Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты орта мерзімді және ұзақ мерзімді дамыту бағдарламасына (2020 жылға дейін) қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 7 қыркүйектегі № 940 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты орта мерзімді және ұзақ мерзімді дамыту бағдарламаның (2020 жылға дейін) жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрi Ерболат Асқарбекұлы Досаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты орта мерзімді және ұзақ мерзімді дамыту бағдарламасына (2020 жылға дейін) қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                       С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің         
2013 жылғы 7 қыркүйектегі
№ 940 қаулысымен     
мақұлданған      

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық
ынтымақтастықты орта мерзімді және ұзақ мерзімді дамыту
бағдарламасы (2020 жылға дейін)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Тараптар),
      2002 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарттың,
      2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің,
      сондай-ақ 2011 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамыту туралы бірлескен декларациясының негізінде,
      өзара теңдік пен мүдделерді құрметтеу қағидаттарын негізге ала отырып,
      өз құзыреті шеңберінде әрекет ете отырып және Тараптар мемлекеттерінің олардың халықаралық шарттарына сәйкес туындайтын міндеттемелерін қозғамай,
      тату көршілікті одан әрі тереңдету және тиімді ынтымақтастық мақсатында мыналарды көздейтін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты орта мерзімді және ұзақ мерзімді дамыту бағдарламасын (2020 жылға дейін) (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірледі.

Ынтымақтастықтың негізгі салалары

Сауда

      Тараптар Қазақстан-қытай ынтымақтастығы жөніндегі комитетінің Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитеті шеңберінде екіжақты сауда және инвестициялық мәселелер бойынша келіссөздерді тұрақты түрде өткізуді жалғастыратын болады. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитеттің Қытай және Қазақстан бөліктері байланыс пен үйлестіруді күшейтетін, туындаған немесе туындауы мүмкін мәселелер бойынша келіссөздер жүргізетін, өзара сауданың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін тиісті ұсыныстар енгізетін болады.
      Тараптар сауда дауларын қысқартуға, өз мемлекеттерінің кәсіпорындары үшін әділ, ашық және қолайлы сауда ахуалын жасауға жәрдемдесетін болады. Тараптар өзара сауданың тұрақты өсуін жүзеге асыру үшін сауда құрылымын жақсартуға ықпал ететін болады.
      Тараптар барынша болжамды құқықтық алаңын дамытуды қамтамасыз ететін ақпарат алмасуды жандандыратын, заңнамалық актілер мен заңдардың ашықтығын арттыруға ықпал ететін болады.
      Перспективада Тараптар сауда мен инвестициялар үшін қажетті қолайлы жағдайлар жасау, өзара инвестицияларды кеңейту және қызметтер саудасын дамыту мақсатында шаралар қабылдайтын болады. Тараптар өзара сауда көлемін 2015 жылға қарай 40 млрд. АҚШ долл. жеткізу үшін бар күшін салады.

Инвестициялар

      Тараптар өз мемлекеттерінің экономикаларын дамытуды ынталандыру мақсатында өзара инвестициялардың өсуіне ықпал ететін болады. Тараптар инвестициялау барысында туындайтын проблемаларды шешуге, қолайлы және болжанатын инвестициялық ахуалды жасауға ұмтылатын болады.
      Тараптар өзара инвестициялардың үйлесімді өсуін жылжыту мақсатында тәжірибе алмасуды нығайтатын, инвестициялық саланы кеңейтетін, инвестициялаудың жаңа тәсілдерін енгізетін болады.
      Тараптар қолайлы инвестициялық ортаны бірлесіп қалыптастыру мақсатында нарықтың ашықтығын кеңейтуге жәрдемдесетін болады.
      Тараптар екі елдегі индустрияландыруға және инфрақұрылым құрылысына белсенді қатысатын болады.
      Тараптар тоқыма өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі, мұнай химиясы, металлургия, көлік, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қаржылық қызметтер және т.б. сияқты Қазақстан Республикасы экономикасының шикізаттық емес секторларына инвестицияларды ұлғайту мүмкіндіктерін қарайды.
      Екі елдің кәсіпорындары арасындағы инвестициялық қызметті дамытумен қатар Тараптар инвестициялық ынтымақтастықтың, оның ішінде орта және шағын бизнес үшін екіжақты платформасын жасау мүмкіндігін қарайды.
      Тараптар Қазақстанда бірлесіп өнеркәсіп паркін құру мүмкіндігін қарайды.

Энергетика

      Тараптар мұнай және газ саласындағы қол қойылған үкіметаралық келісімдердің іске асырылуына, сондай-ақ қазақстан-қытай мұнай құбыры мен газ құбырының құрылысы мен пайдаланылуына ықпал ететін болады.
      Тараптар «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырының екінші кезеңінің екінші кезегінің, «Қытай-Қазақстан» (Бейнеу-Бозой-Шымкент) газ құбырының екінші учаскесінің, «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» газ құбырының «С» торабының қазақстандық бөлігінің құрылысын және қазақстан-қытай мұнай-газ құбырларының тұрақты пайдаланылуын қамтамасыз ететін болады.
      Тараптар барлау, энергоресурстарды өңдеу және сату саласындағы ынтымақтастықты дамытатын болады, Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарының іске асырылатын жобаларын белгіленген мерзімде аяқтайды.
      Тараптар өзара пайда қағидаты негізінде атом энергиясын бейбіт пайдалану, оның ішінде уран өндіру, табиғи уран, ядролық отын саудасын және ядролық энергетика саласындағы жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуды және тереңдетуді жалғастыруға ниетті.
      Тараптар энергияның баламалы көздері, оның ішінде күн, жел және басқа таза энергия түрлері саласында, таза технологиялар, «жасыл» экономика және жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласындағы ынтымақтастықты дамытатын болады.
      Тараптар «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша Астана қаласында «ЭКСПО -2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу аясында екі жақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтеді.

Қайта өңдеу өнеркәсібі

      Қайта өңдеу өнеркәсібі екі мемлекет экономикаларының шикізат емес секторларының ынтымақтастығы үшін маңызды сектор болып табылады.
      Қазақстандағы экономиканы жаңғырту процесінің жеделдетілуімен және құрылыс материалдарына сұраныстың өсуіне байланысты, Тараптар құрылыс және басқа материалдарды өндіру зауытын салу мүмкіндігін қарайды.

Ауыл шаруашылығы

      Екі мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тараптар өзара пайда негізінде ауыл шаруашылығы саласындағы, атап айтқанда қоймалау, логистика және қайта өңдеу және астық сату, ауыл шаруашылығының машина жасау, жануарларды індеттен, жерсіндіруден және карантиндік объектілерден қорғау, тәжірибе алмасу саласында кешендер құрылысы саласында өзара іс-қимылды күшейтетін болады.
      Тараптар ҚХР-ға және ҚХР аумағы арқылы астықты транзитпен тасымалдау шарттарын жетілдіретін болады.
      Тараптар ветеринарлық бақылауға (қадағалауға) және оны бұзғаны үшін жауапкершілікке жататын олардың мемлекеттерінің аумағына тауарларды (өнімдерді) әкелу кезінде ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларын кіргізуге және таратуға жол бермеу жөніндегі міндеттемелерді қабылдау бөлігінде ынтымақтастықты жандандырады.
      Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерді өткізу бойынша ғылыми орталықтардың өзара іс-қимылы мүмкіндігін қарайды.
      Тараптар сапаны қадағалау саласындағы ынтымақтастықты нығайтады, 2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасы Yкiметiнiң арасында Жануарлардың саулығы мен карантинi саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм, 2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қытай Халық Республикасының Yкiметi арасындағы Өсiмдiктердiң карантинi және оларды қорғау жөнiндегi ынтымақтастық туралы келiсiм сияқты қол қойылған құжаттардың іске асырылуын жүзеге асырады. Тараптар 1997 жылғы 17 қарашадағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға сәйкес тиісті тауарлармен сауданы ынталандыру мақсатында тексеру және карантиндік бақылау саласындағы ынтымақтастықты дамытатын болады.

Қаржы

      2011 жылғы 13 маусымда Қытай Халық банкі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі арасындағы қытай юаны/қазақстан теңгесі валюталық свопы жөніндегі екіжақты Келісімге қол қойылғанын ескере отырып, Тараптар ұлттық валюталардағы өзара саудадағы есептер жүргізуге, екі мемлекеттің банктері арасындағы корреспонденттік қатынастарды орнатуға, кредиттеу және инвестициялау кезінде тараптар кәсіпорындарының ұлттық валюталарды қолдануын көтермелеуге, екі елдің ұлттық валюталарымен тікелей алмасу мүмкіндігін зерделеуге ықпал ететін болады.
      Тараптар екі елдің қаржы ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және халықаралық есептер, сауда және жобалық қаржыландыру, саласындағы екі елдің қаржылық институттары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және экспорттық кредиттер беруде қаржылық құрылымдарды қолдауға ықпал ететін болады.

Телекоммуникациялар

      Тараптар ақпараттық-коммуникациялық сала екі ел арасындағы ынтымақтастықтың кең саласы болып табылады деп санайды. Тараптар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында тәжірибе алмасатын, телекоммуникациялар саласында жұмыс істейтін ұйымдар арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге, оның ішінде өндірісте ғылыми-техникалық ақпарат алмасуға ықпал ететін болады.

Жаңа технологиялар

      Қытайдың Өнеркәсіптің жаңа стратегиялық салаларын жаңғырту бағдарламасы 2015 жылға дейін Қытайда энергия үнемдейтін технология мен қоршаған ортаны қорғау технологияларын, жаңа буынның ақпараттық техникасын, биотехнологияларды дамытуға, жоғары кластағы жинақтаушы жабдықтар өндіруге, энергияның баламалы түрлеріне, жаңа материалдарға, баламалы энергияны пайдаланатын автомобильдер мен басқа да өндірістерге ерекше назар аударылатынын көздейді.
      Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес мемлекеттің күш-жігері мұнайгаз секторы, тау-кен металлургия кешені, атом және химия өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс индустриясы, фармацевтика, агроөнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп, туризм, сондай-ақ «болашақ экономикасының» 4 секторы – ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, биотехнологиялар, баламалы энергетика және ғарыш қызметі сияқты экономиканың басым секторларын дамытуға шоғырландырылады.
      Тараптар жоғары, ғылымды көп қажет ететін және энергия үнемдейтін технологиялар саласындағы ынтымақтастықты іске асыратын болады.
      Тараптар бәсекеге қабілетті, оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасындағы ынтымақтастықтың басым салаларында жоғары технологиялық өнім түрлерін шығару бойынша бірлескен кәсіпорындарды құруға жәрдемдесетін болады.

Кедендік ынтымақтастық

      Тараптардың кеден қызметтері шекаралық өткізу пункттерінде кедендік рәсімдерді және статистикалық деректер алмасуды жүзеге асыру кезіндегі проблемалы мәселелерді шешу бойынша ынтымақтастықты жандандырады.
      Сауда мен инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Тараптар кедендік рәсімдерді жеңілдетуге ықпал ететін болады.

Инфрақұрылым

      Тараптар Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерімен байланысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіретін, трансшекаралық және шекара маңы инфрақұрылымды дамытатын, шекара маңы өткізу пункттерінде өткізу қабілеті мен жұмыстың тиімділігін арттыратын болады.

Көлік және логистика

      Тараптар көлік саласындағы, өңірдің автомобиль және темір жолдарын байланыстыратын жобаларды іске асырудағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастыратын болады.
      Тараптар Қытай компанияларының Қазақстанның аумағындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолын салуға және реконструкциялауға қатысуын қолдайды. Тараптар автомобиль жолдары құрылысындағы ынтымақтастықты кеңейтетін болады.
      Тараптар трансшекаралық көлік әлеуетін дамытатын, логистика саласындағы тараптар кәсіпорындарын инвестициялауды ынталандыруды дамытатын, логистикалық инфрақұрылымды жақсартатын, шекара маңы өткізу пункттерінде қоймаландыру әлеуетін ұлғайтатын, көлік тиімділігін арттыратын болады.
      Тараптар автотасымалдаушылар арасындағы ынтымақтастықты, теміржол жолаушылары мен жүк көлігінің ауқымын кеңейтуді жетілдіретін болады.
      Тараптар заманауи ақпараттық құралдарды қолдана отырып, көлік және логистика саласындағы техникалық ынтымақтастықпен және тәжірибе алмасуды дамытатын, Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде ақпараттық платформаны жасайтын және халықаралық жол көлігіне ақпараттық қызмет көрсету желісін қалыптастыратын, логистика саласындағы озық басқарушылық тәжірибесін қабылдайтын, қызмет көрсетудің сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында логистиканы басқару үшін жабдықтарды жаңартатын болады.
      Тараптар Қытай Халық Республикасына және Қытай Халық Республикасының аумағы арқылы транзитпен үшінші елдерге жеткізу кезінде астықты тасымалдау шарттарын қарайтын болады.
      Тараптар Ляньюньган портында логистикалық терминалды жалдау/салу жобасы, сондай-ақ екі елдің аумақтарындағы басқа да перспективалы көлік-логистикалық жобалар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.

Шекара маңындағы және өңіраралық ынтымақтастық

      Тараптар сауда мен инвестицияларды кеңейту, шекара маңындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық деңгейін арттыру мақсатында шекара маңындағы ынтымақтастық тетігін жетілдіру мүмкіндігін қарастырады және өңірлік экономиканы дамытуға ықпал ететін болады.
      Тараптар екі мемлекеттің шекара маңындағы және басқа да өңірлері арасындағы тікелей экономикалық байланыстарды кеңейтетін болады. Тараптар бір тараптан Қазақстан Республикасының облыстары мен екінші тараптан Қытай Халық Республикасының провинциялары, аудандары мен қалалары арасындағы ынтымақтастықты дамытуды қолдайды.
      Тараптар «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы шеңберінде ынтымақтастықты жетілдіретін болады.

ШЫҰ шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастық

      Тараптар ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің және ШЫҰ мүше мемлекеттер Үкіметі басшылары Кеңесінің отырыстарында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін бірлесіп күш жұмсайды. Тараптар ШЫҰ мүше мемлекеттер арасында экономика, қаржы, инвестициялар, көлік, телекоммуникациялар, баламалы энергетика, ғылым және техника, инновациялар, энергия үнемдеу, ауыл шаруашылығы, кедендік қызметтер және т.б. салалардағы іскерлік ынтымақтастықты тереңдетуге жәрдемдесетін болады.

Көпжақты ынтымақтастық

      Қазақстан Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіргеннен кейін Тараптар Дүниежүзілік Сауда Ұйымының көпжақты сауда қағидаларына сәйкес екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыратын, Дүниежүзілік Сауда Ұйымы шеңберінде тәжірибе алмасуды және ынтымақтастықты нығайтатын, өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестіретін, көпжақты сауда жүйесін дамытуды бірлесіп жылжытатын және Доха раунды келіссөздерінің сәтті аяқталуына күш салатын болады.

      Осы бағдарлама екі жақтың қол қойған күнінен бастап күшіне енеді.

      2013 жылғы «___» қыркүйекте Астана қаласында екі данада қазақ, қытай және орыс тілдерінде жасалды. Бағдарламаның ережелерін түсіндіру бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының      Қытай Халық Республикасының
           Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады