Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аргентина Республикасының Үкіметі арасындағы дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1463 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2013 жылғы 1 қазанда Буэнос-Айрес қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аргентина Республикасының Үкіметі арасындағы дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1463 қаулысымен     
бекітілген        

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2013 жылғы 1 қазандағы
№ 1041 қаулысымен  
мақұлданған    

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аргентина Республикасының
Үкіметі арасындағы дипломаттық, ресми және қызметтік
паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы
келісім

(2014 жылғы 25 ақпанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 2, 17-құжат)

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аргентина Республикасының Үкіметі
      екіжақты қатынастарды дамытуға жәрдемдесуге тілек білдіре отырып,
      орнатылған достық қатынастарды нығайтуға мүдделілікті назарға ала отырып және бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына сапарлар рәсімін жеңілдету ниетін басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Жарамды дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттары бар және екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелмеген Қазақстан Республикасының азаматтары Аргентина Республикасының аумағына кіру, транзитпен өту және одан кету үшін күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге визалық талаптардан босатылады.
      2. Жарамды дипломаттық және ресми паспорттары бар және екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелмеген Аргентина Республикасының азаматтары күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге Қазақстан Республикасының аумағына келу, транзитпен өту және одан кету үшін визалық талаптардан босатылады.

2-бап

      Бір Тарап мемлекетінде өзінің болу мерзімін ұзартуға ниет білдіруші осы Келісімнің 1-бабында айтылған жарамды дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері жоғарыда аталған мерзім аяқталған соң болу мемлекетінің қолданыстағы заңнамасына сәйкес сол мемлекеттің құзыретті органдарының тиісті рұқсатын алуға міндетті.

3-бап

      Дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеменің қызметкері болып табылатын жарамды дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттары бар кез келген Тарап мемлекетінің азаматтары, сондай-ақ олармен бірге тұратын жарамды дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттары бар отбасы мүшелері өз өкілеттіктері кезеңінің ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, онда бола алады және одан кете алады.
      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген адамдар болу елінің уәкілетті органы алдында өздері кірген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде аккредиттеудің қажетті шарттарына жауап беруге тиіс.

4-бап

      1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне залал тигізбей, осы Келісімнің 1 және 3-баптарында көрсетілген жарамды дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері кез келген Тарап азаматтары мемлекеттік шекарадағы халықаралық жолаушылар қатынасы үшін ашық барлық өткізу пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады немесе одан кете алады.

5-бап

      Осы Келісімде көзделген визалардан босату осы Келісімнің 1 және 3-баптарында айтылған жарамды дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін екінші Тарап мемлекетінің аумағында болуы кезінде оның ұлттық заңнамасын құрметтеу міндетінен босатпайды.
      Тараптар шетел азаматтарының келуіне, транзитпен өтуіне, болуына және кетуіне қатысты өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларындағы кез келген өзгерістер туралы бір-бірін хабардар етеді.

6-бап

      Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағында болуы қолайсыз деп танылған екінші Тарап мемлекеті азаматының келуінен бас тарту, болу мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын сақтайды.

7-бап

      Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы жарамды дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттардың үлгілерімен алмасады.
      Жаңа дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттарды енгізген немесе қолданыстағы паспорттар өзгерген жағдайда, Тараптар оларды қолданысқа енгізгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей олардың үлгілерін дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне жолдайды.

8-бап

      Тараптардың әрқайсысы мемлекеттік қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұру құқығын сақтайды.
      Қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған Тарап екінші Тарапты осындай шешім қабылдағанға дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
      Осы баптың бірінші абзацында көрсетілген себептер бойынша осы Келісім ережелерінің қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған Тарап, осы тәртіппен екінші Тарапты осы Келісім ережелерінің қолданысын қайта жаңғырту туралы хабардар етеді.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру осы Келісімнің 1 және 3-баптарында көрсетілген, қабылдаушы мемлекеттің аумағында жүрген азаматтардың құқықтарын қозғамайды.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасында консультациялар немесе келіссөздер арқылы достық жолмен шешіледі

11-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн өткенге дейін күшінде қалады.

      2013 жылғы 1 қазанда Буэнос-Айрес қаласында әрқайсысы қазақ, испан, орыс және ағылшын тілдерінде екі дана жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Аргентина Республикасының
Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады