Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грек Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелері үшін визалық талаптарды жою туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 сәуірдегі № 382 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2012 жылғы 16 қазанда Афины қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грек Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелері үшін визалық талаптарды жою туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН ГРЕК РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ПАСПОРТТАРДЫҢ ИЕЛЕРІ ҮШІН
ВИЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ ЖОЮ ТУРАЛЫ
КЕЛІСІМ

(2013 жылғы 4 шілдеде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 3, 22-құжат)

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грек Республикасының Үкіметі,
      екі жақты қарым-қатынасты жандандыруды тілей отырып,
      қазіргі бар достық қатынастарды нығайтуға мүдделілігін ескере отырып және жарамды дипломатиялық паспорттардың иелерін, бір Тарап мемлекетінің азаматтарын басқа Тарап мемлекетінің аумағына жасалатын сапарларына жәрдемдесу мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Грек Республикасында аккредиттелген Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінде немесе консулдық мекемелерінде тағайындалмаған, Грек Республикасының аумағында орналасқан халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының өкілдері болып табылмайтын, жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері Қазақстан Республикасының азаматтары Шенген кеңістігіне бірінші рет кірген күнінен бастап алты (6) ай мерзім ішінде күнтізбелік тоқсан (90) күнге дейінгі мерзімге (бір немесе бірнеше кезеңге) Грек Республикасының аумағына кіруге, транзитпен өтуге, болуға және шығуға виза алу қажеттілігінен босатылады.
      2. Қазақстан Республикасында аккредиттелген Грек Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінде немесе консулдық мекемелерінде тағайындалмаған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан халықаралық ұйымдар жанындағы Грек Республикасының өкілдері болып табылмайтын, жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері Грек Республикасының азаматтары келген күнінен бастап алты (6) ай мерзім ішінде тоқсан (90) күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге (бір немесе бірнеше кезеңге) Қазақстан Республикасының аумағына кіруге, транзитпен өтуге, болуға және шығуға виза алу қажеттілігінен босатылады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жұмыс істеуге рұқсатты қажет ететін ақылы қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.

2-бап

      1. Осы Келісім басқа Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелген, осы Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне тағайындалған немесе басқа Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан осы Тараптың халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдеріндегі жарамды дипломатиялық паспорттары бар кез келген Тараптар мемлекетінің азаматтары олар келгенге дейін қабылдаушы мемлекеттің аккредитациялауы үшін виза алу міндетінен босатпайды.
      2. Осы Келісім осы баптың 1-тармағында көрсетілген жарамды
дипломатиялық паспорттары бар тұлғалардың отбасы мүшелерін олар
келгенге дейін қабылдаушы мемлекеттің визасын алу міндетінен
босатпайды.

3-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген тұлғалар халықаралық жолаушылар қатынастары үшін ашық шекараның барлық бақылау-өткізу пункттерінде басқа Тарап мемлекетінің аумағына келе алады, транзитпен ете алады және одан кете алады.

4-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген тұлғалардың қабылдаушы мемлекеттің заңдарын құрметтеу міндеттемелерін қозғамайды.

5-бап

      Осы Келісім кез келген Тараптар мемлекетінің құзыретті органдарының олардың мемлекеттерінің аумағына кіру және тұрудың қолданыстағы талаптарына сай емес немесе болуы қолайсыз деп танылған тұлғалардың келуінен бас тарту немесе болуына тыйым салу құқығын қозғамайды.

6-бап

      1. Тараптардың кез келгені ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халық денсаулығын негізге ала отырып, осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата алады.
      2. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы, мұндай шаралар күшіне енген күнге дейін, күнтізбелік он бес (15) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарап жазбаша нысанда хабардар етілуі тиіс.
      3. Осы Келісімнің іске асырылуын тоқтата тұру басқа Тарап
мемлекетінің аумағында жүрген, осы Келісімнің 1 және 2-баптарында
көрсетілген кез келген Тараптар мемлекетінің азаматтарының құқықтарын қозғамайды.
      4. Осы Келісімнің қолданысын тоқтатқан Тарап осындай шаралар
күшіне енгенге дейін осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұруды жою
туралы жазбаша нысанда жетпіс екі (72) сағаттан кешіктірмей
дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапты хабардар етеді.

7-бап

      1. Тараптар осы Келісім күшіне енген күнінен бастап күнтізбелік отыз (30) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы өздерінің дипломатиялық паспорттарының үлгілерімен алмасады.
      2. Тараптардың бірі дипломатиялық паспортқа өзгерістер енгізген немесе жаңа дипломатиялық паспорттарды енгізген жағдайда осы Тарап бұл туралы басқа Тарапқа жаңа паспорттардың үлгілерін олар қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз (30) күнінен кешіктірмей жолдап, дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етуге тиіс. Тараптар Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы ұсынған машинамен есептелетін жол жүру құжаттарына арналған стандарттарды қолдануға тиіс (ИКАО).
      3. Тараптар бір-біріне өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларындағы дипломатиялық паспорттарды беруге қатысты кез келген өзгерістер туралы шұғыл түрде хабарлайды.
      4. Тараптар бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы Тараптар
мемлекеттері азаматтарының дипломатиялық паспорттарының жоғалу,
ұрлану немесе жойылу оқиғалары туралы шұғыл түрде хабарлайды.

8-бап

      Тараптар олардың бірінің өтініші бойынша реадмиссия бойынша нақты міндеттемелерді реттейтін, оның ішінде басқа Тарап мемлекетінің аумағынан оның мемлекетінің аумағына келген үшінші елдің азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың реадмиссиясы бойынша міндеттемелерін реттейтін екіжақты келісімді жасауға келіседі.

9-бап

      Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін. Кез келген өзгерістер осы Келісімнің күшіне енуіне арналған 11-бапта көзделген рәсімге сәйкес күшіне енеді.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген келіспеушіліктер Тараптар арасында дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

11-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы басқа Тараптың дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламасын Тараптардың бірі алған күнінен бастап үш (3) ай өткенге дейін күшінде қалады.

      2012 жылғы 16 қазанда Афина қаласында әрқайсысы қазақ, грек және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ                  ГРЕК РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
            ҮКІМЕТІ ҮШІН                             ҮКІМЕТІ ҮШІН

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің грек тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады