Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1497 қаулысы

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдары Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1497 қаулысымен     
бекітілген        

Мазмұны

      1. Қазақстан Республикасын индустриялық дамытудың пайымы.
      2. Негізгі қағидаттар мен жалпы тәсілдер.
      3. Индустриялық дамыту саясатын іске асыру құралдары мен тетіктері.
      4. Тұжырымдаманы іске асыру үшін әзірленетін нормативтік құқықтық актілер тізбесі.

      1. Қазақстан Республикасын индустриялық дамытудың пайымы

      1. Қазақстан Республикасында индустриялық дамудың ағымдағы жағдайын талдау
      «Қазақстан-2030» Стратегиясын іске асыру кезеңінде экономиканың серпінді дамуы Қазақстан Республикасына халықтың орташа жан басына шаққандағы табысын екі есе көтеруге мүмкіндік берді. «Қазақстан-2030» Стратегиясының барлық мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізілді. Жаңа «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаты елдің 2050 жылға қарай әлемнің 30 дамыған мемлекетінің қатарына кіруі болып табылады. Оған қол жеткізу экономикалық дамудың жоғары қарқынын ұзақ уақыт бойы ұстап тұруды талап етеді.
      Қазіргі таңдағы әлеуметтік-экономикалық дамудағы және шетелдік инвестициялар тартудағы табыстарға Қазақстан Республикасы табиғи ресурстармен қамтамасыз ету, қолайлы макроэкономикалық орта және саяси тұрақтылық сияқты негізгі бәсекеге қабілеттілік факторларының арқасында қол жеткізді.
      Алайда, 2020 жылға дейінгі перспективада ЖІӨ-нің жан басына шаққанда 10 мыңнан 15 мыңға дейінгі АҚШ доллары аралығында әл-ауқаттың белгілі бір деңгейіне жеткеннен кейін Қазақстан Республикасының экономикасы бәсеңдеуі мүмкін. Қазақстан Республикасының экономикасы бәсекеге қабілеттігін жоғалтуы және «орташа кіріс тұзағында» қалып қоюы мүмкін. Елдердің экономикалық дамуының тәжірибесі көрсеткендей, орташа кіріс шегінен асуға көпшілінің қолы жете бермейді: жарты ғасыр бұрын табыстың орташа деңгейіне жеткен 100 елдің ішінен негізінен өңдеу өнеркәсібін жедел дамыту есебінен тек он шақты ел ғана кіріс деңгейі жоғары ел бола алды.
      Халықаралық валюта қорының 2013 жылғы қыркүйектегі елдік есебіне сәйкес1 экономикада «голландық ауру» белгілері, атап айтқанда сауда-саттықтың қолайсыз жағдайларының қалыптасуы, экономикадағы шығын деңгейінің өсуі және институционалдық проблемалар пайда болды. Ресурстардың әлемдік бағаларының өсуіне байланысты бұл белгілер тереңдей береді. 2000 жылдан бері Қазақстан Республикасында экономика мен мемлекеттік бюджеттің мұнай экспорты есебінен түсетін табыстарға тәуелділігі артуда. Мұнайдан түсетін табыстар мемлекеттің шоғырландырылған табысының шамамен 51 %-ын құрайды, ал бюджет тапшылығы бұл табыстарды қоспағанда, ЖІӨ-нің 9,3 %-ына жетеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының Трансферті барлық мемлекеттік шығыстың бестен бір бөлігін қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
      Қазақстан Республикасында экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтап тұру үшін экономикада дамудың жаңа сатысына өту үшін қажет құрылымдық өзгерістерді іске асыру қажет болады. Бұл өзгерістер өңдеу өнеркәсібінде, оның ішінде жұмыс күшінің аграрлық сектордан ағыны есебінен жаңа өнімді жұмыс орындарын белсенді құруды қамтиды.
      Шикізат ресурстарын басқару және шикізат секторынан түсетін табыстарды басқару саласында тиімді мемлекеттік саясаттың болмауы, Қазақстанның ішкі нарығындағы шикізаттың жоғары құны бұл ретте өңдеу өнеркәсібінің тиімді даму мүмкіндігін шектей отырып, сектор операторларына артық пайда табуға мүмкіндік туғызуы мүмкін.
      Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы экономикасының құрылымында өнеркәсіп оның үштен бір бөлігіне жуығын алады, тау-кен өндіру секторының жоғары үлесі еңбекпен қамтудың 2,5 %-дан астамын және экономикадағы ІҚҚ 18 %-ын қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні өндіру өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынатын инвестиция жалпы көлемнің 30 %-дан астамын, ал өңдеу өнеркәсібінде бар-жоғы 12 %-ды құрайды.
      Өндіруші салалар өнімінің көшбасшы экспорттаушысы (ең алдымен өндірілетін мұнайдың экспорты есебінен) болып табылатын Қазақстан орташа жан басына шаққанда экспорт көрсеткіші бойынша барлық ТМД елдерін басып озады. Алайда, Қазақстан Республикасында өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспорты салыстырмалы түрде төмен – Ресейге қарағанда шамамен екі есеге төмен.
      Өңдеуші өнеркәсіптің даму деңгейі айтарлықтай төмен болды. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – ҮИИДМБ) өнеркәсіптік сектордың одан әрі дамуына алғышарттар құруға мүмкіндік берді: даму институттарының жүйесі құрылды, бірқатар қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданды, жекелеген құралдар әзірленді.
      ҮИИДМБ іске асыру нәтижесінде трендтің өңдеуші өнеркәсібі деңгейінің арту жағына қарай жылжуы орын алды, бірақ ол әлі де болса салыстырмалы түрде төмен болып қалып отыр. Өңдеуші өнеркәсіп еңбекпен қамтудың 7 %-ын және еліміздің экономикасында ІҚҚ 12 %-ын құрайды. Өңдеуші өнеркәсіптегі еңбекпен қамту бойынша Қазақстан Республикасы Экономикалық ынтымақтастық және даму жөніндегі ұйымның (бұдан әрі – ЭЫДҰ) барлық мүше елдерінен артта қалды, ал өнімділік деңгейі 2 есе төмен.
      Қазақстан Республикасы жаңа технологиялардың маңыздылығын ескере отырып, экономиканы индустриялық-инновациялық дамыту қажеттілігі туралы мәлімдеген алғашқы елдердің бірі болды. ҮИИДМБ әзірлеу және іске қосу экономикалық дағдарыс қалыптастырған қауіп-қатерлерге еліміздің жауабы болды. Бұл бағдарлама одан әрі өнеркәсіпті дамытуға негіз салды және өзіндік өнеркәсіптік базаны дамыту бойынша мемлекеттік жүйелі тәсілдер үлгілерінің бірі болып саналады. ҮИИДМБ мақсаты әртараптандыру мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы экономиканы орнықты және теңдестірілген дамытуды қамтамасыз ету болып табылады. ҮИИДМБ әлемдік қаржы дағдарысы жағдайларында өнеркәсіпті қолдаудың дағдарысқа қарсы құралдарының бірі болды.
      2012 жылдың қорытындылары бойынша 2008 жылмен салыстырғанда Қазақстанда ҮИИДМБ негізгі индикаторлары бойынша өсімнің оң серпіні байқалады: жалпы ішкі өнім 22,5 %-ға; шикізаттық емес сектордың жалпы қосылған құны 23,4 %-ға; өңдеу өнеркәсібінде өндіру көлемі 20,5 %-ға; өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 70 %-ға; шикізаттық емес экспорт көлемі 6,4 %-ға; кәсіпорындардың инновациялық белсенділік деңгейі 3,6 %-дан 7,6 %-ға; инновациялық өнім көлемі 240 %-ға өсті.
      ҮИИДМБ негізгі оң нәтижелері:
      1) Қазақстан Республикасында заманауи өнеркәсіптік саясаттың негіздері қалыптасты. Негізгі нормативтік құқықтық актілер қабылданды, индустриялық дамуды қолдаудың түрлі құралдары мен саясаттың жаңа бағыттары сыналды. Атап айтқанда, ТШИ тарту және экспорт қолдау тетіктері іске қосылды, арнайы экономикалық аймақтарды трансформациялау процесі басталды;
      2) өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, шикізаттық емес экспортты ұлғайту және шикізаттық емес секторға ТШИ тарту есебінен экономиканы әртараптандыру басталды. 150-ден астам жаңа өнім түрлерінің өндірісі игерілді. Бұл жоғары технологиялық машина жасау, фармацевтика, химия өнеркәсібінің өнімдері;
      3) Индустрияландыру картасы шеңберінде іске асырылып жатқан жаңа ірі өндірістік жобалар қолдау тапты, бұл өндірістің қысқаруына жол бермеуге мүмкіндік берді. Бүгінгі күні 500-ден астам жаңа өндіріс енгізілді. Көрсетілген объектілер 2,5 трлн. теңге сомаға өнім өндірді, олардың өнеркәсіптегі үлесі 6,3 %-ды, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі – 9,5 %-ды құрады;
      4) өнеркәсіпте жұмыс істеушілер саны (4 жылда) 9,3 %-ға өсті және 1 млн. адамнан асты (1004,4 мың адам). Индустрияландыру картасы шеңберінде өңдеуші өнеркәсіпте 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, бұл жұмыссыздық деңгейінің өсуін болдырмады;
      5) 2012 жылдың қорытындылары бойынша 2008 жылмен салыстырғанда өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 37 мың АҚШ долларынан 61,8 мың АҚШ долларына дейін ұлғайып, 1,7 есеге (жоспар бойынша 2015 жылға қарай 1,5 есе) өсті;
      6) 2010 жылдан бастап 90 млрд. АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды, бұл 2005 жылдан бері ТШИ ағынының жалпы көлемінің 50 %-дан астамын құрайды;
      7) индустрияны дамыту институттарының жүйесі құрылды, бұл қолдаудың тиімді шараларын іске асыруға мүмкіндік берді;
      8) кең салалық фокус әлеуетті бәсекеге қабілетті секторларды анықтауға мүмкіндік берді.
      Сонымен қатар, ҮИИДМБ іске асыру барысында Қазақстан Республикасын индустриялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған саясатын (бұдан әрі – Саясат) қалыптастырған кезде ескеру қажет бірқатар жүйелі мәселелер анықталды, олардың ішінде мыналар:
      1) мемлекеттік қолдау үшін салалардың кең спектрі даму үшін шамалы әлеуеті бар өнеркәсіп салаларын қолдауға арналған шектелген қолжетімді ресурстарды тиімді жұмылдыруға мүмкіндік берген жоқ;
      2) ҮИИДМБ мәлімделген (тікелей) мақсаттарға қол жеткізуге тікелей ықпал ететін іс-шаралар мен индустриялық саясатты тікелей іске асыруға байланысты емес (жанама) іс-шаралар арасында бюджеттік қаржыландырудың жеткіліксіз тоғыстырылып бөлінуі. ҮИИДМБ іске асыруға бөлінген бюджет ресурстарының жартысынан азы ғана тікелей іс-шараларды іске асыруға және 60 %-дан астамы жанама іс-шараларға жұмсалды;
      3) ҮИИДМБ іске асыру және мониторингі жүйесіндегі кемшіліктер. ҮИИДМБ шеңберінде экономиканың 14 саласын қолдау үшін 25 әртүрлі бағдарлама қабылданды. Салалық бағдарламалардың бірқатар іс-шаралары ҮИИДМБ мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған жоқ;
      4) мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың және даму институттарының арасындағы жедел өзара іс-қимылдың жеткіліксіз болуы, бұл шешімдерді қабылдау мерзімдерінің ұлғаюына және мемлекеттік қолдау тиімділігінің азаюына алып келді;
      5) ҮИИДМБ қаржыландыру қаржы жүйесінің жеткілікті тиімді жұмыс істемеуіне байланысты бірқатар себептерге орай толық жүзеге асырылған жоқ. Кәсіпорындардың қарыздық қаржыландыруға қол жеткізуін шектеуді қамтамасыз ететін ЕДБ жүйесінің жағдайы проблемалардың бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының капитал нарықтары төмен өтімділігімен сипатталады және жеткілікті шамада инвестициялық капиталдағы қажеттілікті жабуға мүмкіндік бермейді.
      Саясат ҮИИДМБ-нің қысынды жалғасы болады және оны іске асыру тәжірибесін ескеруі тиіс.
      Экономиканың өндіруші сектордан тәуелділігін азайтуға септігін тигізетін экономика салаларына баса назар аударылатын болады.
      Саясатты іске асыруға бағытталған тікелей және жанама іс-шараларды бюджеттік қаржыландырудың арақатынасы алдыңғы тәжірибені ескере отырып қайта қаралатын болады.
      Мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, даму институттары мен индустриялық саясаттың басқа да субъектілері арасындағы индустриялық саясатты іске асыру мәселелері бойынша үйлестіру мен өзара іс-қимылды жақсарту үшін белгіленген тәртіппен Индустрияны дамыту саласындағы ұлттық институт базасында индустриялық саясат бойынша құзыреттер орталығын қалыптастыру жалғасатын болады.
      _____________________________
      1 ХВҚ 2013 жылғы қыркүйектегі № 13/291 елдік есебі

      2. Индустриялық дамудың жаһандық трендтері.
      Индустриялық даму жөніндегі бағдарламалық құжаттарды әзірлеу кезінде жаһандық үрдістерді назарға алу және олардың әсер етуін бағалау қажет.
      1. Ресурстардың маңыздылығын арттыру.
      Қысқарып бара жатқан ресурстар мен оларға баға өзгерістері екі түрлі бағытталған тренд қалыптастырады. Біріншісі – бұл орта мерзімді перспективада ресурстар құнының өсуімен және қолжетімділіктің қысқаруымен сипатталатын «ресурстық ұлтшылдық», екіншісі – ресурс үнемдеуші және ресурстық тиімді технологияларды дамыту.
      2. Өндірістік тізбектерді жаһандандыру және трансформациялау.
      Әлемдік сауда-саттықтың негізгі қатысушылары болып табылатын ТНК неғұрлым тиімді өндірістік алаңдар мен әріптестерді, оның ішінде жергілікті әріптестер мен алаңдарды тұрақты іздестіру үстінде болады. Қосылған құн тізбектері тұрақты трансформацияда болады. География мен оларды жаһандандыру деңгейі өзгереді.
      3. Дамушы елдер нарықтарының рөлін күшейту.
      Дамушы елдерде орташа тапты қалыптастыру дамушы нарықтарға сұранысты арттыруға алып келеді.
      4. Халықаралық шектеулер және мемлекеттің араласуына мүмкіндіктер кеңістігін тарылту.
      Соңғы онжылдықта өздеріне баждар мен кедергілерді төмендетуден, халықаралық ұйымдарға қатысудан пайда алу үшін экономикада мемлекеттің араласуын шектеу бойынша міндеттемелерді өз еркімен алған халықаралық ұйымдарға қатысушы елдер саны тұрақты ұлғайып келеді. Өңірлік экономикалық одақтарға қатысу еліміздің индустриялық саясатына қосымша шектеу қоюы мүмкін. Алайда жекелеген жағдайларда елдер ішкі салаларды қолдау үшін қабылданған міндеттемелерді әдейі бұзады.
      5. Өндірісті орналастыру мен дамыту үшін елдер бәсекелестігі.
      Дамушы елдерде өндірістік алаңдардың маңыздылығы соңғы онжылдықта тұрақты ұлғаюда және олардың арасындағы бәсекелестік күшеюде. Өндіріс кідірісі төмен және ресурстық базасы дамыған елдерге ауысуда.
      6. Үлес пен көрсетілетін қызметтер маңызының артуы.
      Өнімнің технологиялық күрделілігінің өсуі мен заманауи өндіріс секторларында модульдік конструкцияларға көшуге байланысты көрсетілетін қызметтер басым рөлге ие болуда. Экономикалық белсенділік адами капитал тұрғысынан өндірістен кең қызметтер саласына ауысуда. Зерттеу мен әзірлеу, инжиниринг пен дизайн сияқты қызметтер өндірістің бәсекеге қабілетті секторы тарапынан сұраныс болған кезде ғана табысты дамиды.
      7. Кәсіпкерлік рөлінің өсуі.
      Бүкіл әлемдегі индустриялық даму кәсіпкерлік әлеуетке сүйенеді. Көптеген секторларда интеграцияланған компаниялар өнім берушілердің көп деңгейлі жүйелеріне орын береді, шағын және орта бизнестің рөлі артып келеді. Шағын және орта бизнес дамыған елдерде өз аумағында жаһандық салалық тізбектердің жаңа сегменттерін дамытуда барынша көп мүмкіндіктер бар.
      8. Жаңа өндірістік технологияларды дамыту (Үшінші индустриялық революция).
      Жаңа технологиялар өндірісті әлемдік ұйымдастыруды өзгертеді және компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Кәсіпорындардың процестері мен жеткізу жүйесін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы басқару, робот техникасын, зияткерлік модельдеуді және аддитивтік технологияларды пайдалана отырып, жаңа материалдар мен жаңа өндіріс тәсілдерін қолдану бәсекелестік артықшылықтарды алуға мүмкіндік береді және дамушы елдерде өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларын қалыптастыруға мүмкіндіктер ашады. Бұл өндіріс ауқымын кемітуге, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, тұтынушылар сұранысына жедел ден қоюға және еңбек өнімділігін арттыруға алып келеді, бұл дамушы елдердің еңбек құнындағы артықшылықтарына ықпал етеді; дамыған елдер өндірісіндегі жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді.

      3. Индустриялық даму саласындағы күшті, әлсіз жақтарды, мүмкіндіктері мен дамуға төнетін қауіп-қатерлерді талдау.
      2020 жылға дейінгі индустриялық саясатты қалыптастырған кезде ел индустриясының күшті және әлсіз жақтарын, сондай-ақ оны дамыту мүмкіндіктері мен оған төнетін қауіп-қатерлерді ескеру қажет.
      1. Индустриялық даму үшін күшті жақтар:
      1) табиғи ресурстармен жоғары қамтамасыз ету;
      2) макроэкономикалық және саяси тұрақтылық;
      3) даму институттары, мемлекеттік холдингтер және ұлттық компаниялар жүйесімен нығайтылған қолданыстағы индустриялық саясаттың болуы;
      4) қолайлы іскерлік климат.
      Қазақстан Республикасы әлемде табиғи пайдалы қазбалардың қоры бойынша 6-орынды алады, көмірсутектердің барланған қорларының деңгейі бойынша әлемде 10-орында және уранды ірі экспорттаушы болып табылады. Минералдық пайдалы қазбалардың бай қорлары елде өндіруші өнеркәсіпті белсенді дамыту үшін база құрады. Жер қойнауында химиялық элементтер кестесінің 117 компонентінің 99-ы анықталды, олардың ішінде 70 элемент барланды, оның ішінде 60-ы өндірілуде. Қазақстанның солтүстік бөлігінде жел энергетикасын дамыту үшін тартымды жел картасы бар. Қазақстанның оңтүстік бөлігінде күн белсенділігінің жеткілікті тығыздығы бар.
      Қазақстан Республикасында жеткілікті алтын-валюта резервтері, Ұлттық қорда қаржының елеулі көлемі және макроэкономикалық және саяси тұрақтылықты қолдау үшін тұрақты саяси жүйе бар.
      Даму институттары жүйесі мен мемлекеттік қолдау шаралары қалыптасты, заңды түрде бекітілді және қолданыста. Ұлттық холдингтер белсенді мемлекеттік индустриялық саясат жүргізу үшін негіз салуда.
      Мемлекеттік функциялар мен рәсімдерді реформалау барысында Қазақстан Республикасы іскерлік климат сапасын көтеруде табыстарға қол жеткізді. ДЭФ елдерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі рейтингінде (2013 жылы 50-орын) және бизнес жүргізуге жағдай сапасы бойынша Дүниежүзілік банк рейтингінде (2013 жылы 53-орын) позиция Кедендік одақ бойынша әріптестер мен макроөңір елдерінің көбінен басым тұр.
      2. Әлсіз жақтары мен индустриялық дамуға кедергілер:
      1) өңдеуші өнеркәсіптегі инвестициялық белсенділіктің жеткіліксіздігі;
      2) біліктіліктің талап етілетін деңгейіндегі адами ресурстардың шектелген қолжетімділігі;
      3) әлемдік нарыққа кіруге кедергілері ретінде инфрақұрылымдық шектеулер;
      4) инфрақұрылымдағы тар орындардың болуы (көлік-логистикалық, энергетикалық, сумен жабдықтау);
      5) мемлекеттік компаниялар басым болған кезде шағын және орта бизнес үлесінің жеткіліксіздігі;
      6) ұлттық инновациялық жүйенің төмен бәсекеге қабілеттілігі;
      7) өнеркәсіптегі төмен ресурстың тиімділігі;
      8) жетілдірілмеген техникалық реттеу.
      Өңдеуші өнеркәсіп секторларындағы жекеменшік компаниялардың инвестициялық белсенділігі төмен болып отыр және Қытайдағы, Ресей мен Бразилиядағы инвестиция деңгейінен елеулі артта қалуда. Қаржы нарығының әлсіз дамуы қаржылық ресурстарды жеткілікті дәрежеде және көлемде тартуға мүмкіндік бермейді.
      Отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар ел аумағында өндірісті дамыту үшін түйінді кедергі ретінде біліктілігі жеткілікті адами ресурстар тапшылығын атап өтеді. ДЭФ, Дүниежүзілік банк, ЭЫДҰ және басқа да халықаралық ұйымдар зерттеулерінің нәтижелері осы проблеманың маңыздылығын растайды.
      Еліміз негізгі халықаралық теңіз сауда жолдарынан тыс орналасқан. Шектелген ішкі нарыққа байланысты сыртқы нарықтарға қолжетімділік пен экспортты ұлғайту Қазақстан Республикасында индустриялық даму үшін аса маңызды. Экспортты дамыту шетелдік порт және жол инфрақұрылымына қолжетімділікке байланысты.
      Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік кәсіпорындары энергия өндіруші ұйымдар орналасуының географиялық ерекшелігіне байланысты туындаған жеткілікті дамымаған энергетикалық жүйеге, электр энергетикасы саласы инфрақұрылымының жалпы тозуына және саланың шаруашылық етуші субъектілері арасындағы өзара қарым-қатынастардың тиімсіз жүйесіне байланысты басқа елдердегі бәсекелестерінен қалып отыр. Энергетикада басты активтердің тозу деңгейі 60 %-ды құрайды, ал таратушы электр желілеріндегі шығыстар 13 %-ға жетті, бұл дамыған елдерге тән деңгейден екі есе жоғары.
      Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес үлесі бар болғаны 16 %-ды құрайды, бұл дамыған елдерге қарағанда екі есе төмен. Орта бизнес өнеркәсіптік саланың тек 8 %-ын құрайды. Мемлекеттік өнеркәсіптік компаниялардың басымдығы өнеркәсіптік өндірістегі ШОБ мүмкіндігін төмендетеді.
      Қазақстан Республикасының өнеркәсібі инновациялық және жоғары технологиялық өндірісті дамытуда басқа елдерден артта қалып отыр. Еуразия бәсекеге қабілеттілік институтының есебіне сәйкес Қазақстан Республикасының инновациялық жүйесі дамыған және дамушы елдер арасында бәсекеге қабілеттілік деңгейі бойынша 45 орында тұр (рейтингке қатысатын 50 елдің ішінде).
      Энергия тиімділігі деңгейі бойынша Қазақстан Республикасының экономикасы әлемде соңғы орындардың бірін алады, ал еліміздің өңдеуші өнеркәсібінде дәстүрлі энергия және ресурс сыйымдылығы жоғары сала: металлургия мен химия өнеркәсібі алда тұр. Ресурстардың маңыздылығы мен шикізат секторының үлесін арттырудың жаһандық трендін ескере отырып, Қазақстан экономикасында өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурс тиімділігін дамытуға бағытталған шаралар, «жасыл экономикаға» көшу және ресурстық салалардан экономикалық пайданы арттыру қажет.
      3. Индустриялық даму үшін мүмкіндіктер:
      1) ресурстық секторларда алу тереңдігі мен кешенділігін арттыру;
      2) ресурстық секторлардағы компаниялардың жабдыққа, қосалқы бөлшектер мен жартылай фабрикаттарға, материалдар мен мамандандырылған қызметтерге сұранысы;
      3) КО нарығына кіру және Қытайда, Орталық Азия елдерінде және Каспий маңы мемлекеттерінде жаңа нарықтық мүмкіндіктер;
      4) өнеркәсіптегі заманауи өндірістік және басқару технологияларының есебінен еңбек өнімділігін арттыру;
      5) мемлекеттік сатып алу тиімділігін арттыру есебінен ішкі сұранысты қалыптастыру және жер қойнауын пайдаланушылар және квазимемлекеттік сектордың сатып алуында жергілікті қамтуды ұлғайту.
      Өнеркәсіптік өндіріс көлемін дамыту үшін елеулі әлеует өндірілген минералдық шикізаттың әрбір бірлігінде және өндірілген жер қойнауындағы барлық минералдар мен компоненттерді өндіру мен алу кешенділігін ұлғайтуда жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында өндіру тиімділігі 70 %-дан аспайды, өңделген жыныста кен мен минералдың пайдаланылмаған елеулі көлемі қалады. Ресурстық секторларды қарқынды дамыту мамандандырылған өнеркәсіптік техника мен жабдыққа, оларға қызмет көрсету мен кәсіби қызмет көрсетуге сұраныстың көлемді нарығын құрады.
      Кеден одағының тұтынушылық және өнеркәсіптік тауарлардың бажсыз экспорты үшін қолжетімді біріктірілген нарығының әлеуеті 2 трлн. астам АҚШ долларын құрайды және АҚШ, Еуроодақ, Қытай, Үндістан, Бразилия және Жапония нарықтарымен қатар әлемдік ірі нарықтардың ондығына кіреді. Алдағы 5-10 жылда өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін макроөңірде жаңа нарықтық мүмкіндіктер ашылады. ХВҚ бағалауы бойынша Қытайда, Үндістанда, Иранда белсенді экономикалық даму күтіледі, бұл олардың нарықтарын кеңейту мен қазақстандық өнеркәсіп өнімін өткізу үшін әлеуетті арттыруға алып келеді.
      Индустриялық даму, шағын және орта өнеркәсіптік компанияларды дамытуды ынталандыру құралы ретінде мемлекеттік сатып алуды пайдалану резервтері бар. Сатып алу саласында әкімшілік кедергілерді азайту, өнімділікті арттыру мен инновацияны дамыту үшін сатып алу тиімділігі мен ашықтығын арттыру қажет. Мемлекеттік сатып алу шағын және орта бизнесті ынталандыруы тиіс.
      Осының барлығы жұмыс істеп тұрған компанияларды кеңейту, жаңа компаниялар құру және шетелдік өндірушілерді тарту үшін елеулі басымдық құрады.
      4. Индустриялық даму саласындағы қауіп-қатерлер:
      1) жалғасқан қаржы дағдарысының Қазақстан Республикасының экономикасы мен индустриясына әсер етуі;
      2) әлемдік шикізат нарығындағы конъюнктура;
      3) Кеден одағы елдері нарықтарының субъектілерімен салыстырғанда кейбір отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілік деңгейінің төмен болуы;
      4) экономиканы құрылымдық тежеу қауіп-қатерлері;
      5) сыртқы, сондай-ақ ішкі нарықтардағы жосықсыз бәсекелестік.
      Әлемдік қаржы дағдарысының жаңа толқынының жоғары ықтималдығы бар, оның пайда болуы әлемдік экономиканың даму қарқынын төмендетуі және дамушы экономикалар үшін инвестицияларға қолжетімділікті нашарлатуы мүмкін.
      Әлемдік экономика даму қарқынының бәсеңдеуімен немесе өңірлік экономикалық дамудың біркелкі еместігіне байланысты баға тұрақсыздығы мен шикізатқа сұраныс конъюнктурасының жоғары ықтималдығы сақталады. Әлемдік экономиканы жалғасқан өңірлендіру сауда-саттық кедергілердің өсуіне алып келеді.
      КО шеңберінде қазақстандық компаниялар ішкі нарықта шетелдік өндірушілер тарапынан бәсекелестіктің күшеюіне ұшырады. Ресейден, Беларусиядан, Қытайдан импорт кейбір сегменттерде отандық тауарлардың жылыстауына алып келді.
      Күшті және әлсіз жақтарды, мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлерді талдау Қазақстан Республикасының өндіруші және өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін мынадай негізгі нұсқаларды айқындауға мүмкіндік береді.
      Өңдеу өнеркәсібін дамыту Қазақстанның өндіруші өнеркәсібінің оларға қызмет көрсету мен кәсіби қызмет көрсетуге сұранысын, сондай-ақ макроөңір нарығының тұтынушылық секторларының сұранысын қанағаттандыру мүмкіндіктерімен байланысты болады. Бұл үшін Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін инвестициялар үшін тартымды объектіге айналдырудың кешенді міндетін шешу қажет.

      4. Қазақстан Республикасын индустриялық дамыту сценарийі.
      Қазақстанда табысты индустриялық даму белгісіздіктің түрлі дәрежесінде көптеген факторларға байланысты. Алға қойылған міндеттерді өзгеріп отыратын үрдістерге байланысты уақтылы түзетуге мүмкіндік беретін түрлі сценарийлерді қарастырған жоқ. Қазақстан Республикасын индустриялық дамыту елеулі дәрежеде екі стратегиялық талапқа: ресурстардың әлемдік нарығының конъюнктурасы мен макроөңірдегі интеграция дәрежесіне байланысты болады.
      Жаһандық экономика ахуалына байланысты қалыптасатын ресурстардың әлемдік нарығының конъюнктурасы Қазақстанның шикізаттық секторының жүйе құраушы кәсіпорындарының қызметіне күшті әсер етеді. Бұл мемлекеттік бюджеттің табыс бөлігіне, ішкі сұранысқа және азаматтардың әл-ауқатына әсер етеді.
      Макроөңірдегі интеграциялық процесстер отандық өнеркәсіптік өнімді өткізу арналарын айқындайды, сондай-ақ технологиялар трансферті мен инновациялық даму саласында шетелдік инвесторлармен кооперацияны дамытуға әсер етеді. Макроөңір интеграциясының дәрежесі көптеген жағдайда экономиканы әртараптандыру мүмкіндіктері мен перспективаларын айқындайды.
      Елді индустриялық дамыту мынадай 4 сценарийде берілуі мүмкін:
      1) «Құнарлы топырақ» – бұл неғұрлым позитивті сценарий, жаһандық ресурстар нарығына қолайлы конъюнктура болған кезде және макроөңір елдері тығыз интеграцияланған жағдайда мүмкін болады. Осы сценарийді іске асыру кезінде мемлекеттік қолдау өндіруші салаға және экономиканың шикізаттық емес секторына бағытталуы тиіс. Бұл өнеркәсіптік өндірісті елеулі дамыту мен экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді;
      2) «Шикізат өсімі» – бұл ресурстар нарығының ең жақсы конъюнктурасы кезіндегі, бірақ макроөңір елдерінің әлсіз интеграция жағдайындағы сценарийі. Бұл жағдайда өнеркәсіптік өндірісті тұрақты дамыту шикізаттық сектор есебінен қамтамасыз етілетін болады. Бұл ретте өңдеу салаларында салыстырмалы түрде дамудың төменгі қарқынын күтуге болады. Сондықтан мемлекет табиғи ресурстарды өндірумен және өңдеумен байланысты секторлар мен кластерлерді дамытуға баса назар аударуы тиіс;
      3) «Технологиялар есебінен даму» макроөңір елдері белсенді интеграцияланған кезде, бірақ ресурстар нарығының қолайсыз конъюнктурасы жағдайында іске асырылады. Дегенмен, өндіріс шикізаттық емес сектор есебінен дамитын болады, бұл адами капиталды сапалы дамытуды көздейді. Бұл ретте өнеркәсіптік даму қарқындары алдыңғы екі сценарийге қарағанда төмен болады;
      4) «Экономикадағы құлдырау» – бұл шикізат нарығының конъюнктурасы төмендеген кезде және макроөңір елдерінің интеграциясы болмағанда әлеуетті ықтимал қолайсыз сценарий. Соның салдарынан жаңа технологияларға қол жеткізудің болмауын ескергенде экономикалық оқшаулану елдегі инвестициялық белсенділікті төмендетуге алып келеді. Мұндай жағдайларда өнеркәсіптік өндірісте құлдырауды болдырмау үшін мемлекет дағдарысқа қарсы шараларды қолдану арқылы ресурстарды бөлудің тиімді саясатын жүргізе отырып, түйінді рөл атқарады.
      Осылайша, аталған балама сценарийлер бізге болашақта даму жолдарының жалпы сипаттамасын береді, бұл перспективада олардың өзектілігіне байланысты басымдылықтарды ауыстыруды мүмкін етеді. «Құнарлы топырақ» және «Шикізат өсімі» неғұрлым ықтимал даму сценарийлері болып табылады. Осы Индустриялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) «Құнарлы топырақ» сценарийін ескере отырып әзірленді.

      5. Индустриялық дамудың халықаралық тәжірибесін шолу.
      Әлемнің көптеген елдерінің жаңа ұрпақтарының индустриясын дамыту 2007 – 2008 жылдардағы экономикалық дағдарыстың түйінді қауіп-қатерлеріне жауап болады: өнімділігі жоғары жұмыс орындарын ашу қажеттілігі, жаңа технологияларды дамыту және елдер арасында бәсекелестікті күшейту. Индустрияны жедел дамытуға бағытталған бағдарламалық құжаттардан мынадай мысалдар келтіруге болады:
      1) АҚШ өңдеуші өнеркәсібін дамытудың ұлттық стратегиясы (2012) және «Америкалық өңдеуші өнеркәсіптің дамуы туралы» заң жобасы (2013);
      2) Еуропалық Одақтың өнеркәсіптік саясат стратегиясы (2012);
      3) Жаңа өнеркәсіптің пайымы (2010) және Жапонияның өнеркәсібін қайта өркендету стратегиясы (2013);
      4) Түркияның өнеркәсібін дамытудың 2011 – 2014 жылдарға арналған стратегиясы (2010);
      5) Үлкен Бразилия Жоспары (2011);
      6) Қытай Халық Республикасының 2011 – 2015 жылдарға арналған 12-ші бес жылдық жоспары;
      7) Үндістанның өнеркәсібін дамытудың ұлттық бес жылдық жоспары (2012);
      8) Малайзияның 2020 жылға дейінгі экономикалық трансформация бағдарламасы (2010);
      9) Оңтүстік Африка Республикасының (2012/13-2014/15) өнеркәсіпті дамыту жөніндегі іс-қимылдар жоспары.
      Жаһандану үрдістерін ескере отырып, салалық ерекшелік қалыптастыру мен кластерлердің жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін құру маңыздылығы дамыған және дамушы елдерді салалық басымдықтарды таңдауға одан сайын итермелейді. Бұл жағдайда қолдаудың жалпы жүйелік шаралары бәсекелестікті ынталандыру, қаржылық ресурстарға қол жетімділікті арттыру, технологиялық даму мен инновациялық белсенділікті қолдау сияқты салаларда өнеркәсіпті жалпы қолдауға бағытталған. Индустриялық даму шеңберінде Қазақстан Республикасында басым секторларды дамыту мен барлық өнеркәсіп үшін қызмет жағдайларын жақсарту арасындағы теңгерімділікті қамтамасыз ету қажет.
      Халықаралық практикада бағдарламаларды іске асыру үшін ведомствоаралық үйлестіру үшін мамандандырылған комиссиялар мен кеңестерді, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру үшін өнеркәсіптік даму агенттіктерін қамтитын даму институттарының кешенді жүйесі құрылады. Мұндай агенттіктердің функциялары мен бюджеттік ресурстары ерекшеленгенімен, олардың маңызды міндеті өнеркәсіпті қолдау және өнеркәсіпке қатысты реформалар ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды үйлестіру болып табылады. Мамандандырылған агенттік күштер мен ресурстарды міндеттердің шектелген шеңберін шешуге шоғырландыруға мүмкіндік береді, бұл индустриялық саясатпен байланысты көптеген проблемалар іске асыру кезеңінде сәйкестендірілетін Қазақстан Республикасы үшін өзекті болып отыр.
      Агенттіктер мен басқа да даму институттарының қызметін тиімді үйлестіру, мониторинг жүргізу және бақылау үшін түйінді көрсеткіштер бойынша басқару жүйелері, сондай-ақ қызмет нәтижелері туралы шарттар қолданылады. Мемлекеттік сектордағы тиімділікті арттыру үшін осы заманауи көзқарастар АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Корея Республикасы, Үндістан және Қытай сияқты дамыған және дамушы елдерде кеңінен таралуда.

      6. Қазақстан Республикасын 2020 жылға дейін индустриялық дамыту мақсаты мен міндеттері.
      Қазақстан Республикасын индустриялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауына сәйкес әзірленді.
      Қазақстан Республикасын 2020 жылға дейін индустриялық дамыту мақсаты өнеркәсіпті әртараптандыру мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ынталар мен жағдай жасау болып табылады.
      Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бес түйінді міндетті орындау қажет:
      1) макроөңірдегі ресурстық секторлардың сұранысы және экспорт үшін жаңа мүмкіндіктер есебінен өңдеуші өнеркәсіпті үдемелі дамыту;
      2) индустриялық дамыту үшін іскерлік климаттың сапасын арттыру, оның ішінде адал бәсекелестікті дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру;
      3) инновациялық кластерлер қалыптастыру мен инновациялық инфрақұрылымды дамыту арқылы болашақ секторларын дамытуға негіздер құру;
      4) өндеуші өнеркәсіптегі кәсіпкерлікті ынталандыру мен шағын және орта бизнесті дамыту;
      5) өнімді жұмыс орындарын құру.

      7. Қазақстан Республикасын 2020 жылға дейін индустриялық дамытудан күтілетін нәтижелер.
      Саясатты іске асыру 2019 жылы мынадай экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
      1) өңдеуші өнеркәсіптегі жалпы қосылған құнның нақты түрде кем дегенде 1,6 есе өсуі;
      2) өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігінің нақты түрде 1,4 есеге өсуі;
      3) шикізаттық емес (өңделген) экспорттың құндық көлемінің кем дегенде 1,7 есеге өсуі;
      4) өңдеуші өнеркәсіпке жұмсалатын энергияның кем дегенде 15 %-ға азаюы;
      5) өңдеуші өнеркәсіпте жұмыспен қамтылғандар санының 53 мың адамға өсуі.
      Бұл көрсеткіштер бұдан әрі Бағдарламада және басқа да мемлекеттік құжаттарда түзетілуі мүмкін.

      8. Іске асыру кезеңі.
      Көрсетілген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасын индустриялық дамытудың 2015 - 2019 жылдар аралығына мынадай кезеңдері жоспарланды:
      1) дайындық кезеңі (2014 жыл);
      2) бастапқы кезең (2015 жыл);
      3) іске асыру кезеңі (2015 – 2019 жылдар).
      4) дайындық кезеңінде Қазақстан Республикасын индустриялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірленеді және оны табысты іске қосуды қамтамасыз ету үшін жағдай жасалады.
      Бизнес пен жұртшылықты Саясат бастамаларын іске асыруға белсенді тарту үшін ҰКП-мен, салалық қауымдастықтармен, даму институттарымен, ұлттық компаниялармен және холдингтермен және әкімдіктермен оны талқылау ұйымдастырылады.
      Саясатты іске асыруға тартылатын даму институттарының жүйесі жаңартылады. Жұмыс істеп тұрған даму институттары қызметінің басымдықтары нақтыланады. Индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институты базасында индустрияны дамытуға және индустриялық саясатты іске асыруға мамандандырылған құзыреттер орталығын қалыптастыруды белгіленген тәртіппен жалғастыру қажет.
      Дайындық кезеңінде Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қажетті актілері әзірленетін болады. Саясатта көзделген өнеркәсіпті қолдаудың құралдарын толық қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін 2015 - 2017 жылдарға арналған тиісті бюджеттік өтінімдер дайындалып, заңнамада белгіленген тәртіппен бюджеттік жоспарлау жөніндегі мемлекеттік органға енгізілетін болады.
      Дайындық кезеңінің шеңберінде Саясатты іске асыруға тартылған министрліктер мен даму институттарының азаматтық мемлекеттік қызметшілерінің құзыреттерін дамыту мақсатында мамандандырылған бағдарламалар ұйымдастырылады. Индустрияландыру картасын қалыптастыру бойынша жаңа тәсілдер қабылданады, атап айтқанда Индустрияландыру картасына енгізу үшін іріктеу жүргізілетін қағидаттар мен тетіктер түзетілетін болады.
      Саясатты, сондай-ақ оны іске асыруға тартылған министрліктер мен даму институттарының іс-шаралар жоспарларын іске асыру барысы туралы жедел (жыл сайынғы) деректерге қол жетімділік пен сапасын арттыру үшін оны іске асыру мониторингі мен бағалау жүйесі жетілдіріледі.
      Бастапты кезеңде Саясатты іске асыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар, оның ішінде экономиканың негізгі ресурстық секторларынан 3-5 кластерді, экономиканың нарыққа бағдарланған секторларынан 3-5 кластерді, «жаңа экономика» секторларынан екі инновациялық кластерді дамыту жөніндегі іс-шараларды іске қосу жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жүзеге асырылатын болады. Экономиканың басым салалары мен секторларында индустриялық дамытуды қолдау үшін индустриялық дамытуды қолдаудың пилоттық құралдары іске асырылады.
      Саясатты іске асыру кезеңінде басым салалар мен секторларда индустриялық дамытуды қолдау құралдарының толық жинағы іске тартылады. Негізгі ресурстық секторлардан, нарыққа бағдарланған секторлардан басым кластерлер мен инновациялық кластерлерді дамыту жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылады. Даму институттарының жүйесін жаңарту аяқталады. Сондай-ақ, қажет болған кезде, Саясат өзектендірілетін болады, ал осы кезеңнің соңғы сатысында Қазақстан Республикасын индустриялық дамытудың үшінші бесжылдық бағдарламасы әзірленеді. Бұдан басқа, өнеркәсіптің базалық және нарыққа бағдарланған секторларынан кластерлер, сондай-ақ «жаңа экономика» секторларынан инновациялық кластерлер үшін ТМД және Орталық Азия елдерін қамтитын макроөңірде халықаралық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет.
      Саясаттың өзгерген сыртқы жағдайларға сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында оны қайта қарау жүзеге асырылады. Оның ішінде Саясатты іске асыруға тартылған министрліктердің стратегиялық жоспарлары, бес жылдық және үш жылдық іс-шаралар жоспарлары (бюджеттік циклді ескере отырып), сондай-ақ даму институттарының даму стратегиялары, бес жылдық және үш жылдық іс-шаралар жоспарлары (бюджеттік циклді ескере отырып) қайта қаралады.
      Іске асыру кезеңінің соңғы сатысында Саясаттың іске асырылу қорытындыларын кешенді бағалау жүргізіледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасын индустриялық дамытудың 2020 – 2024 жылдар кезеңіне арналған үшінші бес жылдық бағдарламасын әзірлеу ұйымдастырылады.

      2. Негізгі қағидаттар мен жалпы тәсілдер.

      1. Индустриялық дамытудың негізгі қағидаттары.
      Саясат мынадай қағидаттар жүйесіне негізделетін болады:
      1) салалық және кластерлік басымдықтар, тікелей және жалпы жүйелік мемлекеттік қолдау шаралары теңгерімі.
      Мемлекеттік қолдау басым секторлар мен кластерлерді дамыту, барлық өнеркәсіп үшін қызмет жағдайын жақсарту арасында теңдестірілетін болады. Басым секторлар индустриялық және инновациялық өсу, өнеркәсіпті әртараптандыру және жаңа өнімді жұмыс орындарын құру негізі болуы тиіс.
      Мемлекеттік қаржы ресурстарының едәуір бөлігін басым секторлардың шектеулі санын дамытуға шоғырландыру Саясаттың айқын сипаты болады. Жаңа индустриялық саясатқа салынған жалпы жүйелік шаралар индустриялық дамыту үшін іскерлік климат сапасын арттыруға, инвестициялық белсенділікті арттыруға, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізуге ықпал етуі тиіс;
      2) мемлекеттің белсенді рөлі мен көшбасшылығы.
      Өңдеуші өнеркәсіптің жеткіліксіз дамуы жағдайында мемлекет белсенді рөл атқаруы тиіс. Қазіргі бар өндірістерді қолдаумен қатар ұзақ мерзімді көзқарасты қалыптастыру және тиімді ынталандыру жүйелерін құру арқылы, бұл ретте шаруашылық субъектілерінің жарыстығы үшін тең жағдайды қамтамасыз ете отырып, озық дамытуды жүзеге асыру қажет. Мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ҰБХ-лар мен ұлттық компаниялардың тиімді өзара іс-қимылы бәсекеге қабілетті өнеркәсіпті дамытуға арналған базаны белсенді қалыптастыруды қамтамасыз етуі тиіс.
      Мемлекет квазимемлекеттік және жеке секторлар арасындағы теңгерімді сақтайды, жеке сектор үшін әлеуетті тартымсыз өнеркәсіп сегменттерін дамытады, салаларда бәсекелестікті дамытатын және инфроқұрылымға қол жетімдікті қамтамасыз ететін болады, бұл ретте мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасының аумағында өндірістер құруды ынталандыратын болады.
      Мемлекет индустрия саласындағы кәсіптік тәуекелдер мен еңбекті қорғауды басқару, сондай-ақ салалық кәсіптік стандарттарды әзірлеу жүйелерін дамытуды ынталандыратын болады.
      Бұл ретте көптеген елдер өз нарықтарын экономикалық одақтар бойынша әріптес елдердің өзінен қорғау бойынша мемлекеттік протекционизм шараларын қолдануда. Мемлекет, оның ішінде экспортты және олар кемсітілген жағдайда, қазақстандық компанияларды сыртқы экономикалық және дипломатиялық қолдауды жүзеге асыратын болады;
      3) сабақтастық пен икемділік.
      Саясат сабақтастық сипатта болуы және ҮИИДМБ жетістіктерін, нәтижелерін және сабақтарын ескеруі тиіс. Саясатты іске асырудағы икемділік жұртшылықпен және бизнеспен тұрақты консультациялар жағдайында жүзеге асырылады, өнеркәсіптік өсуді жылдамдату бойынша жаңа идеялар мен бастамашылықтарға жоғары қабылдағыштықты қамтамасыз ететін болады. Макроөңірдегі конъюнктура мен интеграциялау дәрежесі ескерілетін болады;
      4) нәтижеге бағдарлану.
      Саясат нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағдарлануы тиіс. Түйінді бастамашылықтар мен бағдарламалардың, жекелеген іс-шаралардың іске асырылу дәрежесін бағалау мүмкіндігін беретін түсінікті, бір мәнді және ашық нысаналы көрсеткіштер жүйесі қалыптастырылуы тиіс. Көрсеткіштер іске асырылу мониторингін қамтамасыз етуі, тиімсіз тетіктер мен құралдарды анықтауға мүмкіндік беруі, асыра пайдалануды анықтауды қамтамасыз етуі тиіс. Нысаналы көрсеткіштер Саясатты іске асыру жөніндегі іс-шаралардың тиімді орындалуы үшін жауапты болулары тиіс мемлекеттік органдарға бекітілетін болады;
      5) бизнеспен әріптестік.
      Саясат бизнеспен тығыз өзара іс-қимылда әзірленетін және жүзеге асырылатын болады. Кәсіпкерлікті ынталандыру және ШОБ дамыту түйінді міндеттердің бірі. Бизнес түйінді мемлекеттік құжаттарды әзірлеуге, түйінді іс-шараларды айқындауға және іске асыруға, атқарылған жұмысты бағалауға қатыса отырып, мемлекеттің серіктесі болады. Мемлекет Қазақстанның ірі өндіруші және өнеркәсіптік кәсіпорындары мен халықаралық деңгейдегі ірі ТНК құнын жасау тізбегінде отандық өндірушілердің интеграциялауын қолдайтын болады;
      6) өңірлердің өскелең рөлі.
      Саясат елдің барлық өңірлерінің даму қажеттіліктерін, олардың индустриялық және әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ескеруі тиіс. Өңірлерді дамыту олардың өнеркәсіптік өндірістегі мамандануын айқындау және өңірлік бәсекелестік қарқынын ұлғайтуға бағытталған шаралар қабылдау арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Өңірлерде салалық кластерлерді дамыту және оларды инфрақұрылымдық және кадрлық қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу өңірлік биліктердің жауапкершілігі болуы тиіс;
      7) теңдестірілген қаржыландыру моделі.
      Саясатты табысты іске асыру үшін іс-шараларды орындау үшін ресурстардың жеткіліктілігіне кепілдік беретін қаржыландыру көздері айқындалуы тиіс. Индустриялық дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін арттыру және өнеркәсіпті дамыту және әртараптандыру үшін жеткілікті көлемде ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жетімділікті қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте дәстүрлі банк және қаржы қызметтерін өзара алмастыруға, жеке капиталды ығыстыруға болмайды. Капитал нарығын іс жүзінде іске қосу және қарыз нарығын қайта іске қосу үшін құрылымдық реформа қажет етіледі.

      2. Жалпы тәсілдер.
      Мемлекеттік қолдау шаралары алушылардың үш типіне қолданылатын болады: кәсіпорындарға, секторларға, аумақтарға (аумақтық кластерлерге).
      1. Басым салалық секторлар мен кәсіпорындарды қолдау.
      Мемлекет басшысы «Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі» атты Еуразиялық дамып келе жатқан нарықтар форумында индустриялық саясатты түзету қажеттігін атап өтті: «Бізге үдемелі индустриялық саясатты жүргізу үшін басым салалардың санын шектеу қажет. Әйтпесе, бұл ресурстардың шашылуына және нақты нәтиженің болмауына алып келеді».
      Салалық секторларды дамыту қосылған құнды құрудың тиісті салалық тізбектерін кешенді қолдауға бағдарланатын болады. Индустриялық дамыту саясаты шеңберінде Бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізуді және міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ететін және экономиканы орта мерзімді (2019 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (2030 жылға дейін) ақылға қонымды әртараптандыру үшін алғышарттар жасайтын салалық секторлардың үш тобын теңдестірілген қолдау көзделуде:
      1) базалық секторлар;
      2) нарыққа бағдарланған секторлар;
      3) инновациялық секторлар.
      Салалық секторлардың бірінші тобы – базалық секторлар – ресурстарды қайта өңдеуге және өнеркәсіптік коммодитиздерді ірі тонналы өндіруге тікелей байланысты тауарлар өндірісі салаларын білдіреді.
      Екінші салалық секторлар тобы – нарыққа бағдарланған секторлар – ішкі нарықта сұраныспен жылжитын және макроөңір нарықтарында болуды ұлғайту есебінен дамыту үшін елеулі мүмкіндігі бар өнеркәсіптің барлық салаларын білдіреді.
      2015 – 2019 жылдар кезеңінде нарыққа бағдарланған секторлар экспортының негізгі бағыты бес деңгейден тұратын макроөңір болуы тиіс:
      1) Ресейдің шекара маңы өңірлері;
      2) Ресейдің басқа да өңірлері, Украина, Беларусь;
      3) Қытайдың батыс өңірлері;
      4) Орталық Азия және Қытайдың басқа да өңірлері;
      5) Әзербайжан, Иран және Кавказ елдері.
      Саясат басым салалық секторларға шоғырландырылатын болады. Осындай секторларды таңдау орта мерзімді перспективада олардың салыстырмалы жоғары тартымдылығына (сектор өнімі үшін нарық көлемі мен өсімін және секторды дамытудан пайда болатын ықтимал экономикалық әсерді қоса алғанда) және оларды дамыту үшін Қазақстанда бәсекелестік басымдықтарының болуына (сектордың ағымдағы даму деңгейі мен оның болашақ дамуы үшін жағдайлар сапасын қоса алғанда) негізделген.
      Бірінші және екінші топ секторларын қолдау үшін мыналар басымды болып табылады:
      1) қара металлургия;
      2) түсті металлургия;
      3) мұнай өңдеу;
      4) мұнай-газ химиясы;
      5) азық-түлік өнімдерінің өндірісі;
      6) агрохимия;
      7) өнеркәсіпке арналған химикаттар өндірісі;
      8) автокөлік құралдары және олардың бөлшектері, керек-жарақтары мен қозғалтқыштары өндірісі;
      9) электр жабдығы;
      10) ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі;
      11) темір жол техникасы өндірісі;
      12) тау-кен өнеркәсібіне арналған машиналар мен жабдықтар өндірісі;
      13) мұнай өңдеу және мұнай өндіру өнеркәсібіне арналған машиналар мен жабдықтар өндірісі;
      14) құрылыс материалдары өндірісі.
      Үшінші салалық секторлар тобы – инновациялық секторлар – «жаңа экономика» деп аталатын барлық секторларды білдіреді, оларды дамыту көбіне ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық және ғарыштық технологиялар, биотехнологиялар, жаңа материалдар технологиялары мен жаңартылған энергия көздері нәтижелерімен айқындалады.
      Секторлардың басымдылығы Саясатты іске асыруға бағытталған бюджетті бөлуді негіздейді: Саясатты іске асыруға бөлінетін қаражаттың көп бөлігі (80 %) басым секторларды қолдауға бағытталатын болады. Қалған қаражат басымдықтар санына кірмеген секторларды қолдау үшін бөлінуі мүмкін және оларды қолдау үшін негізгі өлшемдер өнім экспортының көлемі, өнімділік деңгейі, сондай-ақ мемлекеттік қолдау дәрежесі болады2.
      Тек отандық кәсіпорындарды ғана емес, сонымен қатар өз тауарлары мен қызметтері өндірісін Қазақстан Республикасында шоғырландыратын шетелдік компанияларды да қолдау қамтамасыз етілетін болады.
      Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен перспективалық инвестициялық жобалар қолдау объектісі болады. Қолдау шаралары қаржылық және қаржылық емес сипатта болады және мынадай негізгі бағыттарда іске асырылатын болады:
      маңызды жобаларды іске асыру үшін бизнесті дамыту және тиімді инвестициялық ынталарды құру үшін қаржы ресурстарының қол жетімділігін қамтамасыз ету;
      заманауи технологияларды енгізу және инновацияларды ынталандыру саласындағы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өнімділікті және ресурс тиімділігін арттыру, адами ресурстардың біліктілігін арттыру, экспорттық әлеуетті дамыту үшін және басқа да басым бағыттарда мамандандырылған қызметтер көрсету.
      Қолдау кәсіпорындар көлемдеріне қарай сараланатын болады. Шағын өнеркәсіптік кәсіпорындарға стандартты құралдар қолданыла отырып, жүйелі негізде қолдау көрсетілетін болады. Орта кәсіпорындарды қолдау үшін салалық ерекшелікті ескеретін неғұрлым сараланған тәсіл пайдаланылатын болады. Қазақстанды индустриялық дамыту үшін стратегиялық маңызы бар және ауқымды жобаларды іске асыратын ірі кәсіпорындар үшін әлеуетті бәсекелес елдерге қатысты бизнес жүргізуге неғұрлым бәсекеге қабілетті жағдай жасауға бағытталған жеке тәсіл қолданылатын болады.
      Инновациялық секторларды қолдау шеңберінде әлемдік деңгейдегі инновациялық инфрақұрылымның түйінді элементтерін, оның ішінде технологиялық парктер мен зерттеу орталықтарын құру қаралатын болады. Инновациялық шағын және орта бизнесті қолдауға арналған арнайы құралдар әзірленетін болады.
      2. Басым салалық кластерлерді қолдау.
      Индустриялық дамыту саясатының түйінді бағыты таяу жылдары басым салалық кластерлерді шоғырландырылған қолдау болады.
      Базалық секторлар тобында тиісті ұлттық кластерлер айқындалатын болады, олардың дамуы орталық билік органдары мен тиісті даму институттары деңгейінде үйлестірілетін болады. Саясат аясында қолдау ауқымы даму әлеуеті аса жоғары 5-10 көшбасшы ұлттық кластерлермен шектелетін болады:
      1) тау-кен металлургиясы секторында Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар металлургия кластерлері басым болып табылады;
      2) мұнай-газ өңдеу секторында Павлодар мұнай өңдеу кластері, Атырау мұнай-газ өңдеу кластері, Оңтүстік Қазақстан мұнай өңдеу кластері басым болып табылады;
      3) химия секторында Жамбыл, Павлодар, Ақтөбе химия кластерлері басым болып табылады.
      Әрбір ұлттық кластерге қолдау көрсету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 қазандағы № 1092 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының перспективалы ұлттық кластерлерін қалыптастырудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес даму стратегиялары мен жол карталарын әзірлеу және іске асыру үшін басқару құрылымдары (кластер кеңесі) құрылатын болады.
      Нарыққа бағдарланған секторларда аумақтық (өңірлік, өңіраралық) кластерлерді дамыту үшін конкурстық негізде қаржылық қолдау, сондай-ақ қажетті әдістемелік және ақпараттық қолдау қамтамасыз етілетін болады. Бұл қолдау кластерлердің даму стратегиялары мен жол карталарын әзірлеуге, кластерлік қауымдастықтарды қолдауға және мамандандырылған инфрақұрылымды, өнім берушілер жүйесін және ортақ пайдалану орталықтарын қалыптастыру, адами ресурстарының қол жетімділігін және білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру, инновацияларды ынталандыру, экспорттық қолдау және басқа да бағыттар бойынша кластерлерді дамытудың кешенді жобаларын қолдауға бағытталатын болады.
      Нысаналы технологиялық бағдарламалар ұлттық және өңірлік кластерлерде мемлекеттің, бизнестің және ғылымның өзара іс-қимылын дамыту және күшейту құралдарының бірі болады.
      Секторлардың үшінші тобы шеңберінде Астана қаласында («Назарбаев Университеті» кластері), Алматы қаласында («Инновациялық технологиялар паркі» кластері) инновациялық кластерді қолдау үшін іс-шаралар кешені іске асырылатын болады.
      Кластерлерді қолдау үшін мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары пайдаланылатын болады: кластерді дамыту үшін қажет инфрақұрылымды қоса қаржыландыру, мамандандырылған қызметтер көрсету, тиімді реттеу және әкімшілік кедергілерді төмендету.
      3. Индустриялық дамытуды қолдаудың жалпы жүйелік шаралары.
      Қазақстанды индустриялық дамыту үшін іскерлік климат сапасын арттыру мақсатында мынадай түйінді бағыттарда қолдау жүзеге асырылатын болады:
      1) қаржы ресурстары.
      Саясатты іске асыруға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру теңдестірілген болады және әртүрлі көздерден, оның ішінде жеке сектор ресурстары, тікелей шетелдік инвестициялар және мемлекеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік сектор мен даму институттары индустрияландыруды қолдауды жалғастырады, алайда индустриялық дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін арттыру қажет болады. Сондай-ақ, қазақстандық жеке сектордың ішкі инвестициялық белсенділігін ынталандыру және ел экономикасының нақты секторын дамытуды қаржыландыруда жеке капиталдың қатысуын арттыру қажет. Шетелдік қаржыландыру көздерін тарту шетелдік инвестицияларды ынталандыруға бағытталған іс-шараларды кеңейту және инвестициялық климатты жақсарту көмегімен қол жеткізілуі мүмкін.
      Капитал нарығын іс жүзінде іске қосу және қарыз нарығын қайта іске қосу үшін құрылымдық реформалар талап етілетін болады. Тікелей шетелдік инвестициялардың келуі үшін жағдайды жақсарту, сондай-ақ эмитенттер тарапынан акцияларға деген сұранысты, сондай-ақ акциялар ұсынысын ынталандыру арқылы қор нарығы өтімділігін арттыру қажет.
      ЕДБ-ні проблемалық кредиттерден тазарту, банктердің кредиттік тәуекелдерді бағалаудағы дағдыларын арттыру және кредиттеу көлемін ұлғайту арқылы банк жүйесі қызметінің тиімділігін арттыру индустрияландыруды қаржыландыруды қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады. Жеке секторды одан әрі кредиттеу үшін ЕДБ мемлекеттік қорландыру тетігі қаржыландыруды экономиканың нақты секторына тиімді жеткізу құралдарының бірі болады. ШОБ кәсіпорындары үшін кредиттеудің пайыздық ставкаларын азайтуға және мерзімдерін ұлғайтуға ұмтылу қажет;
      2) адами ресурстар.
      Озық индустриялық дамыту адами ресурстардың қолжетімділігін арттыруды және сапасын қамтамасыз етуді қажет етеді, білім сапасына талаптар қояды. Индустрияландыру қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында жетекші жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары мен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады, дуалдық жүйе бойынша даярлау және кәсіптік біліктілікті арттырудың пилоттық орталықтарының тәжірибесін тарату үшін жағдай жасалады, өнеркәсіппен әріптестікте жаңа кәсіптік стандарттар әзірленеді.
      Еңбек нарығының икемділігін арттыруға, кәсіптік бағдарлау үшін тиімді ынталандыруға және қайта оқытуды жеңілдетуге бағытталған шаралар іске асырылатын болады. Алдын ала кадрларды даярлау мақсатында салалар, кәсіптер және мамандықтар бөлігінде еңбек ресурстарына деген қажеттілікті болжау жүйесін жетілдіру қажет. Басым салалық секторлар мен кластерлерді қолдау шеңберінде жетекші әлемдік білім беруді дамыту орталықтары сарапшыларының қатысуымен білім беру бағдарламалары әзірленетін болады. Бұл ретте білім беру бағдарламалары бірінші кезекте жылдам өзгеретін технологияға, индустриялық дамыту үрдісіне және жұмыс берушілер сұрауларына бағдарлануы тиіс;
      3) инфрақұрылым.
      Келесі бесжылдықта Қазақстанды жеделдетілген индустрияландырудың түйінді шарты көлік, энергетика және өндірістік инфрақұрылым саласындағы қолжетімділік пен сапа проблемаларын шешу және инвесторлар үшін тартымды тарифтердің негізделген деңгейлерін қамтамасыз ету болып табылады. МЖӘ индустриялық дамытуға жәрдемдесу және инфрақұрылымды құруға және дамытуға бағытталған жобаларды қолдау тетіктерінің бірі болады.
      Арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданады, халықаралық көлік дәліздері құрылады, түйінді көлік тораптарында халықаралық тасымалдарға тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи логистикалық инфрақұрылым құрылатын болады. Энергетиканы дамыту электр энергиясын генерациялау және бөлу инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға бағытталатын болады. Өнеркәсіп өндірісінің энергия тиімділігін арттыру үшін ынталандыру жасалды. МЖӘ мәмілелерін құрылымдауға және жеке капиталды тартуға көмек даму институттары, жеке сектор және мемлекеттік органдар арасында жоғары ынтымақтастықты талап ететін болады. Сондай-ақ, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан компаниялар үшін шикізатқа басым қолжеткімділік қамтамасыз етіледі;
      4) технологиялар мен инновациялар.
      Дамыған елдермен өнімділік деңгейі бойынша айырманы қысқарту жаңа технологияларды белсенді енгізу есебінен және өнеркәсіптегі жоғары инновациялық белсенділік жағдайында ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
      Индустриялық саясаттың инновациялық сегменті басым секторлардағы өндіріс тиімділігін арттыру және елдегі инновациялық белсенділікті арттыру жөніндегі шаралар кешенінен тұратын болады және еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру, технологиялар трансферті, технологиялық және басқару құзыреттерін арттыру, неғұрлым перспективалық инновациялық идеялар мен жобаларды іздену және қолдау, енгізу және ілгерілету арқылы іске асырылатын болады.
      Бұл ретте, инновациялық жобаларды сараптау жүйесі жетілдіріледі, рәсімдер тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету және инновациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жалғастырылады. Тәуекелді қаржыландыруды дамыту, техникалық реттеу мен стандарттардың тиімді жүйесін құру мәселесі пысықталады.
      Инновациялық процестерді талдамалық және ақпараттық қамтамасыз ету, халықаралық тәжірибені зерделеу және ең үздік әлемдік практикаларды енгізу бойынша жұмыс жалғастырылады;
      5) интернационалдандыру.
      Индустриялық дамыту үшін шетелдік инвестицияларды тарту, жергілікті компаниялардың экспорттық әлеуетін кеңейту және олардың ғаламдық салалық тізбектерге интеграциялау бойынша тоғыстырылған және белсенді іс-қимылдар қажет. Қазақстанның халықаралық индустриялық мамандануының түйінді салалары айқындалуы тиіс. АЭА-ны нарыққа бағдарланған секторларды дамытумен өнімнің экспортын ұлғайту құралы ретінде пайдалану қажет. Қазақстандық компаниялардың макроөңір деңгейіне шығуын ынталандыру қажет. Бұл экспортты қолдаудың жалпы ұлттық жүйесінің даму басымдықтары мен негізгі тетіктерін айқындайтын мемлекеттік экспорттық саясатты қалыптастыруды талап етеді;
      6) кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнес.
      Өнеркәсіптегі бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес, сондай-ақ жоғары кәсіпкерлік белсенділік индустрияландыру табысының маңызды факторы болып табылады. Өнеркәсіпте шағын және орта бизнесті дамыту үшін қосымша күш-жігер жұмсау қажет. Шағын және орта бизнесті дамытудың қаржы ресурстарына қол жетімділікті қамтамасыз етуге және мемлекеттік сатып алу мен ұлттық компаниялардың сатып алу әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа және қолданыстағы шараларын кеңейту өндірістік шағын және орта бизнесті дамыту құралы ретінде қолданылуы тиіс. Ұлттық компаниялар, егер бұл шағын және орта бизнеске теріс әсер ететін болса, бәсекелестік нарықтарға араласуды ақылға қонымды шектеу саясатын ұстануы тиіс, ал олардың даму стратегиялары мемлекеттің мүдделеріне сәйкес келуі тиіс;
      7) салалық реттеу.
      Жедел индустриялық дамыту үшін әлемдік деңгейдегі салалық реттеуді қамтамасыз ету қажет. Ішкі және халықаралық нормалармен және уағдаластықтармен жол берілген шектерде жүйе қазақстандық өнім өндірушілерді тұтынушылармен түйістіруі тиіс. Қабылданатын қолдау шаралары тарифтік емес реттеу жүйесін, оның ішінде өндірілетін өнімді өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған сапа және жергілікті қамту, сондай-ақ оны жосықсыз бәсекелестіктен қорғау инфрақұрылымын қамтуы тиіс. Реттеуді дамыту ЭЫДҰ қабылдаған тиімділік өлшемдеріне және бизнестің реттеу сапасын және стандарттар мен регламенттердің сақталуына байланысты шығындарды тұрақты бағалау жүйесіне сүйенуі қажет. Индустриялық дамытудың келесі бесжылдығы шеңберінде салалық реттеуді реформалау үшін индустриялық дамытудың барлық түйінді салаларында (оның ішінде жер қойнауын пайдалану, құрылыс, экспорт және басқалары) реттеу тиімділігін арттырудың жол карталары әзірленіп және іске асырылатын болады. Өнеркәсіпте бизнес жүргізу үшін жағдайлар сапасын жыл сайын бағалауға мүмкіндік беретін «Іскерлік климат» рейтингісі іске қосылады.
      4. Индустриялық дамытуды ынталандырудағы квазимемлекеттік бизнес рөлі.
      Ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтер Саясатты іске асыруға қатысушылар болады. Ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтер стратегиялары мына бағыттарды қоса алғанда, Саясаттың негізгі қағидаттарын есепке алу мақсатында қайта қаралатын болады:
      әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті компаниялар құру;
      индустриялық дамыту үшін бәсекеге қабілетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету;
      технологиялық дамыту мен инновацияларды ынталандыру;
      адами капиталды дамыту, өнім берушілердің жүйесін дамыту, қызметтің заманауи стандарттарын енгізу мәселелерін шешуді қоса алғанда, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің заманауи стратегиясын іске асыру;
      жаңа перспективалық, бірақ жеке сектор үшін тартымды емес бағыттарды дамытуды ынталандыру.
      Экономиканың нақты секторын қаржыландыру арналары ретінде даму институттарының тиімділігі қаржы құралдарын ұтымды және тиімді пайдалану қағидаттарында жинақтау арқылы арттырылатын болады.
      Тәуекел деңгейі нарықтықтан жоғары ірі ауқымды индустриялық жобаларды қаржыландыру үшін даму институттарының кредиттік және лизингтік өнімдері пайдаланылатын болады, бұдан басқа кредиттер мен лизингтер бойынша кепілдіктер беру және пайыздық ставкаларды субсидиялау мүмкіндігі қаралатын болады.
      ЕДБ-да қаражатты негізделген орналастыру арқылы ШОБ кредиттеуді, пайыздық ставкаларды субсидиялау мен кредиттерді кепілдендіруді жүзеге асыру жалғасады, бұл Қазақстан Республикасының экономикасындағы ШОБ үлесін өсіру жөніндегі стратегиялық мақсаттың орындалуына бағытталады.
      Экономиканың басым секторларында тікелей жеке инвестицияларды және венчурлық капиталды пайдалануды ынталандыру күшейтіледі. Қызмет тікелей инвестициялар және венчурлық капитал, сондай-ақ гранттар мен жобалық қаржыландыру беру арқылы тікелей инвестициялар қорлары арқылы инвестициялар нысанында жүзеге асырылатын болады.
      5. Индустриялық дамытуды ынталандырудағы жеке бизнес рөлі.
      Жеделдетілген индустрияландырудың табысты бағдарламаларын іске асырған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, осындай бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру барысында бизнес-қоғамдастықпен және өңірлер өкілдерімен белсенді консультациялар есебінен индустриялық дамыту жөніндегі шаралар тиімділігін арттыру үшін резервтер бар.
      ҰКП, салалық қауымдастықтар және жекелеген бизнес-көшбасшылар тұлғасындағы бизнес-қоғамдастық мынадай негізгі бағыттар бойынша Саясатты әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысатын болады:
      салалар мен кластерлерді дамыту басымдықтарын айқындау;
      жекелеген жобалар мен бастамаларды қолдау жөніндегі шешімдер қабылдау;
      іскерлік климат сапасын арттыру: адами ресурстарды дамыту, инфрақұрылымды, оның ішінде МЖӘ нысанында дамыту;
      әкімшілік кедергілерді азайтудың жол карталарын әзірлеу;
      іскерлік климат сапасын бағалау;
      мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау;
      мемлекет пен бизнес тарапынан жоспарлар мен міндеттемелердің орындалуын бағалауды қоса алғанда, Саясаттың іске асырылу барысының мониторингі.
      Бұл жұмыс ҰКП салалық комитеттері, сондай-ақ кәсіпкерлер, министрліктер мен ведомстволардың және даму институттарының өкілдерін қамтитын тұрақты жұмыс істейтін комиссиялар деңгейінде ұйымдастырылады. Жекелеген тақырыптар бойынша, мысалы әкімшілік кедергілерді азайту бойынша бастамашылық топтар қосымша тетік болып табылады.
      6. Индустриялық дамытуды ынталандырудағы өңірлердің рөлі.
      Әкімдіктерге олардың өңірлік маманданымына сәйкес нәтижелер үшін жеке жауапкершілік бекітіле отырып, өңірдің индустриялық дамуы үшін жауапкершілік жүктеледі. Осыған байланысты, Саясатты іске асыру шеңберінде өңірлік билік мыналарды: өңірді индустриялық дамыту туралы шешімдер қабылдауда үлкен дербестік пен жедел мүмкіндіктерді алады. Бақылау өңірде индустриялық дамытудың түйінді көрсеткіштерінің мониторингі базасында жүзеге асырылатын болады;
      өз кезегінде осыған қажетті функциялар мен өкілеттіктер берілетін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тұлғасындағы Саясатты іске асыру функцияларын алады.
      Қазақстан өңірлерінің әкімдіктері индустриялық дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауда неғұрлым белсенді рөл атқаруы тиіс, оның ішінде мынадай бағыттар бойынша:
      әлеуметтік-экономикалық дамыту, оның ішінде өнеркәсіп саласындағы өңірлік, стратегиялық құжаттарды әзірлеу мен іске асыру;
      жергілікті бәсекелестіктің қарқындылығын ұлғайтуға бағытталған шараларды әзірлеу және қабылдау;
      басым аумақтық кластерлерді және басым жобаларды іске асыруды қолдау;
      өнеркәсіп кәсіпорындарын заманауи және бәсекеге қабілетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету;
      адами ресурстар мен білім беру жүйесін дамыту;
      шетелдік инвестицияларды тарту;
      кәсіпкерлікті ынталандыру мен шағын және орта бизнесті дамыту.
      _____________________________
      2 Бағдарламаны дайындау кезінде нақтыланатын болады

      3. Индустриялық дамыту саясатын іске асыру құралдары мен тетіктері.

      Саясатты іске асыру тиімділігін арттыру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің күтілетін нәтижелер бойынша өзара келісілген бірқатар актілерін ретімен қабылдау қажет:
      1) осы Тұжырымдама – Саясат ережелерін тұжырымдайтын түйінді құжат;
      2) осы Тұжырымдаманы іске асыру үшін Бағдарлама мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін міндеттерді, шараларды, нысаналы индикаторларды және басқа да ережелерді егжей-тегжейлі сипаттайтын Бағдарлама;
      3) мерзімдерін, орындаушыларды, аяқталу нысандарын, оны іске асыруға арналған шығындарды айқындай отырып, бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған нақты іс-қимылдарды егжей-тегжейлі көрсетіп, Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары);
      4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен бекітілетін Республиканың орталық атқарушы органдарының стратегиялық жоспарлары;
      5) тиісінше өңірлер маслихаттары мен әкімдіктерінің шешімдерімен бекітілетін аумақтарды дамыту бағдарламалары және оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары;
      6) Саясатты іске асыруға қатысатын ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың, өзге де мемлекет бақыланатын акционерлік қоғамдар мен серіктестіктердің стратегиялары мен даму жоспарлары;
      7) Саясатты іске асыруға қатысатын ұлттық даму институттарының, өзге де мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен серіктестіктердің стратегиялары мен даму жоспарлары.
      Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің санамаланған актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу тиісті кезеңнің өзекті болмысын ескере отырып, қажеттіліктің туындауына қарай жүргізілетін болады.
      Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жоғарыда көрсетілген актілерін әзірлеу мен қабылдаудың осындай тәртібі Саясаттың тікелей және көлденең деңгейде іске асырылу тиімділігі мен ашықтығын арттырады, іс-шараларды жүзеге асырудың дәйектілігі мен үндестігін қамтамасыз етеді.
      Саясатты дамыту үшін әзірленетін арнайы салалық бағдарламалардың болмауы қағидатты болып табылады. Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жоғарыда санамаланған актілері арасындағы оларды әзірлеу және оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде күтілетін іс-шаралар бойынша нақты өзара байланыстың сақталуы маңызды болып табылады.
      Сонымен қатар Бағдарламаны әзірлеу шеңберінде заңнамада белгіленген тәртіппен индустриялық саясатты қозғайтын заңнаманы жетілдірудің орындылығы туралы мәселе қаралатын болады.
      Саясатты іске асыруды басқару ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Бағдарламада жауапкершілікті нақты бөлу және оны іске асыру, мониторингілеу мен қаржыландырудың институционалдық тетіктері бекітілетін болады.
      Қазақстан Республикасының Президенті Саясатты бекітеді және оны іске асыру жөніндегі түйінді шешімдерді қабылдайды.
      Саясатты жоспарлаудың, іске асырудың және Бағдарлама мониторингінің негізгі қатысушылары мыналар болуы тиіс:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі – Бағдарламаны келісу және қабылдануын қамтамасыз ету және Іс-шаралар жоспарын келісу;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі – Іс-шаралар жоспарын әзірлеу және орындалуын, оның ішінде бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылау; іс-шараларды іске асыру бойынша орталық билік органдарын ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету; Бағдарламаны іске асыру туралы есептерді дайындау; Бағдарламаға Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық және жергілікті билік органдары қабылдайтын актілердің сәйкестігін бақылауды қамтамасыз ету; Бағдарлама мен Іс-шаралар жоспары үшін өзгерістер мен толықтырулар бойынша ұсыныстар жинау мен талдауды қамтамасыз ету;
      3) министрліктер және басқа орталық билік органдары – мемлекеттік органдардың Стратегиялық жоспарларын әзірлеу, оларды кейіннен іске асыру мен есептілік; Бағдарлама мен Іс-шаралар жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шараларды орындау;
      4) Қазақстан Республикасы облыстарының және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері – өңірлік деңгейде Бағдарлама мен Іс-шаралар жоспарын іске асыруды қамтамасыз ету, Бағдарлама ережелеріне сәйкес аумақтарды дамыту жоспарларын әзірлеу;
      5) Бағдарламаны іске асыруға қатысатын ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар, мемлекет бақылайтын өзге акционерлік қоғамдар мен серіктестіктер – тиісті стратегиялық құжаттар мен даму жоспарларын әзірлеу; іс-шараларды іске асыру бойынша жарғылық қызметті жүзеге асыру; индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру;
      6) Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – Бағдарламаны іске асыру үшін әзірленетін тиісті стратегиялық құжаттар мен даму жоспарларын талқылауға және әзірлеуге қатысу;
      7) ұлттық даму институттары – тиісті стратегиялық даму жоспарларын әзірлеу; іс-шараларды іске асыру бойынша жарғылық қызметті жүзеге асыру; индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі жанында Қазақстан Республикасын Өнеркәсіптік дамыту жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылатын болады.
      Комиссияның негізгі міндеті:
      1) Қазақстан Республикасын индустриялдық дамыту үшін өнеркәсіптің басым секторларын айқындау;
      2) Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру;
      3) өңдеуші өнеркәсіп, соның ішінде кластерлік бастама саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру тұжырымдамалық тәсілдер;
      4) аумақтық (өңірлік, өңіраралық) кластерлерді, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іріктеу өлшемдері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар дайындау болып табылады.
      Өнеркәсіп салаларын дамыту бойынша жұмысты үйлестіру, даму институттары арқылы қолдау жүйесін ретке келтіру үшін Ұлттық индустрияны дамыту саласындағы даму институты базасында белгіленген тәртіппен қызметінің негізгі бағыттары: елді индустриялық дамытуды ақпараттық-талдамалық қолдау; Бағдарламаның іске асыру мониторингі; өнімділікті арттыру бағдарламасын дамыту; жеткізушілер жүйесін дамыту және жаһандық салалық тізбектерге интеграциялану; кластерлерді қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты үйлестіру; әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі жол карталарын әзірлеу; Индустрияландыру картасын сүйемелдеу; операциялық қызметті қолдау және Комиссияны талдамалық қамтамасыз ету және т.б. болатын индустриялық саясат саласындағы құзыреттер орталығын қалыптастыруды жалғастыру қажет.
      Бағдарлама міндеттерінің орындалуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында түйінді индикаторларға қол жеткізуді; орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының жекелеген салалық бағыттар мен өңірлер бойынша іс-шараларды орындау сапасын; бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің дәрежесін ескеріп, оны іске асыруды бағалаудың кешенді жүйесін енгізу; Бағдарламаның іске асырылуын объективті бағалау үшін тәуелсіз компаниялар мен қауымдастықтарды тарту қажет.
      Бағдарламаның іске асырылу мониторингі жүйесіндегі түйінді тетік фактілерге негізделген бағалау және орындаушыларды қол жеткізілген нәтижелерге байланысты қаржыландыру болуы тиіс. Осы тәсілді енгізу бірінші кезекте бағдарламалар мен жобаларды алдын ала бағалау, жұмсалатын мемлекеттік ресурстарға қатысты оларды іске асыру нәтижелігін бағалау сияқты жаңа талдау мен бағалау түрлерін енгізу түрінде көрінуі тиіс Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіруді талап етеді.

      4. Тұжырымдаманы іске асыру үшін әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі.

      Тұжырымдаманың мақсатына қол жеткізу және міндеттерін шешу 2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің мынадай актілерін қабылдау арқылы болжанады:
      1) Қазақстан Республикасын индустриялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы;
      2) Қазақстан Республикасын индустриялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы.

      Аббревиатуралардың толық жазылуы:
      ЕДБ – екінші деңгейдегі банктер
      ЖІӨ – жалпы ішкі өнім
      ДСҰ – Дүниежүзілік сауда ұйымы
      ДЭФ – Дүниежүзілік экономикалық форум
      МЖӘ – мемлекеттік-жекешелік әріптестік
      ХВҚ – Халықаралық Валюта Қоры
      ШОБ – шағын және орта бизнес
      ҰКП – Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
      БҰҰ– Біріккен Ұлттар Ұйымы
      ЭЫДҰ – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы
      ТШИ – тікелей шетелдік инвестициялар
      ТМД – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы
      ӘКК – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар
      АЭА – арнайы экономикалық аймақ
      КО – Кеден одағы

      Пайдаланылатын терминдер:

      Аддитивтік технология – бөлшек дәстүрлідегі сияқты оны дайындамадан жоймай, шығарылатын материалды өсірумен қалыптасатын технологиялар класы.
      Голландтық ауру – екі белгі тән экономика күйі. Біріншісі – шикізатты өндіруді және экспортын ұлғаюы. Екіншісі – отандық өнеркәсіп өндірісі көлемінің азаюы. Бұл ретте, екінші белгінің пайда болуы біріншісімен тікелей байланысты. Басқаша айтқанда «голландтық ауру» – бұл шикізат экспорты ұлттық экономиканың дамуын жоятын экономика күйі.
      Іскерлік климат – шетелдік инвестициялар үшін елдің артықшылықтарын, сондай-ақ барлық деңгейдегі ұлттық компаниялар мен салалардың дамуға инвестиция салу икемділігін кең айқындайтын саяси, экономикалық, құқықтық және материалдық факторлардын кең жинағы.
      Әртараптандыру – экономикалық тәуекелдерді төмендету мақсатында капиталды түрлі салымдар объектілерінің арасында бөлу.
      «Жасыл» экономика – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ түпкілікті пайдалану өнімін өндірістік циклға қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. Бірінші кезекте, «жасыл» экономика қазіргі уақытта сарқылуға бейім ресурстарды (пайдалы қазбалар – мұнай, газ) үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған.
      Ұлттық даму институттары – дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде мемлекетке тиесілі, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға уәкілетті заңды тұлғалар.
      Интернационалдандыру – өнімнің өнім дайындалған өңірден ерекшеленетін өңірдің тілдік және мәдени ерекшеліктеріне бейімделуін оңайлататын әзірлеменің технологиялық тәсілдері.
      Кластер – өзіне түпкілікті немесе аралық тауарлар мен қызметтерді, жинақтауыштарды, мамандандырылған көрсетілетін қызметтер жеткізушілерін, өндірістік және өзге жабдық өндірушілерін, мамандандырылған инфрақұрылым жеткізушілерін, ғылыми және зерттеу институттарын, жоғары білім беру ұйымдарын, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын және белгілі бір салалық ерекшелігі бар басқа да ұйымдарды қамтитын өзара байланысқан және өзара толықтыратын компаниялар мен ұйымдардың географиялық тұрғыдан шоғырланған тобы.
      Коммодитиз – ұзақ уақыт кезеңінде сапалық біртекті, сапалық сипаттамалары салыстырылатын және сауда-саттықты сипаттамалар мен үлгілер бойынша жүргізуге мүмкіндік беретін жекелеген партиялар өзара алмастырылатын жаппай өндірілетін белсенді экспортталатын тауарлар.
      Орташа кіріс тұзағы – ел белгілі бір кіріске қол жеткізіп, осы деңгейде «қалып қоятын» экономикалық даму күйі.
      Оқшаулау – ел аумағында бастапқыда шетелдік шығарылған өнім өндірісін орналастыру.
      Макроөңір – Қазақстан Республикасымен интеграция дәрежесіне байланысты бес деңгейден тұрады.
      Бірінші деңгей Ресей Федерациясымен шекаралас өңірлерді: Астрахань облысын, Волгоград облысын, Саратов облысын, Самара облысын, Орынбор облысын, Башқұртстан Республикасын, Челябі облысын, Қорған облысын, Түмен облысын, Омбы облысын, Новосибирск облысын, Алтай өлкесін, Алтай Республикасын қамтиды.
      Екінші деңгей Ресей Федерациясының барлық өңірлерін, Украинаны және Белоруссияны қамтиды.
      Үшінші деңгей Қазақстан Республикасымен шекараласатын Қытайдың батыс өңірлерін қамтиды.
      Төртінші деңгей Қытайдың барлық өңірлерін, Өзбекстанды, Тәжікстанды, Түрікменстанды, Қырғызстанды қамтиды.
      Бесінші деңгей Түркияны, Иранды, Иракты, Әзербайжанды қамтиды.
      Ұқыпты өндіру әдісі – барлық шығын түрлерін жоюға тұрақты ұмтылуға негізделген өндірістік кәсіпорынды басқару тұжырымдамасы.
      Жаңа экономика – көшбасшылық пен бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін білім, жаңа технологиялар мен жаңа бизнес процестер экономикасы.
      Өнеркәсіп – өнеркәсіп үшін, сол сияқты халық шаруашылығының басқа да салалары үшін еңбек құралдарын өндірумен, сондай-ақ шикізат, материалдар, отын өндірумен, энергия өндірумен, ағаш дайындаумен және өнеркәсіпте алынған немесе ауыл шаруашылығында шығарылған өнімдерді одан әрі өңдеумен айналысатын кәсіпорындар жиынтығы (зауыттар, фабрикалар, кен орындары, шахталар, электр станциялары).
      Трансұлттық компания – екі не одан көп елде өндірістік бөлімшелерге иелік ететін компания, сондай-ақ шетелдік активтеріне олардың жалпы көлемінің шамамен 25-30 %-ы тиесілі компания.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады