциясының 1-бабының мақсаттары үшін коммерциялық (сауда) қатынастарынан немесе шарттардан туындаған болып қарастыруы тиіс.
      5. Әрбір Тарап өзінің және басқа Тараптың инвесторы арасындағы дауды осы баптың 2-тармағында көрсетілген соттардың біріне ұсынуға сөзсіз келісімін береді.
      6. Даудың қатысушысы болып табылатын Тараптардың бірде-бірі осы баптың 2-тармағында көрсетілген соттардың талқылауларының немесе шешімдерін орындаудың кез келген сатысында қарсылықтар білдіре алмайды немесе даудың тарабы болып табылатын инвестор сақтандыруға байланысты залалдардың бөлігін немесе барлығын жабатын өтемақы алу фактісін көрсете алмайды.
      7. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген соттардың кез келген шешімі даудағы тараптар үшін түпкілікті және міндетті болуы тиіс және осындай шешім аумағында жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындауға келтірілуі тиіс.

10-бап

Тараптар арасындағы дауларды шешу

      1. Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мүмкіндігінше келіссөздер және консультациялар арқылы шешілуге тиіс.
      2. Егер дау мұндай келіссөздерді кез келген Тарап жазбаша түрде сұрау салған күннен бастап алты (6) ай ішінде осылайша шешу мүмкін болмаса, Тараптардың кез келгенінің талабы бойынша ол төрелік соттың қарауына берілуге тиіс.
      3. Мұндай төрелік сот үш төреден тұрады, әрбір Тарап төрелік туралы өтінішті алғаннан кейін 2 (екі) ай ішінде олардың екеуін тағайындайды. Одан кейін, төрелік соттың осы екі мүшесі үшінші мемлекеттің азаматын төраға етіп сайлауы тиіс, ол Тараптар мақұлдағаннан кейін, басқа екі мүше тағайындалған күннен бастап 4 (төрт) ай ішінде тағайындалуы тиіс.
      4. Төрелік сот көпшілік дауыспен шешім қабылдайды. Сот шешімі түпкілікті және екі Тарап үшін міндетті болуы тиіс. Тараптардың екеуі де төрағаның, сондай ақ басқа да шығыстарды тең үлеспен мойнына алады. Сот шығыстарды бөлуге қатысты басқа да шешім қабылдауы мүмкін және бұл шешім екі Тарап үшін міндетті болады. Төрелік сот барлық қалған қатынастарда өзіндік ережелерін белгілейді.
      5. Егер төрелік сот шешімі Тараптар арасындағы дауды шешпесе, Тараптар БҰҰ Халықаралық сотына олардың дауын қарау туралы өтініш білдіруге құқылы.
      6. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген дауларға қатысты даулы мәселелер осы Келісімнің ережелеріне және халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттарына сәйкес шешілуі тиіс.

11-бап

Шығыстар

      Тараптар, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмейтін болса осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

12-бап

Басқа да ережелерді және арнайы міндеттемелерді қолдану

      1. Егер құқық ережесі бір мезгілде осы және екі Тараптың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық келісімдермен реттелетін болса, Тарапқа да, екінші Тараптың аумағында инвестициялары жүзеге асыратын оның кез келген инвесторына да оның жағдайына барынша қолайлы ережелерді өз мүдделеріне пайдалануға ешнәрсе кедергі болмауы тиіс.
      2. Егер бір Тараптың басқа Тарап инвесторларына мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес және реттеумен немесе басқа да келісімшарттардың арнайы талаптарына сәйкес ұсынатын режім осы Келісімге сәйкес ұсынылатыннан гөрі барынша қолайлы болса, онда соңғы Тарап инвесторларына барынша қолайлы режім ұсынылады.

13-бап

Осы Келісімді қолданушылық

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін екінші Тарап аумағында кез келген Тараптың инвесторлары жүзеге асырған барлық инвестицияларға қолданылады, бірақ осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған және (немесе) реттелген инвестицияларға қатысты кез келген дау немесе талапқа қолданылмауы тиіс.

14-бап

Жалпы ерекшеліктер

      1. Осы Келісімде ешнәрсе Тараптардың бірі соғыс немесе әскери қақтығыстар кезінде немесе халықаралық қатынастарда ең қажетті басқа да жағдайларда өз мемлекетінің негізгі қауіпсіздік мүдделерін қорғау үшін қажетті кез келген әрекеттерді қабылдауына кедергі келтіретіндей етіп түсіндірілмеуі тиіс.
      2. Мұндай шаралар Тараптың осылайша еркін немесе ақталмаған кемсітушілігін немесе инвестицияларды жасырын шектеуін білдіретіндей қолданылмайтын жағдайда, осы Келісімде ешнәрсе Тараптың көпшілік алдындағы тәртіпті қолдау үшін қажетті кез келген шараларды қабылдауға кедергі ретінде түсіндірілмеуі қажет.
      3. Осы баптың ережелері осы Келісімнің 7-бабының 1-тармағының (e) тармақшасына қолданылмауы тиіс.

15-бап

Ашықтығы

      1. Әрбір Тарап өзінің заңдарын, ережелерін, рәсімдерін, әкімшілік ұйғарымдары мен сот шешімдерін, сондай-ақ реципиент-мемлекет аумағындағы екінші Тарап инвесторының инвестицияларына қатысы бар халықаралық келісімдерді дереу жариялауға немесе өзгеше түрде көпшілікке қол жетімді етуге тиіс.
      2. Ашылуы құқық қолдануға немесе құпиялылықты қорғау құқығына кедергі келтіретін немесе жекелеген инвесторлардың заңды мүдделеріне залал келтіретін инвесторларға және олардың инвестицияларына қатысты ақпаратты қоса алғанда, осы Келісімде ешнәрсе Тараптардан кез келген құпия немесе жеке ақпаратты ұсынуды немесе қол жеткізуге рұқсат беруді талап етпеуі тиіс.

16-бап

Консультациялар

      Тараптар кез келген Тараптың өтініші бойынша осы Келiсiмдi түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген даулы мәселе бойынша консультациялар жүргізеді. Консультациялар өткізудің уақыты мен орны дипломатиялық арналар бойынша Тараптардың құзіретті органдарымен келісіледі.

17-бап

Өзгерістер енгізу, күшіне енуі және қолданысын тоқтату

      1. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      2. Осы Келiсiм Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң аяқталғаны туралы дипломатиялық арналар бойынша соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап екінші айдың бірінші күнінен күшiне енедi.
      3. Осы Келiсiм 10 жылға жасалады және олар өткен соң автоматты түрде кейінгі он жылдық кезеңдерге ұзартылады және бір Тарап осы Келiсiмнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап он екі ай өткенге дейін қолданылады.
      4. Осы Келiсiмдi тоқтату күніне дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты 1-15-баптардың ережелері осы Келiсiм тоқтатылған күнінен бастап одан арғы 10 жылдық кезеңге күшінде қалады.
      ОСЫНЫ РАСТАУ ҮШІН тиісті түрде олардың үкіметтері өкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
      ___________ қаласында 20__ жылғы «__» _______________ екi данада әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тiлдерiнде жасалды әрі барлық мәтiндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелері әртүрлі түсіндірілген жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының       Ауғанстан Ислам Республикасының
            Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады