"Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттеріне шығындарды өтеу, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтің төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін пайдаланылған материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 865 қаулысы.

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 32) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттеріне шығындарды өтеу, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтің төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін пайдаланылған материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 31 шілдедегі
№ 865 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын
сақтау пункттеріне шығындарды өтеу, сондай-ақ мемлекеттік
материалдық резервтің төтенше жағдайлар мен олардың
салдарларының алдын алу және оларды жою, нарыққа реттеушілік
ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек
көрсету үшін пайдаланылған материалдық құндылықтары үшін
шығындарды өтеу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттеріне шығындарды өтеу, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтің төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін пайдаланылған материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Төтенше жағдай туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына және "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттеріне шығындарды өтеу, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтің төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін пайдаланылған материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.12.2019 № 938 қаулысымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - атқарушылық және бақылау функцияларын, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резерв жүйесіне басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – ведомство) – мемлекеттік материалдық резерв саласындағы іске асыру функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 205; 30.12.2020 № 935 қаулыларымен.

      3. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды мемлекеттік материалдық резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымдары (бұдан әрі – ведомстволық бағынысты ұйымдар) мен мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттері (бұдан әрі – сақтау пункттері) жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын
сақтау пункттерінің шығындарын өтеу тәртібі

      4. Ведомстволық бағынысты ұйымдар мен сақтау пункттері мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды ведомствомен жасасқан мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау және сақтауға байланысты қызметтер көрсету шарты (бұдан әрі – сақтау шарты) негізінде жүзеге асырады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 935 қаулысымен.

      5. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтауға салу кезінде сақтау шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалады.

      6. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау жөніндегі шығындарды өтеу осы мақсаттарға республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен және шегінде тиісті бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша жүргізіледі.

      Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары броннан шығарылған жағдайда, оларды сақтау жөніндегі шығындарды өтеу материалдық құндылықтарды толық шығарып болғанға дейін жүргізіледі.

      7. Мемлекеттік материалдық резервті сақтау жөніндегі бюджеттік бағдарламаның (кіші бағдарламаның) әкімшісі ретінде уәкілетті орган әрекет етеді, ол жыл сайын алдағы жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінімді бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 205 қаулысымен.

      8. Осы бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша шығыстардың сомасы бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну тәртібіне сәйкес, оның ішінде жыл сайын ведомстволық бағынысты ұйымдар мен сақтау пункттері ұсынатын материалдық құндылықтарды ұстауға және сақтауға жұмсалатын шығындар есебі негізінде есептеледі.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 205 қаулысымен.

3. Мемлекеттік материалдық резервтің төтенше жағдайлар
мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою, нарыққа
реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және
гуманитарлық көмек көрсету үшін пайдаланылған материалдық
құндылықтары үшін шығындарды өтеу тәртібі

      9. Мемлекеттік материалдық резервтің төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін пайдаланылған материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану тәртібіне сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.12.2019 № 938 қаулысымен.

      10. Төтенше жағдайларды жою және гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен шығарылған материалдық құндылықтар үшін шығындарды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен жүзеге асырылады.

      11. Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарларын жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету және босқындарға көмек көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен шығарылған материалдық құндылықтар үшін шығындарды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде шұғыл шығындарға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен жүзеге асырылады.

      12. Мемлекеттік материалдық резервтен броннан шығару тәртібімен шығарылған материалдық құндылықтар үшін шығындарды, сондай-ақ материалдық құндылықтарды жөнелтуді ұйымдастыру шығыстары мен жеткізу кезіндегі іссапар шығыстарын өтеу мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын броннан шығару туралы шешім қабылданған күннен бастап жиырма төрт ай ішінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 641 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Материалдық құндылықтар үшін шығындарды өтеуге ақша бөлу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын дайындауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Бұл ретте шығындарды өтеу сомасын айқындау үшін статистика органдары, сондай-ақ оларды нарықта өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар беретін ұқсас тауарлардың құны туралы деректер ескеріледі.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 31 шілдедегі
№ 865 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің
күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Мемлекеттік резервті сақтауды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің шығындарын өтеу, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету және ізгілік көмек көрсету үшін шығарылатын мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 маусымдағы № 556 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 23, 262-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы № 1050 қаулысының 1-тармағының 3) тармақшасы.

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік резервті сақтауды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің шығындарын өтеу, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету және ізгілік көмек көрсету үшін шығарылатын мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу ережесін бекіту туралы" 2007 жылғы 30 маусымдағы № 556 және "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 26 ақпандағы № 220 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 сәуірдегі № 306 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 25, 200-құжат).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады