Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті мүшелік жарналарды төлеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1555 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 697 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.08.2023 № 697 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" 2013 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті мүшелік жарналарды төлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1555 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына
міндетті мүшелік жарналарды төлеу қағидалары

      1. Осы Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті мүшелік жарналарды төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына (бұдан әрі – Ұлттық палата) жыл сайынғы жарналарды төлеу тәртібін айқындайды.

      2. Міндетті мүшелік жарналардың мөлшерін айқындау мақсатында кәсіпкерлік субъектілері:

      1) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және есепті күнтізбелік жылдың алдындағы күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, есепті күнтізбелік жылдың алдындағы күнтізбелік жылдағы жылдық жиынтық табысы алпыс мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын кәсiпкерлiк субъектiлерi;

      2) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және есепті күнтізбелік жылдың алдындағы күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, есепті күнтізбелік жылдың алдындағы күнтізбелік жылдағы жылдық жиынтық табысы алпыс мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен асатын және бір жарым миллион еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын кәсiпкерлiк субъектiлерi;

      3) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және есепті күнтізбелік жылдың алдындағы күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, есепті күнтізбелік жылдың алдындағы күнтізбелік жылдағы жылдық жиынтық табысы бір жарым миллион еселенген айлық есептiк көрсеткiштен асатын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып бөлінеді.

      3. Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге коммерциялық емес ұйымдарға міндетті түрде мүше болу белгіленген кәсіпкерлік субъектілерін, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, осы Қағидалардың 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілері Ұлттық палатасына міндетті мүшелік жарналарды төлейді.

      Осы Қағидалардың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілері Заңның 32-бабының 9-тармағына сәйкес бес жыл ішінде міндетті мүшелік жарналар төлеуден босатылады.

      4. Салық қызметінің органдары жыл сайын Ұлттық палатаның сұрау салуы бойынша жылдық жиынтық табысы жоғарыда көрсетілген өлшемдерге сәйкес келетін дара кәсіпкердің, заңды тұлғаның атауы және кәсіпкерлік субъектілерінің сәйкестендіру нөмірі туралы мәліметтерді ұсынады.

      5. Қазақстан Республикасының салық қызметінің органдарынан алынған мәліметтердің негізінде Ұлттық палата міндетті мүшелік жарналарды төлейтін кәсіпкерлік субъектілерінің тізімдерін қалыптастырады.

      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен шекті мөлшерлер шеңберінде Ұлттық палатаның съезі белгілеген міндетті мүшелік жарналардың мөлшерін Ұлттық палата жыл сайын 1 шілдеге дейінгі мерзімде бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда жариялайды.

      7. Ұлттық палата міндетті мүшелік жарна бойынша есептеуді жүзеге асыру үшін салық қызметінің органдары берген мәліметтердің негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне 1 шілдеге дейінгі мерзімде қағаз және/немесе электрондық нысанда шоттар береді.

      8. Ұлттық палата өзінің ресми интернет-ресурсында міндетті мүшелік жарналарды төлеу жүзеге асырылатын шот нөмірі және өзге қажетті деректемелер туралы ақпаратты жариялайды.

      9. Кәсіпкерлік субъектілері міндетті мүшелік жарналарды жыл сайын 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде төлейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады