"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 шілдедегі № 745 қаулысы

      Ескерту. Заңның жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 N 1449 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан
Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы

      1-бап. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 17-18, 114-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 192-құжат; 1998 ж., № 7-8, 71-құжат; № 22, 290-құжат; 1999 ж., № 10, 340-құжат; № 15, 593-құжат; 2004 ж., № 7, 45-құжат; 2005 ж., № 7-8, 17-құжат; 2006 ж., № 23, 138-құжат; 2007 ж., № 12, 85-құжат; 2009 ж., № 2-3, 5-құжат; 2010 ж., № 11, 55-құжат; 2011 ж., № 3, 30-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      1) 26-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Әрбiр азамат (таңдаушы) сайлаушылар тiзiмдеріндегі өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдегi сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Сайлаушылар тізімдеріне енгізу, одан шығару не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы сайлау комиссиясына арыз келiп түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы тұрған жер бойынша тиiстi сотқа шағым жасауға болады, ол шағымды арыз келіп түскен күні қарайды. Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгізудi дереу жүргiзедi.»;
      2) 49-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткізуге қатысты, сондай-ақ сайлау туралы заңнаманың бұзылуы туралы сайлауды әзiрлеу мен өткізу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қабылдауға және оларды бес күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы бес күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi.»;
      3) 59-баптың 7-тармағының екінші бөлігі алып тасталсын;
      4) 73-баптың 6-тармағының екінші бөлігі алып тасталсын;
      5) 82-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Орталық сайлау комиссиясы тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасы) сайлау комиссиясының ұсынысы немесе таңдаушылардың арыздары бойынша, егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не дауыс беру нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды бұзу орын алған болса, Сенат депутаты сайлауын жарамсыз деп табуы және Сенат депутатын тiркеуден бас тартуы мүмкiн. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының осы шешiмiне оның қабылданған күнiнен бастап он күн iшiнде Сенат депутаттығына кандидат Жоғарғы Сотқа шағым бере алады, ол он күн мерзiм iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдайды.»;
      6) 89-бапта:
      6-тармақтың 5) тармақшасының тоғызыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешімге партиялық тізімді ұсынған саяси партия не партиялық тізімнен шығарылған адам тиісті Жоғарғы Сотқа шағым жасауына болады.»;
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Партиялық тізімді тіркеуден бас тартуға немесе оны тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға жеті күн мерзімде Орталық сайлау комиссиясына және (немесе) Жоғарғы Сотқа шағым жасауға болады. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы немесе Жоғарғы Сот шағым берілген күннен бастап жеті күн мерзімде шағым бойынша шешім шығарады. Жоғарғы Соттың шешiмi түпкiлiктi болып табылады.
      Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидатты тіркеуден бас тартуға немесе оны тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға екі күн мерзімде Орталық сайлау комиссиясына және (немесе) Жоғарғы Сотқа шағым жасауға болады. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы немесе Жоғарғы Сот бір күн ішінде шағым бойынша шешім шығарады. Жоғарғы Соттың шешiмi түпкiлiктi болып табылады.»;
      7) 104-баптың 6-тармағының екінші бөлігі алып тасталсын;
      8) 118-баптың 6-тармағының екінші бөлігі алып тасталсын.
      2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады