Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С.Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының
мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының
Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы
1-бап. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 23, 410-құжат; 2006 ж., № 23, 136-құжат; 2008 ж., № 20, 77-құжат; 2010 ж., № 24, 147-құжат; 2012 ж., № 5, 38-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 11-бапта:
3-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
«1-1) аралық жалпы отырыс;»;
мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
«6. Судья лауазымына кандидаттардың моральдық қасиеттерін бағалау үшін облыстық соттың жанынан консультативтік-кеңесші орган - Қоғамдық кеңес құрылады.
Қоғамдық кеңестің қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.»;
2) 14-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Облыстық соттың төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеттерін атқаруды облыстық соттың төрағасы облыстық соттың апелляциялық сот алқалары төрағаларының біріне жүктеуді жүзеге асырады. Бұл ретте кассациялық сот алқасының отырыстарына төрағалық ету облыстық соттың кассациялық сот алқасынық судьясына жүктеледі.
Апелляциялық сот алқаларының төрағалары болмаған жағдайда төрағаның міндеттерін уақытша атқаруды облыстық соттың төрағасы облыстық соттың кассациялық сот алқасының судьясына жүктейді.»;
3) 16-бапта:
1-тармақта:
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) аудандық және облыстық соттар судьяларының, аудандық сот төрағасының бос лауазымына кандидатураларды қарайды және оның нәтижелері бойынша тиісті қорытындылар шығарады;»;
9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«9) Қоғамдық кеңес қорытындысын ескере отырып, судья лауазымына кандидаттардың тағылымдамадан өту қорытындыларын қарайды және тиісті қорытынды береді;»;
мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Облыстық соттың жалпы отырыстарының арасындағы үзілістерде аралық жалпы отырыстар өткізілуі мүмкін, оларда облыстық соттың жалпы отырысының құзыретіне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, сот жүйесінің қызметіне қатысты мәселелер қаралады.
Аралық жалпы отырыс облыстық сот судьяларының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды болады.
Облыстық соттың аралық жалпы отырысының жұмысын ұйымдастыру облыстық соттың жалпы отырысы бекітетін ережеде айқындалады.»;
4) 17-баптың 2-тармағының 3-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3-1) Жоғары Сот Кеңесімен келісім бойынша жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың судьялары мен сот алқаларының төрағалары лауазымдарына кадр резервін (бұдан әрі - кадр резерві) қалыптастырады;»;
5) 18-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
«1-1) аралық жалпы отырыс;»;
6) 20-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 9-3) және 9-4) тармақшалармен толықтырылсын:
«9-3) қоғамдық кеңес туралы үлгі ережені бекітеді;
9-4) облыстық соттардың және Жоғарғы Соттың аралық жалпы отырыстарының жұмысын ұйымдастыру туралы үлгі ережені бекітеді;»;
7) 22-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының арасындағы үзілістерде аралық жалпы отырыстар өткізілуі мүмкін, оларда Жоғарғы Соттың жалпы отырысының құзыретіне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, сот жүйесінің қызметіне қатысты мәселелер қаралады.
Аралық жалпы отырыс Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды болады.
Жоғарғы Соттың аралық жалпы отырысының жұмысын ұйымдастыру Жоғарғы Соттың жалпы отырысы бекітетін ережеде айқындалады.»;
8) 28-бап мынадай мазмұндағы 3, 4, 5-тармақтармен толықтырылсын:
«3. Судьяның сот шешімі заңды күшіне енбеген іс бойынша өз пікірін көпшілік алдында айтуға құқығы жоқ.
4. Судьяның сот төрелігінің мүдделеріне, оның тәуелсіздігі мен бейтараптығына нұқсан келтіретін мәлімдемелер мен ескертпелерді көпшілік алдында айтудан тартынғаны жөн.
5. Судьяның мемлекеттік саясат мәселелері жөнінде, егер ол мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмесе, өз пікірін көпшілік алдында айтпағаны жөн.»;
9) 29-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Аудандық соттың судьясы болып:
1) жиырма бес жасқа толған;
2) жоғары заң білімі бар, еңбек жолы мінсіз және заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс стажы бар;
3) біліктілік емтиханын тапсырған (мамандандырылған магистратурадағы оқуды бітірген және онда біліктілік емтиханын тапсырған адамдар оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады);
4) медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсіби міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін ауруларының жоқтығын растаған;
5) сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен, Қоғамдық кенестің қорытындысын және соттың жалпы отырысының оң пікірін алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкін. Мамандандырылған магистратурадағы оқуды бітірген және бұл ретте біліктілік емтиханын тапсырған адамдардың оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.»;
10) 30-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Аудандық сот төрағасының бос лауазымына кандидатураны тиісті облыстық соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыным бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды.
Облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыным бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды.
Аудандық сот төрағасының бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, жұмыс істеп жүрген судьялардың немесе судья лауазымында кемінде бес жыл жұмыс стажы бар адамдардың арасынан ұсынылады.
Облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, жұмыс істеп жүрген судьялардың немесе судья лауазымында кемінде он жыл жұмыс стажы бар адамдардың арасынан ұсынылады.
Бұл ретте аудандық сот төрағасының, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот судьяларының және сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кандидаттарды іріктеу кезінде кадр резервінде тұрған адамдарға басымдық беріледі.
Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы лауазымына кандидат Жоғарғы Сот судьяларының арасынан ұсынылады.
Жоғары Сот Кеңесі жергілікті және басқа соттар төрағаларының, сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидаттарды лауазымға тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
Жоғарғы Соттың Төрағасы лауазымына кандидатураны Жоғары Сот Кеңесі қарайды.
Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сот Төрағасының, судьясының бос лауазымдарына кандидаттарды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды.».
2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті