Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Кеңесұлы Баударбек-Қожатаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі С.Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 18 ақпандағы
№ 144 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы
хаттама
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі
2006 жылғы 19 қыркүйекте Сингапурда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) өзгерістер енгізу туралы хаттама жасасуға ниет білдіре отырып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің 2-бабының 1-тармағында пайдаланылатын «жергілікті билік органдарының» деген сөздер Келісімнің бүкіл мәтіні бойынша «орталық немесе жергілікті билік органдарының» деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап
Келісімнің 25-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
«25-бап
Ақпарат алмасу
1. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы Келісімнің ережелерін орындау немесе әкімшілендіру немесе салық салу осы Келісімге қайшы келмейтіндей шамада Уағдаласушы Мемлекеттердің немесе олардың әкімшілік бөлімшелерінің, орталық немесе жергілікті билік органдарының атынан алынатын кез келген түрдегі және сипаттамадағы салықтарға қатысты ішкі заңнаманы қолдану үшін қажетті ақпаратпен алмасады. Ақпарат алмасу осы Келісімнің 1 және 2-баптарымен шектелмейді.
2. Уағдаласушы Мемлекет осы баптың 1-тармағына сәйкес алған кез келген ақпарат осы Уағдаласушы Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес алынған ақпарат сияқты құпия болып есептеледі және осы баптың 1-тармағында айтылған салықтарға қатысты бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлеп өндіріп алумен немесе сот қудалауымен немесе апелляцияларды қараумен де және жоғарыда көрсетілгендердің барлығын қадағалаумен де айналысатын тұлғаларға немесе органдарға (соттарды және әкімшілік органдарды қоса алғанда) ғана хабарланатын болады. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшін ғана пайдалана алады. Олар ақпаратты ашық сот отырысы барысында немесе сот шешімдері қабылданған кезде ашуы мүмкін.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері Уағдаласушы Мемлекетке:
а) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына және әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларын қолдану;
в) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша немесе әдеттегі әкімшілендіру барысында алуға болмайтын ақпаратты ұсыну;
с) қандай да бір сауда, кәсіпкерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіби құпияны немесе сауда процесін ашуы мүмкін ақпаратты немесе ашылуы мемлекеттік саясатқа (оrdre рubіс) қайшы келуі мүмкін ақпаратты ұсыну міндеттемесін жүктейтіндей мағынада түсіндірілмейді.
4. Егер ақпаратты бір Уағдаласушы Мемлекет осы бапқа сәйкес сұратса, екінші Уағдаласушы Мемлекет, егер мұндай ақпарат тіпті осы екінші Уағдаласушы Мемлекетке өзінің жеке салықтық мақсаттары үшін қажет етілмесе де, сұратылған ақпаратты жинау жөніндегі шараларды қабылдайды. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттеме осы баптың 3-тармағының шектеулеріне жатады, бірақ мұндай шектеулер Уағдаласушы Мемлекетке осындай ақпаратқа ішкі мүдделіліктің болмауы себебінен ғана ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей мағынада түсіндірілмейді.
5. Осы баптың 3-тармағының ережелері банк, басқа қаржы мекемесі, номиналды ұстаушы немесе агент немесе сенім білдірілген өкіл болып әрекет ететін тұлға ақпараттың иегері болып табылатындығы себебінен немесе ақпарат меншік құқығы берілген тұлғаға қатысты болу себебінен ғана Уағдаласушы Мемлекетке ақпаратты беруден бас тартуға рұқсат беретіндей мағынада түсіндірілмейді.».
3-бап
Уағдаласушы Мемлекеттер осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етеді. Осы Хаттама Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады, осы хабарламалардың соңғысы алынған күннен бастап күшіне енеді және екі Уағдаласушы Мемлекетте де осы Хаттама күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін басталатын салық салынатын кезеңдер үшін қолданылады.
Осыны куәландыру үшін үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қойған өкілдер осы Хаттамаға қол қойды.
20__ жылғы «__» __________ _________қаласында әрқайсысы қазақ ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Хаттаманы түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда Уағдаласушы Мемлекеттер ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін