Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 3 шілдедегі № 682 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Сейітханұлы Жошыбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.10.2013 № 1148 қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2013 жылғы 3 шілдедегі
№ 682 қаулысымен  
мақұлданған    

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының
Үкіметі арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі
      білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтыла отырып,
      бірлескен ғылыми зерттеулердің деңгейі мен тиімділігін одан әрі арттыру, Тараптар мемлекеттерінің арасында білім саласындағы алмасуды кеңейту мақсатында,
      өзара құрмет пен теңдік қағидаттарын негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес мынадай салаларда ынтымақтастықты жүзеге асырады:
      1) білім беру жүйесі және осы салада жүргізілетін реформалар туралы ақпаратпен алмасу;
      2) оқу және басқа да оқу-әдістемелік, сондай-ақ аудио және бейнематериалдармен алмасу;
      3) жоғары оқу орындарының студенттерімен, магистранттарымен, докторанттарымен және оқытушыларымен алмасу;
      4) Тараптар мемлекеттерінің білім беру ұйымдары арасындағы білім берудің барлық деңгейіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге және нығайтуға жәрдемдесу;
      5) педагогикалық және ғылыми кадрлардың кәсіби тәжірибесімен алмасу;
      6) Польша Республикасының жоғары оқу орындарында қазақ тілін, әдебиетін және қазақ филологиясын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында поляк тілін, әдебиетін және поляк филологиясын оқыту деңгейін дамыту мен арттыру;
      7) бірлескен жобалар мен ғылыми зерттеулерге, сондай-ақ конференцияларды, симпозиумдарды, халықаралық олимпиадаларды, конкурстар мен семинарларды өткізуге жәрдемдесу;
      8) мұғалімдерді жіберу.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптардың уәкілетті органдары:
      Қазақстан Республикасының атынан – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі;
      Польша Республикасының атынан – Білім және тәрбие мәселелері бойынша уәкілетті министр, Жоғары білім мәселелері бойынша уәкілетті министр, сондай-ақ Мәдениет және ұлттық мұраны қорғау мәселелері бойынша министр болып табылады.

3-бап

      1. Тараптар жыл сайын саны төрт адамға дейін магистратура бағдарламасы бойынша білім алушылармен алмасуды баламалы негізде жүзеге асырады.
      2. Жыл сайын Польша тарапы поляк тілін бір жыл оқуды ескере отырып, бакалавриат бағдарламасы бойынша Қазақстан тарапынан үш адамға дейін, докторантура бағдарламасы бойынша төрт адамға дейін қабылдайды.
      3. Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша жіберілгендерді оқыту мерзімін Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қабылдаушы Тарап белгілейді.

4-бап

      1. Жыл сайын Польша тарапы поляк филологиясының (поляк тілі мен әдебиеті) студенттерін, сондай-ақ мерзімі жиырма бір күннен жиырма сегіз күнге дейін поляк тілі мен поляк мәдениетінің жазғы курстарына саны он адамға дейін Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарынан поляк тілі мен поляк әдебиеті курстарының (дәрістерінің) қатысушыларын қабылдайды.
      2. Жыл сайын Қазақстан тарапы ұзақтығы жиырма сегіз күнге дейін қазақ тілі мен мәдениетінің жазғы курстарына саны он адамға дейін Польша Республикасының жоғары оқу орындарынан шығыстануда оқитын студенттерді немесе қазақ тілі мен мәдениеті саласындағы мамандарды қабылдайды.
      3. 1 және 2-тармақтарда көзделген жазғы курстарды ұйымдастыру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес және олардың қаржылық мүмкiндiктері шеңберінде жүргізіледi.

5-бап

      Польша тарапы тегі поляк Қазақстан Республикасының азаматтарын Польша Республикасының мемлекеттік жоғары оқу орындарына алғашқы екі деңгейге (бакалавриат, магистратура), сондай-ақ бес жылдық магистрлік бағдарламалар бойынша және Польша Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес докторантураға оқуға қабылдайды, бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне хабарлайды.

6-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар білім беру ұйымдары арасындағы әріптестік байланыстардың дамуына ықпал етеді және Тараптар мемлекеттерінің мүдделі білім беру ұйымдары арасындағы Тараптар мемлекеттерінің жіберуші және қабылдаушы білім беру ұйымдарының құқықтары, міндеттері мен жауапкершіліктері айқындалған шарттар негізінде жоғары оқу орындарының студенттерімен, магистранттарымен, докторанттарымен және оқытушыларымен екі жақты алмасуды көтермелейді.

7-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасының мәдениеті мен тарихын Польша Республикасының білім беру ұйымдарында, сондай-ақ Польша Республикасының мәдениеті мен тарихын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында оқыту саласындағы ынтымақтастықты көтермелейді.

8-бап

      1. Қазақстан тарапы тегі поляк адамдарға Қазақстан Республикасының аумағында олардың жинақы тұратын жерлерінде ана тілін оқыту үшін Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес жағдайлар жасайды.
      2. Польша тарапы Қазақстан Республикасында поляк тілін оқыту бойынша бастауыш және негізгі орта білім беру ұйымдарын Қазақстан Республикасындағы бастауыш және негізгі орта білім беру ұйымдарының қажеттіліктеріне сәйкес оқу процесі үшін қажетті оқулықтармен, оқу-әдістемелік, аудио және бейнематериалдармен қамтамасыз етеді.

9-бап

      1. Өңірлік білім басқармаларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен келісім бойынша поляк этномәдени бірлестіктерінің өтініштері негізінде Польша тарапы жыл сайын поляк тілінің мұғалімдерін жібереді, ал Қазақстан тарапы поляк тілі ана тілі немесе шет тілі ретінде оқытылатын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына және Қазақстан Республикасының аумағындағы поляк этномәдени бірлестіктері құрған поляк тілін оқыту орталықтарына қабылдайды.
      2. Жыл сайын 30 наурызға дейін Қазақстан тарапы Польша тарапына поляк тілі мұғалімдерінің қажетті саны туралы хабарлайтын болады.
      3. Осы баптың бірінші және екінші абзацтарында көрсетілген мұғалімдердің келуіне байланысты барлық шығыстарды жіберуші Тарап өтейді.

10-бап

      1. Әрбір Тарап ынтымақтастыққа мүдделі білім беру ұйымдарының есебінен тіл немесе басқа да мамандықтардың оқытушыларын басқа Тарап мемлекетінің жоғары оқу орындарында дәріс оқу және оқытушылық қызметті жүзеге асыру үшін жібереді.
      2. Тараптар жыл сайын 30 сәуірге дейін жоғары оқу орындарының оқытушыларына қатысты қажетті құжаттарды жібереді.
      3. Қабылдаушы Тарап жыл сайын 30 маусымға дейін жіберуші Тарапқа қабылданған шешімдер туралы хабарлайды.

11-бап

      Польша тарапы жыл сайын Қазақстан Республикасынан саны он адамға дейiн поляк тiлiнiң мұғалiмдерiн Польша Республикасында ұйымдастырылатын поляк тілін оқыту әдістемесі бойынша курстарға он – жиырма бір күн мерзiмге қабылдайды. Курстарға қатысушы Польша Республикасына бару және келу жолақысын төлейдi, Польша Республикасында болатын барлық кезеңге медициналық сақтандыруды сатып алады. Польша тарапы сабақтарға қатысуға, тұруға және тамақтануға байланысты шығыстарды өтейді.

12-бап

      1. Тараптар осы Келісімнің 3 және 5-баптарында көрсетілген білім алушыларға:
      1) тегін оқу процесін;
      2) оқу бағдарламасына сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жағдайларды;
      3) барған мемлекетінің білім алушыларына ұсынылатын шарттарда тұруды қамтамасыз етеді.
      2. Тараптар осы Келісімнің 345 және 6-баптарында айтылған адамдардың жол жүруіне байланысты шығыстарды өтемейді.
      3. Тараптар осы Келісімнің 345 және 6-баптарында айтылған студенттердің, магистранттардың, докторанттардың, мұғалімдердің және оқытушылардың отбасы мүшелері үшін қаржылық жауаптылықта болмайды.
      4. Кенеттен науқастанған немесе жазатайым жағдайға душар болған жағдайларда міндетті емделу шығыстарын, сондай-ақ тұратын еліндегі медициналық көлікке жұмсалатын шығыстарды өтеуді қамтитын медициналық сақтандыруды (сақтандыру полисін) білім алатын елінде болған кезеңде студенттердің, магистранттардың, докторанттардың, мұғалімдердің және оқытушылардың өздері сатып алады.
      5. Бакалавриат, магистратура бағдарламалары бойынша Польша Республикасының мемлекеттік жоғары оқу орындарында қазақстандық азаматтардың тұруы білім алушының өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      6. Польша тарапы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес докторантура бағдарламасы бойынша білім алушылар үшін стипендия төлейді.

13-бап

      1. Жіберуші Тарап қабылдаушы Тарапқа осы Келісімнің 34 және 6-баптарына сәйкес әр күнтізбелік жылдың 30 сәуірінен кешіктірмей оқуға жіберілетін кандидаттардың тізімін, сондай-ақ қажетті құжаттарын ұсынады.
      2. Қабылдаушы Тарап әр күнтізбелік жылдың 30 маусымынан кешіктірмей кандидаттарды қабылдауға дайын екендігі туралы хабарлайды, сондай-ақ олар оқитын жоғары оқу орындарының атауларын хабарлайды.
      3. Жіберуші Тарап академиялық кезеңнің басталуына дейін кемінде екі апта бұрын қабылдаушы Тарапқа білім алушылардың келетін күнін хабарлайды.

14-бап

      1. Жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға, дидактикалық сабақтарды өткiзуге, осы Келiсiм шеңберінде алмасуға қатысушы адамдардың ғылыми зерттеулерге қатысуына, сондай-ақ мұғалімдер мен жоғары оқу орындарының оқытушыларын тағылымдамадан өтуге жіберуге қатысты мәселелерде қабылдаушы Тарап мемлекетiнiң қағидалары қолданылады.
      2. Осы Келiсiм шеңберінде алмасуға қатысушы адамдардың келу, сондай-ақ болу шарттары қабылдаушы Тарап мемлекетiнің ұлттық заңнамасымен реттеледi.

15-бап

      1. Оқуға, оқытушылық қызметті жүзеге асыруға келетін жіберуші Тараптың азаматтары келген мемлекеттің аумағындағы өз мемлекетінің дипломатиялық немесе консулдық өкілдіктерінде есепке тұрады.
      2. Жіберуші Тарап өзаралық қағидаттарында осы Келісімнің 310 және 11-баптарына сәйкес қабылдаушы Тарап мемлекетіне жіберілген студенттер, мұғалiмдер және оқытушылар туралы ақпаратты басқа Тараптың дипломатиялық өкiлдiгіне ұсынады.

16-бап

      Тараптар жастар саясаты саласындағы байланыстар мен ынтымақтастықтың дамуын көтермелейді және қолдайды.

17-бап

      Осы Келісімнің ережелері өз мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

18-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

19-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде туындайтын даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер мен өзара консультациялар арқылы шешіледі.

20-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім үш жыл мерзімге жасалады және Тараптардың ешқайсысы Келісімнің ағымдағы үш жылдық кезеңінің аяқталуына дейін кемінде 6 ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі үш жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
      3. Егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісімнің шеңберінде іске асырылатын жобалар мен бағдарламаларға олар аяқталғанға дейін әсер етпейді.
      20__ жылғы «___» ___________ _____________ қаласында екі түпнұсқа данада әрқайсысы қазақ, поляк және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Польша Республикасының
Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады