Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 25.03.2022 № 160 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы қаулы 2013 жылғы 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.
"Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 24-1-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы үлгі ереже (бұдан әрі – Үлгі ереже) бекітілсін.
2. Үлгі ережеге сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бір ай мерзімде облыстық ономастика комиссиялары, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы ережелерді бекітсін.
3. Осы қаулы 2013 жылғы 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | С. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 396 қаулысымен бекітілген |
Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар
қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы
үлгі ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы үлгі ереже (бұдан әрі – Үлгі ереже) "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 24-1-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары (бұдан әрі – Комиссия) жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші органдар болып табылады.
3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, сондай-ақ осы Үлгі ережені басшылыққа алады.
2. Комиссияның міндеттері, функциялары мен құқықтары
4. Комиссияның негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру және сақтау бойынша бірыңғай көзқарасты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзiрлеу;
2) ономастика мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
3) бұрын атауы жойылып кеткен тарихи топонимдердi қалпына келтiру жөнiнде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
5. Жүктелген мiндеттердi шешу мақсатында:
1) облыстық ономастика комиссиялары:
ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту бойынша қорытындылар береді;
аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар береді;
2) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясымен келісілгеннен кейін – қаладағы аудандарға, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың құрамдас бөлiктерiне атау беру және қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар береді.
6. Өз міндеттері мен функцияларына сәйкес Комиссия:
1) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ауданның, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың атқарушы органдарының өкілдерін Комиссияның отырыстарына шақыруға және тыңдауға;
2) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік және басқа да ұйымдардан Комиссияның міндеттерін іске асыруға қажетті материалдарды сұратуға және алуға;
3) мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
4) бұрын атауы жойылып кеткен тарихи топонимдердi қалпына келтiру жөнiндегі ұсыныстарды қарауға;
5) ономастика мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясына ұсыныстар енгізуге құқылы.
3. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру
7. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, Комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
8. Комиссияны облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімінің орынбасарынан төмен емес мәртебесі бар лауазымды тұлға басқарады.
Комиссияның дербес құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі бекітеді.
Комиссияның құрамына тиісті мәслихаттардың депутаттары, ғалымдар, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мамандар және өзге де тұлғалар, олардың келісімі бойынша енгізіледі.
9. Комиссия мүшелері өздерінің қызметтеріне алмастыру құқығынсыз қатысады.
10. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және Комиссия жүзеге асыратын қызметке және оның шығаратын шешімдеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес дербес жауапты болады.
Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.
11. Комиссия хатшысы болып облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының тіл саясаты мәселелері бойынша құрылымдық бөлімшесінің бөлім бастығынан төмен емес мәртебесі бар лауазымды тұлға айқындалады.
12. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының тіл саясаты мәселелері бойынша құрылымдық бөлімшесі Комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі – жұмыс органы) болып табылады.
13. Жұмыс органы:
1) Комиссия жұмысының ұйымдық-техникалық қамтамасыз етілуін;
2) Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастыруды;
3) Комиссия отырыстарының материалдарын, Комиссияның ағымдағы және перспективалық жұмыс жоспарларын дайындауды;
4) Комиссия мүшелеріне Комиссия отырысының өткізілуіне дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қажетті материалдарды қоса күн тәртібін жібереді.
14. Комиссия отырыстарын оның төрағасы қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде төрт рет шақырады.
15. Комиссияның отырыстары, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды деп есептеледі.
16. Комиссия шешімдері оның отырысына қатысқан Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Комиссия мүшелері шешім қабылдау кезінде тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
Комиссия мүшелері ерекше пікірге ие, оны білдірген жағдайда пікір жазбаша түрде жазылуға және Комиссия отырысының хаттамасына қоса тіркелуге тиіс.
17. Комиссия шешімдері қорытынды түрінде ресімделеді және оған төраға, хатшы, отырысқа қатысқан Комиссия мүшелері қол қояды.
18. Комиссияның жұмыс органы облыстық ономастика комиссияларының қорытындысын Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдарға береді (жібереді).
19. Комиссияның жұмыс органы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының қорытындыларын отырыс өткізілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясына келісу үшін жібереді.
20. Комиссияның жұмыс органы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының қорытындыларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясынан келісім алған күннен кейін үш жұмыс күні ішінде береді (жібереді).