"Заң шығару жұмысының 2012 - 2016 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарын бекіту туралы (Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымы)" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы № 1532 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Заң шығару жұмысының 2012 - 2016 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарын бекіту туралы (Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымы)» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               С. Ахметов

Заң шығару жұмысының 2012 - 2016 жылдарға арналған
тұжырымдамалық жоспарын бекіту туралы
(Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің
бесінші шақырылымы)

      «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған заң шығару жұмысының 2012 - 2016 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспары (бұдан әрі - Тұжырымдамалық жоспар) (Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымы) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Тұжырымдамалық жоспар іс-шараларының мүлтіксіз және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;
      2) жыл сайын, 25 қаңтарға қарай жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Тұжырымдамалық жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
      3. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, басқа да мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Тұжырымдамалық жоспар іс-шараларының мүлтіксіз және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің    
2012 жылғы ""     
№ Жарлығымен      
БЕКІТІЛГЕН      

Заң шығару жұмысының 2012 - 2016 жылдарға арналған
тұжырымдамалық жоспары (Қазақстан Республикасының
Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымы)


Жауапты орындаушылар

Заң жобасының тұжырымдамасын және/немесе заң жобасын енгізу мерзімдері

1

2

3

2012 - 2013 жылдары (2-сессия) денсаулық сақтау, әлеуметтік, еңбек, тұрғын үй, әкімшілік заңнама және төтенше жағдайлар саласындағы заңнама топтамалары

Әкімшілік заңнаманы жетілдіру
Мемлекеттік қызмет саласындағы қатынастар да әкімшілік құқықтың реттеу нысанасы болып табылады. Оны дамытудың басым бағыттары ретінде:
саяси және әкімшілік мемлекеттік қызмет ара-жігін анығырақ ажырату;
мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды басқару институттарының қолданыстағыларын жаңғырту және жаңаларын қалыптастыру болжанады.

МҚА

Заң жобасын Парламентке 2012 жылғы 1 қарашаға дейін енгізу

Төтенше жағдайлар саласындағы заңнаманы жетілдіру
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қатынастарды реттейтін көптеген нормативтік актілер жетілдіру мен шоғырландыруды талап етеді, бұл осы салалардағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу сапасы мен деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

ТЖМ

Заң жобасын Парламентке 2012 жылғы 1 желтоқсанға дейін енгізу

Тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру
Мемлекет басшысы тапсырмаларының бірі «Үлгілік келісімшарттарды әзірлеу арқылы ұзақ мерзімді жалдаушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Барлық жалдау шарттары айқын және анық болуға тиіс».
Тұрғын үй заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының тұрғын үй қоры жеке және мемлекеттік тұрғын үй қорларын қамтиды.
Өз кезегінде, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шарты жасалатын қатынастарды реттейді.
Айталық, аталған баптың 3-тармағына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді жалдаудың (қосымша жалдаудың) үлгілік шартын, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді беру және оларды пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Сонымен бірге қолданыстағы заңнамада Жеке тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйді жалдаудың үлгілік шарты көзделмеген.
Мемлекет басшысының көрсетілген тапсырмасын орындау үшін «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында Жеке тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді жалдаудың үлгілік келісімшартын бекітуге Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретін белгілеу қажет, оның аясында ұзақ мерзімді жалдаушының тұру жағдайларын көздеу ұсынылады (жалдау мерзімі, төлемақысының мөлшері, жөндеу бойынша міндеттерді бөлу, жалдаушыны шығару негіздері, жалпы жиналыста меншік иесінің, мүддесін жалдаушының білдіруі жөніндегі өкілеттіктер беру және т.б.)

ҚТКШІА

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның қарауына заң жобасының тұжырымдамасын 2012 жылғы 1 қарашаға дейін енгізу

Сонымен бірге әкімшілік құқық бүзушылық туралы заңнамада кейіннен «тиімді меншік иесін» қалыптастыру мақсатында:
- үй-жай (пәтер) иелерінің кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстау қағидаларын бұзғаны және кондоминиум объектісі қатысушысының кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін және үйді күтіп ұстауға арналған барлық шығыстарға қатысу міндетін төлемнің белгілеген күнінен бастап дәлелсіз себептермен үш айдан астам жалтарғаны үшін;
- кондоминиум объектісін басқару органдарына өздері басқару функцияларын жүзеге асыратын кондоминиум объектісіне қатысты сервистік қызметпен айналысқаны үшін жауапкершілік көздеу қажет.
Сондай-ақ заң жобасында тұрғын үй қатынастарының оңтайлы моделін одан әрі қалыптастыру мәселелерін құқықтық шешу, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру тәртібі мен шарттарын регламенттейтін тұрғын үй заңнамасын жетілдіру көзделген.



Еңбек қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру
Нарықтық экономика, еңбек нарығының және халықты жұмыспен қамту проблемаларының болуы жағдайында еңбектегі құқықтық қатынастар мәселесі өзекті болып табылады. Осыған байланысты, оны қолдану практикасын жүйелі талдау және осы саладағы халықаралық тәжірибені есепке алу негізінде еңбек заңнамасын ұдайы жетілдіру қажет.
Бұл ретте еңбек қызметінің және жұмыскерлердің еңбек жағдайларының сипатына қарай еңбек және әлеуметтік заңнаманы одан әрі сараландыру мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің қолданылу саласы мен құралдарын кеңейту мәселелері пысықтауды қажет етеді.
1.1. Кәсіподақ институттарын жаңғырту
Еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелерінде мемлекеттің негізгі әріптестерінің бірі кәсіподақтар болып табылады. Сонымен бірге аса ipi орталық - Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы (ҚКФ) қызметінің қазіргі форматы уақыт талаптарына сай келмейді, себебі ол «кеңестік үлгі» салалық қағидаты бойынша қалыптастырылуда.
Кәсіптік одақтар туралы тиімсіз заңнама маңызды проблемалық жағдай болып табылады. Онда ұжымдық шарттар туралы, оларды орындағаны үшін тараптардың жауапкершілігі туралы ережелер айқын баяндалмаған.
Сондықтан қазір кәсіподақ, ең алдымен ҚКФ қозғалысын жаңғырту бойынша шешуші қадамдар талап етіледі.
1.2. Еңбек қатынастары саласындағы қарама-қайшылықтарды реттеудің көп деңгейлі тиімді тетігін құру
Еңбек қақтығыстарының негізгі себептері ретінде мына екеуін атауға болады: біріншісі - өнеркәсіпті басқару мәселелерінен жұмыскерлердің қағажу қалуы, екіншісі - даулар мен қақтығыстарды соттан тыс реттеу тетіктерінің әлсіздігі.
Бұл жерде өнеркәсіптерінде құрамына жұмысшылар мен персоналдың, сондай-ақ кәсіптік одақтардың өкілдері кіретін өндірістік кеңестер әрекет ететін бірқатар дамыған елдердің тәжірибесін пайдалану керек. Әдетте кеңес отырыстарында еңбек жағдайлары мен оларды жақсарту мәселелері шешіледі, жұмыскерлердің түрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері қаралады.
Әдейі еңбек жағдайын нашарлатумен, өндіріс процесінің тоқтауымен, жалақыны төлеуді кешіктірумен және т.б. арандатуға ұшыраған еңбек ұжымы әлеуметтік-еңбек қақтығыстары тараптарының біріне айналатыны сирек емес.
Сонымен бірге не Еңбек, не Әкімшілік, не Қылмыстық кодекстерде жұмыс берушілер, лауазымды және өзге де адамдар тарапынан арандатушылық үшін жауапкершілік туралы баптар жоқ.
Бүгін медиация құрылымдары мен рәсімдерін құру және пайдалану жөніндегі, оның ішінде еңбек қатынастары саласындағы жұмысты күшейту керек.
Медиация құрылымдарын ұлттық және ірі жеке компанияларда құру керек. АҚШ-та, Австралияда және басқа да елдерде барлық даулардың үштен бірі сот араласқанға дейін тек медиация рәсімдері шеңберінде реттеледі.
Мемлекет тарапынан қазір даулар мен қақтығыстарды соттан тыс шешу жүйесін енгізуге мүмкіндік беретін, оның ішінде әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында да бастамашылық қадамдар маңызды.

Еңбекмині

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның қарауына заң жобасының тұжырымдамасын 2012 жылғы 1 қарашаға дейін енгізу

Әкімшілік заңнаманы жетілдіру
Азаматтардың мемлекеттік органдар мен мемлекеттің лауазымды адамдарына жүгіну тетіктерін олардың мемлекеттік басқаруға қатысу және өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау нысаны ретінде жетілдіру қажет.
Іс жүзінде азаматтар мен ұйымдарға мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қатынастарды реттейтін әкімшілік құқықтың жаңа институты туындайды. Осы институттың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін оның негізгі қағидаты мемлекеттік органдар қызметін азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қанағаттандыруға бағдарлау болатын тиісті құқықтық база қажет. Сапалы қызметтер көрсету әрбір азаматқа оның қызмет саласына қарамастан пайда әкелуге тиіс.

ЭДСМ

Заң жобасын 2012 жылғы 20 желтоқсанға дейін Үкіметке енгізу

Денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жетілдіру
Денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы заңнамада медициналық қызметтер көрсетуді қарқынды дамыту, жаңа технологияларды дамыту, жаңа дәрілік құралдардың пайда болуы, түпкілікті оң нәтижеге жетуге бағыт ала отырып, қаржыландыру жүйесін одан әрі жетілдіру, медицина ғылымы мен практикасында жаңа инновациялық бағыттарды қалыптастыру және енгізу сияқты өмірлік маңызы бар шынайы факторлар жеткіліксіз шамада есепке алынған.
Денсаулық сақтау саласындағы елеулі мәселелердің бірі қан препараттарының заманауи өндірісінің жоқтығы болып табылады. Халықты қан препараттарымен қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін шетелдік зауыттарда өзіміздің шикізатты келісімшарттық фракциялауға көшкен жөн, бұл дайын препараттарды сатып алуға қарағанда, экономикалық тұрғыдан пайдалы.
Қазіргі кезде қолданыстағы заңнамада гемопоэтикалық бағаналық жасушаларды трансплантациялау мәселелерін айқындайтын және регламенттейтін нормалар жоқ. Осыған байлынысты, гемопоэтикалық бағаналық жасушаларды трансплантациялау жөніндегі қызметті дамыту үшін заңнамалық базаны жасау, атап айтқанда, гемопоэтикалық бағаналық жасушалар, антилейкоциттік антиденелер жүйесі ұғымын енгізу (HLA), оларды шетелге әкетудің және елге әкелудің негіздерін, гемопоэтикалық бағаналық жасушалардың ықтимал донорлары тізілімінің қызметін регламенттейтін нормаларды көздеу қажет.
Кеден одағы шеңберінде медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың құқықтық реттелуінің кейбір мәселелерін жетілдіру қажеттілігі де туындады.
Дәрілік заттардың тиімсіз қолданылуын болдырмау, дәрілік заттарды бақылаусыз қолдануға байланысты пациенттер денсаулығына қауіпті төмендету мақсатында медициналық өнімді жарнамалау тәсілдерін қатаңдату қажет.
Мемлекет басшысының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақаласында айтылған тапсырмаларды іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың денсаулық сақтау саласындағы саясатты іске асыру, сондай-ақ халықтың «дәрілік» сауаттылығын арттыру жөніндегі кешенді шараларды қолдану бойынша жауапкершілігін күшейту жөніндегі нақты құқықтық нормаларды көздеу болжанады.

ДСМ

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның қарауына заң жобасының тұжырымдамасын 2012 жылғы 1 желтоқсанға дейін енгізу

2013 - 2014 жылдары (3-сессия) заңнаманың әлеуметтік, қылмыстық және әкімшілік-құқықтық топтамалары

Халықтың әлеуметтік осал санатына жататын азаматтарды әлеуметтендірудің тетіктерін дамыту
Бұл, ең бірінші кезекте, мүгедектер мен мүмкіндіктері шектеулі адамдар, көп балалы отбасы мүшелері, зейнеталды жастағы адамдар және т.б.
Бұл ретте мемлекеттің қамқорлығы емес, керісінше осы азаматтарға өзіне, әлеуметтік пайдалы еңбек ету мүмкіндіктеріне деген сеніміне қол жеткізуге жәрдем көрсететін жағдайлар жасау басты тәсілге айналуға тиіс.
Осыған байланысты арнайы, мысалы, әлеуметтік жұмыс орындары туралы заңнама қажет.
Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды тәрбиелейтін көп балалы отбасылар мен әйелдерді патерналистік емес тұрғыдағы қолдау жүйесін жасау маңызды.

Еңбекмині

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның қарауына заң жобасының тұжырымдасын 2013 жылғы 1 наурызға енгізу

Жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру
2004 жылы қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңына декларативтік сипат тән. Бірқатар заңнамалық нормалар заңға тәуелді құқықтық актілердің болмауына не олардың орындалуын бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты әрекет етпейді.
Еңбек заңнамасының жаңадан қабылданған қызметкерлер үшін сынақтан өту мерзімдері бөлігінде жетілмегендігі: жас мамандардың еңбегін одан әрі жұмысқа орналастырудың құқықтық кепілдіктерінсіз толық жұмыс жүктемесі мен үстеме жұмысты бере отырып, еңбекақы төлемей пайдалану практикасы.
«Әлеуметтік лифтілер» тетіктерін айқындау
Жас қазақстандықтар үшін «әлеуметтік лифтілер» тетіктерін жасау маңызды. Кәсіби біліктіліктің ұлттық жүйесі туралы заңнама талап етіледі.

БҒМ

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның қарауына заң жобасының тұжырымдамасын 2013 жылғы 1 мамырға дейін енгізу

Қылмыстық заңнаманы жетілдіру
Қылмыстық құқықты одан әрі дамыту, бұрынғыдай қылмыстық саясаттың қос векторлығы ескеріле отырып, жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен бірге, бұдан кейін қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған кінәлі адамдарға қатысты, сондай-ақ қылмыстардың рецидиві кезінде қатаң қылмыстық саясат жүргізу қажет.
Қылмыстық жазадан, ең алдымен қоғамға зор қауіп төндірмейтін адамдарға (кәмелеттік жасқа толмағандарға, абайсызда қылмыс жасаған адамдарға, жеңілдететін мән-жайлар болған кезде өзге де адамдарға) қатысты босату талаптарын кеңейту арқылы қылмыстық репрессияны қолдану саласын кезең-кезеңімен қысқарту мүмкіндіктерін айқындау қылмыстық құқықты дамытудағы аса маңызды бағыт болып табылады.
Қылмыстық заңнаманы Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келтіру де маңызды болып табылады. Атап айтқанда, сөз тек қана декриминализациялау туралы ғана емес, сонымен бірге кері процесс — белгілі бір құқық бұзушылық түрлерін криминализациялау туралы, сондай-ақ қылмыстардың кейбір санаттары үшін, оның ішінде экологиялық, экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу туралы болып отыр.
Қылмыстық құқықты одан әрі жетілдіру адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заңдардың сапасына арттыруға байланысты, ол заң тұрғысынан дәлдік талаптарына және оның салдарларының болжанатындығына сәйкес келуге тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде нақты тұжырымдалуы және құқықтық іс-әрекетті құқыққа қайшы іс-әрекеттен айыруға мүмкіндік беретін ұғымды өлшемдерге негізделген болуға тиіс, бұл ретте заң қағидаларын өз бетінше түсіндіру мүмкіндігін болдырмау қажет.

БП

3аң жобасын 2013 жылғы 20 мамырға дейін Үкіметке енгізу

Қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру
Қылмыстық іс жүргізу құқығын дамытудағы басымдылық адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған қылмыстық сот ісін жүргізудің негізін қалаушы қағидаттарын дәйекті түрде одан әрі іске асыру болып отыр.
Тиімді және әділ сот жүйесі әрбір қазақстандықтың азаматтық құқығының сақтандырудың кепілі болуы қажет: өмір сүру құқығы, денсаулыққа құқығы, меншік құқығы. Қылмыстық іс жүргізу құқығын жетілдірудің негізгі бағыттары мыналар:
қылмыстық процесті жеңілдету және тиімділігін арттыру;
қамауға алуға балама бұлтартпау шараларын, оның ішінде кепілді қолдануды кеңейту үшін жағдайлар жасау;
сотта олар бойынша қылмыстық қудалау және айыптау жеке, сондай-ақ жеке-жариялы тәртіппен жүзеге асырылатын қылмыстық істер санаттарын кеңейту мүмкіндігі;
алқабилердің қатысуымен сот қарайтын қылмыстық істер санаттарын біртіндеп кеңейту;
айыпталушылар мен күдіктілерге ғана емес, сонымен бірге жәбірленушілерге, куәгерге де қылмыстық істер бойынша білікті заң көмегін ұсыну тетігін одан әрі жетілдіру.

БП

Заң жобасын 2013 жылғы 20 маусымға дейін Үкіметке енгізу

Қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру
Қылмыстық әділет саласына азаматтарды тартуды азайту, қылмыстық қуғын-сүргін шараларын үнемдеу мақсатында қоғамнан оқшаулауға байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды неғұрлым кеңінен қолдануға жағдай жасау қажет.
Бас бостандығынан айыру қылмыстық жазалау түрінің әлі де болса негізгі түрі болып қалып отырғанын ескере отырып, жазалау жағы басым болып отырған бас бостандығынан айырудың тәрбиелік жағын күшейтетін шараларды қабылдау қажет. Атап айтқанда, жазаларды орындауды даралау принципі негізінде сотталғандарды ұстауды, оларға түзеу-тәрбиелік ықпал етудің түрлері мен әдістерін одан әрі дамыту қажет.
Бас бостандығынан айырылғандарды қоғамдық пайдалы еңбекке және/немесе оқытуға, әлеуметке қосу, оның ішінде есірткіге қарсы, алкогольге қарсы мазмұндағы әлеуметтік бағдарламаларға тарту арқылы не әлеуметтік белсенді қызметтің өзге түрлерімен жұмыспен қамту проблемаларын шешу өзекті болып табылады. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі тәртіпті сақтауға қойылатын жоғары талаптарды сақтаумен және қамтамасыз етумен қатар қылмыстық жазаларды орындау (өтеу) процесін психологиялық-педагогикалық қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесі персоналының мәртебесін арттыру және оларды әлеуметтік-құқықтық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту қажет.
Бұлармен қоса, бас бостандығынан айыру орындары үшін жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазаның осы түрін өтеп жатқан адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау маңызды болып табылады. Бұл саладағы неғұрлым перспективалы бағыттардың ішінде ұстаудың камералық тәртібіне біртіндеп көшіру қажет, бұл ретте сотталған адам күндізгі уақытта мекеме шегінде жүріп-тұру және жеке қарым-қатынас жасау мүмкіндігіне ие бола отырып, түнгі уақытта бөлек үй-жайға қамалады.
Айыптыларды жазалау және олардың жазаларын өтеу кезеңіндегі құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы жөнінде қоғам мен мемлекет мүдделері арасындағы теңгермені сақтауға, дамуына баса назар аудару қажет болатын қоғамдық бақылаудың белгіленген тетіктері көмектеседі.
Бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарға медициналық қызмет көрсетудің, әсіресе қылмыстық жазасын өтеп жатқан адамдар ауруларының профилактикасы жүйесінің сапасын арттыру да маңызды болып табылады.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды толыққанды қоғам мүшесі ретінде әлеуметке қосу аясындағы тұтас мемлекеттік саясатты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шаралар қажет.
Жалпы алғанда қылмыстық жазаларды атқару жүйесін жалпыға бірдей халықаралық стандарттарға одан әрі жақындата беру керек.

ІІМ

Заң жобасын 2013 жылғы 20 маусымға дейін Үкіметке енгізу

Әкімшілік-деликтілік заңнаманы жетілдіру
Тікелей қолданылып жүрген заңдардың мағынасын, мазмұнын және олардың қолданылуын айқындайтын адамның және азаматтың құқықтарымен бостандықтары туралы конституциялық нормаларды мойындау әкімшілік заңнаманы жаңартудың негізі болады.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнама бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге, әкімшілік-құқықтық шаралармен қоғамдағы құқықтық жанжалдардың алдын алуға барынша бағытталуы тиіс. Бұл ретте әкімшілік-құқықтық санкцияларды қалыптастыру кезінде олардың қоғамдық қауіптілік деңгейі мен құқық бұзушылық сипатына сәйкестік қағидаты мүлтіксіз сақталуға тиіс.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау жөнінде сот және соттан тыс инстанциялар арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратудың яғни әкімшілік істерді сотта және соттан тыс қарау тәртібі арақатынасының нақты тұжырымдамасын айқындаған жөн. Бұл ретте соттың әкімшілік жаза қолдану жөніндегі өкілеттігін кеңейту мүмкіндігі, сондай-ақ әкімшілік сот өндірісіндегі жарыспалылық қағидатын дамыту туралы тезис өзекті күйінде қала береді.
Әкімшілік-деликтілік құқық үшін әкімшілік-деликтілік заңнамамен қорғалатын құқықтық қатынастар ауқымын неғұрлым нақты анықтау және тиісінше әкімшілік-құқықтық және қылмыстық-құқықтық санкциялардың аражігін нақты ажырату мәселелері өткір болып табылады.

Әділетмині

Заң жобасын 2013 жылғы 1 қазанға дейін Үкіметке енгізу

Әкімшілік іс жүргізу заңнамасын жетілдіру
Әкімшілік-іс жүргізу заңнамасын реттеудің нысанын нақты анықтау қажет.
Әкімшілік-іс жүргізу құқығын дамытумен байланысты мемлекет пен азамат (ұйым) арасында жариялы-құқықтық қатынастардан туындаған құқық туралы дауды шешетін әкімшілік әділет мәселесін қараған жөн. Яғни, іс жүргізу окшаулау мен жариялы-құқықтық сипаттағы жанжалдарды шешу тәртібінің заңдылығы мәселелері қаралуға жатады.
Осылайша, әкімшілік сот ісін жүргізу қылмыстық және азаматтық іс жүргізумен қатар сот төрелігін жүзеге асырудың толыққанды нысаны болуға тиіс.

Әділетмині

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның қарауына заң жобасының тұжырымдамасын 2013 жылғы 1 ақпанға дейін енгізу

2014 - 2015 жылдары (4-сессия) заңнаманың азаматтық-құқықтық топтамасы

Азаматтық заңнаманы жетілдіру
Азаматтық құқық дамуының қазіргі кезеңінде бірінші орынға қоғамдық қатынастарды жария-құқықтық және жеке құқықтық реттеу әдістерінің арақатынасы мәселелері, және оның салдары ретінде - жеке кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік араласу шектері қойылады.
Осыған байланысты азаматтық заңнаманы жетілдіру мынадай бағыттар бойынша жалғасатын болады:
1) мәмілелер ұғымын, олардың құрамын және мәмілелерді орындамау салдарын анықтау;
2) мәмілелерді жарамсыз деп тану институтын жетілдіру;
3) «үлестес тұлға» ұғымын анықтау;
4) Азаматтық кодексте барлық бағалы қағаздар спектрін тіркеу;
5) «құқықтан бас тарту» және «құқықты жүзеге асырудан бас тарту» ұғымдарын анықтау;
6) акционерлік қоғамдардың мәртебесін олардың құқықтық табиғатын ескере отырып соның ішінде «жария корпорациялар» атты мәнмәтінде анықтау;
7) мемлекеттің жария функцияларды жүзеге асыру саласында мемлекеттік иммунитетті сақтау кезінде азаматтық құқықтық қатынастарға және жеке құқықтық қатынастар саласында иммунитеттен бас тартуға қатысу;
8) сервитут ұғымын енгізе отырып, заттық құқықтар түрлерін кеңейту;
9) заттық құқықтардың туындау негіздерін олардың жеке түрлерінің пайдалану режимін анықтай отырып кеңейту;
10) нақты залалды анықтау тәртібін белгілеу.

Әділетмині

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның қарауына заң жобасының тұжырымдамасын 2013 жылғы 1 қыркүйекке дейін енгізу

2015 - 2016 жылдары (5-сессия) табиғат қорғау заңнамасы, табиғи монополиялар саласындағы заңнама топтамалары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Елдің әрбір мемлекеттік органының жұмысында ең маңызды басымдықтары ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қаралады. Мемлекет және қоғамның бірлескен күшімен күресу ғана емес, сыбайлас жемқорлықты туғызатын жағдайлар мен себептерді азайту қажет.
Осы мақсаттарға жету үшін мынадай мәселелерді шешуге қол жеткізу қажет:
азаматтардың және қоғамның құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз ету;
мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету, сонымен қатар, көпшілікті сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша хабардар етудің қолжетімді және тиімді рәсімдерін енгізу;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі дүниетанымын, сыбайлас жемқорлықты коғамдық қабылдамаудың атмосферасын, қоғам өмірінің барлық салалаларындағы құқықтық мәдениетін қалыптастыру;
сыбайлас жемкорлыққа қарсы әрекет ету бойынша халықаралық стандарттарды енгізу және ұлттық заңнаманы жетілдіру;
мемлекеттік басқаруды жетілдіруді қоса алғанда, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алудың тиімді тетігінің жұмыс істеуі;
мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін және әлеуметтік беделін көтеру және кадрлық жұмысты жетілдіру;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша азаматтық қоғам институттарының және халықтың рөлін арттыру;
мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне парламенттік, қоғамдық және партиялық бақылауды күшейту;
корпоративтік сыбайлас жемқорлықтың, мүдделер коллизиясының пайда болуының алдын-алу және мемлекет пен кәсіпорындар арасындағы келісімшарттық қатынастардағы адал коммерциялық тәжірибені көтермелеу.

ЭҚСЖҚКА

Заң жобасының тұжырымдамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның қарауына 2015 жылғы 1 қыркүйекке дейін енгізу

Табиғат қорғау заңнамасын дамыту және одан әрі жетілдіру
Дәстүрлі экономикалық үлгіге негізделген қолданыстағы экологиялық заңнама қазіргі кездегі тәуекелдерді: энергетикалық, су, азық-түлік және шикізат қорларын тиімсіз пайдалануды, шығындардың ұлғаюын, жаһандық қаржы тұрақсыздығына тәуелділікті толық көлемде ескермейді.
Қазіргі кезде экологиялық заңнама саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаты:
«жасыл экономикаға» көшу үшін жағдайлар туғызу, энергияны және суды үнемдеуді ынталандыру, «жасыл технологияларды» пайдалану және экологиялық туризмді дамыту;
қоршаған ортаға антропогенді әсер ету нәтижесінде туындайтын қатерлерден қоғамның мүдделері мен жеке тұлға құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету;
табиғатты ұтымды пайдалану, экологиялық таза өндірістерді дамыту және азаматтардың экологиялық қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету болып табылады.
Экономикалық секторлардың көбісін «көгалдандыру» иновациялардың дамуы, өнімділіктің артуы, бәсекеге қабілеттіліктің өсуі және ЖІӨ-нің сандық өсімінің орнына сапалық өсімі үшін жаңа мүмкіндіктер береді.

Қоршағанортамині

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның қарауына заң жобасының тұжырымдамасын 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін енгізу

Табиғи монополиялар және реттелетін нарық саласындағы заңнаманы жетілдіру
Тиімді мемлекеттік реттеу көбіне нормативтік құқықтық базаның жағдайына байланысты болады.
Табиғи монополиялар саласында мемлекеттік реттеу, реттелетін табиғи монополиялар субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметін ынталандыруға, осындай субъектілердің активтеріне капиталдық (инвестициялық) салымдарды ұлғайту үшін жағдайлар жасауға бағытталуы, оларды өнімділікті арттыруға және шығыстарды төмендетуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға айғақтауы тиіс.
Табиғи монополиялар субъектілерінің тиімді қызметін арттыру мақсатында мына бағыттар бойынша жұмысты жалғастыру қажет:
электрлік, жылу және су шаруашылығы желілерінде базалық табиғи монополиялар субъектілерінің (бұдан әрі - ТМС) нормативтен тыс техникалық жоғалтуын кезең-кезеңмен жою (олар болған кезде) және нормативтік техникалық ысырапты азайту;
базалық ТМС, шикізат және материалдар шығыстарының нормаларын оңтайландыру;
орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейтін негізгі ТМС санын арттыру.
Табиғи монополияларды мемлекеттік реттеу бәсекелі ортаның сапасына тікелей әсер етеді:
бағалық (тарифтік) реттеу;
ТМС қызметтеріне қол жеткізу бойынша технологиялық мүмкіндіктерді айқындайтын инвестициялық бағдарламалар;
олардың тиісті секторлардағы тұтынушыларының арасындағы тиімді бәсекелестікті дамыту, сондай-ақ тұтастай алғанда экономикаға арналған инфрақұрылымдық шектеулерді жою үшін ТМС қызметтеріне қолжетімділікті реттеу.
Бәсекелестік ортаның сапасы көбінесе табиғи монополиялардың құрылымдық реформаларының серпініне орайлас болады, оның барысында:
құрылымдық жаңартулар немесе реттелетін және реттелмейтін қызметтің түрлері бойынша бөлек есепке алу арқылы қызметтің бәсекелестік және табиғи-монополиялық түрлері айқындалады;
бәсекелестік секторлардың нарықтық қағидалары белгіленеді;
мемлекеттік реттеу тиімділігін арттырудың бағыттары айқындалады.

ТМРА

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның қарауына заң жобасының тұжырымдамасын 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін енгізу

Мемлекеттік монополияға жататын қызметті мемлекеттік реттеудің және бақылаудың негізін, сондай-ақ мемлекеттік қорғау және адал бәсекелестікті қолдаудың негізін айқындайтын құқықтық базаны жетілдіру
Мемлекеттік активтерді тиімсіз басқару туралы айғақтайтын бірқатар проблемалар қалыптасып отыр.
Бәсекелестік жеткілікті дәрежеде дамыған (көлік қызметін көрсету, сервистік сипаттағы қызмет көрсету, құрылыс, типография және баспагерлік қызмет) нарықта мемлекеттің қатысуымен мемлекеттік кәсіпорындар және заңды тұлғалардың көпшілігі мемлекеттік органдардың қолдауы нысанындағы артықшылыққа ие, бұл оларға бәсекелестік күресте қосымша басымдық береді.
Осылардың бәрі мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін реттеу жөніндегі шараларды қабылдау қажеттігіне алып келеді.
Бұрынғысынша темір жол көлігі, телекоммуникация, отын-энергетикалық кешен салаларын жоғары деңгейде монополиялануы орын алады. Бұл салалар экономиканың негізін құраушы бола отырып, аралас салалардағы бәсекелестіктің дамуына айтарлықтай ықпал етуде. Экономиканың аталған салаларын монополиялық сипаттан арылту жөнінде қабылданған шешімдер аяқталмай қалып отыр.
Қазақстан Республикасының бәсекелестік саласындағы саясаты мемлекеттік реттеу жүйесін реформалауда басты рөлдердің бірін атқарады, өйткені мемлекеттік басқару жүйесі экономикалық және әлеуметтік нормалар сапасын міндеттейді және заңдардың, оның ішінде бәсекелестікті қорғайтын заңдардың қолданылуына жағдай жасайды.
Бәсекелестік саясатының мақсаттарына қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешуді көздейді:
негізсіз ішкі және сыртқы сауда кедергілерін азайту есебінен бәсекелестік ортаны жалпы жақсарту, артық реттеуді болдырмау тетіктерін жасау, көлік, ақпарат, қаржы, энергетика инфрақұрылымдарын дамыту және оның нарыққа қатысушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету;
монополияға қарсы реттеуді жетілдіру арқылы мемлекеттік органдар және нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерінен бәсекелестікті қорғау тиімділігін арттыру;
негізсіз ішкі және сыртқы сауда кедергілерін жою жолымен жекелеген салаларда бәсекелестікті дамыту шараларын іске асыру, салықтық және салықтық емес ынталандыруды және қолдауды пайдалану.

ТМРА

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның қарауына заң жобасының тұжырымдамасын 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін енгізу

Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
БП - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы
ІIМ - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі
ДСМ - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі
БҒМ - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Қоршағанортамині - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі
ТЖМ - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі
Еңбекмині - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
ЭДСМ - Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі
Әділетмині - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі
ЭҚСЖҚКА - Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы)
МҚА - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
ҚТКІША - Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігі
ТМРА- Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады