ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығы және Өнеркәсіптік саясат жөнінде кеңес құру туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 6 қыркүйектегі № 937 қаулысы

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2012 жылғы 30 мамырда Ашхабад қаласында жасалған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығы және Өнеркәсіптік саясат жөнінде кеңес құру туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің      
2013 жылғы 6 қыркүйектегі
№ 937 қаулысымен   
бекітілген       

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп саласындағы
ынтымақтастығы және Өнеркәсiптiк саясат жөнiнде кеңес құру
туралы келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң үкiметтерi
      2007 жылғы 5 қазандағы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығын (бұдан әрi – ТМД) одан әрi дамыту тұжырымдамасының ережелеріне сүйене отырып,
      өнеркәсіптің экономикадағы және әлеуметтiк дамудағы басым рөлiн, сондай-ақ осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп салаларындағы проблемалық мәселелердi бiрлесiп шешуге мүдделiлiгiн ескере отырып,
      осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiптiк өнiм нарықтарында өзара пайдалы бәсекелес ортаны құру мақсатында
      ерiктi және өзара тиімді кооперациялық байланыстар мен мемлекетаралық мамандандыру қағидаттарына негiзделген осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп салаларының үйлестiрiлген жұмысын қамтамасыз етудiң маңыздылығын тани отырып,
      осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң халықаралық мiндеттемелерiн және заңнамасын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Үйлестiрiлген өнеркәсiптiк саясатты жүргiзу мақсатында Тараптар осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында мынадай негiзгi бағыттар бойынша өнеркәсiп саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады:
      өнеркәсiптiк саясат саласындағы өзара келiсiлген шешiмдердi әзiрлеу;
      өнеркәсiп саласындағы ынтымақтастық мәселелерi бойынша ТМД шеңберiнде қабылданған халықаралық шарттарды және шешiмдердi iске асыру;
      өнеркәсiп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың негiзгi бағыттарын келiсу, осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер өнеркәсiбiнiң жекелеген салалары бойынша ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау, бiрлескен бағдарламалар мен жобалар тiзбесiн қалыптастыру;
      бәсекеге қабiлеттiлiктi және өнеркәсiп салалары мен шаруашылық субьектiлердiң орнықты дамуын арттыруға бағытталған өнеркәсiп саласындағы бiрлескен iс-қимылды үйлестiру;
      осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер экономикаларының инновациялық өнеркәсiптiк дамуы үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
      бiрлескен өндiрiстердi, трансұлттық компанияларды және қаржы-өнеркәсiптiк топтарды құру;
      өнеркәсiптiк өнiмдердiң осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң нарықтарына халықаралық сауда қағидаттары мен нормаларын бұза отырып жүргiзiлетiн экспорттық экспансиясына қарсы әрекет ету бойынша бiрлескен iс-қимылды жүзеге асыру;
      өнеркәсiп салаларының шаруашылық жүргiзушi субьектiлерi арасында өзара пайдалы кооперациялық байланыстарды қалыптастыру;
      бiрлескен бағдарламалар мен жобаларды iске асыруды үйлестiру.

2-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн «өнеркәсiп» терминi тауарлар өндiрумен және қызметтер көрсетумен байланысты салалардың жиынтығын бiлдiредi.
      «Өнеркәсiптiк саясат» терминi осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiптiк өндiрiстi өсiрудi ынталандыру (оның тиiмдiлiгiн және бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ету, техникалық-технологиялық процеске жәрдемдесу) мақсатында құрылым жасақтауға және өнеркәсiптi ұйымдастыруға қатысуын бiлдiредi.

3-бап

      Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң заңнамасы мен халықаралық шарттарын сақтай отырып, осы Келiсiмге сәйкес өнеркәсiп саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеуге және жүзеге асыруға жауапты өздерiнiң уәкiлеттi (құзыреттi) органдары арқылы жүзеге асырады.

4-бап

      Тараптар өздерiнiң уәкiлеттi (құзыреттi) органдарының тiзбесiн айқындайды және бұл туралы осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалғаны туралы хабарламаны тапсырған кезде депозитарийге хабарлайды. Уәкiлеттi (құзыреттi) органдар тiзбесiнiң өзгеруi туралы Тараптардың әрқайсысы мұндай шешiм қабылданған күннен бастап бiр ай iшiнде жазбаша түрде дипломатиялық арналар арқылы депозитарийге хабарлайды.

5-бап

      Тараптардың уәкiлеттi (құзыреттi) органдары консультациялар өткiзу, өзара келiсiлген бiрлескен шешiмдердi және iс-шараларды әзiрлеу үшiн осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп салаларын дамыту мәселелерi бойынша ақпарат, пiкiр алмасу жолымен өнеркәсiп (өнеркәсiптiк саясат) саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.

6-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiптiк саясаты жөнiнде кеңес (бұдан әрi – Кеңес) құрады.
      Кеңес өз қызметiн осы Келiсiмге қоса беріліп отырған және оның ажырамас бөлiгi болып табылатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiптiк саясаты жөнiндегi кеңес туралы ереженiң негiзiнде жүзеге асырады.

7-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың әрқайсысының өз мемлекетi қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан ол үшiн туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

8-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша оның ажырамас бөлiгi болып табылатын өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуі мүмкін, олар тиiстi хаттамамен ресiмделедi және осы Келісiмнiң күшiне енуi үшiн көзделген тәртiппен күшiне енедi.

9-бап

      Осы Келiсiмдi қолдану және түсiндiру кезiнде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделi Тараптардың консультациялары мен келiссөздерi жолымен немесе Тараптармен келiсiлген басқа рәсiм арқылы шешiледi.

10-бап

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшiншi жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшiне енедi.
      Мемлекетiшiлiк рәсiмдердi кешiрек орындаған Тараптар үшiн осы Келiсiм депозитарий тиiстi құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшiне енедi.

11-бап

      Осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн ашық.
      Қосылатын мемлекет үшiн Келiсiм депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшiне енедi.

12-бап

      Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығу күнiне дейiн кемiнде 6 ай бұрын депозитарийге өзiнiң осындай ниетi туралы жазбаша хабарлама жiбере отырып, осы Келiсiмнен шығуға құқылы.

13-бап

      Осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер үшiн осы Келiсiм күшiне енген күннен бастап оларға қатысты 1994 жылғы 9 қыркүйектегi Химия және мұнай-химия саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң 1 және 2-баптары мен 1994 жылғы 9 желтоқсандағы Өзара байланысты негiзде машина жасау саласындағы тауар айналымы және өндiрiстiк кооперация туралы келiсiмнiң 5-бабының екiншi абзацы өз қолданысын тоқтатады.
      2012 жылғы 30 мамырда Ашхабад қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетiнде сақталады, ол оның куәландырылған көшірмесін осы Келiсiмге қол қойған әр мемлекетке жiбередi.

      Әзербайжан Республикасының        Ресей Федерациясының
            Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

      Армения Республикасының           Тәжікстан Республикасының
            Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының         Түрікменстан Республикасының
            Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының          Өзбекстан Республикасының
            Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      Қырғызстан Республикасының               Украинаның
            Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

      Молдова Республикасының
            Үкіметі үшін

2012 жылғы 30 мамырдағы
ТМД-ға қатысушы    
мемлекеттердiң өнеркәсiп
саласындағы ынтымақтастығы
және Өнеркәсiптiк саясат
жөнiнде кеңес құру туралы
келiсiмге қосымша 

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiптiк саясат жөнiндегi
кеңесi туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiптiк саясат жөнiндегi кеңесi (бұдан әрi – Кеңес) 2012 жылғы 30 мамырдағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп саласындағы ынтымақтастығы және Өнеркәсiптiк саясат жөнiнде кеңес құру туралы келiсiмге (бұдан әрi – Келiсiм) сәйкес Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп саласындағы ынтымақтастығын (өнеркәсiптiк саясат) үйлестiру мақсатында құрылады.
      2. Кеңес өз қызметiн өз өкiлеттiгi шегiнде жүзеге асыратын және ТМД Үкiмет басшыларының кеңесiне есеп беретiн ТМД-ның салалық ынтымақтастық органы болып табылады.
      3. Кеңес өз қызметiнде ТМД жарғысын, Достастық шеңберiнде қабылданған шарттар мен шешiмдердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
      4. Кеңес өз қызметiн ТМД Атқарушы комитетiмен, сондай-ақ ТМД басқа да органдарымен тығыз өзара iс-қимылда жүзеге асырады.

2. Кеңестің міндеттері мен функциялары

      5. Кеңестiң негiзгi мiндеттерi мен функциялары мыналар болып табылады:
      1) өнеркәсiптi дамыту (өнеркәсiптiк саясат) мәселелерi бойынша консультациялар өткiзу және пiкiр алмасу;
      2) Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп салаларын дамыту әлеуетiнiң мониторингi мен бағалауды ұйымдастыру және өткiзу әрi осы негiзде Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң нарықтарында шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң бiрлескен қызметi туралы ұсыныстар әзiрлеу жөнінде ұсыныстар дайындау;
      3) Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп салалары, сондай-ақ шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi арасында өзара тиiмдi кооперациялық байланыстарды қалыптастыру бойынша ұсыныстар дайындау;
      4) Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң экономикаларын инновациялық өнеркәсiптiк дамыту үшiн қолайлы жағдай жасау бойынша ұсынымдар әзiрлеу, ғылыми-техникалық әзiрлемелердi және инновациялық өнеркәсiптiк жобаларды Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп салаларына енгiзуге және тиiмдi пайдалануға жәрдемдесу;
      5) Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң автомобиль, кеме жасау өнеркәсiбiнде, авиа және аспап жасау, медициналық техника жасау және басқа салаларда бiрлескен өндiрiстер, трансұлттық компаниялар және қаржы-өнеркәсiптiк топтар құру бойынша ұсыныстар дайындау;
      6) Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiптiк өнiмдерiн үшiншi мемлекеттердің нарықтарында кемсiтушiлiк шектеулерге қарсы күрес тәжiрибесi туралы ақпарат алмасу;
      7) Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң нарықтарында халықаралық сауда қағидаттары мен нормаларын бұзып жүргiзiлген экспорттық экспансияға қарсы iс-қимыл бойынша ұсыныстар әзiрлеу;
      8) Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп салаларына мемлекеттiк қолдау көрсету бойынша ұсынымдар дайындау;
      9) бiрлескен бағдарламалар мен жобаларды iске асыру бойынша
iс-қимылдарды үйлестiру;
      10) Келiсiмге қатысушы мемлекеттерде өнеркәсiптi дамыту туралы баяндамалар және талдау материалдарын дайындау;
      11) Келiсiмге қатысушы мемлекеттер өнеркәсiптерiнiң әртүрлi салаларында кадрлар даярлау және мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру (ИТЖ және жұмысшы мамандықтары) бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға жәрдемдесу;
      12) өнеркәсiп обьектiлерi жұмыс iстеген кезде туындайтын қоршаған ортаны қорғау мәселелерiн шешуге келiсiлген тәсiлдердi әзiрлеу;
      13) көрмелер, семинарлар, конференциялар, симпозиумдар ұйымдастыруға жәрдемдесу;
      14) Кеңес қойған мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру үшiн өзге де функциялар.

3. Кеңестің құқықтары

      6. Кеңес өз функцияларын iске асыру үшiн:
      1) осы Ереженiң II бөлiмiнде көрсетiлген мәселелер бойынша құжаттардың жобаларын әзiрлеуге және белгiленген тәртiппен ТМД жоғары органдарының қарауына енгiзуге;
      2) Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеуге және жүзеге асыруға жауапты мемлекеттiк билiк органдарынан, сондай-ақ ТМД салалық ынтымақтастық органдарынан белгiленген тәртiппен Кеңестiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша ақпарат сұратуға;
      3) қажет болған жағдайда уақытша немесе тұрақты негiзде өнеркәсiптiң жекелеген салалары (өнеркәсiптiк саясат бағыттары) бойынша сарапшылардың жұмыс топтарын құруға;
      4) Кеңестiң жұмыс регламентiн әзiрлеуге және бекiтуге, сондай-ақ оған өзгерiстер енгiзуге құқылы.

4. Кеңесті құру тәртібі

      7. Кеңес Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң өнеркәсiп саласындағы мемлекеттiк саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға жауапты мемлекеттiк билiк органдарының басшыларынан (бұдан әрi – Кеңес мүшелерi) құрылады.
      Келiсiмге қатысушы әрбiр мемлекеттiң Кеңесте бiр дауысы бар. Кеңес отырыстарына Кеңес мүшелерiн алмастыратын тұлғаларды жiберген жағдайда олардың өкiлеттiгi расталуға тиiс.
      8. Кеңес құрамына кеңесшi дауыс құқығымен Кеңес хатшылығының басшысы және ТМД Атқарушы комитетiнiң өкiлi кiруi мүмкiн.
      9. Егер Кеңестiң шешiмiмен өзгеше белгiленбесе, Кеңесте төрағалықты Кеңеске қатысушы әрбiр мемлекеттің атынан оның өкiлi, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер атауларының орыс алфавитi тәртiбiмен бiр жылдан аспайтын мерзiмде кезекпен жүзеге асырады.
      Кеңестiң алдыңғы және кейiнгi төрағалары оның тең төрағалары болып табылады.
      Кеңестiң төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның мiндеттерi тең төрағалардың бiрiне жүктеледi.

5. Жұмысты ұйымдастыру

      10. Кеңес өз отырыстарын жылына кемiнде бiр рет өткiзедi. Қажетiне қарай кезектен тыс отырыстар шақырылуы мүмкiн.
      11. Егер мұны Кеңес мүшелерiнiң көпшiлiгi қолдайтын болса, Кеңестiң кезектен тыс отырыстары Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң кез келгенiнiң ұсынысы бойынша өткiзiлуi мүмкiн.
      12. Егер отырыста Кеңес мүшелерiнiң кемiнде үштен екiсi қатысқан болса, Кеңестiң шешiмдерi заңды болып табылады.
      13. Отырыстарды өткiзу орны Кеңес мүшелерiнiң алдын ала уағдаластығы бойынша айқындалады.
      14. Кеңес өз жұмысын Кеңес әзiрлейтiн және бекiтетiн жылдық жұмыс жоспарлары негiзiнде ұйымдастырады, сондай-ақ жыл сайын ТМД Атқарушы комитетiне өз қызметi туралы ақпарат бередi.
      15. Кеңестiң шешiмi бойынша оның жұмысына бақылаушы ретiнде Келiсiмге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттердiң мүдделi ведомстволарының және ұйымдарының, оның iшiнде халықаралық ұйымдардың өкiлдерi қатыса алады.
      16. Кеңестiң шешiмi бойынша оның жұмысына сарапшылар ретiнде келiсiм бойынша Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiнiң, олардың қауымдастықтары мен бiрлестiктерiнiң өкiлдерi тартылуы мүмкiн.
      17. Егер Кеңес өзгеше белгiлемесе, Кеңестiң шешiмдерi оның отырысына қатысып отырған мүшелерiнiң қарапайым көпшiлiк дауысымен қабылданады.
      Кеңестiң кез келген мүшесi қандай да бiр мәселеге өзiнiң мүдделi еместiгi туралы мәлiмдей алады, бұл Кеңес шешiм қабылдаған кезде кедергi ретiнде қаралмауы тиiс.
      Шешiммен келiспейтiн Кеңес мүшелерi отырыс хаттамасына енгiзiлетiн өзiнiң ерекше пiкiрiн бiлдiре алады.
      18. Кеңестiң шешiмдерiне Кеңестiң төрағасы қол қояды.
      19. Кеңестiң отырыстары Кеңес бекiткен регламентке сәйкес жүргiзiледi.
      20. Кеңестiң кезектi отырысына арналған материалдар оның мүшелерiне ол өткiзiлетiн күнге дейiн 30 күн бұрын жiберiледi.
      21. Кеңес қызметiн ұйымдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етудi оның хатшылығы жүзеге асырады.
      22. Кеңес хатшылығының функциялары өкілі ТМД Атқарушы комитетiнiң құрылымдық бөлiмшесiмен бiрге төрағалық ететiн Келiсiмге қатысушы мемлекеттiң мемлекеттiк билiк органына жүктеледi.
      Кеңесте төрағалық ететiн мемлекеттiң мемлекеттiк билiк органының өкiлi Кеңес хатшылығының басшысы, ал хатшылық басшысының орынбасары – ТМД Атқарушы комитетiнiң өкiлi болып табылады.
      23. Келiсiмге қатысушы қандай да бiр мемлекеттiң мүдделерiн тiкелей қозғайтын Кеңестiң шешiмдерi оның өкiлi болмағанда қабылданбайды.
      24. Кеңес төрағаны бiрiншi отырыста сайлайды. Төраға Кеңестiң жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарында төрағалық етедi, регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi.
      25. Кеңестiң отырыстарында қабылданған құжаттар оның барлық мүшелерiне екi апта мерзiмде таратылады.
      26. Кеңестiң жұмыс тiлi орыс тiлi болып табылады.

6. Қорытынды ережелер

      27. Кеңестiң отырыстарын өткізуді ұйымдастыруға байланысты шығыстар қабылдаушы Келiсiмге қатысушы мемлекеттiң тиiстi мемлекеттiк билiк органдарының есебiнен жүзеге асырылады.
      Кеңес мүшелерiн және отырыстың басқа қатысушыларын iссапарға жiберуге арналған шығыстарды жiберушi Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң мемлекеттiк билiк органдары және ұйымдары жүзеге асырады.
      28. Кеңестi тарату туралы мәселенi Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкiметтері басшыларының кеңесi қарайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады