Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Весенне-Аралчинское кен орнында мыс-колчедан кендерін өндіру кезінде шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Весенне-Аралчинское кен орнында мыс-колчедан кендерін өндіру кезінде шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат ете отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.09.2014 № 1033 қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 9 қарашадағы
№ 1194 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Весенне-Аралчинское кен орнында мыс-колчедан
кендерін өндіру кезінде шекара маңындағы аумақта шаруашылық
қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
2005 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 7-бабына сәйкес және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкімет басшылары кеңесінің 2004 жылғы 15 қыркүйектегі шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастығы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,
Қазақстан Республикасының аумағындағы Ақтөбе облысының Ақтөбе қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 222 км жерде және Ресей Федерациясының аумағындағы Орынбор облысының Домбаров кентінен оңтүстікке қарай 14 км жерде орналасқан Весенне-Аралчинское кен орнында шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктерін белгілеу мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Терминдер мен анықтамалар
Осы Келісімде қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:
1) пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орны – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекарамен қиылысатын, мыс-колчеданды кендердің Весенне-Аралчинское кен орнын қамтитын жер қойнауының учаскесі;
2) шекара маңындағы аумақтағы шаруашылық қызмет – жер қойнауының учаскесін геологиялық зерделеу, пайдалы қазбаларды барлау, жайғастыру объектілері мен инфрақұрылымды құру, кен өндіруші кәсіпорынды пайдалану, жару жұмыстарын жүргізу, пайдалы қазбалар кен орнын әзірлеудің техникалық жобасының талаптарына сәйкес кен өндіру, өндірілген кенді тасымалдау және бастапқы өңдеу, кен өндіруші кәсіпорынды, жайғастыру объектілері мен инфрақұрылымды тарату және консервациялау жөніндегі жұмыстарды қоса алғанда, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өтпей жүзеге асырылатын және Весенне-Аралчинское кен орнында мыс-колчедан кендерін өндірумен байланысты жұмыстар кешені, сондай-ақ жер асты және ашық кеніштердің шаруашылық қызметін қамтамасыз ету жөніндегі барлық өзге де жұмыстар;
3) Қазақстан Республикасының тарапынан уәкілетті ұйым – Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнын пайдалану құқығы берілген және барлау мен өндіруге келісімшарт жасалған ұйым;
4) Ресей Федерациясының тарапынан уәкілетті ұйым – Ресей Федерациясы заңнамасының талаптарына сәйкес Ресей Федерациясының аумағында орналасқан жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнын пайдалану құқығы және жер қойнауын пайдалануға лицензия берілген ұйым;
5) жобалау құжаттамасы – трансшекаралық кен орнындағы пайдалы қазбаларды өндіру, геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі техникалық, экологиялық, экономикалық жағдайларды және технологиялық көрсеткіштерді негіздейтін және белгілейтін жобалау құжаттары;
6) уәкілетті мемлекеттік органдар – құзыретіне осы Келісімнің ережелерін іске асыру кіретін Тараптар мемлекеттерінің атқарушы билік органдары;
7) шекара маңындағы аумақ (аймақ) – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекарасына шектесіп жатқан және оқшаулау аймағын қоспағанда, пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнын қамтитын Қазақстан Республикасының Ақтөбе облысы Хромтау ауданының және Ресей Федерациясының Орынбор облысы Домбаров ауданының әкімшілік-аумақтық шекараларындағы аумақ;
8) рұқсат беруші құжаттама – шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру мақсаттары үшін Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптарына сәйкес қажетті лицензиялар, рұқсаттар және өзге де құжаттар;
9) жергілікті өзін-өзі басқару органдары – Қазақстан Республикасының Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімдігі және Ресей Федерациясының Орынбор облысы Домбаров ауданының муниципалдық құрылымы;
10) оқшаулау аймағы – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумағында орналасқан және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы мемлекеттік шекараны тікелей бойлай құрлықпен және өзеннің жағалау сызығымен тікелей өтетін, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын тиісінше күтіп-ұстаумен, инженерлік және өзге де құрылыстарды тұрғызуға қажетті ені 30 метр жер алабы;
11) өтпелі аймақ – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумағында орналасқан, оқшаулау аймағымен тікелей шектесетін және шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті ені 70 метр жер алабы.
2-бап. Келісімнің мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнының мыс-колчедан кендерін өндірумен байланысты шекара маңындағы аумақтағы шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктерін белгілеу болып табылады.
3-бап. Шаруашылық қызметті жүзеге асыру қағидаттары
Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру қағидаттары:
1) Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын күтіп-ұстауға және шекара органдарының міндеттерін орындауына кедергілердің жасалуына жол бермеу;
2) Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы аумақтық тұтастық пен шекараның мызғымастығы;
3) жер қойнауын ұтымды пайдалану және қорғау;
4) шаруашылық қызметті рұқсат беруші және жобалау құжаттамасының талаптарына сәйкес жүзеге асыру;
5) шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде зиян келтіргені үшін уәкілетті ұйымдардың материалдық жауапкершілігі болып табылады.
4-бап. Уәкілетті ұйымдар
Қазақстан Республикасы тарапынан «Ақтөбе мыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ресей Федерациясы тарапынан «Ормет» жабық акционерлік қоғамы уәкілетті ұйым болып табылады.
Уәкілетті мемлекеттік органдар уәкілетті ұйымдардың ауыстырылғаны туралы бір-біріне ауыстыру болжанатын күнге дейін кемінде 6 ай бұрын кешіктірмей хабарлайды.
5-бап. Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге
асыру ерекшеліктері
Жобалау құжаттамасы, инфрақұрылым объектілері құрылысының, кен өндіруші кәсіпорынды пайдаланудың, кен өндіруші кәсіпорынды тарату мен консервациялаудың, су шаруашылығы объектілерін пайдаланудың жобаларын, сондай-ақ барлық өзге де жобалау құжаттарын уәкілетті ұйымдар Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптарына сәйкес бөлек-бөлек (бір-бірінен тәуелсіз) әзірлейді және олар 1999 жылғы 13 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттері үшін өзара мүдделі саналатын құрылыс жобаларының мемлекетаралық сараптамасы туралы келісімде көзделген мемлекетаралық сараптауға жатпайды.
Пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнының жер асты кеніштерін, өндірістік инфрақұрылымын бірінші санатты электрмен жабдықтаумен және авариясыз газбен жабдықтаумен қамтамасыз етуге арналған инвестицияларды оңтайландыру мақсатында уәкілетті ұйымдар Тараптар мемлекеттерінің тиісті қорларды шекара маңындағы аумаққа жеткізу үшін электрмен жабдықтаушы және газбен жабдықтаушы ұйымдармен тікелей шарттар жасасуға құқығы бар.
Өтпелі шекара маңындағы аймақ шегіндегі шекара маңындағы аумақтағы шаруашылық қызметті Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы қорытынды құжат күшіне енгеннен кейін Ресей Федерациясы тарапынан уәкілетті орган аумағында жүзеге асыра алады.
6-бап. Қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу
Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде уәкілетті ұйымдар қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізеді, оның нәтижелері туралы өз мемлекетінің уәкілетті мемлекеттік органдарына жыл сайын хабарлайды.
Мониторинг нәтижесінде анықталған шекара маңындағы аумақтағы қоршаған ортаның жағдайы күрт нашарлаған жағдайда, уәкілетті ұйымдар айқындалған жағдайлар мен олардың салдарын жою жөніндегі шұғыл шараларды қабылдайды және уәкілетті мемлекеттік органдарға анықталған факті, қабылданған шаралар мен олардың нәтижелері туралы хабарлайды.
7-бап. Жару жұмыстарын жүргізу тәртібі
Уәкілетті ұйымдар шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізу кестесін жарылыстар жүргізу орнын, күні мен уақытын көрсете отырып, 60 күндік кезеңге жасайды.
Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізудің жоспарланып отырған күніне дейін кемінде 40 күн бұрын мерзімде уәкілетті ұйымдар бір-біріне, Тараптар мемлекеттері әрқайсысының шекара органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жару жұмыстарын жүргізу кестесінде көрсетілген жарылыстар жүргізудің орны, күні мен уақыты туралы хабардар етуге міндетті.
Кестеде көрсетілген күні жарылыс жүргізудің техникалық немесе ұйымдастырушылық мүмкіндігі болмаған жағдайда, ол кестеде көрсетілген басқа күн мен уақытқа ауыстырылады.
Жарылыс жүргізудің болмайтыны және оның ауыстырылғаны туралы Тараптар мемлекеттері әрқайсысының шекара органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары хабардар етіледі.
Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті ұйым тиісті қауіпсіздік шараларын, оның ішінде жұмыс аймағының оқшалаулануын, өз мемлекетінің шекара маңындағы аумағында, сол сияқты шектесіп жатқан тарап мемлекетінің қауіпсіз арақашықтық аймағының шекараларына дейінгі жарылыс аймағында тұратын азаматтардың хабардар етілуін қамтамасыз етуге міндетті.
Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге арналған барлық шығындарды уәкілетті ұйым - жару жұмыстарын жүргізудің бастамашысы көтереді.
Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізетін уәкілетті ұйымдардың әрқайсысы Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасында көзделген рұқсат беруші құжаттаманы алуға көрсетілген жұмыстарды қажетті рұқсат беруші құжаттамасы бар мердігер ұйыммен жүргізуге шарт жасасуға міндетті.
8-бап. Оқшаулау аймағында шаруашылық қызметті жүзеге асыру
ерекшеліктері
Трансшекаралық кен орнының пайдалы қазбаларын өндіру оқшаулау аймағына дейін жүргізілуі мүмкін.
Оқшаулау аймағының шегінде пайдалы қазбаларды геологиялық зерделеу, барлау және өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
9-бап. Геологиялық ақпаратты ұсыну
Тараптардың бірінің уәкілетті ұйымы өзге Тараптың уәкілетті мемлекеттік органдарынан және уәкілетті ұйымнан пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнында жұмыстар жүргізу үшін қажетті геологиялық ақпаратты сұрата алады.
Уәкілетті мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдар геологиялық ақпаратты Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптарына сәйкес ұсынады.
Уәкілетті мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдар осы Келісімнің шеңберінде алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді. Мұндай ақпарат осы ақпаратты берген уәкілетті мемлекеттік органның немесе уәкілетті ұйымның жазбаша рұқсатынсыз үшінші тараптарға жария етілмейді және берілмейді.
Егер геологиялық ақпарат сұратылып отырған Тараптардың бірінің уәкілетті мемлекеттік органдары мен уәкілетті ұйымы оны беру өз мемлекетінің ұлттық мүдделер мен қоғамдық тәртібіне, үшінші елдердің мүдделеріне, кез келген өнеркәсіптік немесе коммерциялық мүдделерге зиян келтіруі, олардың мемлекеттерінің заңнамасын немесе өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды бұзуы мүмкін деп есептесе, онда олар оны беруден бас тарта алады.
10-бап. Шекара маңындағы аумақта мемлекеттік шекара режимін
сақтау
Шекара маңындағындағы аумақта Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы режимінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті ұйымдар халықаралық шарттар мен Тараптар мемлекеттері заңнамасының мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз етумен байланысты барлық талаптарын орындай отырып, шекара маңындағы аумақтар мен оқшаулау аймағында Тараптар мемлекеттерінің шекара органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.
11-бап. Тексерулер (инспекциялар) жүргізу
Тараптардың әрқайсысының уәкілетті ұйымдарының тексерулер (инспекциялар) жүргізуі Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес шектес тараптың уәкілетті мемлекеттік органы өкілінің байқаушы ретінде қатысу мүмкіндігімен жүзеге асырылады.
12-бап. Келіспеушіліктерді шешу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген даулар өзара консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
13-бап. Қорытынды ережелер
Осы Келісім өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісімге бөлек хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Осы Келісіммен реттелмеген бөлікте шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асырумен байланысты мәселелер Тараптар мемлекеттерінің заңнамасымен реттеледі.
Тараптар дипломатиялық арналар бойынша осы Келісімді іске асыруға жауапты уәкілетті мемлекеттік органдардың тізімдерімен алмасады.
14-бап. Осы Келісімнің күшіне енуі және оның қолданысын тоқтату
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді. Осы Келісімнің қолданысы бірінші Тараптың осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.
201_ жылғы ___________________ қаласында қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін