Әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейi төмен елдi мекендерде инвестициялық стратегиялық жобаларды iске асыратын заңды тұлғалар үшiн өнеркәсiптiк жеңiлдiктер беру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 қаңтардағы № 61 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 қазандағы № 1154 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2014.10.30 № 1154 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік оң күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Инвестициялар туралы» 2003 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-2-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейi төмен елдi мекендерде инвестициялық стратегиялық жобаларды iске асыратын заңды тұлғалар үшiн өнеркәсiптiк жеңiлдiктер беру қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2013 жылғы 30 қаңтардағы
№ 61 қаулысымен  
бекітілген     

Әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді мекендерде
инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғалар үшін өнеркәсіптік жеңілдіктер беру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді мекендерде инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғаларға өнеркәсіптік жеңілдіктер беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Инвестициялар туралы» 2003 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 18-2-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді мекендерде инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғалар үшін өнеркәсіптік жеңілдіктерді беру тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда қолданылатын терминдер мен анықтамалар:
      1) инвестициялық стратегиялық жоба – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбеге енетін және Қазақстан Республикасының экономикалық дамуына стратегиялық ықпал етуге қабілетті инвестициялық жоба;
      2) әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді мекен – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 10 мамырдағы № 601 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді мекендер тізбесіне кіретін елді мекен;
      3) өнеркәсіптік жеңілдіктер – белгілі бір мерзімділігімен өтеусіз негізде 7 (жеті) жылдан аспайтын мерзімге берілетін, бюджеттік қаражат есебінен жүзеге асырылатын барлық инвестициялық стратегиялық жобаны пайдалануға енгізгеннен кейін инвестициялық стратегиялық жоба бойынша инвестор шығындарының бір бөлігін өтеу түріндегі мемлекеттік қаржылық қолдау түрі;
      4) инвестор – Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асыратын заңды тұлға, оның ішінде шетелдік қатысуы бар заңды тұлға;
      5) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, инвестициялық келiсiмшарттарды жасасу және олардың орындалуын бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган;
      6) комиссия – мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен стратегиялық инвестициялық жобалар үшін инвестициялық преференцияларды беруге өтінімдерді қарау жөніндегі консультативтік-кеңесші орган (бұдан әрі – Комиссия).
      Комиссия құрамы мен оның жұмыс тәртібі көрсетілетін уәкілетті органның шешімімен құрылады.
      3. Инвестордың мынадай шығындарының бір бөлігі өтеуге немесе төлеуге жатады:
      1) газ;
      2) электр энергиясы;
      3) жер учаскесін сатып алу;
      4) ғимараттарды, құрылыстарды сатып алу (салу).
      4. Өнеркәсіптік жеңілдіктер өтінім берушіге инвестициялық стратегиялық жоба мынадай:
      әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен елді мекенде іске асырылған;
      Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін инвестициялық стратегиялық жобалар тізбесі енгізілген жағдайларда беріледі.

2. Өнеркәсіптік жеңілдіктерді беру тәртібі

      5. Өнеркәсіптік жеңілдіктерді алу мақсатында инвестор мыналарды қоса бере отырып, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша өтініммен уәкілетті органға жүгінеді:
      1) басшының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен куәландырылған, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің* немесе анықтаманың көшірмесі.
      Ескертпе: *«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметi тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады;
      2) басшының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен куәландырылған, заңды тұлға жарғысының көшірмесі;
      3) уәкілетті орган белгілейтін талаптарға сәйкес жасалған инвестициялық стратегиялық жобаның бизнес-жоспары;
      4) инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыру кезінде пайдаланылатын газды, электр энергиясын, жер учаскесін сатып алуға, ғимарттарды, құрылыстарды сатып алуға (салуға) арналған шығындардың сметалық құнын негіздейтін, әр бетіне қол қойылған, тігілген, нөмірленген және басшының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен куәландырылған құжаттардың көшiрмелерi;
      5) басшының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен куәландырылған, инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыру кезінде пайдаланылатын құрылыс-монтаждау жұмыстарының сметалық құнын және тіркелген активтерді сатып алуға арналған шығындарды негіздейтін құжаттардың көшiрмелерi;
      6) басшының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен куәландырылған, инвестициялық стратегиялық жобаны қаржыландыру көздерін және кепілдіктерін белгілейтін құжаттардың көшiрмелерi. Инвестициялық стратегиялық жоба меншікті қаражатынан қаржыландырылған жағдайда, олардың болуы туралы жазбаша растау қоса беріледі;
      7) салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектерінің жоқ (бар) екені туралы тіркеу орны бойынша салық органынан анықтамалар.
      Уәкілетті органның өтінімді қарау және инвесторға өнеркәсіптік жеңілдіктер беру туралы шешім қабылдау мерзімі өтінімді тіркеу сәтінен бастап 20 жұмыс күнін құрайды.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 N 1363 қаулысымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз).
      6. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген, ұсынылған құжаттар түскен күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде олардың толықтығын және дұрыстығын қарайды және осы Қағидалардың 5-тармағының талаптарына сәйкес келетін өтінімді тіркейді немесе олар сәйкес болмаған жағдайда тіркеуден бас тартады.
      Ұсынылған құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган қайтару себебін жазбаша негіздей отырып, оларды инвесторға қайтарады.
      Ұсынылған құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 8 мамырдағы № 436 қаулысымен бекітілген Инвестицияларды мемлекеттік қолдау саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк органдардың мамандарын, консультанттар мен сарапшыларды тарту ережесiне сәйкес инвестор сұрататын өнеркәсіптік жеңілдіктерің тізбе мен көлеміне (пайыздық қатынаста) сараптама жүргізу (бұдан әрі – сараптама) үшін оларды тиісті мемлекеттік органдардың тартылған мамандарына және Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалар ішінен консультаттар мен сарапшыларға жібереді.
      Сараптама сараптамалық қорытындыны ресімдей отырып, құжаттар алынған сәттен бастап 7 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
      Сараптама нәтижелерін алғаннан кейін уәкілетті орган құжаттар мен сараптамалық қорытынды қоса берілген өтінімді Комиссияның қарауына шығарады.
      7. Комиссия өтінімді, оған қоса беріліп отырған құжаттар мен сараптамалық қорытындыны қарайды және екі жұмыс күні ішінде оны хаттамаға енгізе отырып, шешім қабылдайды.
      Уәкілетті орган Комиссия хаттамасының негізінде екі жұмыс күні ішінде инвесторға өнеркәсіптік жеңілдіктерді беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Уәкілетті орган оң шешім қабылдаған кезде, онда берілетін өнеркәсіптік жеңілдіктердің тізбесі мен көлемі (пайыздық қатынаста) көрсетіледі, бұл ретте уәкілетті орган инвесторға екі жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы жазбаша түрдегі хабарламаны жібереді.
      Инвесторға өнеркәсіптік жеңілдіктер беру туралы уәкілетті органның теріс шешімі кезінде уәкілетті орган екі жұмыс күні ішінде инвесторға себебін негіздей отырып, бас тартуды жазбаша түрде жібереді.
      Инвесторға өнеркәсіптік жеңілдіктерді беруден бас тарту негіздемесі инвестордың осы Қағидалардың 4-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі және теріс сараптамалық қорытынды болып табылады.
      8. Уәкілетті орган инвесторға өнеркәсіптік жеңілдіктерді беру туралы шешім қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде инвестициялық преференцияларды көздейтін инвестицияларды жүзеге асыруға үлгілік келісімшарт ережелерін ескере отырып, қол қою үшін инвестициялық келісімшартты дайындайды.
      Дайындалған инвестициялық келісімшарт жобасы екі күндік мерзімде инвесторға қол қою үшін жіберіледі.
      Инвестициялық келісімшартты уәкілетті орган тараптар қол қойған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тіркейді.
      9. Инвесторға осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген шығындардың 50 % (елу пайызы) дейін және жалпы сомада инвестициялық келісімшарт бойынша инвестициялық стратегиялық жобадағы инвестициялардың 20 % (жиырма пайыздан) аспайтын көлемде өтеледі.
      Өтелетін шығындардың сомасына жанама салықтардың сомасы (қосымша құн салығы және акциздер) қосылмайды.
      Осы Қағидалардың 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген инвестордың шығындарын өтеу немесе төлеу кадастрлық құны бойынша жүзеге асырылады.
      10. Инвестордың шығындарын өтеу немесе төлеу осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген, іске асырылып жатқан инвестициялық стратегиялық жоба шеңберінде шығындарды растайтын, басшының қолымен және инвестордың мөрімен куәландырылған құжаттардың көшірмелерін инвестор ұсынғаннан кейін өнеркәсіптік жеңілдіктер беру мерзімнің ішінде және бюджеттік өтінімді беру жылынан кейінгі қаржы жылынан кешіктірілмей жылына бір рет жүргізіледі.
      11. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген, іске асырылып жатқан инвестициялық стратегиялық жоба шеңберінде шығындарды растайтын, басшының қолымен және инвестордың мөрімен куәландырылған, құжаттардың көшірмелері шығындар өтелетін жылдың алдындағы, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен кешіктірілмей беріледі.
      12. Уәкілетті орган ұсынылған құжаттардың негізінде инвестордың шығындарын өтеу жылының алдындағы, жылдың 1 сәуірінен бастап және 15 мамырынан кешіктірмей бюджеттік өтінімді қалыптастырады, бюджеттік өтінімді бюджеттік жоспарлау бойынша уәкілетті органға жібереді.
      13. Өтелетін шығындардың сомасы Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес жасалған инвестициялық келісімшарт негізінде инвестордың шотына аударылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады