"Қазақстан Республикасында ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерін есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйелерін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 22 шілдедегі № 769 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1520 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 тамыздағы № 628 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.08.2015 № 628 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақстан Республикасында ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерін есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйелерін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 22 шілдедегі № 769 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 30, 408-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасында ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерін есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы»;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерін есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйелерін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерін есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйелерін ұйымдастыру ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1520 қаулысына     
қосымша          

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2005 жылғы 22 шілдедегі
№ 769 қаулысымен  
бекітілген      

Қазақстан Республикасында ядролық материалдар мен иондаушы
сәуле шығару көздерін есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік
жүйелерін ұйымдастыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасында ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерін есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Атом энергиясын пайдалану туралы» 1997 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерін (бұдан әрі – сәуле шығару көздері) есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидалар меншік нысандарына, ведомстволық бағыныстылығына және ұйымдық-құқықтық нысандарына қарамастан, ядролық материалдармен және сәуле шығару көздерімен жұмыс iстеу, ядролық материалдар, радиоактивтi заттар мен радиоактивтi қалдықтарды өндiру, пайдалану, қайта өңдеу, тасымалдау және орналастыру, ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерін экспорттау мен импорттау кезiнде оларды Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы өткiзу, ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерін пайдалана отырып, ғылыми зерттеулер жүргiзу жөнiндегi қызметті жүзеге асыратын барлық заңды тұлғаларға қолданылады.
      3. Ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерін мемлекеттiк есепке алу және бақылау:
      1) ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерінің бар мөлшерiн, олардың табылған жерлерін дәлме-дәл айқындау;
      2) жоғалуын, рұқсатсыз пайдаланылуын және ұрлануын болдырмау;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының уәкiлетті органдарына, халықаралық ұйымдар мен басқа мемлекеттерге ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерінің бар-жоғы және орнын ауыстыру, есептен шығарылуы және көмiлуi, экспорты және импорты туралы жедел ақпарат беру мақсатында жүзеге асырылады.
      4. Ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерін есепке алу мен бақылау оларды бастапқы өндіру кезеңінен бастап және түпкілікті көмгенге дейін, сондай-ақ олар жоғалған жағдайда оларды бақылауды қалпына келтіру арқылы жүргізіледі.
      5. Мемлекеттік есепке алуға және бақылауға:
      1) құрамында уран-235, уран-233, плутоний мен торий изотоптары бар ядролық материалдар;
      2) радиациялық сипаттамалары алу деңгейiнен асатын, оның ішінде құралдардың (бұйымдардың, қондырғылардың) құрамына кіретін иондаушы сәуле шығару көздерi жатады.
      Құрамында уран, торий және плутоний изотоптары бар, оның ішінде радиоизотопты құралдар құрамына кіретін сәуле шығару көздерін есепке алу және бақылау тәртібі сәуле шығару көздерін есепке алу тәртібі ретінде де, ядролық материалдарды есепке алу тәртібі ретінде де айқындалады;
      3) өрт сигнализациясының датчиктеріндегі радионуклидті көздер, радиофармацевтикалық препараттар, иммунологиялық талдауға арналған жинақтар, медициналық мақсаттағы радиоизотоптық генераторлар, радионуклидтермен белгiленген қосылыстар, сондай-ақ 125-йодты қоса алғанда, жартылай ыдырау кезеңi 60 (алпыс) тәулiкке дейiнгi тіршілігі қысқа радионуклидтер негiзіндегi радиоизотоптық препараттар мен ерiтінділер оларды пайдаланатын ұйымдарда ғана есепке алынады.
      Мұндай сәуле шығару көздерінің жалпы саны және жиынтық белсенділігі туралы мәліметтер уәкілетті органға жыл сайынғы түгендеу нәтижесі бойынша беріледі.
      6. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
      1) кіруді бақылау құралдары – ядролық материалды рұқсатсыз алып қоюды, пайдалануды, орнын ауыстыруды, кіру аймағына енуді анықтауға арналған техникалық құралдар (қадағалау жүйесі мен араласуды индикациялау құрылғылары);
      2) есепке алу құжаттары – ядролық материалды және/немесе сәуле шығару көздерін өлшеу, бар-жоғы, саны, құрамы, орналасқан орны мен жай-күйінің нәтижелері туралы деректерді, сондай-ақ оларды нақтылау мен түзету туралы мәліметтерді қамтитын ұйымның қызмет түріне байланысты құжаттар;
      3) есеп беру құжаттары – түгендеу санының өзгергені туралы есеп және материалдық-теңгерімдік есеп;
      4) физикалық түгендеу – материалдық теңгерім аймағындағы ядролық материалдың нақты саны мен жай-күйін тексеру;
      5) қондырғы – реактор, сындарлы құрастырма, конверсиялау жөніндегі зауыт, шығарушы зауыт, қайта өңдейтiн қондырғы, изотоптарды бөлуге арналған зауыт, әдетте бiр тиiмдi килограмнан артық мөлшерде ядролық материал пайдаланылатын жеке қойма немесе кез келген болу орны;
      6) қондырғының құрылымы туралы ақпарат – әрбір қондырғының сипаттамасы бойынша ақпарат (мақсаты, номиналды қуаты және географиялық орналасуы, атауы және мекенжайы, олар әдеттегі іскерлік мақсаттар үшін пайдаланылады), қондырғыны орналастыру сипаттамасы (ядролық материалдың нысаны, орналасқан орны және ағыны, ядролық материал пайдаланылатын, өндірілетін және өңделетін жабдықты жинақтау), ядролық материалдарды есепке алу және бақылау бойынша қолданылатын рәсімдер туралы ақпарат;
      7) қондырғыдан тыс болу орны – әдетте ядролық материал пайдаланылатын кез келген объекті немесе қондырғыдан тыс кез келген болу орны;
      8) материалдардың теңгерім аймағы (теңгерім аймағы) – ядролық материалды теңгерім аймағына немесе одан әрбір орнын ауыстыру кезіндегі саны айқындалатын және ядролық материалдың қолда бар саны айқындалатын қондырғыдағы немесе одан тыс аймақ;
      9) материалдық-теңгерімдік есеп – ядролық материалдың бастапқы және соңғы тіркелген санын, ядролық материал санының есепті кезең ішінде ұлғаюын/азаюын, материалдың теңгерім аймағындағы ядролық материалдың соңғы нақты қолда бар саны мен санын түгендеу айырмашылығын қамтитын есеп;
      10) материал партиясы (партия) – негізгі өлшем нүктесінде құрамы мен саны ерекшеліктің немесе өлшемнің бірыңғай кешенімен айқындалатын есепке алу мақсаты үшін өлшем бірлігі ретінде пайдаланылатын ядролық материалдың бір бөлігі;
      11) негізгі өлшем нүктесі (өлшем нүктесі) – материалдың ағынын немесе түгендеу санын айқындау үшін ядролық материалды өлшеуге болатындай нысанда болатын жер;
      12) түгендеу саны – қондырғыдағы немесе қондырғыдан тыс болу орнындағы ядролық материалдың саны;
      13) түгендеу санының өзгеруі туралы есеп – ядролық материалдың түгендеу санындағы барлық өзгерістер туралы мәліметтерді қамтитын есеп;
      14) ядролық материалдың нақты қолда бар санының тізімі – физикалық түгендеу нәтижесінде айқындалған ядролық материалдың әрбір бірліктегі немесе партиядағы саны көрсетілген ядролық материалдың есептік бірліктерінің және/немесе партияларының тізбесі.

2. Ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерін есепке алу мен
бақылаудың мемлекеттік жүйелерінің құрылымы

      7. Ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерін есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйелері екі деңгейде: уәкілетті орган деңгейінде және өз қызметінде ядролық материалдарды және (немесе) сәуле шығару көздерін пайдаланатын ұйымдар деңгейінде жүзеге асырылады.
      8. Уәкілетті орган:
      1) ядролық материалдардың дерекқорын және Сәуле шығару көздерінің мемлекеттік тізілімін жүргізеді;
      2) мемлекеттік органдарға олардың сұрау салуына сәйкес ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерінің бар-жоқтығы және орын ауыстыруы туралы ақпарат береді;
      3) уәкілетті органға ядролық материалдар мен радиоактивті көздерді экспорттау, импорттау және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы орнын ауыстыру кезінде алдын ала хабарламалар мен хабарламаларды; ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерінің бар-жоғы, қозғалысы мен теңгерімі туралы есеп беру нысандарын бекітеді;
      4) ұйымдар беретін қондырғының құрылымы туралы ақпаратты қарайды;
      5) қондырғылар мен материалдың теңгерім аймағының, негізгі өлшем нүктелерінің кодтарын белгілейді;
      6) ұйымдарда ядролық материалдарға физикалық түгендеу жүргізу жоспарлары мен мерзімдерін келіседі;
      7) ядролық материалдарды есепке қою немесе есептен алу туралы шешім қабылдайды.
      9. Ұйымдар:
      1) сандық сипаттамаларын өлшеу нәтижелері не уәкілетті органмен келісім бойынша есеп айырысу негізінде ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерінің есебін жүргізеді;
      2) есепке алу құжаттарын (материалдық-теңгерімдік және пайдалану) жүргізеді;
      3) физикалық түгендеу жүргізу арқылы ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерінің теңгерімін шығарады;
      4) ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерінің бар-жоғы мен қозғалысы туралы есептерді; ядролық материалдар мен сәуле шығару көздерінің орнын ауыстыру туралы алдын ала хабарламаны және хабарламаны; ұйымның қызметі туралы ақпаратты; қондырғылардың құрылымдары туралы ақпаратты әзірлейді және уәкілетті органға береді;
      5) ядролық материалдар мен сәуле шығару көздеріне қол жеткізуді бақылауды қамтамасыз етеді.

3. Ядролық материалдарды есепке алу және бақылау тәртібі

      10. Уран және (немесе) торий кендерін өндіретін ұйымдарда өндірілген кеннің жалпы мөлшері, ондағы уранның және (немесе) торийдің орташа концентрациясы мен мөлшері туралы деректердің, сондай-ақ Қазақстанның ұйымдарына немесе Қазақстаннан тыс жерлерге берілген кеннің мөлшері туралы мәліметтің есебі жүргізіледі.
      11. Жер астында шаймалау әдісімен уран өндіретін жетекші ұйымдарда және уран концентратын байытуды жүзеге асыратын ұйымдарда:
      1) концентраттың жалпы мөлшері, сондай-ақ ондағы уранның орташа шоғырлануы мен мөлшері туралы деректердің;
      2) ұйым тікелей өндірген немесе Қазақстан Республикасының аумағына өнім берушіден немесе шетелден алынған бастапқы материалдың құрамындағы уранның жалпы мөлшері туралы деректердің;
      3) ұйым өндірген немесе берген түпкілікті өнімдегі уранның жалпы мөлшері туралы деректердің есебі жүргізіледі.
      Ұйымда өндірілген, берілген, қайта өңделген, қалған уранның және (немесе) торийдің мөлшері туралы мәліметті қамтитын жыл сайынғы есеп есепті кезеңнен кейінгі жылдың 20 қаңтарына дейін уәкілетті органға жіберіледі.
      12. Ядролық отынды дайындау үшін немесе U-235 изотопы бойынша уранды байыту үшін қажетті құрам мен тазалыққа жеткен, ядролық материалмен жұмыс істейтін қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда ядролық материалды есепке алу мен бақылау ядролық отын циклының кез келген нүктесінде және кез келген табиғи нысандағы және плутонийдің, 233-уранның U-235 изотопы бойынша байытылған уранның, жұтаңданған уранның кез келген химиялық құрамында жүзеге асырылады.
      13. Ядролық материалды есепке алу теңгерім аймақтары бойынша жүргізіледі. Әрбір теңгерім аймағында ядролық материалдың түгенделетін саны мен ағыны (түгенделетін өзгерістері) айқындалатын негізгі өлшем нүктелері белгіленеді.
      14. Ұйым ядролық материалды оны өндіргеннен немесе теңгерім аймағына түскеннен кейін есепке қояды.
      15. Ұйым ядролық материалды басқа теңгерім аймағына жөнелткеннен кейін немесе оны есептен алу мүмкіндігі туралы уәкілетті органнан растама алғаннан кейін теңгерім аймағындағы есептен алады.
      16. Уәкілетті орган қондырғыны анықтауға дәл келетін атом энергиясын пайдаланатын әрбір объектіге қондырғының кодын береді. Қондырғыдан тыс барлық жер үшін уәкілетті орган ядролық материалдарды есепке алудың жалпы теңгерім аймағын құрады, бұл ретте әрбір қондырғыдан тыс жер негізгі өлшеу нүктесін білдіреді.
      17. Есепке алу құжаттары әрбір теңгерім аймағы үшін жүргізіледі және олардың саны мен санының өзгерісін қоса алғанда, ядролық материалдардың әр түрі туралы деректерді қамтиды. Есепке алу құжаттары есеп беру құжаттары үшін негіз болып табылады.
      Қате жазылған жазулар мен кейіннен жаңа жазулар енгізу есепке алу құжаттарында жаңа есепке алу нөмірімен сақталады.
      Есеп беру деректерін түзетуге жаңа есеп беру құжаттарын беру арқылы ғана рұқсат етіледі.
      18. Ұйым белгіленген негізгі өлшем нүктесін ескере отырып, ядролық материалдың қозғалысын есепке алу мен бақылауды оның теңгерім аймақтары арасында немесе теңгерім аймағының ішінде орнын ауыстыру түріне байланысты жүзеге асырады.
      Ядролық материалдың орнын теңгерім аймақтары арасында ауыстырған кезде ұйым ядролық материал салынған контейнерлер (мөрлердің (пломбалардың) түрлері мен сәйкестендіргіштері, контейнерлердің брутто салмағы және басқа да қажетті деректер) туралы деректері бар кіріс-шығыс, ілеспе құжаттарды ресімдейді. Ядролық материалдың сипаттамалары туралы мәліметтер (паспорттық деректер) арнайы поштамен немесе жүкпен бірге жөнелтілетін құжаттарда келтіріледі.
      Ұйым сырттай тексеруді және есепке алу бірліктерінің (контейнерлердің) санын тексеруді, мөрлерді (пломбаларды) тексеруді, контейнерлердің, сәйкестендіргіштерінің мөрлердің (пломбалардың) және орналасқан жерінің ілеспе құжаттардың деректеріне сәйкестігін тексеруді жүргізеді, сондай-ақ ядролық материал салынған контейнерлердің брутто салмағы мен оның параметрлерін растайтын өлшеуді жүргізеді немесе оның жүргізілуін тексереді.
      Өлшеу нәтижесінде алынған деректер есептік құжаттарда тіркеледі. Жөнелтуші мен алушының деректерінің алшақтығы өлшем қателерінің мәнінен асқан жағдайда, алушы арнайы есеп жасайды және оны уәкілетті органға 24 сағат ішінде жібереді.
      Теңгерім аймағының ішінде ядролық материалдың орнын ауыстыру ұйым әкімшілігі бекіткен ішкі нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі.
      19. Ядролық материалдың барлық орын ауыстыруы есепке алу және есеп беру құжаттарында көрініс табады.
      20. Ұйым ядролық материалдардың экспорты/импорты, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы орын ауыстыруы туралы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша алдын ала хабарламаны болжамды экспорт/импорт, олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы орын ауыстыру күніне дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей уәкілетті органға жібереді.
      Ядролық материалдардың Қазақстанның ішінде болсын, одан тыс жерде болсын жоспардан тыс орнын ауыстырған жағдайда, ұйым осындай шешім қабылдағаннан кейін уәкілетті органға алдын ала хабарлама жібереді.
      Ұйым 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ядролық материалдарды экспорт/импорт арқылы жөнелткені немесе алғаны туралы хабарламаны уәкілетті органға жібереді.
      21. Ұйым есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-күніне дейін уәкілетті органға экспорт/импорт, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы орын ауыстыру ядролық материалды тиеу немесе жөнелту туралы жиынтық есепті жібереді.
      22. Барлық ядролық материалдар бойынша есепке алу деректерінің дұрыстығын қамтамасыз ету үшін ұйым оларға физикалық түгендеу жүргізеді, түгендеу кезінде теңгерім аймағындағы ядролық материалдардың нақты саны өлшенеді және жай-күйі құжатпен расталады, алынған нәтижелер талданады.
      23. Ұйым бастапқы (ядролық материалды жаңа теңгерім аймағында есепке қою), жоспарлы (жылына бір рет), жоспардан тыс (рұқсатсыз пайдалану, ядролық материалдың жоғалу фактісін анықтау, төтенше жағдайлар, теңгерім аймағын тарату/қайта ұйымдастыру) физикалық түгендеу жүргізеді.
      24. Ядролық материалдың барлық саны (партиясы) бір рет қана түгенделеді; материалдық теңгерім кезеңіне қатысты түгендеу санындағы барлық өзгерістер құжаттарда көрсетіледі; ядролық материалдың барлық саны есепке алу жазбасына енгізіледі.
      25. Жоспарлы және жоспардан тыс физикалық түгендеулердің қорытындысы бойынша акті жасалады, материалдық теңгерім шығарылады, ядролық материалды есепке алу журналында тіркелген және нақты қолда бар саны арасындағы айырмашылық бағаланады, ядролық материалдың қолда бар санының тізімі және материалдық-теңгерімдік есеп жасалады.
      26. Ұйым есеп беру құжаттарын (физикалық түгендеу жүргізгеннен кейін күнтізбелік 10 күн ішінде есеп және материалдық-теңгерімдік есеп ұсынылатын ай аяқталған соң күнтізбелік 10 күн ішінде айына бір рет түгендеу санының өзгергені туралы есеп) уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша электронды түрде және қағаз көшірмеде уәкілетті органға жібереді.
      27. Ядролық материалдарға кіруді бақылау ядролық материалдарға рұқсатсыз қол жеткізуді анықтауға арналған және оның тұтастығын бұзбай параметрлерді қайтадан пайдаланбай немесе өзгертпей алу ықтималдығынан қорғалған техникалық құрылғыларды, сондай-ақ ұйым белгілеген рәсімдерге сәйкес бақылау жүйелерін қолдану арқылы жүзеге асырылады.
      Ядролық материалға немесе есепке алу деректеріне рұқсатсыз кіру белгілері байқалған жағдайда, ұйым бұзушылықтардың мән-жайларына тексеру және жоспардан тыс физикалық түгендеу жүргізеді. Уәкілетті органға 24 сағат ішінде жіберілетін арнайы есеп жасалады.
      28. Ядролық материалға қатысты есепке алу және бақылау шараларын қолдану оны толық пайдалану немесе ол қандай да бір ядролық қызмет үшін жарамсыз немесе іс жүзінде өндірілмейтін болатындай сұйылту фактісі анықталғаннан кейін тоқтатылады. Ядролық материалды есептен алу туралы шешімді ұйым уәкілетті органмен келіседі және құжатпен ресімдейді.

4. Сәуле шығару көздерін есепке алу тәртібі

      29. Ұйым сәуле шығару көздерін жоғалту, бақылаусыз пайдалану және олармен барлық жұмыс кезеңі ішінде сақтау мүмкіндігін болдырмайтын олардың есебін жүргізуді қамтамасыз етеді.
      30. Сәуле шығару көздерін бір ұйымнан екінші ұйымға беру гигиеналық нормативтерге, санитариялық қағидаларға, сәуле шығару көздерін тасымалдау жөніндегі талаптарға сәйкес ресімделетін ілеспе құжаттардың (қабылдау-беру актілерінің, жүкқұжаттарының, тапсырыстардың-өтініштердің және т.б.) және бухгалтерлік есептің және ол болған кезде тиісті аумақтағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саулығы саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын атқарушы органның (бұдан әрі – Мемсанқадағалау органдары) санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысының негізінде жүргізіледі.
      31. Он күн мерзімде ұйым (сәуле шығару көздерін алған және берген) бұл туралы сәуле шығару көздерінің қозғалысы туралы ақпаратты беру нысандары бойынша тиісті аумақтағы уәкілетті орган мен Мемсанқадағалау органына хабарлайды.
      32. Сәуле шығару көздерін алған күннен бастап 3 тәуліктен кешіктірмей ілеспе құжаттар кіріске алу үшін ұйымның бухгалтериясына беріледі.
      Бухгалтерлік есептілік құжаттарын қоспағанда, ілеспе құжаттардың көшірмелері сәуле шығару көздерін есепке алуға жауапты адамға беріледі.
      33. Ұйым сәуле шығару көздеріне арналған ілеспе құжаттардың сақталуын олардың тіршілік циклының бүкіл уақыты ішінде қамтамасыз етеді. Ілеспе құжаттар жоғалған жағдайда, оларды қалпына келтіру бойынша шаралар қолданылады.
      34. Барлық алынған сәуле шығару көздері кіріс-шығыс журналына тіркеледі.
      35. Жыл сайын, 1 - 30 желтоқсан аралығындағы кезеңде ұйымдарда сәуле шығару көздеріне түгендеу жүргізіледі.
      Сәуле шығару көздеріне түгендеу жүргізудің мақсаты олардың бар-жоғын айқындау және сәуле шығару көздерінің кіріс-шығыс журналдары мен бухгалтерлік құжаттамалардағы есепке алу жазбаларының нақты қолда бар есептік бірліктеріне сәйкестігін анықтау болып табылады.
      36. Сәуле шығару көздерін түгендеуді ұйым әкімшілігінің бұйрығымен тағайындалған комиссия жүргізеді. Түгендеу комиссиясының құрамына сәуле шығару көздерін есепке алуға, сақтауға жауапты адамдар, сондай-ақ әкімшілік пен бухгалтерияның өкілдері енгізіледі.
      37. Сәуле шығару көздерін түгендеу қорытындысы бойынша комиссия түгендеу актісін ресімдейді.
      Есепті жылдан кейінгі 31 қаңтарға дейін сәуле шығару көздерін түгендеу актісінің көшірмесі уәкілетті органға және тиісті аумақтағы Мемсанқадағалау органдарына жіберіледі.
      Актіге түгендеу жүргізу кезінде ұйымда есепте тұрған көздердің тізбесімен қоса ақпарат ұсыну нысаны, сондай-ақ басшылық қол қойған және ұйымның мөрімен куәландырылған, есепті кезең ішінде сәуле шығару көздерінің қозғалысы туралы жиынтық деректер бар ақпарат ұсыну нысаны қоса беріледі. Бір мезгілде ақпарат беру нысанының электрондық көшірмелері уәкілетті органға электрондық жеткізгіште жіберіледі.
      38. Есепке алу деректерінің сәуле шығару көздерінің нақты санына сәйкессіздігі анықталған немесе оларды ұйымның рұқсат етілген қызметіне сәйкес келмейтін мақсаттарға пайдаланған жағдайда, әкімшілік қызметтік тексеру жүргізеді.
      Ресімдегеннен кейін күнтізбелік 10 күн ішінде қызметтік тексеру материалдары уәкілетті органға, сондай-ақ тиісті аумақтағы Мемсанқадағалау органына жіберіледі.
      39. Кезектен тыс түгендеу ұйымның ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген, оны таратқан немесе қайта ұйымдастырған, сәуле шығару көздерімен жұмыс толық тоқтатылған жағдайларда, ұйымның мүлкін жалға беру, сатып алу, сату, ұрлау фактісі анықталған, сәуле шығару көздері орналасқан немесе сақталған пункттерге (жерге) рұқсатсыз ықпал жасалған кезде, төтенше жағдайлардың зардаптарын жойғаннан кейін жүргізіледі.
      40. Сәуле шығару көздерін ұйымға уақытша пайдалануына (жалға) бергеннен кейін он күн мерзімде (көздің иесі, жалға алушы) бұл туралы сәуле шығару көздерінің қозғалысы туралы ақпарат беру нысаны бойынша уәкілетті органға хабарлайды.
      Екі ұйым да сәуле шығару көздерін уақытша пайдалану жұмыстары аяқталғаннан кейін он күн мерзімде бұл туралы сәуле шығару көздерінің қозғалысы туралы ақпаратты беру нысаны бойынша уәкілетті органға хабарлайды.
      41. Сәуле шығару көздерімен жұмыс тоқтатылған жағдайда ұйым бұл туралы уәкілетті органға, сондай-ақ тиісті аумақтағы Мемсанқадағалау органына хабарлайды. Кіріс-шығыс журналына тиісті жазулар енгізіледі. Кіріс-шығыс журналдары ұйымның мұрағатына тапсырылады және 10 жыл бойы сақталады.
      42. Ұйым таратылған жағдайда есепте тұрған барлық сәуле шығару көздері басқа ұйымға беріледі немесе радионуклид көздерін көмуге беріледі, ал иондаушы сәуле өндіретін қондырғылар бөлшектеледі және тарату процесі басталғанға дейін акті бойынша есептен шығарылады. Бұл туралы ақпарат уәкілетті органға және тиісті аумақтағы Мемсанқадағалау органына жіберіледі.
      43. Сәуле шығару көздерін ұзақ уақыт сақтауды жүзеге асыратын ұйым он күн мерзімде радионуклид көздерін алғаны туралы ақпарат ұсынудың тиісті нысаны бойынша уәкілетті органға есеп береді.
      Радионуклид көздерін көму паспорттарының көшірмелері оларды ресімдегеннен кейін он күндік мерзімде уәкілетті органға жіберіледі.
      Уәкілетті органға есепті жылдан кейінгі 31 қаңтарға дейін басшылық қол қойған және ұйымның мөрімен куәландырылған, ұзақ уақыт сақтауға алынған радионуклид көздері туралы есепті кезеңдегі жиынтық деректер бар ақпарат беру нысаны ұсынылады.
      Есептік сипаттамалардың дұрыстығын тексеру мақсатында мамандандырылған ұйым қауіптілігі I – IV санаттағы жабық радионуклид көздеріне сәйкестендіру жүргізеді. Жабық радионуклид көздерінің қауіптілік санаттары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 3 ақпандағы № 201 қаулысымен бекітілген «Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» гигиеналық нормативтерінің 6-қосымшасындағы 1-кестеге сәйкес айқындалады.
      Сәйкестендіру иондаушы сәуле шығарудан арнайы қорғау құралдарын қолдана отырып және ұйым әзірлеген техникалық регламент пен радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі.
      Қауіптілігі I – IV санаттағы жабық радионуклид көздерінің есептік сипаттамаларын сәйкестендіру нәтижелерінің ілеспе құжаттарға сәйкессіздігі анықталған жағдайда акті жасалады, ол уәкілетті органға және бұрын осы көздерді пайдаланған ұйымға немесе өнім беруші ұйымға жіберіледі. Өнім беруші ұйым сәйкестендіру актісін көздер алынған ұйымға береді. Ұйым қызметтік тексеру жүргізеді, оның нәтижелері ресімделгеннен кейін 10 күн ішінде уәкілетті органға және тиісті аумақтағы Мемсанқадағалау органына жіберіледі.
      44. Иондаушы сәуле шығару көздерін жеткізуші ұйым он күндік мерзімде уәкілетті органға ақпаратты ұсынудың тиісті нысаны бойынша иондаушы сәуле өндіретін құрылғыны (көздерді) қоса алғанда, әрбір сәуле шығару көздерінің жеткізілімі (тасымалы) туралы есеп береді.
      Уәкілетті органға есепті жылдан кейінгі 31 қаңтарға дейін басшылық қол қойған және ұйымның мөрімен куәландырылған есепті кезеңде иондаушы сәуле өндіретін құрылғыны (көздерді) қоса алғанда, сәуле шығару көздерінің жеткізілімі (тасымалы) туралы жиынтық деректер бар ақпаратты беру нысаны ұсынылады.
      45. Дайындаушы ұйым иондаушы сәуле өндіретін құрылғыны (көздерді) қоса алғанда, барлық дайындалған сәуле шығару көздерін есепке алады. Кіріс-шығыс журналдарына сәуле шығару көздерін дайындағаннан кейін бірден тиісті жазу енгізіледі.
      Он күндік мерзімде дайындаушы ұйым уәкілетті органға сәуле шығару көздерінің әрбір жеткізілімі (сату) туралы есеп береді.
      Уәкілетті органға есепті жылдан кейінгі 31 қаңтарға дейін есепті кезеңдегі жеткізілімдер (сату) туралы жиынтық деректер бар ақпарат беру нысанын, сондай-ақ басшылық қол қойған және ұйымның мөрімен куәландырылған, дайындалған, бірақ сатылмаған сәуле шығару көздерінің тізбесі ұсынылады.
      46. Ұйым сәуле шығару көздерінің болжамды экспорттау немесе импорттау күніне дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей, 1 және 2 санаттағы жабық радиоактивті көздердің экспорты/импорты туралы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша уәкілетті органға алдын ала жазбаша хабарлама жібереді.
      Жоспардан тыс жөнелткен және алған жағдайда алдын ала хабарлама іс жүзінде жіберілгенге немесе алғанға дейін осындай 1 және 2 санаттағы көздерді жіберу және алу туралы шешім қабылдағаннан кейін дереу уәкілетті органға жіберіледі.
      47. Ұйым сәуле шығару көздерін импорттауға немесе экспорттауға лицензия алғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде олардың көшірмелерін уәкілетті органға жібереді.
      48. Ұйым сәуле шығару көздерін экспорттау/импорттау бойынша бергеннен немесе алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша хабарламаны және кедендік жүк декларациясының көшірмесін уәкілетті органға жібереді.
      49. Ұйымдар сәуле шығару көздерін жоғалтқан жағдайда, 24 сағат ішінде бұл туралы уәкілетті органға, тиісті аумақтағы Мемсанқадағалаудың орталық органына және оның бөлімшелеріне, ішкі істер және төтенше жағдайлар органдарына хабарлайды.
      50. Уәкілетті орган сәуле шығару көздерінің бар-жоғы, қозғалысы, сақталуы мен көмілуі, дайындалуы, экспорты мен импорты туралы ұйымнан алынған мәліметтерді мемлекеттік тізілімге енгізеді.
      51. Ақпарат беру нысандарының электрондық көшірмелері уәкілетті органға электрондық жеткізгіште жіберіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады