"Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғалардың мүлікті жария етуіне байланысты оларға рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 мамырдағы № 490 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғалардың мүлікті жария етуіне байланысты оларға рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне қарауға енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және
Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға
олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы

      Осы Заң мүлікті, оның ішінде бұрын жариялы экономикалық айналымнан шығарылған ақшаны жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін декларациялауға көшуге байланысты, оларды табыс ретінде танымай және мүлкін жария еткен Қазақстан Республикасының азаматтарды, оралмандарды және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жекелеген қылмыстар, әкімшілік құқық бұзушылықтар мен тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жауапкершіліктен босата отырып, мемлекеттің жария ету жөніндегі біржолғы акцияны жүргізуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) мүлікті жария ету - табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген не тиесілі емес тұлғаға ресімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі;
      2) мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссия (бұдан әрі - комиссия) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылатын және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерінен тұратын, Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың мүлкін (ақшасын қоспағанда) жария ету не жария етуден бас тарту туралы шешім шығаруға уәкілеттік берілген комиссия;
      3) мүлікті жария еткені үшін алым - осы Заңда белгіленген, мүлікті жария етуді өткізгені үшін бюджетке төленетін міндетті, қайтарылмайтын төлем;
      4) мүлікті жария ету субъектілері (бұдан әрі - жария ету субъектілері) - мүлкін осы Заңда белгіленген тәртіпте жария ететін Қазақстан Республикасының азаматтарын, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғалар;
      5) тиесілі емес тұлға - алған табыстарын жасыру мақсатында жария ету субъектісінің табыстарына алынған мүліктің меншік иесі ретінде әрекет еткен тұлға.

      2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
      1. Осы Заңның күші жария ету мерзiмi басталғанға дейiн алған мүлiктi жария ететiн және жария еткен субъектілерге қолданылады.
      2. Осы Заңның күшi Заңды қолданысқа енгізу күніне:
      Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 190, 191, 193 (осы абзацта көрсетілген, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң баптарында көзделген қылмыстарды жасау арқылы алынған ақша қаражатын жария еткен жағдайда), 208, 213, 215 - 217, 218, 221, 222-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшiн оларды кінәлі деп таныған соттың айыптау үкімі;
      Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 118, 143, 143-2, 155, 155-1, 155-3, 155-4, 155-5, 156, 157, 166, 168-1, 178, 185, 187, 205-1, 205-2, 206-209, 214, 237, 239, 357-1-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін оларды әкiмшiлiк жауаптылыққа тарту туралы уәкілетті органның сот актісі не қаулысы заңды күшіне енген жария ету субъектілеріне қатысты қолданылмайды.

      3-бап. Мүлікті жария етудің ерекшеліктері
      1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, мынадай мүлік:
      ақша;
      бағалы қағаздар;
      заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі (бұдан әрі – қатысу үлесі);
      тиесілі емес тұлғаға ресімделген құрылыстар (ғимараттар);
      жария ету субъектілерінің меншік құқығына жататын, олар орналасқан жер учаскелерінің мақсатты пайдалануына және құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін құрылыстар (ғимараттар);
      Қазақстан Республикасының шегiнен тыс орналасқан жылжымайтын мүлік жария етуге жатады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген:
      жеке адамға қарсы, отбасыға және кәмелетке толмағандарға, адамның және азаматтың конституциялық және өзге құқықтары мен бостандықтарына, бейбiтшiлiкке және адамзат қауiпсiздiгiне, конституциялық құрылыс негiздерi мен мемлекет қауiпсiздiгiне, меншiкке, ақпараттық технологиялар қауіпсіздігіне, коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне, қоғамдық қауiпсiздiк пен қоғамдық тәртiпке, халықтың денсаулығына және имандылыққа, басқару тәртібіне, сот төрелігіне және жазаны орындау тәртібіне қарсы қылмыстарды жасау;
      экологиялық, көлік, әскери қылмыстарды, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды, сондай-ақ мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттiк басқару мүдделерiне қарсы өзге де қылмыстарды, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды (осы Заңның 13-бабы 1-тармағының екінші абзацында көрсетілгендерді қоспағанда), оның ішінде экономикалық контрабанданы жасау;
      жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау және өткiзу, жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, жасау немесе өткiзу;
      инсайдерлік мәмілелер және бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау нәтижесiнде алынған мүлік;
      сондай-ақ мынадай:
      сот тәртiбiнде оған құқықтар дауланып жатқан;
      Қазақстан Республикасының заңдарында оған құқық беруге жол берiлмейтiн мүлік;
      кредит ретiнде алынған ақша;
      мемлекет пайдасына беруге жататын мүлік;
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру шеңберінде құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен аяқталған жылжымайтын мүлік объектілеріндегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар жария етуге жатпайды.

      4-бап. Мүлiктi жария ету мерзiмi
      Мүлiктi жария ету мерзiмi 2014 жылғы 1 қыркүйектен басталады және 2015 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.
      Мүлiктi (ақшадан басқа) жария ету үшін құжаттарды ұсыну мерзімі 2014 жылғы 1 қыркүйектен басталады және 2015 жылғы 30 қыркүйекте аяқталады.

      5-бап. Жария етуге ұсынылған және жария етiлген мүлiк
             туралы ақпарат
      1. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар мүлiктi жария етудi өткiзу процесiнде алынған ақпараттың құпиялылығын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қамтамасыз етуге міндетті.
      2. Осы Заңның жария етілген мүлiктiң бөлігіндегі мақсаттары үшін осы Заңға сәйкес мүлiктi жария етудi өткiзу процесiнде алынған ақпарат негiзiнде, жария ету субъектісіне қатысты процестік әрекеттердi, оның iшiнде қылмыстық қудалауды немесе әкiмшiлiк және тәртіптік жазалау шараларын қолдануды жүзеге асыру жөнiндегi процестік әрекеттердi жүргiзуге тыйым салынады.

      6-бап. Мүлiктi жария еткенi үшiн алым
      1. Мүлiктi жария еткенi үшiн алым (бұдан әрi – алым):
      осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында белгіленген жағдайда – ақшаны;
      Қазақстан Республикасының шегiнен тыс орналасқан мүлікті жария еткен кезде өндіріліп алынады.
      2. Алым:
      1) осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, жинақ шотынан алынған немесе басқа шотқа аударылған ақша сомасының;
      2) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс орналасқан мүліктің бағалау құнының он пайызы мөлшерінде төленеді.
      Осы тармақшада көрсетілген мүлiк бойынша, алым мүлiктi жария етуге құжаттарды тапсырғанға дейін төленеді.

      7-бап. Мүлiктi (ақшадан басқа) жария етудi өткiзудi ұйымдастыру
             және оның тәртiбi жөнiндегi жалпы ережелер
      1. Мүлiктi (ақшадан басқа) жария ету жергілікті атқарушы органның жанындағы комиссияға жария ету субъектілерінің мынадай құжаттарды:
      1) осы Заңға 1-қосымшаға сәйкес нысанда мүлiктi жария етудi өткiзуге екi данадағы өтiнiштi (бұдан әрi - өтiнiш);
      2) өтінішті берген кезде тұпнұсқаны көрсету арқылы, жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесiн;
      3) осы Заңда көзделген жағдайларда, өзге де құжаттарды тапсыруы арқылы өткiзіледi.
      2. Жария ету субъектілері өтінішті, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жылжымайтын мүлікті жария ету мұндай мүліктің орналасқан жері бойынша комиссияға өтініш берілетін жағдайларды қоспағанда, тұрғылықты орны бойынша комиссияға береді.
      3. Шет тілінде ресімделген құжаттар нотариат куәландырған мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі аудармасымен ұсынылуға тиіс.
      4. Жария ету субъектілері, осы баптың 5-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мүлікті жария ету не жария етуден бас тарту туралы комиссияның шешімі бар мүлікті жария етуге мүлікті жария ету мерзiмi iшiнде қайтадан өтiнiш беруге құқылы емес.
      5. Мүлiктi (ақшадан басқа) жария етуге ұсынылған құжаттар себептерi көрсетілiп:
      1) осы Заңда белгiленген құжаттардың толық емес топтамасы ұсынылған;
      2) ұсынылған құжаттарда өшiрiп тазалау мен түзетулер болған;
      3) ұсынылған құжаттар осындай құжаттарға Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда қайтарылуға жатады.
      Мүлiктi жария етуге ұсынылған құжаттарды қайтаруға негiз болған себептердi жойған кезде тұлға осы Заңда белгiленген мүлiктi жария ету мерзiмі iшiнде мүлiктi жария етуге қайтадан өтiнiш беруге құқылы.
      6. Мүлiктi жария етуге өтінішті комиссия өтініш ұсынылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
      7. Мүлiктi (ақшадан басқа) жария етуді өткізуді ұйымдастыру қағидаларын, жария етілген мүліктің тізілімін жүргізу тәртібі мен нысанын, комиссия туралы ережені Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайды.
      8. Осы Заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда комиссия:
      мүлiктi (ақшадан басқа) жария ету туралы шешiм шығарады;
      жария ету субъектісіне мүлiктi (ақшадан басқа) жария ету туралы шешiмдi бередi;
      мәлiметтердi жария етілген мүлiктiң тiзілiмiне енгiзедi.
      9. Комиссия мүлiктi жария етуден бас тартуды осы Заңның 2 және
3-баптарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда жүзеге асырады.
      10. Мемлекеттiк тiркелуге жататын мүлiк Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай тiркеу күнінен бастап жария етілдi деп есептеледі.
      11. Мемлекеттiк тiркелуге жататын мүлiк жария етiлген жағдайда, уәкiлеттi органдар жария ету субъектісі өтiнiшінің негiзiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк тiркеу үшiн қажеттi құжаттарды ресiмдейдi.
      12. Құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделмеген жылжымайтын мүлiкке құжаттарды ресiмдеуге уәкiлеттi мемлекеттiк органдар мен ұйымдар мүлікті жария ету субъектісіне тиiстi құжаттарды оның жүгінген күнінен бастап екi айдан кешiктiрмейтін мерзiмде беруге мiндеттi.
      13. Жария етiлетiн мүлiк жөнiнде ұсынылатын мәлiметтердiң толықтығы мен дұрыстығы үшiн жария ету субъектілері жауапты болады.
      Жария етілген мүлікті ресімдеуге байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық шығыстарды жария ету субъектілері дербес төлейді.

      8-бап. Ақшаны жария етудi өткiзудi ұйымдастыру және оның
             тәртiбi жөнiндегi жалпы ережелер
      1. Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктер, Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде орналасқан осындай банктердiң филиалдарын қоспағанда, жария ету мақсатында жария ету субъектісінің өтінішінің негізінде дербес жинақ шотын (бұдан әрі – жинақ шоты) ашады.
      2. Ақша мынадай шарттардың жиынтығы сақталған:
      жария ету мерзімі ішінде Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкінде ашылған жинақ шотына ұлттық және (немесе) шетел валютасында жария етілетін ақшаны салған (аударған);
      жария етілетін ақша жинақ шотында, егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, жария ету мақсатында осындай шотқа ақшаны салған (аударған) күннен бастап кемінде күнтізбелік алпыс ай жатқан кезде жария етуге жатады.
      Бұл ретте шетел валютасының тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайды.
      3. Жария ету субъектісі осы баптың 2-тармағының үшінші абзацында белгіленген мерзім аяқталғанға дейін:
      1) жекешелендіру объектілерін, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының еншілес және тәуелді ұйымдары акцияларының пакеттерін бағалы қағаздар нарығына («Халықтық IPO») шығару бағдарламасы шеңберіндегі акцияны қоса алғанда, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының топтар ұйымының активтері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен алу арқылы, сондай-ақ алғашқы орналастыру шеңберінде Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялаған:
      а) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына;
      б) Қазақстан Республикасының ұлттық басқарушы холдингтерінің, ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының, Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерінiң облигацияларына;
      в) қазақстандық қор биржасында орналастырылатын өзге де бағалы қағаздарға,
      2) екiншi деңгейдегi банктер осындай сомадан алымды акцептсіз алып қою жағдайы кезінде жинақ шотынан алынған немесе басқа шотқа аударылған ақша сомасының шегінде жария етілген ақшаға билік етуге құқылы.
      4. Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкінде ашылған жинақ шоттарына салынған (аударылған), жария етілген ақшаның сақталуы Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңнамасына сәйкес реттеледі.
      5. Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерінің жинақ шоттарды ашу және жүргізу ерекшеліктерін, жария ету субъектілеріне жария ету үшін жинақ шоттарына ақшаны салғанын (аударылғанын) растайтын құжатты беру тәртібін, сондай-ақ жинақ шоттарындағы ақшаның есебін жүргізуді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайды.
      6. Ақша Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкінде ашылған жинақ шоттарына салынған (аударылған) күнінен бастап жария етілді деп есептеледі.
      Жинақ шот ашылған және оған ақша салынған (аударылған) Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкі жария ету субъектілеріне осы Заңға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жария ету үшін салынған (аударылған) ақшаның сомаларының мөлшерін растайтын құжатты береді.
      7. Осы Заңға сәйкес жария етілген ақша сомасы жария ету субъектісінің табысы ретінде танылмайды.

      9-бап. Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс орналасқан
             мүлiктi жария ету
      1. Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс орналасқан жылжымайтын мүлiктi немесе эмитенттері шет мемлекетте тіркелген бағалы қағаздарды немесе шет мемлекетте тіркелген заңды тұлғалардың қатысу үлесін (бұдан әрі - Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс орналасқан мүлiк) жария ететін жария ету субъектілері осы Заңның 7-бабының 1-тармағында айқындалған құжаттар тiзбесiне қосымша мынадай құжаттарды:
      1) Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс орналасқан жылжымайтын мүлiк және шет мемлекетте тіркелген заңды тұлғалардың қатысу үлесі бойынша - осындай мүлiкке құқық белгiлейтiн құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесiн;
      2) эмитенттерi шет мемлекетте тіркелген бағалы қағаздар бойынша - құқықтарды есепке алудың тиiстi жүйесiндегi есептiк шоттан үзiндi көшірменi не резидентi бағалы қағаздардың эмитентi болып табылатын мемлекеттiң заңнамасында белгіленген, осы бағалы қағаздарға меншiк құқығын растайтын өзге құжатты;
      3) мүліктің бағалау құнын растайтын құжатты;
      4) алымды төлегенін растайтын құжатты ұсынады.

      10-бап. Тиесiлі емес тұлғаға ресiмделген мүлiктi жария ету
      1. Тиесiлі емес тұлғаға ресiмделген мүлiктi жария ететiн жария ету субъектілері осы Заңның 7-бабының 1-тармағында айқындалған құжаттар тiзбесiне қосымша мынадай құжаттарды:
      1) мүлікке меншiк құқығын белгілейтін құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін;
      2) тиесiлi емес тұлғаның мүлікті жария ететін жария ету субъектісіне мүлікті өтеусiз бергенi туралы нотариат куәландырған шарттың көшірмесін;
      3) бағалы қағаздар бойынша - құқықтарды есепке алудың тиiстi жүйесiндегi есептiк шоттан үзiндi көшірменi не резидентi бағалы қағаздардың эмитентi болып табылатын мемлекеттiң заңнамасында белгіленген, осы бағалы қағаздарға меншiк құқығын растайтын өзге құжатты;
      4) заңды тұлғаларға қатысу үлесі бойынша - заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін, заңды тұлғаның мөрімен бекітілген мемлекеттік қайта тіркеу туралы заңды тұлғаның уәкілетті органының шешімі не шешімінен үзінді көшірмені ұсынады.
      2. Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс орналасқан осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүлікті жария ететін жария ету субъектілері осы Заңның 7-бабының 1-тармағында айқындалған құжаттар тiзбесiне қосымша мынадай құжаттарды:
      1) мүліктің бағалау құнын растайтын құжатты;
      2) алымды төлегенін растайтын құжатты ұсынады.

      11-бап. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, оған
              құқықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес
              ресiмделмеген жылжымайтын мүліктi жария ету
      1. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, оған құқықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделмеген жылжымайтын мүлiктi жария ететiн жария ету субъектілері осы Заңның 7-бабының 1-тармағында айқындалған құжаттар тізбесіне қосымша мынадай құжаттарды:
      1) ғимараттар мен құрылыстарды объектінің құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігіне техникалық тексеруді жүзеге асыратын аттестатталған сарапшының қорытындысын;
      2) жылжымайтын объектінің техникалық төлқұжатын ұсынады.
      2. Жария етiлген жылжымайтын мүлiк, осындай мүлікті жария ететін жария ету субъектісі туралы ақпаратты комиссия жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органдарға береді.
      3. Жария ету субъектілері жария етілетін жылжымайтын мүлікке меншік құқығын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жария ету мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей рәсімдеуге міндетті.
      Жылжымайтын мүлiкті жария еткен жария ету субъектілері көрсетілген мүлікке ол мемлекеттік тіркелген кезден бастап билік етуге құқылы.

      12-бап. Осы Заңға сәйкес жария етiлген жылжымайтын мүлiк
              объектiлерiн пайдалануға қабылдаудың және жер
              учаскелерiне құқықтарды ресiмдеудiң ерекшелiктерi
      Осы Заңға сәйкес жария етiлген жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдалануға қабылдауды ұйымдастыру мен жүргiзудiң, сондай-ақ жер учаскелерiне құқықтарды ресiмдеудiң ерекше тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

      13-бап. Мүлкін жария еткен жария ету субъектілерін
              жауаптылықтан босату
      1. Қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босату бөлігінде рақымшылық жасаудың күші осы Заң қолданысқа енгізілген күнге дейін жасалған мынадай іс-әрекеттерді жасау нәтижесінде алынған мүлікті жария еткен жария ету субъектілеріне:
      Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190 (кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерінен басқа), 191, 193 (сыбайлас жемқорлық қылмыстарды не ұйымдасқан топ және (немесе) қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмыстарды қоспағанда, осы тармақта көрсетілген, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің баптарында көзделген қылмыстарды жасау арқылы алынған мүлікті жария еткен жағдайда), 208, 213, 215 - 217, 218, 221, 222-баптарында көзделген қылмыстардың;
      Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 143, 143-2, 155, 155-1, 155-3, 155-4, 155-5, 156, 157, 166, 168-1, 178, 185, 187, 205-1, 205-2, 206 - 209, 214, 357-1-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтардың белгілері бойынша қолданылады.
      3. Қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершіліктен босату бөлігіндегі осы тармақтың ережелері жария етілген мүліктің шегінде қолданылады.

      14-бап. Қылмыстық істі қозғаудан бас тарту, қылмыстық істі және
              әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы істі тоқтату
      Осы Заңның 13-бабында көзделген қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы соттар не уәкілетті орган қарамаған қылмыстық істер мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы істер қозғалмайды, ал қозғалған істер Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен тоқтатылуға жатады.

      15-бап. Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға
              және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар
              тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты
              рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының
              заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
      Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      16-бап. Жария етуді өткізу жөніндегі комиссия қабылдаған
              шешімдерге қатысты құқық мирасқорлығы және өкілдік
      Мүлікті жария ету мәселелері жөніндегі комиссияның, оның ішінде комиссия қызметінің тоқтатылған кезінен бастап, мүдделерін жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
      Құқық мирасқорына мүлікті жария ету не жария етуден бас тарту туралы комиссия шешім шығарған мүлікке қатысты қуынушы және жауапкер өкілеттігі ауысады.

      17-бап. Шағымдану тәртібі
      Комиссияның шешімдері, сондай-ақ мемлекеттiң мүлiктi жария ету жөнiндегi бiржолғы акцияны жүргiзуге байланысты қоғамдық қатынастардан туындайтын өзге де әрекеттерге (әрекетсіздікке) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сотқа шағым жасалады.

      18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
      Осы Заң 2014 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

____________________________
Қазақстан Республикасының
Заңына 1-қосымша
____________________________
(өтініш берілетін орган)

Мүлікті жария етуді өткізуге арналған
ӨТІНІШ
(екі данада толтырылады)

АТЫ-ЖӨНІ ____________________________________________________________
ЖСН _________________________________________________________________
Тұратын жері ________________________________________________________
Жеке басын куәландыратын құжат: түрі ___________, сериясы ___________
№ ________________ берген ____________ берілген күні ________________

Жария етілетін мүліктің тізбесі

Мүліктің құны
(мың теңге)

Мекенжай бойынша орналасқан










Мүліктің жиынтық құны



Өтінішке мынадай құжаттарды (атауы, сериясы, нөмірі,
қашан және кім берді) қоса беремін:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
күні, айы, жылы (өтініш берушінің қолы) (өтініш берушінің Т.А.Ә.)
_____________________________________________________________________
(өтінішті қабылдап алған маманның Т.А.Ә. және қолы)
_____________________________________________________________________
(орган басшысының Т.А.Ә. және қолы)

М.О.       Өтініштің қабылдап алынған күні                  20___ жыл

____________________________
Қазақстан Республикасының
Заңына 2-қосымша
____________________________
(органның атауы)

Ақшаны жария ету жөніндегі жинақ есепшотына ақшаны
салуын/аударуын растау туралы
анықтама

      Анықтаманы берген күні                «___» _________ 20___ жыл

Банк ________________________________________________________________
                                 (банкінің толық атауы)

Жария етуші субъектісі ______________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
(аты-жөні, жеке басын куәландыратын құжат (№, кім және қашан берген), тұратын жері, ЖСН)
«___»________ 20_ жылы ______________ жинақ есепшотына сомасында ақша
салғанын/аударғанын растайды.
_____________________________________________________________________
                  (цифрлармен және жазумен)

Банктің уәкілетті тұлға

Банктің мөрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады