"ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 26 қарашадағы № 436 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 1735 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 26 қарашадағы № 436 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

«ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен
оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы»
Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 26 қарашадағы №
436 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 26 қарашадағы № 436 Жарлығына мынадай толықтырулар енгізілсін:
      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      «1-1. Қоса беріліп отырған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ереже бекітілсін.»;
      осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес қосымшамен толықтырылсын.
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2012 жылғы « »    
№  Жарлығына   
ҚОСЫМША      

Қазақстан Республикасы
Президентінің     
2012 жылғы 26 қарашадағы
№ 436 Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН       

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен
оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Мемлекеттік комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Мемлекеттік басшысының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
      3. Мемлекеттік комиссия төрағадан, оның орынбасарларынан және Мемлекеттік комиссия мүшелерінен тұрады.
      4. Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы болып табылады.

2. Мемлекеттік комиссияның міндеттері, функциялары мен
құқықтары

      5. Мемлекеттік комиссияның міндеті Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін (бұдан әрі – «ЭКСПО-2017, Астана көрмесі») дайындау және өткізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
      6. Мемлекеттік комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) «ЭКСПО-2017, Астана» көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөнінде ұсыныстарды әзірлеу және Мемлекет басшысының қарауына енгізу және оларды іске асыру;
      2) «ЭКСПО-2017, Астана» көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарын орындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      3) «ЭКСПО-2017, Астана» көрмесін дайындауға, ұйымдастыруға және өткізуге байланысты шығыстар көлемін және оны қаржыландырудың көздерін айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      4) «ЭКСПО-2017, Астана» көрмесін дайындауға және өткізуге байланысты мәселелерді жедел шешу бойынша іс-шараларды орындауға қатысатын орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен өзге ұйымдардың қызметі мен өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      5) «ЭКСПО-2017, Астана» көрмесін дайындауға және өткізуге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарды тарту жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      6) «ЭКСПО-2017, Астана» көрмесін дайындау және өткізу жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру үшін бюджеттен тыс көздерден қаражат тарту жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      7) «ЭКСПО-2017, Астана» көрмесін дайындауға, ұйымдастыруға және өткізуге байланысты іс-шаралардың орындалуын бақылауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар әзірлеу.
      7. Мемлекеттік комиссия өз құзыреті шегінде:
      1) орталық мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдар мен өзге ұйымдардан Мемлекеттік комиссия құзыретіне жататын ақпарат, құжаттар мен материалдарды сұратуға және алуға;
      2) Мемлекеттік комиссия отырыстарында комиссия құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар өкілдерін тыңдауға;
      3) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқылы.
      8. Мемлекеттік комиссия шешімдердің жедел орындалуын қамтамасыз ету үшін Мемлекеттік комиссия төрағасы орынбасарларының бірі басқаратын «ЭКСПО-2017, Астана» ұйымдастыру комитетін құрады.

3. Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру

      9. Мемлекеттік комиссияның отырыстары тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі. Қажет болған жағдайда Мемлекеттік комиссияның кезектен тыс отырысын өткізуге болады.
      10. Мемлекеттік комиссияның отырыстарын Мемлекеттік комиссияның төрағасы немесе оның тапсырмасы бойынша Мемлекеттік комиссия төрағасы орынбасарларының бірі өткізеді.
      11. Мемлекеттік комиссия отырысының күн тәртібін Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы қалыптастырады және Мемлекеттік комиссия отырысы басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей Мемлекеттік комиссияның мүшелеріне жібереді.
      12. Егер Мемлекеттік комиссияның отырысына Мемлекеттік комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, ол заңды деп есептеледі.
      13. Мемлекеттік комиссияның шешімдері оның отырысқа қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының басым дауыс беруімен Мемлекеттік комиссия отырыстарының хаттамасы түрінде қабылданады. Мемлекеттік комиссия мүшелерінің даусы тең түскен жағдайда төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.
      14. Мемлекеттік комиссияның отырыстарына Мемлекеттік комиссияның мүшесі болып табылмайтын лауазымды тұлғалар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.
      15. Мемлекеттік комиссияның төрағасы:
      1) Мемлекеттік комиссия қызметіне басшылық етеді және оның отырыстарында төрағалық етеді;
      2) Қазақстан Республикасының Президентіне тоқсанына кемінде бір рет Мемлекеттік комиссияның атқарған жұмысы туралы ақпарат береді.
      16. Төраға болмаған жағдайда оның міндеттерін төрағаның екі орынбасарының бірі атқарады.
      17. Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы:
      1) Мемлекеттік комиссия мүшелеріне оның отырыстарының уақыты мен орны туралы хабарлайды;
      2) Мемлекеттік комиссияның отырысына материалдар дайындауды ұйымдастырады;
      3) Мемлекеттік комиссия отырысының хаттамаларын ресімдейді және оның мүшелерімен келіседі;
      4) Мемлекеттік комиссияның төрағасына ол қабылдаған шешімдердің уақтылы және сапалы орындалуын бағалаумен бірге оның мүшелері дайындаған атқарылған жұмыс туралы есепті ұсынады;
      5) Мемлекеттік комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      18. Орталық мемлекеттік органдар Мемлекеттік комиссияға жүктелген міндеттерді орындауға жәрдемдеседі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады